Мөлдiр РАЙЫМБЕКОВА Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Тараз мемлекеттiк педагогикалық институтының филология факультетiнiң түлегі. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етеді.

Ақын қыздың жырларынан мөлдір судың мөлтек сырындай терең тылсымды аңғардық. Шығармашылық шабыт тіледік.

Редакциядан.

***

Өтсе де күндер, көңiлге жиi мұң артып,

Келер күн – елес, тұратын алдан мұнартып.

Өмiрде кешкен сәттердiң бәрi – аяулы,

Достармен өткен мезеттiң бiрақ

құны артық.

Уақыт дегенiң сағымдай көшiп барады,

Қанаттас iздеп құстар да қанат қағады.

Ұмытпай жиi досыңның халiн сұрап тұр,

Жылдар мен жолдар бөлсе де қанша араны.

Қарамай, әсте, дауылдарға да, жауынға,

Дем беретұғын қиналған әрбiр шағыңда,

Жоғалтып алып күрсiнбеу үшiн амалсыз…

Бағала досты, бағала досты барында.

 

ЖОЛДАРҒА ТЕЛМIРIП…

Күткенi оралмай, үмiтi жоғалмай,

Сыздаған жүрегi оңалмай,

Жолдарға телмiрiп қамыққан көңiлмен,

Қаншама, қаншама жан өттi өмiрден.

Уақыттың бөлшегi – жылжыған жылдарда,

Беймәлiм, тылсымдау сыр бар ма?

Қайырсыз бүгiнмен бетке алып Ертеңдi,

Қаншама, қаншама сезiмдер өртендi.

Ойлармен арбасып, iштегi егеспен,

Көз алмай сұлбасыз белестен,

Қаншама, қаншама ақ жүздер қуарды,

Қаншама жанарлар суалды.

Бұлт кешiп, қанатын сермеген қаздарда,

Құсқа тән наз бар ма?

Қаңқылдап ұшады, әрi асып таулардан,

Ол жақта жаз бар ма?…

 

ҚҰСҚА АЙНАЛЫП КЕТСЕМ ҒОЙ…

Қыркүйектiң демi ме?

Ақыраптың?

Жанарына шық тұнды жапырақтың.

Жел өтiнде тамшыдай дiр-дiр еткен,

Қалт-құлт етер кеудеде қалтырақ мұң.

Жылытарға жоқ дәрмен,

жылынарға,

Көңiлiмде өткеннiң сызы бар ма?

Жаңбырына малшынып күзгi күйдiң,

Сая таппай жүремiн тығыларға.

Түгесiлiп бақта да құстың әнi,

Тұмшаланған тұманмен.

Сұсты бәрi.

Құс жолына қараймын жиi-жиi,

Жүрегiме қонақтап ұшқындары.

Санамалап мезгiлдiң сағатын әр,

Шұғыладан жан едiм табатын әр.

Желпіп өтер жалынын Қызыл күннiң,

Құсқа айналып кетсем ғой қанаты бар…

 

АСЫЛДАР

Өтсе де қандай заманалар мен дәуiрлер,

Өтсе де қанша мыңжылдықтар мен ғасырлар,

Тарлығы басым жалғанға мынау шектеулi,

Сыя да алмай өтедi екен ғой асылдар.

Қорқаулықтардың табылмай, әсте, бiр емi,

Құзғындай болып құзарда сақ-сақ күледi.

…Тұсалып текке өтедi екен ғой жасындар,

Өртенiп iштей, дерттенiп iштей жүрегi.

Бөрiдей ұлып, Ұлылық iздеп сарылып,

Қырандай қалқып, қыран тектеске зарығып,

Өтедi екен ғой, өтедi екен ғой асылдар,

Ғаламнан мына, заманнан мына зар ұғып.

 

КҮЗ

Алқызыл нұр ойнайды келбетiнде,

Кемел шағы тiршiлiктiң оралып.

Қобыз сарын сарнайды жер бетiнде,

Қоңыр дала қоңыр мұңға оранып.

 

Мезгiл ұрлап жасыл реңдi ажарын,

Кер далаға iзiн салды күрең күз.

Тарқатып ап түрлi-түстi базарын,

Қуқыл тартқан қыраттар да сүреңсiз.

 

Сыңсу айтқан тырналарды ұзатып,

Түйдек бұлттар түнерiп кеп жылайды.

Құйындатып ақ көбiгiн көкке атып,

Дауылдатып Дала-жүрек тулайды.

 

Бүрсең қағып қурайлар ырғалады,

Кербез айдын толқиды сағыныштан.

Құлазиды көл суы, жылғалары,

Әсем сазын аққу-қаз алып ұшқан.

 

Аспан астын, жер үстiн тұман жайлап,

Суық ызғар еседi қабағынан.

Жаурағаннан сарғайып жапырақтар,

Түсiп жатыр үзiлiп сағағынан…

 

***

Ырғалады бой түзеп ақ қайыңдар,

Теңселедi теректер тербетiле.

Күреңiтiп күз жеттi күрең мiнiп,

Сағыныш сазын бүркiп жер бетiне.

 

Адамзатты елiтiп ырғағына,

Нәзiк сезiм бөлейдi құндағына.

Әуелейдi ән болып, әлдилейдi,

Арқау болып шайырдың жырларына.

 

Жарқыратып маңдайда сүмбiленi,

Күз күледi миықтан, түн күледi.

Салқын ызғар еспесе қырау басып,

Жылы күннiң қадiрiн кiм бiледi?!

 

Тамсандырып жайқалған гүлдер едi…

Долы желдiң демiнен бүркенедi.

Дiр-дiр еткен сабағын суық сорып,

Қурап жатыр нәп-нәзiк күлтелерi.

 

Бақыт дейдi қауышу(ды) сағындырып,

Сүю – бақыт, ақылдан жаңылдырып.

Жаратқан-ау Хақ Тәңiр тiршiлiктi,

Үйлесiмнiң заңына бағындырып?!

 

АҚЫНДАР

Тұғыр етiп сырлы сөздiң заңғарын,

Өрнектi етер жыр-теңiздiң аңғарын,

Ақындардың әлемi бар өзгеше,

Өлең өрiп атыратын таңдарын.

 

Ақиқаттың туын айла жыққанда,

Дүлей дауыл тұрғызатын ықтан да,

Қалт-құлт етер кiрпiгiнде сезiмнiң,

Ақындардың жаны нәзiк шықтан да.

 

Жаурағанда борасыннан борайтын,

Жаулығындай, жырмен жанын орайтын,

Бiрде асау, бiрде аңғал ақынды,

Қуанту да, жылату да оңай тым…