Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының «Архив-2025» жобасы аясында өткен жылы Мәскеу қаласына жасаған археографиялық іссапары барысында, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен Сарайшық қалашығының түпнұсқалық топографиялық жоспары табылды. Бұрын соңды жарық көрмеген және зерттеушілер назарынан тыс қалған құжат «План городу Сарайчик в Яика Гурьев городка в верх по реке Яик верстах в 60 снят прошлого 1741 году» деп аталады [1].

Жоспардың масштабы 50 сажен1,бетіндегі мәтіндер XVIII ғасырдың І-жартысындағы шапшаң жазу үлгісімен берілген. Авторы белгісіз, алайда құжаттағы «Инженеру капитан Петру Кутузов» деген жазуға қарағанда, сызба сол кезеңде Астрахань инженерлік департаментін басқарған инженер-капитан Петр Кутузовқа жолданған болуы керек[2, б. 311].

Біздің ойымызша жоспар ортағасырлық Сарайшық қалашығының жанынан бекініс қамал салу үшін жасалған. Себебі, Орынбор комиссиясын басқарған В.Татищевтің Жайық (Оралдан) қалашығынан төмен аумақты қорғау мақсатында қамалдар мен бекіністер салып, оған Қазан әскери полкі мен Алексеевтік және Самарлық дворяндарды тарту туралы жобасы 1739 жылдың бас кезінде Петербургте мақұлданған болатын [3, б.256-257 ]. Осыған орай, жоспар аталған жоба аясында жасалуы мүмкін деп есептейміз. Құжат – Сарайшық құландысы жөнінде осы кезеңге дейін табылған топографиялық сызбалардың ішіндегі ең ескісі. Осы тұста аталған архив қорынан 2014 жылы топограф А.Е. Алексеев сызған Сарайшықтың 1861 жылғы жоспары да табылғанын айта кеткен жөн [4].

Жоспарда Жайық және Сарачинка өзендерінің ортасында орналасып, сыртқы және ішкі бекініс қамалдардан тұратын ортағасырлық Сарайшық қалашығы мен оның төңірегі көрініс тапқан. Ішкі бекініс қалашықтың оңтүстік батысында орналасып, жоспарда ол жер «кремль» деп көрсетілсе, сыртқы бекініс «бело город» деп жазылған.

Кремльдің өлшемі солтүстік батысы мен оңтүстік шығысы 195 (421,2 m), ал оңтүстік батысы мен солтүстік шығыс аралығы 109 саженді (235,4 m) құрайды. Жалпы көрінісін қарасақ, оның Жайық жақ қабырғалары қалың және дуалы биік болғанын байқауға болады. Топограф А.Алексеевтің жоспарында ол аумақ «цитадель» деп аталып, ұзындығы 200(432 m), ені 100(216 m) саженге жеткен [5, б.5]. Көріп тұрғанымыздай, екі жоспардағы «кремль» мен «цитадельдің» өлшемдері 5-10 сажен болатын айырмашылығын есептемегенде жалпы аумағы бір-біріне ұқсас келеді.

«Белогородтың» өлшемі солтүстігі мен оңтүстігінің арасы 621 (1341,3 m), батысы мен шығысы 501сажен (1082,1 m). Алексеевтің сызбасында қалашықтың жалпы ұзындығы 1 верст 2 100, ені 1 верст 50 сажен [5, б.5]. Егер ХІХ ғасырда 1 верст 500 саженді құрайтындығын ескерсек, екі жоспардың өлшемдері бір-біріне шамалас келеді.

Қалашықтың жалпы аумағы Сарачинка өзенінен басталып, солтүстіктегі Жайыққа қарай жалғаса отырып, кремльдің жоғары жағымен тұйықталады. Өкінішке орай, жоспарда кремльдің астыңғы бөлігі мен Сарачинка өзені арасындағы аумақ жыртылып жойылған. Сол себепті кремль мен сыртқы қамал арасында дуалдың болғанын немесе болмағанын анықтай алмадық. Егер Алексеевтің жоспарына қарасақ, бұл аумақ бір-біріне қосылмай, ашық күйінде қалған. Осыған орай, кремль мен Сарачинка өзені арасында ор мен дуал болмады деп тұжырымдаймыз.

Жоспардағы «Бело город» атауы қайдан шықты сұраққа тоқталсақ, біздің ойымызша ол қиранды аумағында шашылып жатқан ақ бор тастарға байланысты жазылған. Сондай-ақ, қалашықта қызыл кірпіштерді қиыстыру барысында ортасына әктасты (известь) молынан пайдаланған. Осындай мәліметтерді И. Гербер [6, б.24] мен А. Алексеевтің [5, б.5] жазбаларынан кездестіреміз.

Құжаттағы соңғы бір өлшемдер қалашық пен оның екі жағындағы өзендер арасында жасалған. Сарачинкамен қашықтық кремльдің оңтүстік батысы мен оңтүстік бұрыштарынан алынып, алғашқысы 800 (1728 m) саженді көрсетсе, оңтүстігіндегі өлшем жоспарда жыртылып түсіп қалуына байланысты анықталмады. Қалашық пен Жайық арасы да екі бағытта жүргізіліп, өзен жағасы шығысында 100 (216 m), солтүстік шығысында 190 (410,4 m) сажен қашықтықта болған.

Осы тұста өлшемдер неге екі жақта және тек екі жерден ғана жасалды деген сұрақ туындады. Біздің ойымызша, олар ескі керуен жолдардың ізімен алынған. Мысалы, өткен жылы Сарайшыққа жасалған қазба барысында астрахандық археолог В. Плахов кремльдің жоғары, яғни, солтүстік жағынан қамал мен қақпаның орынын тапты. Осыған орай, Сарачинка өзеніне дейінгі 800 сажен болатын жер Сарайшықтан жоғары қарай Нарын арқылы Сарай Батуға кететін жолдың ізімен алынуы мүмкін. Ал, кремльдің төменгі, оңтүстік бөлігіне келсек, А. Левшин бұл бағытта қамалға бағытталған басты жолды көрген [7, б.189].

Жайық беттегі өлшемдер жаңа қамалды салу мақсатында жасалған болса керек. Оның ішінде 190 сажен болатын солтүстік шығысы, Сарайшықтан Хиуаға қарай шығатын ескі керуен жолының ізімен алынған деп тұжырымдаймыз. Себебі, 1732 жылы Сарайшықтың үстімен Хиуаға қарай сауда керуенімен жолға шыққан патша офицері И. Гербер Жайық өзені қалашықтан 0,4 верст қашықтықта болғандығы жөнінде 3 жазады[6, б.24].

Сарайшық қамалы шамамен алғанды XVIII ғасырдың 40-жылдарының соңында қалашық қирандысының жанынан пайда болды. 1769 жылы қалашықта болған академик П. Паллас, «қамал ескі қалашық орының шығыс жағында салынды» дейді [8, б.610]. Бұл жерде ғалым қамалдың салыну бағытын шамамен айтқанға ұқсайды. Себебі, 1784 жылғы Сарайшық қамалының топографиялық сипаттамасында,  ол Жайықтан 95 сажен қашықтықта орналасып, ұзындығы 40, ені 32 саженге жеткендігі көрсетілген [9]. Осыған қарағанда қамал қалашық қирандысының солтүстік шығысындағы Жайықпен арадағы 190 сажен болатын аумақта салынған. Бұл ойымызды Алексеевтің жоспары да дәлелдейді.

Жоспарда өзенмен қатар, қалашықтың батыс және оңтүстік бөлігінде атауы жазылмаған екі көл белгіленген. Оның біріншісі дөңгелек пішінде болса, екіншісі сопақша тәрізді. Гербер Сарайшықты 3 бөлікке бөлінген, қирандылары әлі де көрінетін үлкен жер деп сипаттауына қарағанда, ол алғашқысы ретінде Сарачинка өзені мен кремль аралығындағы жерді айтқан. Сондай-ақ, ол қалашық маңында байырғы тұрғындар қазған, айналасына тал өскен каналдарды көреді [6, б.24]. Паллас қалашық аумағында құрғақ ор бар екендігін жазғанымен де, оның нақты қай аумақта болғандығын ашып көрсетпейді. Алексеевтің жоспарындағы «Хан жайылмасы» деп аталған көл қала ішінде орналасқан. Жергілікті жердегі аңыз бойынша ол «Секер көл» аталған [10, б.103]. Осыған орай, жоғарыдағы екі көлдің ішінен сопақшасы Гербер айтқан каналға ұқсаса, дөңгелек пішінді көлге қатысты дерек әзірге табылмады.

Зерттеуіміздің соңында жоспарды Сарайшық аумағының спутниктік түсірілімен салыстырдық. Оның барысында қалашықтың көпшілік бөлігінің сақталғандығын көруге болады. Егер Алексеевтің жоспарымен салыстырып қарайтын болсақ, жалпы қалашық аумағының пішімдерінде кішігірім өзгешеліктерді есептемегенде, жалпы ұқсастық байқалады. Ең бастысы екі жоспардағы «кремль» мен «цитадель» Жайық суынан аман қалған.

Алексеевтің 120 жылдан кейін сызылған жоспарындағы өзгерістерге, қалашық жанында XVIII ғасырдың ортасында бой көтерген қамалдың да әсері тиді. Өйткені, XVII ғасырда басталған Гурьев қаласын салу үшін қалашықтың тасын құрылыс материалы ретінде пайдалану үрдісі, 100 жылдан соң Сарайшық қамалының тұрғызылуымен одан әрі жалғасты. ХІХ ғасырда қамалдың көлемі өсіп, тұрғын үйлер ескі Сарайшықтың үстіне салына бастады. Мұның өзі қалашықтың XVIII ғасырдағы келбетінің өзгеруіне әсер етті.

Қорыта келгенде, жоспарға қатысты төмендегідей ой тұжырымдауға болады. Ортағасырларда Сарайшық арқылы өтіп Еуропа мен Орта Азияны саяси, мәдени, экономикалық тұрғыдан байланыстырған керуен жол, XVIII ғасырдың І жартысында Ресей империясының қазақ даласы мен Хиуа, Бұқара хандықтарына қатысты жүргізген саясаты барысында стратегиялық маңызға ие болды. Осының нәтижесінде пайда болған Сарайшықтың жоспары қалашықты зерттеу үшін емес, оның жанынан бекініс қамал салу мақсатында жасалып, саяси мақсат мүдделерді көздеді. Дейтұрғанмен, жоспар қазіргі уақытта XVIII ғасырдың 40-жылдарындағы Сарайшықтың тарихи топографиясын танып білуде таптырмас құнды дереккөзі болып табылатындығын айта кеткен жөн.

Әдебиеттер мен дерекөздер:

  1. РГВИА Ф.349. Оп.37. Д.166.

  2. Гусарова Е.В. Астраханские находки: История, архитектура, градостроительство Астрахани XVI-XVIII вв. по документам из собраний Петербурга. СПб.: Нестор-История, 2009. 492 с.

  3. Витевский В.Н. И.И. Неплюев Оренбургский край в прежнем его составе до 1758 г. Вып.2. Казань: Типо-литография В.М.Ключникова, 1890. 368 с.

  4. РГВИА Ф.386. Оп.1. т.1. Д.2255.

  5. О развалинах татарского города Сараиль-Джадита //Уральские войсковые ведомости.1867. №30. С.2-7

  6. Гербер И.Г. Журнал о путешествии из Астрахани в Хиву и Бухару 1732 г.//История и культура Атырау в русских источниках (XVIII-ХХ вв.). Т.1: Путевые дневники и служебные записки о поездках по Атырауским степям (XVIII-XIXвв.) /Сост.М.Кипиев //Науч.ред. Ж.Шалгынбай. Атырау: ИП «Сисенгалиев Ж.М.», 2014. С.22-89;

  7. Левшин А.И. Известия о древнем татарском городе Сарайчик // Северный архив. 1824.№4. C.179-190

  8. Паллас П.С. Путешествие по разным провинциям Российского государства. Ч.1. СПб.:Имп. Акад. наук, 1773. 657, 116 с.;

  9. РГВИА Ф.349. Оп.1. Д.91. Л.1 об.;

  10. Байшеркешов Т. Ескі Сарайшық //Сарайшық бабалар мұрасы. Сарайшық қалашығының тарихы туралы дереккөздер / Құр. Ж.К. Жұмабаева, М.Қ. Кипиев //Ғыл.ред.Ж.К. Жұмабаева. Атырау: «Ағатай» баспасы, 2015. 224 б.

 

Мұхамбетқали КИПИЕВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны

зерттеу орталығының басшысы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі