Атырау ардақтылары
«Шыр етіп өмірге келген кезім, бүкіл Еуропаны екінші дүниежүзілік соғыстың отымен шарпылған, саяси ахуалдың күрделенген сәтімен тұстас келген кез-тұғын. Сондықтан, «балалығым – балғын шағым» дейтіндей заманның ауылы тым алыстау көрінді бізге» деп әңгімесін бастады кезінде облыстың партия, кеңес, атқару органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагер ағамыз.
Бүгінде бала-шағасымен бақытты ғұмыр кешіп отырған Жұмаян Ахмедов сексеннің сеңгіріне шықты.
– Менің ата-анам Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданына қарасты Казталовка ауылында туған екен. 1930 жылдары жұмыс бабының ыңғайымен Астрахан өңіріне қоныс аударыпты. Менің кіндік қанымның тамған жері – Красный Яр өңіріндегі Бузан өзені сағасындағы Забузан ауылы болатын, — деп өзінің ата-анасы мен бауырлары бейнеленген қолындағы сарғыш тартқан көне суреттерге көз салған ол біраз үнсіз отырды.
…Соғыс басталған жылы күзге салым көппен бірге Отан қорғауға әкесі де Астраханнан пароходпен майданға аттанды. Ал, артында қалған мұрагері үш жасқа әлі тола қоймаған кішкентай Жұмаян мен келіншегі ата-енесімен бірге Жаңақала жағына аттанды. Орыс жерінде өскен атасының сауатты бар, нағыз шаруаның адам болатын. Сұрапыл соғыс аяқталғанша сол жақта мал бағып, тірлік кешті.
«Шешем айтып отырушы еді» деп өткен күндерді тағы еске алды Жұмекең:
– Алты жастағы ойын баласымын ғой. «Әкең майданнан келіпті» дегенді естіп, сол жылдың күзінде анам екеуіміз 14 күн жаяу жүріп, Жаңақаладан Забузанға келген екенбіз. Жолда көрген қиыншылықтар, қорқынышты сәттер естімде қалыпты.
Түн. Айнала тас қараңғы. Анам жұлдыздарға қарап тұрып: «Бағытымыз дұрыс сияқты. Сен жатып дем ал» деп, менің аяғымды кендір жіппен тұсап, байлап тастайды. «Неге байлайсың?» десем, «Шаршағаның басылады. Әлі ұзақ жол жүреміз ғой». Сосын өзі төңіректен шөп-шалам теріп, малдың тезегін араластырып от жағады. «Төңіректе түлкі, қасқыр, қарсақ көп екен. От жақсақ, олар сескеніп, жоламайды, әрі түннің салқынында жылынып аламыз» дейді де мені құшағына қысып алып, ертегі айтады. Мен ұйықтап кететінмін».
Әкесі соғыстан бірінші топ мүгедегі болып оралды. Керчь, Украина жерін жаудан азат етуге қатысады. Біраз ауыр жарақат алып, госпитальда емделген. Елге келген соң әкесі аудандық мал дайындау мекемесіне жұмыс жасады. Жұмаян мектепке барды.1955-1957 жылдары Астрахандағы кеме құрылысы училищесінде оқып, мамандық алып шықты. Сосын ауылға келіп, клуб меңгерушісі болды. Төрт жылдық соғыстың зардабынан әбден қажыған ауылдастарына мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырып, еңселерін көтеруге атсалысты.
Гурьев педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түскен ол үш курста оқып жүргенде әскер қатарына шақырылады. Мәскеуде үшжылдық азаматтық борышын өткерді, әскери бөлімдегі комсомол жұмысына белсене қатысты, қабырға газетін шығарды. Әскери міндетін орындаудағы мінсіз қызметі үшін бөлім командирлері жауынгер Ж.Ахмедовке Мәскеу педагогикалық институтында үш айдай кешкі курста оқуына рұқсат та берді.
Әскерден кейін оқуын жалғастырып, дипломын алды. Алғашқыда Гурьевте жаңадан салынып жатқан химия зауытының комсомолдық екпінді құрылыс бригадасын басқарған Жәкең кейін қалалық комсомол комитетіне қызметке шақырылып, ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. 1968-1972 жылдары аралығында Гурьев қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы, ал, 1972-1991 жылдары Гурьев қалалық партия комитетінің ұйымдастыру-партиялық жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, қалалық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы облыстық партия комитетінің партиялық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы қызметтерін абыройлы атқарды.
Жұмаян Нығметұлының жоғары ұйымдастырушылығы мен іскерлік қарым- қабылеті 1991-1999 жылдары облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы қызметінде жүргенде ерекше танылды.
Елімізде зейнетақы реформасын жүргізу қолға алына бастаған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігі – зейнеткерлерді, көпбалалы аналарды, мүгедектерді зейнетақымен және жәрдемақымен қамтамасыз етуде қиын жағдай қатыптасты ғой. Еңбек ұжымдары, кәсіпорындар мен мекемелерде еңбекақының уақытылы төленбеуі, жағалай штаттың қысқартылуы жүріп жатқан сәтте Жұмаян Ахмедов басқарған басқарма жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс жасап, тығырықтан шығудың тиімді жолдарын іздестірді.
Бұл уақытта бүкіл Атырау облысының жылдық бюджеті небәрі 5-6 млн. теңгенің шамасында болатын. Республиканың өзге аймақтарына қарағанда Атырау мен Маңғыстау облыстарында жағдай шүкірлеу еді. Демеушілер көмегі де мықтап сезілді. Сол жылдары жеке кәсіпкер А.Қожағалиевтың қаржылай қолдауымен басқарма теңгеріліміне он УАЗ автокөлігі алынып, сегіз аудан мен қаланы көлікпен қамту мәселесі шешілді, компьютерлер сатылып алынды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері тегін «Запорожец», кейін «Ока» жеңіл автокөліктеріне ие болды. Зейнетақы реформасын жүзеге асыруға байланысты халықтың зейнетақысын есептеу мен елдегі инфляцияға орай қайта есептеу жұмыстары бірнеше рет жүргізілді. Басқарма мен зейнетақы төлем орталықтары мамандарының білік-білімдерін көтеру де ескерусіз қалмады. Облыстық газеттермен, телеарнамен, радиомен тығыз байланыс орнатып, зейнетақы жүйесіндегі реформа талаптарын халыққа түсіндіру ұйымдастырылды. Осынау қауырт шаруалардың басы-қасында басқарма басшысы мен оның командасындағы Төлеген Законұлы, Айтқали Құмарғалиұлы, Қадырғали Қоңырұлы сынды азаматтар жүрді.
Қызметінен абырой-бедел жинаған ағамыз әлденеше рет Гурьев қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды, мемлекеттік марапаттардың иегері атанды.
Бүгінде Жұмекең Бақыт жеңгей екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, өрістерін кеңейткен шаңыраққа айналды. Балалары жоғары білімдерін алып, халық шаруашылының түрлі салаларында еңбек етуде. Қызы Бибігүл жеңіл өнеркәсіп саласының маманы, Эльмирасы Алматының темір жол көлігі институтын, Айгүлі педагогикалық институтты бітірген. Қазір олар нәсібін кәсіпкерліктен тауып жүр. Гүлмира күйеуімен Англияда, ал, кенже қыздары Дидара Алматыда тұрады. Елдар мен Айдары отбасылы, олардан төрт немере сүйіп отыр.
— Сексенге келген ақсақалдың қазіргі тірлігі қалай?
— Қазақша кітаптарды, газет-журналдарды көп оқимын. Мектептен де, институттан да алған білімім орысша болды. Біздің кезіміздегі мемлекеттік қызметтегі іс-қағаздары да ресми тілде жүрді. Зейнетке шыққан соңы осы олқылықтың орнын толтыру үшін ана тіліме ден қойдым. Қазақша сөйлеп қазақша ойлайтын дәрежеге жеттім. Жастанып жатып, қазақша тарихи тақырыпта жазылған кітаптарды оқуды дағдыма айналдырдым.
— Тағы нендей іспен шұғылданасыз?
— Кейінгі ұрпағым ата-бабаларын біле жүрсін деп мемуар жазуды бастағанмын. Соны бітіруім керек. Немерелерімді жетегіме алып, Жайық жағасында таза ауада жүріп, серуендеуді ұнатамын. Алла сәтін салса, күн жылынған соң кіндік қаным тамған Забузан жаққа барып, әкем мен шешемнің зиратына соғып, мүнәжат етіп келсем бе деп отырмын. Аллаға шүкір, менің ата-бабаларым мен әке-шешемнің пешенесіне жазылмаған бақытты өмір маған және менің ұрпағыма бұйырып жатыр.
Ендеше, сол бақытыңыз баянды болғай! Отбасыңызбен бай-қуатты ғұмыр кеше беріңіз!
Бақытжан ЖҰМАТ.
Атырау қаласы.