Ақтау халықаралық порты еліміздің теңіз қақпасы ретінде нығайып, жаңа жетістіктермен толығып келеді. Порт арқылы жүк тасымалдау көлемінің артуымен бірге, көрсетілетін қызметтің заманауи жан-жақтылығы, ұтымдылығы мен ұтқырлығы басты назарда. Өйткені, Қазақстан үшін жалғыз теңіз қақпасы саналатын аталмыш порттың қуаты – еліміздің экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі.
Қазақстанның көлік-логисткалық әлеуетін дамыту үшін тиімді инфрақұрылым салуды және экономикалық нығаюын қамтамасыз етуді басты мақсат еткен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компанияларының бірлесуімен Транскаспий маршрутындағы тұрақты фидерлік жүйе іске қосылды. Ал, жобаның теңіз операторы – «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚ компаниясы.
Фидерлік тасымал арқылы Қытайдан Еуропаға контейнерлермен тасымалданатын транзиттік тауарлар қазақстандық экспорттық жүктермен қатар жеделдетілген режимде жөнелтілетін болады. Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия теміржолшылары Ляньюньганнан Стамбулға баратын контейнерлік пойыздар құрамының транзиттік тасымалын жеделдетуге қол жетпек. Яғни, Ақтау теңіз порты, «Қорғас – шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрғақ порты, Алтынкөл шекаралық стансасының логистикалық инфрақұрылымын белсенді пайдалану Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымал тиімділігін қамтамасыз етеді.
Апта сайын тұрақты қатынап тұратын фидерлік кемелер Каспий аймағында жүктерді контейнерлендіруді одан әрі дамыту және Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты бойынша жүк ағынының артуына ықпал етеді. Фидерлік тасымал кезінде екі толық құрамды контейнерлік пойыздың жүктерін бір кемеге тиеуді қамтамасыз ететін, 225 футтық контейнер сиятын кемелер пайдаланылады.
Шара аясында Ақтау портынан Баку портына алғаш болып фидерлік жүйе негізінде жүк тиеп «Түркістан» кемесі аттандырылды. «Қазақстан темір жолы» ҰК-сы қызметкерлерінің айтуынша, алдағы уақытта фидерлік жүйе арқылы көрсетілетін қызметтің ауқымын кеңейтіп, кемелер санын арттыру және аптасына бірнеше рет қатынауды қалыптастыру қолға алынбақ.
Салтанатты шараға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы С.Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Айдарбаев, көліктік-логистикалық компаниялар басшылары мен жүкжөнелтушілер, сондай-ақ, Транскаспийлік бағыттағы сервисті пайдаланушылар қатысты.
– Бүгін еліміз үшін тарихи оқиға – Қазақстанда тұңғыш рет Ақтау мен Баку арасындағы фидерлік желі іске қосылды. «Самұрық-Қазына» қорының активтерін синергиялау және Каспий теңізіндегі фидерлік контейнерлік қызметті іске қосу осы бағытты және жалпы аймақты дамыту үшін барынша мультипликативті әсер алуға мүмкіндік береді, — деді салтанатты шарада А. Есімов.
Қазіргі таңда Ақтау портын жаңғырту жемісті жүзеге асырылуда. Фидерлік қатынастың жолға қойылуы Қазақстанның тасымалдық әлеуетін арттырумен қатар, Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатын болады. Фидерлік кеме қатынасы жүйесі арқылы, салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ақтау порты арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2019 жылы өткен жылғы көрсеткіштен 10 %, 2020 жылы 22 %-ға өспек. Ал, жалпы кіріс көлемі 2019 жылы 13%, 2020 жылы 40%-ға дейін жетеді деп шамаланады. Сондай-ақ, фидерлік кеме қатынасының ашылуы Ақтау порты арқылы жүктелетін жүк көлемін 50 %-ға дейін көбейтуге және «Ақтау теңіз-сауда порты» АЭА-да контейнерлер жөндеумен айналысатын логистикалық хаб құру үшін шетелдік инвесторларды қызықтыруға, жаңа сервистік қызмет көрсету орындары құрылып, 160-қа жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына жол ашады.
– Каспий – еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыруда стратегиялық рөл атқарады. Теңіздегі портты тиімді пайдалану, су жолы арқылы тасымалдауды тиімді жоспарлау – фидерлік кеме қатынасы арқылы контейнерлік пойыздардың жылдамдығын қадағалауды қамтамасыз етуге, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдарының артуына және Каспий аймағында жүк контейнерлерін одан әрі дамытуға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені, Транскаспийлік бағыт – аймақтағы еуразиялық көліктік артерияның маңызды тізбегі. Түркиядан, Грузиядан, Әзірбайжаннан және керісінше Қытай бағытына жүкағынын тарту үшін біз бұл бағытты бәсекеге қабілетті ететін коэфициентті төмендетіп белгіледік, — деген «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы С.Мыңбаев Ақтау теңіз портының әлеуеті мен фидерлік жүйенің тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, паромдық жүйе де өз маңызын жоймайды, бірақ, уақыттан ұтылмай, жоғары қарқынға қол жеткізу — басты мақсат.
Қатысушылар фидерлік кеме қатынасы жүйесінің ашылуын маңызды сәт, тиімді жоба деп бағалап жатты. Маңғыстау өңірі теңіз инфрақұрылымын шоғырландыру және дамыту орталығы екендігін, халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатындығын дәлелдей түсті.
Орал ДОС,
Маңғыстау облысы