«Өзге жұрт жаппай мойындайтындай

тұлғасы жоқ ұлт бейшара».

                                                                                 Бертольд БРЕХТ,

                                                         неміс философы,жазушы

…Дәурені жүріп, кеудесінде жүрегі соғып тұрғанда айдай әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Шыңғыс ханның шыққан тегі туралы талас-тартыс бірде өршіп, бірде саябырсығанымен, мінеки, бірнеше ғасырдан бері еш толастаған емес. Әрине, бұл – қазақ  зиялыларын да бейжай қалдырмайтын тақырып. Әйтпесе әдебиетіміздің екі бірдей әлеуетті өкілі – қос Мұхтар, яғни Мағауин мен Шаханов Шыңғыс ханның шыққан тегі жөнінде ана тілді БАҚ беттерінде аяусыз айтысып-тартысып, қырықпышақ болар ма еді?

Мен үшбу мақаламды Алматыдағы «Жібек жолы» баспасынан 2008 жылы шыққан «Тюркская сага Чингисхана. Сокровенное сказание казахов» атты кітаптың әсерімен жаздым. Бұл кітаптың авторы − педагогика ғылымдарының докторы, математика профессоры Қайрат Зәкіриянов. Алғашқыда аталмыш тақырыптағы көп кітаптың бірі деп қабылдағаным рас. Бірақ бастапқы беттеріне жәй көз жүгіртіп отырғанымда аталмыш кітапқа сөздің жақсы мағынасында өзімнің қалай арбалып қалғанымды аңдамай қалдым. Оның негізінен екі себебі бар ғой деп ойлаймын.

Біріншісі, профессор Зәкірияновтің аталмыш ең­бегі орыс тілінде жатық жазылған, екінші себебі автор отандық дерек көздеріне қоса, араб, парсы, қытай, моңғол, орыс һәм еуропалық тарихи мән-маңызы зор құжат-мәліметтерді де орынды пайдаланып, ұзын-саны 105 ғылыми-тарихи еңбекті ой елегінен өткізіп шыққан. Соның нәтижесінде кітаптың алғысөзінде профессор Петр Поминов жазғандай, «Анализдің математикалық дәлдігін қалайтын профессор Қайрат Зәкіриянов та­рихтың сан қатпарлы тұңғиығына терең гуманитарлық синтез тұрғысынан қарай білген».

Бірден мәселенің басын ашып алайық. Ара-тұра қылаң беріп қалатын қате көзқарасқа ұрынып, Шың­ғыс ханды қазақ деп қарастыру − үлкен әбестік. Өйткені ол билік құрған ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында сахара сахнасында қазақ деген ұлт, халық әлі қалыптаспаған еді. Бірақ біздің бүгінгі басты кейіп­керіміздің, яғни Шыңғыс ханның шыққан тегі бертін келе қазақ халқының құрамына енген ру-тайпалардың бірінен болуы әбден ықтимал. Өз еңбегінде профессор Зәкіриянов, міне, осы мәселеге баса назар аударады. Осы тұста кейбір оқырмандардың санасында «Сонда қазіргі заманғы Моңғолиядағы мемлекет құраушы этносты қайда қоямыз?» деген сұрақ тууы әбден кәдік. Әрине, бүгінгі моңғолдар Шыңғыс ханнан тірілей айырылмасы анық. Бірақ 1305 жылдың өзінде қазіргі Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран және басқа елдердің аумағын мекен еткен ру-тайпалар жөнінде іргелі еңбек жазған парсы ғалымы Рәшид-әд-Дин ХІІ-ХІІІ ғасырларда қазіргі заманғы Моңғолияның аумағын түрік тайпалары мекендегенін ақ қағазға қара сиямен тайға таңба басқандай қылып анық жазып кеткен (Шежіре-жылнамалар жинағы, КСРО ҒА баспасы, 1952).

Мені бұл еңбектің түпнұсқасын оқуға қол жеткізген профессор Зәкірияновтің қажырлы ізденісі мен табандылығы сүйсіндірді. Шыңғыс ханның қазіргі моңғолдарға ата-тек тұрғысынан қатысы жоқ деген пікір Рәшид-әд-Динге қоса, ұлы түрколог Л. Гумилевтен бастап көптеген ғалымдардың берік ұстанымы. Ал, түркология саласында басын тауға да, тасқа да соғып, жылдар бойы талмай ізденген замандас ғалымдардың бірі − Мұрат Әжінің Шыңғыс ханның түп-тұқиянының түрік (түркі) дүниесіне барып тірелетіндігін осыдан 15 жылдай бұрын Оралға келген сапарында оның өз аузынан өз құлағыммен естігенім бар (Б.Ғ.). Тіпті моңғолиялық профессор, археолог Баяр «Алматы ақшамы» газетінің 24.04.2005 ж. санында «Қай жағынан алып қарасаңыз да, Шыңғыс хан − қазақ пен моңғолға ортақ тұлға» деген пікір білдірген. Моңғол әріптесінің осы байламын Зәкіриянов бұлтартпас дәлелдерден кейінгі мойындау ретінде қабылдайды.

Сондай-ақ, Қайрат Зәкіриянов Рәшид-әд-Динге қоса, оның ұстазы Ата Мелік Жүбейінидің (Джувейни), Қашқаридың, Әбілғазы мен Жалаиридың, Аристов пен Бартольдтың, Бичурин мен Радловтың һәм Шыңғыс ханның тарихына қатысты ең басты құжат − 1240 жылы жазылған еңбек «Моңғолдардың құпия тарихын» оқып шыққаннан кейін «моңғол» этнонимі Шыңғыс ханның тікелей ұйытқы болуымен ХІІІ ғасырда пайда болған деген түбегейлі тоқтамға келеді. Қайрат ағамыздың пайымдауынша, 1206 жылы қазіргі Моңғолияның аумағындағы бүкіл ру-тайпалардың ортақ әрі бірден-бір билеушісіне айналған Шыңғыс хан «Бұдан былай киіз үйде тұратын барлық халық моңғол деген ортақ атауға ие болсын деп бұйырған-мыс». Рас, «моңғол» сөзін «мың қол», «мың жауынгер» немесе «маңқұл», яғни «алға беттеген көшпенді» деген мағына береді деп түсіндіретін отандық ғалымдар да баршылық.

1990 жылы «Моңғолдардың құпия тарихы» жазыл­ғанына 750 жыл толуына орай Моңғолияда ұлы әміршіге алып ескерткіш орнатылғаны аян. Профессор Зәкіриянов осы ескерткіште қазіргі заманғы Моңғолия аумағынан жинақталған петроглифтердің бейнелегенін, ал олар­дың қазақтың қырық руының таңбаларымен біп-бірдей екендігін алға тартады (Кайрат Закирьянов. «Тюркская сага Чингисхана. Сокровенное сказание казахов», 96-страница). «Моңғолдардың құпия тарихының» тілін бүгінгі моңғолдар мүлдем түсінбесе, есесіне аталмыш тарихи еңбектегі сөздердің 40 пайызы қазіргі заманғы қазақ тілінде әлі күнге дейін қолданыс­та көрінеді!

Профессор Зәкірияновтің еңбегінде Шыңғыс ханның шығу тегі жөнінде қазақ халқының құрамындағы руларға қатысты бірнеше болжам бар. Тіпті солардың біреуі біздің Кіші жүздің Байұлы тармағына да қаратып айтылады. Бірақ түбегейлі дәлелденбегендіктен, мен ол болжамдарға тап қазір тоқталғым жоқ. Есесіне Зәкірияновтің Шыңғыс ханның Қазақстан аумағында жерленген үлкен ұлы Жошы мен ұлы қағанның немересі Күйік ханның, сондай-ақ Шыңғыстың үшінші ұлы, Өзбекстанда мәңгілік жай тапқан Шағатайдың қаңқаларына ДНК-лық зерттеу жүргізу жөніндегі ұсынысы, меніңше, барынша тез де нақты қолдауды талап етеді. Қайрат ағамыз бұл бағытта орыс ғалымдары Моңғолиямен шектесетін ресейлік аймақтардың халқына әлгіндей зерттеу жүргізіп көргендігін алға тартады. Сонда Тува, Бурятия, Қалмы­қия және Алтай өлкесі тұрғындарының Шыңғыс хан­мен тұқымдық ұқсастығы 1,7 пайызды, ал Алтай қазақта­рының ұлы әміршімен генетикалық сәйкестігі 8,3 пайызды (!) құраған.

Қандай қасиетімен қадірлі?

Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, әлдеқашан сүйегі қурап қалған әрі моласының қайда екені де әлі күнге дейін белгісіз Шыңғыс хан феноменіне деген қызығушылық толастайтын түрі жоқ. Неге? Бұл − бір мақала аясында жауап беру еш мүмкін емес өте ауқымды сұрақ. Дегенмен де…

Әрине, біз бүгінгі басты кейіпкерімізді тек ер түріктің бір перзенті ғана ретінде қарастырсақ, тайыздық танытқанымыз. Араға сегіз ғасыр салып ЮНЕСКО Шыңғыс ханды екінші мыңжылдықтың ең ұлы мемлекетшіл тұлғасы ретінде таныды. Демек, Шыңғыс ханның ұлы қолбасшылығы мен мемлекетшілдігі біртұтас дүние болғаны ғой.

Иә, бесіктен белі шықпай жатып әкеден жетім қалған қаршадай баланың ешқандай шынжыр балақ, шұбар төс туысқансыз, яки ешқандай жүнді білек қолдаушысыз әлемнің әміршісіне айналуы − таңданарлық құбылыс. Болашақ ұлы қаған әкесі Есүгейден мәңгіге айырылғанда бар болғаны тоғыз жаста еді. Осындайда сүйеу болуы тиіс ет жақын тума-туыс Есүгейдің жесірі мен оның шиеттей бала-шағасынан теріс айналып, оларды жұртқа тастап, тәрк етіп, өздері басқа жайлауға көшіп кетеді…

…Шыңғыс хан ең бастысы адам тани білді. «Ол адамдарды екі топқа бөліп қарастырды. «Бірінші топ – ар-намысын өзінің өмірінен де жоғары қоятындар, ал екінші топ – мал-мүлік пен өзінің қара басының қамы үшін дүниенің бәрін тәрк ететіндер. Соңғы топқа жататындарды Шыңғыс хан сатқындардың санатына қосып, олардың көзін еш ойланбастан құртып отырды» деп жазады математика профессоры Қайрат Зәкіриянов.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақы қағиданы естуіңіз бар шығар? Өзінің ар-ұятының ақтығы, екі дүниеде бірдей пәктігі үшін шыбын жанын қиюдан тайсалмайтындарды Шыңғыс хан өзіне мүдделес санап, оларды айналасына жинап, бір мақсатқа жұмылдыра білді. Ал, жалған сөйлеп, өтірік айтатындар, ұрлық-қарлыққа үйірлер, ортақ қазынаға қол салғандар, қара басын сауғалап, жаралы жолдасын жауға тастағандар, мұрагерлік хақы болмаса да, марқұмның дүние-мүлкін пайдаланғандар, моңғолды құл һәм күң ретінде ұстағандар, бас имеген дұшпанмен пәтуаға келгендер, қолбасшының рұқсатынсыз тұтқынды тамақтандырғандар, суға кіші дәрет сындырып немесе күл төккендер өлім жазасына кесіліп отырды. Міне, осындай бұлжымас заң талаптарына айналған қағидалар Шыңғыс хан әлеуетін жеңілмейтін империяға айналдырды.

«Рас, адамзат тарихында басқа да империялар болды. Мысалы, Александр Македонский немесе Наполеон Бонапарт та империя құрды. Бірақ әлгілердің соңғы демі шығып, көзі жұмылысымен, олардың империясы да марқұм болды. Ал, Шыңғыс ханның империясы өзінен кейін 300 жыл бойы өмір сүрді.

Әу баста ата-бабамыз сыйынған дін – тәңіршілдікке (тенгрианство) оралып һәм көне түркі тілін тірілтіп, түркі жазуын жандандырсақ, бүгінгі түрік әлемінің ырысы молайып, ынтымағы нығаяр еді» деп жазады ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жоғары мектепке қатысты халықаралық ғылым академиясының академигі Қайрат Зәкіриянов.

Меніңше, байырғы түркі тілі мен жазуын жандандыру жөніндегі идея құптауға тұрарлық. Тап қазір Қазақстанда дәстүрлі исламның өзін нығайту үлкен күшке түсіп отырғанда, оның арғы жағындағы тәңіршілдікке оралу мәселесін күн тәртібіне қою қаншалықты қисынды, ағайын?..

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

              Орал қаласы