Есте жоқ ескі замандарда адамзаттың пайда болуынан бастап Ертіс пен Еділдің, Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған қазақ деген елдің мәдениеті халық ауыз әдебиеті арқылы қалыптасқаны байырдан белгілі. Соның ең көркем түрінің бірі – күй. Осынау табиғат ана сыйлаған шет-шегі көрінбейтін ұланғайыр атыраптың әрбір тау-тасының дабылы, аққудың сұңқылы, қаздың қаңқылы, желдің гуілі мен бұлақтың сылдыры, қамыстың сыбдыры, ат тұяғының дүбірі, ботаның боздауы, қасқырдың ұлығаны. Тіпті бұлбұлдың сайрағаны. Бәрі-бәрі қазақтың қоңыр күйінен тыс қалмаған.
Сөз төркіні Тмат Мерғалиев, Сәрсенбай Бүркіт және Орынбай Дүйсеннің «Қазақ күйлерінің тарихы» кітабы хақында болмақ. Мұнда авторлар ежелгі тайпалар заманындағы көне күйлерден бөлек 52 халық сазгерінің сыбызғы, қобыз және домбырадағы күйлері жайлы қамтыған.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазақ ұлтының фольклорлық феномені – ол халық ауыз әдебиеті, көне жазбалар, ескерткіштер, аңыз-әңгімелер. Осылар арқылы ұлттық таным-түйсігіміз, тәлім-тәрбиеміз, шежіреміз, әдет-ғұрпымыз, т.с.с. қалыптасты. Бұл тұста күй өнерінің орны әркез ерекше. Ең алдымен сыбызғы, содан соң қобыз, домбыра сынды аспаптармен орындалған аталмыш ырғақты әуеннің тамыры тереңде жатыр. Осы жөнінде басылымның «Ел тарихы – күй тарихы» атты бірінші бөлімінде баяндалады. XX ғасырдың басынан қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевичтен бастап бүгінге дейінгі бір ғасырлық күй жинау тәжірибесі нәтижесінде қазақ күйлерінің шамамен 4-5 мыңдайы анықталды. Оның 500-ге жуығы халық күйлері. Әрбіреуінің ар жағында дәуір оқиғасы, оның салдары мен себебі бары анық. Алғашқы бөлімде қазақ даласын мекендеген ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, қимақ, көк түріктер, оғыз-қыпшақ және ноғайлы мен Қазақ хандығы кезіндегі әуен-ырғақтар мен саз-сарындардың шығу тарихы, олар жөнінде жазылған ғалымдардың деректері сөз болады. «Ноғайлы-Қазақ айырылған күй», «Қорқыт күй», «Асанқайғы күйі», «Ала байрақ», «Ақсақ құлан», «Нар идірген», «Азамат қожа», «Тепең көк», «Бозторғай», «Бозайғыр» сияқты күйлердің өн бойындағы өзіне ғана тән мифтік мағынасы айтылады.
Сонымен, біздің жыл санауымызға дейінгі VII-IV ғасырларда өмір сүрген сақтар тұсында дүниеге келген көне күйлер – «Шыңырау», «Аққу» сынды шығармалар. Сондай-ақ, қазіргі «бесік жырының» да алғашқы нұсқасы осы кезеңмен орайластырылады.
Кітапта б.ж.с.д. III-II ғасырларда дүние жүзіне үстемдік құрған ғұндардың кезіндегі саз-сарындарға тоқталғанда, «Кеңес», «Сары өзен», «Шұбар ат» сияқты күйлердің шығу тарихын ойға оралтады. Мысалға, «Кеңес» – аты айтып тұрғандай, елдің ішіндегі және сыртқы дау-дамайларды ортаға салып, ақылдаса шешу үшін болатын жиындар негізінде туындаған күйлер. «Сары өзен» күйінің шығу тегі қытай мен ғұн арасында болған «Хуанке» (ғұндарша Сарыөзен) өзені үшін болған талас-тартыспен байланыстырылады.
Сонымен бірге, ең көп таралған, сақ, ғұн, үйсін, көк түріктер мен оғыз-қыпшақтарда да кездесетін «Бозайғыр» атты күйлердің мағынасы жөнінде көп әңгімеленеді. Сөзсіз, сол уақытта ақ боз ат символикалық мәнге ие болған. Әскер басылары ақ боз ат мінген. Және үйсін заманынан үйсін күнбиі Елжау би қытай қызы Шижұн ханшаны айттырғанда қалыңмалына 1000 ақ боз ат айдаттырды деген де аңыз бар.
Ал, қаңлы тайпасы кезеңіндегі музыкалық сарындардың пайда болуы келесідей туындылармен сипатталады. Сондай ерекше мәнді деректердің бірі – «365 немесе 366 күй туралы» жазбалар. Бұл туралы алғаш зерттеген қазақтың аяулы ғалымы Құдайберген Жұбанов XIV ғасырдағы иран музыканты Әбдіқадыр Мұрағидың «Зубдәтел әдуар» атты кітабынан үзінді келтіреді: «Түрік-моңғол ән-күйі үш бөлімге бөлінеді: музыка құралында ойнайтын бір түрі бар, оны «көктер» деп атайды (көкһа), енді дауыспен айтатын түрлерін «ыр» және «дола» деп атайды. Ал, қытай елінде күйдің саны 366 болады, бір жылдың ішінде қанша күн болса, сонша күй болады…» дейді. Әрі қарай Қ.Жұбанов: «Әбдіқадырдың қытай елі дегенін осы күнгі қытай деп түсінуге болмайды. Қытай немесе қыдан дегендер Каспий теңізінің маңында болған түрік халықтарының бірі. Мына жазушының айтып отырғаны сол ел. Мұның «көк» деп отырғаны күй, «ыр» дегені жыр» деп түсіндіреді.
Келесі көк түріктер мен оғыз-қыпшақтардың заманында жыраулық өнер қалыптаса бастады. «Аққу», «Бозінген», «Бозайғыр», «Жетім бала», т.б. күйлердің сазы әуелден қысқа жыр сазы ретінде пайда болды. Тарих сахнасына күй атасы – Қорқыт ата келді. Қорқытқа дейін Орта Азия аумағын сыбызғы сыңғыры даңққа бөлесе, Қорқыт заманынан бастап бүкіл Дешті-Қыпшақ даласы қобыз күйлерінің бесігінде тербелді. Беріде «Ақсақ құлан», «Жәнібектің көк дөнені» секілді күйлер дүниеге келді. Осы мезгілден жыраулық өнердің жазбаша сақталған ғажайып үлгісі – «Күлтегін» жыры еді.
Ендігі сөз болатын күй шежіресі бақандай төрт ғасырды қамтитын ноғайлы кезеңімен (XIII-XVI ғғ.) және Қазақ хандығы құрылған мезетпен байланысты. Бұл заман күй тарихында «жылау, жылау, жылау күй, жылаған зарлы мынау күй» болып халық жадында сақталған. Ноғайлы кезеңі мен Қазақ хандығы дәуірін дәріптейтін шығармалар көбіне «Қырымның қырық батыры», «Қарақыпшақ Қобыланды батыр», «Орақ-Мамай», «Едіге батыр» секілді эпостық жырлармен, әріде «Жерұйық» іздеп, жиһан кезген Асанқайғы, Қазтуған, берісінде бір өңірде бір мезгілде қатар ғұмыр кешкен Құрманғазы мен Дәулеткерей, Тәттімбет пен Қазанғап, Дина сынды күй алыптарының рухани мұраларымен суреттеледі.
Таразылағанда, күй мен оның тарихы – түрік әлемінен басқа әлемнің ешбір шетінен іздеп таппайтын тұтас тамырлы тарих. Демек, қазақы қоңыр үннің қаймағы – күй құдыретінің сипатына сызат түсірмей сақтап қалу – әрбір буын өкілінің міндеті болып қалары сөзсіз.
Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Атырау облысы