…Қазақтың сол бір әруақ арқалаған атақты қызының есімі ұлттық санаға баяғыда-ақ орнығуға, ұлттық өнегеге айналуы тиіс еді. Олай болмады. Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер атадан балаға жетіп, жұртшылықтың жадында қалды. Бірақ, көнере келе, әу баста ақиқат болған ертегі сияқты әдепкі әсерінен, тарихи, шынайы болмысынан ажырап, көмескіленіп кетті.
Рас, біржола ұмыт болған жоқ. Қазақ поэзиясының классигі Ізтай Мәмбетов «Көктемір» атты поэма жазды, бірер қаламгердің мақалалары жарық көрді. Музейлерге аз-мұз деректер қойылып, кезінде орыс суретшілері салыпты делінетін үлгімен жергілікті суретшілер оның әрқилы кескіндерін салып шықты. Бірақ, ол туралы жалпыұлттық пікір, елге ортақ сүйініш қалыптаса қойған жоқ. Сол себепті, Сапура (Сапар) Мәтенқызының есімі қазіргі қазақы санаға мақтанш, өнеге, тұлға болып сіңісе алмай тұр. Сіңісуге тиіс еді. Француздарға ғана емес, күллі әлемге мәңгілік өнеге болып кеткен, тіпті, ұлы Абай есімін пайғамбарлармен қатар деңгейде атайтын Жанна д-Арк сияқты болып. Абай жазды: «Исаны ағашқа шегелеген, Мұхаммедті түйенің жемтігіне көмген, Жанна д-Аркты тірілей өртеген кім? Көп… Ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп.
Сапура қазақтың Жанна сияқты киелісі еді. Ардақтысы еді. Ер етігімен сор кешіп, ат ауыздығымен су ішкен, ханнан қадір, қарашадан береке кеткен аласапыран заманда, сиырдың бауырындай болып бөлшектенген қазақ соның зарын аяусыз тартқан заманда адам санасына әзер сиятын өнеге көрсетіп, елді ерлерден бетер біріктіріп, қол бастаған, сөйтіп, жауын мойындатқан ғажайып тұлға еді. Бір таңданарлығы — бүкіл әлем қадірлейтін әйгілі француз қызы, оның бүкіл бітім-болмысы, қылған ісі мен кешкен қасіреті де Сапураға қатты ұқсайтын.
…Жанна д-Арк те француз халқы үшін соншалықты тосын, соншалықты аяулы қыз болған. Әлі де солай. Бұдан пәлен ғасыр бұрын, ағылшындардың қуатты әскері Францияның жартысына жуығын жаулап алған-ды. Үздіксіз жеңілістерден титықтаған француздар аяулы қаласы Орлеаннан да айрылып, үмітсіз күй кеше бастаған. Француз королінен бастап, айтулы әскербасыларға дейін құттары қашып тұрған кезі еді ол. Дәл сол үмітсіз кезеңде дүниені өзіне жалт қаратқан Жанна есімді қыз пайда болады да, француздардың рухы кенеттен асқақтай жөнеледі. Жасын біреулер 17-де, енді біреулер 20-да деп жазып жүрген Жанна д-Арк француз әскерін басқарып, Орлеанды жаудан азат етеді. Елдің аңызы бойынша, Жанна түсініксіздеу, томаға тұйық, әлдебір аруақтармен тілдесіп жүретін көріпкел қыз екен. Оның «Мен соғысқа баруым керек, әскерді өзім рухтандыруым керек» дейтініне біреулер таңданып, енді біреулер күліпті. Әлдебір сәтті күні жас қыз екі француз офицеріне жолығады да, «Әскердің басында мен тұратын болсам, біз ағылшындарды жеңеміз» дейді. Ақыры оның айтқаны орындалады – ақбоз ат мінген қыз әскерді шабуылға бастайды да, рухы жүдеп қалған әскер кенеттен күшейіп, бірден ондаған мекендер мен Орлеанды азат етіп, ағылшындардың қалың қолын шегіндіріп тастайды.
Кейін ағылшындар француздардың әскері мен әскербасыларының қолынан келмегенді істеп, даңққа бөленген қаршадай қызды қолға түсіріп, шіркеуге «кішкентай қыздың бұл істері ақылға сыймайды, бұл – жанын Шайтанға сатқан сиқыршы» дегізіп, инвизиция соты оны тірідей отқа өртеп жібереді. Кейін француздар Жанна д-Аркты теңдесі жоқ қаһарман деп мойындап, оны француз шіркеуіндегі «әулиелер санатына» кіргізген…
Сапураның ерлігі мен таңғажайып істері де, тағдыры да сол Жанна д-Аркке өте ұқсас һәм табиғаттас. Мұны нақты құжаттар мен тарихшы Нәйла Бекмаханованың бүгіндері ұмытыла бастаған тарихи еңбегі дәлелдеп бере алады. Бұл еңбек халық арасындағы сүйіспеншіліктен туған аңыз емес, нақты құжаттарға негізделген нәрсе. Біз сол еңбектің ізімен баяндап көрелік.
***
…Қазекеңнің тарихы әзірге белгілі тұлғалар мен олардың өмір сүрген дәуірі, қылған ісі мен жеңіс-жеңілістерін баяндап беруден әрірекке бара алған жоқ. Қолда бар тарихи әдебиет пен тарихнамадан байқайсың: белгілі тұлғалар өмірін баяндайтын жазбалардан тұтас тарихты елестету, ең бастысы – үздіксіз өмір сүріп келе жатқан халықтың үздіксіз тарихын бояма-бұрмалаусыз түгел ұғу әзірге мүмкін болмай тұр. Білетінің – батырдың бәрі «қалмақпен соғысқан», ханның бәрі «елін билеген». Оның үстіне, әлгі белгілі тұлғалардың нақты ролі қандай болғанын да айқын ұғу қиын. Себебі, қазақ тарихы әлі бүтінделген де, түгенделген де жоқ. Өмір дегенің, қарапайым айтқанда, оқиғалар тізбегі, ол тізбек ешуақытта үзілмейді. Ал бізде мұны тарихшы қауым ескере бермейді: мәселен, Әбілқайыр хан дүниеден өткен соң Нұралы хан болды, сол кездегі заман, қоғам қайшылықтары нәтижесінде хандық билік жойылды. Содан соң ше? Сол аралықтарда не болды, халық қалай өмір сүрді, оның тұрмысы, билігі нендей күй кешті? Міне, осыны көзіңізге елестетерлік тұтас тарихнама жоққа тән. Бар, өте аз. Болмашы ғана. Үзік-үзік.
Біз баяндағалы отырғалы отырған оқиғалар дәл сол, халық кімге ерерін, кімге сенерін білмей алақтап қалған тұста болған.
Хандық жойылғаннан соң орыс билігінің қысымы күшейе түсті. Әбілқайыр тұсында белгіленген заңдар мен келісімдер жайына қалды да, орыс билігі ондаған әскери форпосттар салып, казактар мен орыс шаруаларының қоныстарын есепсіз көбейтті. Қазақтарды жерінен, мал жайылымдарынан айырыла бастады…
Бұл қазақ арасында орыс езгісінің күшейіп тұрған кезі еді. Орынбор губернаторы И.Неплюев патшаға (1747 жылы) «Кіші жүздің бір-екі ұлысын жас балаларына дейін қырып тастап, қайсақтардың үрейін туғызуға» рұқсат сұрайтын заман осы. 1773 жылы басталған көтеріліске орыс шекарасына жақын аймақтағы қазақтардың едәуір бөлігі келіп қосылады. І.Мәмбетовтың бір поэмасында Кәрім деген батырдың Пугачевпен достасуы, қалың қолмен келіп көтеріліске қосылғаны айтылады. 1773 жылдың күзінде көтерілісшілер Орынборды қоршап, келер жылы Қазанды басып алады. Бүкілхалықтық сипат ала бастаған көтерілісті басуға патша әйел Пугачевке қарсы әйгілі қолбасшы А.В.Суворовтың кәсіби әскерін жұмсайды да, қыркүйектің 12-сінде Пугачев қолға түсіп, аяусыз жазаланады, оны қолдаушыларды түгелдей талқандау үшін барлық аймаққа, қазақтар арасына да жазалау отрядтары жіберіледі. 1975 жылдың көктеміне дейін қазақ арасына келген жазалау отрядтары қазақтардың қанын аяусыз төгеді.
1775 жылдың күзінде Кіші жүздің Ресей жағындағы аймақта отырған Табын және Тама руларының арасында бір адам пайда болып, аты аңызға айнала бастайды. Дала қауесеті оны Көзкөрмес, Әулие, Арбағыш, Жанкөрмес, көбіне Көктемір деп атайды. Өзін Пугачевтің қолдаушысы санаған Көктемір күресті жалғастыруға үгіттейді. Оның ұрандары Кіші жүзде орасан зор көлемде тарап, Көктемір көтерілісі тез арада халық қолдауына ие болады.
Халық тез арада қол жиды, аяусыз соғысқа әзірленді. Ал сол қалың қолды… Сапура Мәтенқызы дейтін 22 жасар қазақ әйелі бастады. Ол о бастан-ақ аруақты, арқалы қыз саналған, қазақша айтсақ, «аруақ қонған» ер болмысты, еркек мінезді адам болған. Ауық-ауық аруағы ұстап қалатын Сапураны жұрт бұрыннан білетін. Әдепкі күйеуі өлген соң әмеңгерлік жолымен қайнысына қосылған Сапура сол тұста халықтың аруақты көсеміне, ардақтысына айналды. Өзін көзге түспейтін, бірақ, бар екендігін жұртқа жиі білдіріп тұратын құдіретті аруақ Көктемірдің нұсқауын мүлтіксіз орындайтын адаммын дейтін Сапура «Көктемір бізге бірің қалмай жиылыңдар, жаудан қорықпаңдар, сендерді мен барда еш дұшпан ала алмайды. Бәрің ұлы Қобданың жағасына жиылыңдар, ол жер сендерді барлық қиындықтан сақтайды» деп жатыр деп, халыққа үздіксіз хабар таратты. Тарихшылардың айтуынша, Көктемір қозғалысын Досалы, Сейдалы сұлтандар қолдап, бағыттап отырыпты. Олардың айтуынша, «Үшінші Петр» – Пугачев «біз жеңіске жеткен күні күллі қазақтың ханы Досалы болады» деп уәде берген көрінеді.
Бұл рас сияқты – кезінде Пугачев көтерілісіне қазақ басшылары қолдау көрсетіп, оның нұсқауымен шекараны жағалай орналасқан, жыл санап көбейе түскен орыс бекіністері мен деревняларына жиі шабуылдар ұйымдастырған. Кезінде Пугачевті қолдаған Орта жүз сұлтандары мен басшыларының үлкен бір тобы тіпті, Абылай ханның өзі де тілектес болған.
Көктемірдің өзіне келсек, оның бойындағы күш-қуаты мен құдіретін қазақтар ерекше дәріптеген. Көктемір деп аталатын төрт аяғы бар адам Ордада тұрады, адамша сөйлейді. Ордасынан шығып, екі-үш тәулік бойы жоғалып кетеді, адам көзіне түспейді, қайта оралғанда өгізше өкіріп, бураша азынайды. Ал, Ордаға келгенде ауық-ауық күндей күркірейді. Оған тек Сапура ғана қызмет етіп, айтқанын жұртқа жеткізеді. Төрт аяғына етік киеді, басы адамдыкі, құлақшын киеді, өзін моншақты бұқамын дейді, мүйізі өгіздікіндей үлкен, ал бүкіл арқасы темір, сондықтан Көктемір атанған көрінеді.
Көктемірдің нұсқауымен атқа мінген Сапура Мәтенқызының әскері аз ғана уақыт ішінде екі мың адамға жетті. Таңғаларлығы – қазақ даласындағы айтулы батырлар да дәл Сапура сияқты қолды тез жиып, орыс бекіністеріне шабуылды тез арада бастамаған-ды. Аз ғана уақыт ішінде Көктемірдің Қобда мен Елек аралағына орналасқан әскері Красногорск, Чернореченский, Елек қамалдарына шабуыл жасап, көптеген орыс деревняларын талқандады. Олардың жеңістері қалың қазақ жұртына рух беріп, Көктемір-Сапураның әскері көп ұзамай он мыңға жетті де, Верхноуральск, Қызыл, Таналық, Орск, Ильин, Гурьев бекіністеріне шабуыл жасай бастады. Күшейе түскен Көктемір қозғалысы Сарытауды (Саратов) шабуға бет алды.
Бұл кезде Сапура-Көктемірдің әскерінің саны 10 мыңнан асқан болатын. Көтеріліске Табын, Тама руларынан басқа Шөмекей, Шекті, Төртқара, Кердері Жағалбайлы, т.б. Кіші жүз руларының жауынгерлерінің қатысуымен Көктемір идеясының халыққа кең жайыла бастауы орыс билігіне арқа сүйеген Нұралы, Айшуақ хандар ғана емес, ресми орыс билігін де қатты қорқытты. Мұндай тосын, рухы ерекше биік, бүкілхалықтық, ұйымдастырылуы күшті қозғалыстың күллі қазақ халқын біріктіріп жіберуі әбден мүмкін еді, себебі, ру-ру, тайпа-тайпа болып әр сұлтанның, әр ханның соңына ергендіктен, тоз-тозы шыға бастаған ел дәл осы жолы адал мақсат-мұрат үшін, өз арасынан – қара халықтан шыққан Сапура мен оның адал достарының соңынан ерген-ді. Мұнда әр сұлтан мен әр рубасының өз пиғылы мен есебіне орай әрқилы мінез шығаруы, әр саққа тартуы мүлде жоқ болатын.
Мұның бәрі аруақты әйел, атағы тез шыққан халық қолбасшысы Сапура Мәтенқызының – «ол айтқанын істейтін» мифтік Көктемірдің халықты тұтас, бір мақсат үшін жұмылдыра білгенінінің, оның саны күн санап өскен әскерінің Ресейдің өзіне қауіп төндіре бастағанының нәтижесі еді. Қазақтар өте батыл, ақылды, тапқыр, қалың елдің әскери қимылдарын ұйымдастыруға шебер, аруақты қызды қатты қадірледі, оның бұйрықтарын айнытпай орындады. «Мен – Көктемірдің бұйрығын жеткізушімін. Оны сендерге көрсететін құзыр менде жоқ және ол мүмкін де емес. Оның қылышының жарқылының өзі көздеріңді басыр етіп тастайды. Оның бұйрығын орындасақ, жеңістерге жете береміз» дейтін Сапураның өзі де ерекше, сұсты жауынгер болатын. Оның соңына ерген табын Қалыбай, тама Қыдыр, Садыр, Жанболат пен Тауболат, жағалбайлы батырларының қолдары Кирсан, Ертіс, Гавенвардск бекіністерін қоршап, көптеген казак хуторларын талқандағаны, Краснояр, Чернояр елді мекендерін басып алып, Сарытауды (Саратов) шауып алуға беттегені туралы құжаттарда айтылады. Сапураның жұмбақ Көктемір айтты деген болжамдарының бәрі айнымай келіп отырды.
Көрінбес Көктемірдің елі екі мың үйлі жұрт болып Қобданың сағасына жақын жерде отыр екен, ауылға жақындағанда татарлар «түсініксіз, адам дауысынан гөрі, кернейдің бе, өзге нәрсенің бе дауысына ұқсайтын» қорқынышты дауысты естіп, зәрелері ұшады. Ауылдағы Көзкөрместің киіз үйі – Ордасы оқшаулау жерге орналасқан, төбесінде жарты айлы, мешіттегі сияқты белгісі бар тұрақ екен. Татарларды діни ғұрып бойынша, аттан түсіріп, босағаны және Әулиенің қазынасы сақтаулы сандықты сүйдіреді. Көпестер Көзкөрместің көңілін аулау үшін, оған арнап сандық үстіне інжу-маржандар қояды.
Үй ішінде татарларды ет пісіріп жатқан қазақ әйелі қарсы алады. Көзкөрмес Көктемірдің көріпкелдік қасиетін тағы бір дәлелдегісі келгендей, әйел кеше ғана оның: «қара, қаба сақалды, бір көзінің ағы бар елші келеді, Ибраев деген сол» дегенін айтады. Ал түнде әйелдің арқасы ұстаған, «ол біреу қорлап, ұрып-соғып жатқандай түн ішінде үш рет шыңғырды, ертеңгілік көзі көгеріп кетіпті». Әйел түнде «Көзкөрместің келгенін, ауылға көпестерді кіргізгенімізге ренжігенін, олардың қауіпті кісілер екенін ескерткенін» айтқан. Ал келесі күні әйел шаңыраққа қарап отырып екі-үш минуттай есінен адасып барып, «әулие келе жатыр» деп, қонақтарды сыртқа шығарып жібереді. Киіз үйдің жанында тізерлеп отырған көпестер тағы да «үш рет қорқынышты, мағынасыз дыбыс есітеді де, киіз үйдің қабырғасынан сыртқа шығып тұрған (тесіп өткен!) қырғыздар айтып жүрген қанжардың жүзін көреді, оның кірш еткен дауысы темірдікі сияқты» дейді. Көзкөрмес олардың губернатордың айтуымен «қазақтарды барлау үшін келгенін, ол жақта (Ресейде — Ред.) бүліндіріп болып, осы жерді де бүлдіргелі келгенін» айтып, көпестерді кінәлайды. Үйден естілген әйел дауысы үкім шығарады: «Қылышты алып, сонымен Адгамов пен Ибраевты турап тастаңдар, әйтпесе, олар зияндарын тигізеді, олар орданың құпияларын білуге келгендер». Алайда, көпестер киіз үйден ұзаған соң жендеттеріне пара беріп, аман қалады.
Олар ауылдан құтылған соң бірер күн Қобда мен Елек аралығында жүріп, жұртпен тілдескеннен кейін мынадай тұжырым жасаған: «Көзкерместің атымен соның барлық іс-қимылын істеп жүрген, елден қолдау тапқан, бала кезінен өзіне жабысқан сатани рухтың көмегіне сүйенген әлгі әйелдің өзі… қазір оның өзге күйеуі бар, жиырма екі жаста, аты Сапура, табын руының адамы Мәтеннің қызы, күйеуінің айтуынша, түн сайын оған әруақ келеді, ол сонымен сөйлеседі де, арқасы ұстап қалады. Бұрынғы күйеуін қазіргі үкіметтен қашып жүрген қалмақ өлтіріп кеткен соң өлген күйеуінің інісі Жанбалтаға тиген, сол кезден күні бүгінге дейін Сапура өзінің әлгі ісін жасап жүр, оған күйеуі де өз мүддесі үшін көмектестеді, ал Досалы сұлтан балаларымен бірге осы әйелге тілеулес».
Феодалдық ортаға әйел заты билік жүргізе алмайтындықтан, Сапура көтерілісті жалғастыруды халыққа құдіретті Көктемірдің – киелі әулиенің атынан айтады. Ол өте ақылды, тапқыр адам болатын. Өз қиялынан туған Көктемірді ол өте шеберлікпен жасырып, «мен сендерге қалай көрінем, қылышыма көздерің қарығып өлесіңдер ғой» дегізеді.
Сапура үгітті де, орасан зор әскери қимылдарды да 1775 жылдың күзінде бастаса, 1776 жылы оның серіктерінің арасында күмән мен күдік көбейе бастады– Пугачев келмей қойды. Досалы сұлтанның отбасының әсері арқылы Көктемір қозғалысының қимылы үкіметке қарсылық идеясынан алшақтап, шекарадағы барымта-сырымтаға айнала бастады. Досалы мен оның ұлы Сейдалы патша чиновниктерінің ықпалымен қазақтарды башқұрттарға айдап салды, ал бұл патша үкіметінің көтерілісшілер арасына іріткі салу арқылы, оны түбегейлі басып тастауының көрінісі еді. Ақыры сол жоспар орындалды да.
Қазақ билеушілері орыс патшасының асырандысына айналып болғандықтан, Көктемір көтерілісіне үзілді-кесілді қарсы еді. Сол тұстағы Нұралы хан үгіт үшін сыйлы кісілерді, тіпті ол кезде араздаса қоймаған Сырым Датұлын да (кейін өзінің түбіне сол Сырым жеткен-ді) көктеміршілер арасына жіберіп отырды. Өзіне Досалы сұлтанның бәсекелес екенін білген соң Нұралы хан қара халықты өшпенділікпен жек көрді. Оның үстіне Пугачев кезінде «Нұралы ханды қабырғасына шынжыр өткізіп, асып қоямын» деген-ді.
1776 жылдың наурызында қазақтардың башқұрттарға қарсы соғысы саябырсып қалған еді. Көктемірдің ауылдарында 1500 адамы бар әскер қайта жиналып, «башқұрттарды талқандап, тонау үшін Уфаға дейін баруға» аттанғалы тұрғанда елді Көктемірдің өзі тоқтатыпты.
Қысқасы, Көктемір көтерілісінің тоқтауына қазақ биліктілерінің арамза ниеті себеп болды. Көтеріліске о бастан қарсы Нұралы хан губернатор Рейнсдорпқа: «Егер Қобда мен Елек бойында отырған қарақшыларды өз қылмыстары үшін лайықты түрде сіз қатал жазаламасаңыз, жаз келген соң мына жолынан адасқандарға өзгелер де көптеп қосылады. Сізге жап-жақын жерде, Елек пен Қобда бойында өз басшысы Досалымен бірге отырған қарақшылар тобын, Табындар мен Тамаларды сіздің неліктен аяп отырғаныңызды көріп, мен қайран қалып, таңданып отырмын» деп жазады көтеріліс қанат жая бастағанда. «Мен оларды түгелдей қырып, үйлерін өртеп жібермек болып барып едім, әлгі қатын бүкіл ұлысымен Қиыл бойына көшіп кетіпті» деп жазады хан кейінірек. Ол «қыстан жүдеп-жадап шыққан қазақтарға башқұрттарды жіберіп, шауып тастау керек» деген ұсыныс та айтады.
Сапураның әскерін башқұрттарды шауып, тонауға пайдаланып, едәуір олжа түсірген Досалы сұлтан мен оның баласы Сейдалы енді көтерілісшілерге қарсы қимылды бастайды. Сірә, патша үкіметінің мықтылығын, жағдайдың күрт өзгергенін аңғарса керек. 1776 жылдың ақпанында Досалы Рейнсдропқа жазған хатында «Біздің ордаға одан (Көктемір–Сапурадан–Ред.) еш пайда жоқ деп ойлаймын» дейді.
Көтерілістің басылуына Екінші Екатеринаның нұсқауын орындаған орыс билігінің өте қу саясаты да себеп болды. Орыс үкіметі қазақтардың көптеген өтініштерін орындап, халықты «еркелете» бастады: даулы жайылымдар мен жерлер қайтарылып берілді, сауда-саттық пен еркін бару-келу қалыпқа түсті, қазақ жуандарының үкіметтен алар ақшасы мен марапаты күшейтілді. Сөйтіп, әйгілі Көктемір көтерілісі бықси сөніп барып, басылып тынды. Ал әйгілі Сапураның айқын тағдыры беймәлім. Біреулер оны ұрыста қаза болды десе, тағы біреулер «Көктемірдің айтуымен» жан танымас, көз көрмес шалғайға кетіп, қартайып өлді дегенді айтады…
***
Біз белгілі тарихшы Нәйла Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» деп аталатын тамаша, бірақ қазақ жадында жоқ тарихи еңбегіне сүйене отырып, қазақтың киелі қызы туралы аз ғана баяндап бердік.
Бүкіл қазақты қамти жаздаған Көктемір көтерілісі мен оның бас сардары, идеясын көтерушісі, елді тұтас біріктіре білген ардақты қыз туралы әзірге шамамыздың жеткені осы. Оны елестетуге тырыссаң, бойыңды қос сезім қатар билейді: Мақтаныш пен Өкініш. Сондай ауыр кезеңде күллі елді біріктіріп, орыс империясының зәресін алған асыл қызды француздың Жанна д-Аркі сияқты қастерлеп, кие тұтып, соған мақтанғандай боласың.
Сондай ұлы қыздың бүгінгі ұрпақтарының сол Сапураны Жанна д-Арк дәрежесіне көтеру қаперінде де жоғына өкінесің. Өмірі өкінумен өтіп келе жатқан халық емеспіз бе біз?..
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ