Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Атырау қаласының «Жеңіс саябағында» арнайы шара өтіп, ескерткішке гүл шоқтары қойылып, қаза болған жауынгерлер бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Аталмыш шара Ауған соғысы ардагерлері және сол соғыста ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлерге арналған салтанатты кешпен жалғасты. Ауған жерінде 14 мыңнан аса кеңес әскері қаза тапты. Оның 924-і-қазақстандық. Ресми деректерге сәйкес, бұл жарияланбаған соғысқа облыс бойынша 800-ден астам жауынгер қатысқан екен. Олардың арасында отбасына орала алмай қыршыннан қиылып, сұрапыл соғыстың құрбанына айналған қандастарымыз да бар.
Қарифулла Шамиденұлы 1959 жылы 11 наурызда Гурьев облысы, Балықшы поселкесінде дүниеге келген. Ә.Жангелдин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, 1978 жылы КСРО Қарулы Күштер қатарына алынған. 1979 жылдың желтоқсанынан 1981 жылдың қаңтарына дейін Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеді. Ауған жерінен оралып, әскери комиссариатта қызмет етті. Сол бір сұрапыл соғыстан алған ауыр жарақатынан төрт рет ота жасалып, 1989 жылдың тамызында Мәскеу қаласында дүниеден озған. Бүгінде Қарифулланың артында ұлы Руслан мен қызы Самал қалды, ұрпақ өсіруде.
Светлана ФАЗЫЛОВА, Ауған соғысына қатысушы жауынгердің жұбайы:
«Мен Қарифулламен небәрі жеті жыл отау құрдым. Ауған соғысында жарақаттанып, көптеген жылдар протезбен жүрді. Ал, бүгінде қаза тапқан жанның отбасы ретінде қаражат алып тұрамын. Ауған ардагерлерінің жесір әйелдері қауымының мүшесімін. Десе де, бұл ұйымға ешқандай қолдау көрсетілмегендіктен әзірге жұмысы тоқтап тұр. Бұрын Ауған соғысының қаза тапқан жауынгерлеріне арнап Ж.Дәулетияров, А.Таңқыбаев секілді ардагерлерге көше атауы берілген болатын. Көше берілген жауынгерлермен жолдасым бір қауымда болды. Қарифулланың да ерлігі елеусіз қалмай, оған көше аты берілсе екен деген арманым бар».
Гүлсім ОРЫНБАЙҚЫЗЫ, Ауған соғысынан оралмаған жауынгердің қарындасы:
«Ағам Ауғаннан жазған соңғы хатында «Үйге оралуға аз уақыт қалды» деп жазып еді…»
Таңқыбаев Аманбай 1961 жылы 4 ақпан күні Атырау облысы, Балықшы кентінде дүниеге келді. Ауған жеріне бармас бұрын ДОСААФ әскери бөлімін өте жақсы деген бағаға оқып бітірді. «Алтын бала» деген атағы бар. 1979 жылдың сәуірінде Ауған жеріне аттанды. Ол соғысқа кеткенде мен төртінші сынып оқушысы едім. Алтыншы сынып оқып жүргенімде 1981 жылы 19 ақпан күні ағамның сүйегін цинк табытпен тоғыз солдат болып үйге келді. Екеуіміз үнемі пошта арқылы хат жазысып тұрдық. Алайда, ағам әскерден оралмады.
Әлімжан Ерниязов – генерал-майор, Ауған соғысы ардагері.
1979-1987 жылдары М.В.Фрунзе атындағы Әскери академиясының тыңдаушысы. 1987-2006 жылдары Орталық батальон командирі, Балқаш қаласының әскери комиссары, сақтау базасы полкінің командирі, дивизия командирінің орынбасары, ҚР Қарулы Күштері арсеналдар мен қару қоры базасы Бас басқармасының бастығы, ҚР Құрлық әскері гвардиялық оқу орталығы бастығының орынбасары – бөлім бастығы, оқу орталығы бастығы.
2006-2009 жылдары «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, бірінші орынбасары – штаб бастығы, қолбасшы, 2009 жылғы тамызынан ҚР Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының Бас инспекторы. «Қызыл Жұлдыз», 3-дәрежелі «За службу Родине» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
* Ауған соғысына қалай аттандыңыз?
* Соғысқа барамыз деген дүние мүлде ойымызда болмады ғой. 1977 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1987 жылы Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны, 2001 жылы РФ Қарулы Күштерінің Бас штаб Әскери академиясының Жоғары академиялық курсын тәмамдадым. 1979 жылы 27 желтоқсанда Ауғанстанға аттандық. 1980 жылы Ауғанстан мемлекетінің шекарасынан өттік. Екі жылым Ауғанстандағы жойқын соғыстың ортасында болды. Алғашқы 1981 жылы взвод командирі, кейін Одаққа шыққанша тоғызыншы рота командирі атандым. Біз Ауғанстан мемлекетіне қайықпен қатынаған болатынбыз. Көз алдымызда аққа оранған мүрделерді шығарып жатырды. «Бұл не?» деп сұрағанымда «Сол жақта жан тапсырған жауынгерлер» деді. Ауғанстанға аттанбас бұрын ағам дүние салған-ды. Сол кезде менде бір ғана ой мен өкініш болды: «Сорлаған шешем-ай, тағы бір балаңнан айырылатын болдың ғой». Басқа ештеңені ойлай алмадым.
Бектелеуов Камалбек, Ауған соғысының ардагері:
* Жат елге аттанбас бұрын қайда оқыдыңыз?
* 1980 жылы мекепті бітірген соң Горький жоғары әскери училищесіне оқуға түстім. Мұнда төрт жыл білім алып, кейін мамандығым бойынша әскери салада болдым. 1984 жылы бізді Ауған жеріне жіберді. 1987 жылға дейін рота командирі ретінде қызмет етіп, бөлек жүк тасығыш көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, миналарды тазалап тұрдық.
* Майдандағы ерекше есте қалған бір күніңізді сипаттап бере аласыз ба?
* Соғыстың әр күні қиын. Бүгін болмаса ертең бақилық болып кетемін деген қорқынышпен жүресің. Әр таңың үрейге толы болады. Бүгінгі бейбіт елдің ұрпақтары тыныштықтың қадірін білу қажет. Ең бір есте қалған сәт – ол 1985 жылы көктемде жеті «барлаушы» жоғалып кеткен болатын. Тау арасымен соларды іздеуге шыққанда қамауға алынып, қоршауға түстік. Жетпіс екі адамның ішінде алтауымыз ғана тірі қалдық. Қалғаны бақилыққа аттанды. Осы оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Қазір «Нефтестройсервис» компаниясында құрылыс бөлімінде жұмыс жасаймын.
АУҒАНДА АЙҚАСҚАН АТЫРАУЛЫҚТАР
Филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекованың құрастыруымен жарық көрген «Ауған соғысындағы Атыраулық жауынгерлер шежіресі» атты жинақта Ауған жерінде интернационалдық борышын атқарған бес жүз елуге жуық атыраулық жауынгердің өмірбаяны мен естеліктері енгізілген.
Атырау мұнай және газ университетінің доценті А. Ермекова бұл жинаққа 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан, тағдырлары Атырау (Гурьев) облысымен байланысты интернационалист-жауынгерлердің өмірі мен әскери қызметі туралы деректер архивтерден іздестіріп, соғыста қаза болған боздақтардың, күнделікті әскери қиындықтарды бастан өткізіп, бүгінгі таңда ел қатарлы өмір сүріп, еңбек етіп жүрген бұрынғы жауынгерлердің ерлік істері жөнінде жазылған естеліктер мен мақалалардан үзінділер жинақталған.
«Қолыңызға тиген бұл кітаптың әр парағына ақтаңдақ ақиқаттар мен шынайы шындықтар жазылған. Аға буын ауған ардагерлерінің батыл істері мен батыр ерліктері жастарымызды Мәңгілік Елдің мақсат-мұраттары жолында намысын қайрап, Ұлы істерге рухтандырады». Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кітаптың алғы сөзінде осылай дейді.
12 тараудан тұратын бұл жинақтың бірінші тарауда Ауған соғысына қатысқан атыраулық офицерлермен бірге аты аңызға айналған қазақстандық Қ.Майданов, Н.Кремениш, Б.Керімбаев сияқты соғыс батырлары және әскери жазушы А.Жантасов, ақын Б.Сұмағұлдың өмір-деректері мен естеліктері берілді.
Жинақтың 2-11-ші таруларында Атырау облысынан Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің өмірбаяндары мен әскери естеліктері, ал, соңғы тарауында үкіметтің арнайы жолдауымен соғыс жылдарында Ауғаныстан елінде жұмыс істеген, соғысқа куә болған мұнайшылар жөнінде қысқаша мәліметтер берілген.
КІТАПХАНАДАҒЫ КЕМЕЛ КЕЗДЕСУ
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай Атыраудағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған кеш осылай аталды. Бұған №5546 әскери бөлімнің сарбаздары, жоғары және арнаулы оқу орындарының студент-жастары мен № 37 орта мектеп оқушылары қатысып, тағылымды шараның куәсі болды.
Ауған соғысында болған жерлес ардагерлер – «Құрмет» орденінің және «Халықаралық экология және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі ғылымы академиясы» орденінің иегері Мағауия Шырдабаев, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Сәтжан Маралов, «Интернационалист жауынгерге Ауған халқы атынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагері» медальдарының иегерлері Әсет Балқасымов, Марат Сейітов және Марат Арыстанғалиев отты жылдардың естелігінен сыр шертіп, жастарға ұлағат болар жайттарды әңгімелеріне арқау етті.
«Біз Отан алдындағы борышымызды өтедік. Ауған соғысында болып келгеніміз бізге мақтаныш емес. Біздің орнымызда кім болса осылай істеген болар еді» деп ағынан жарыла айтқан бүкпесіз сырларын шерткен ардагерлер жастарды өз елінің патриоты болуға, саналы білім мен тәрбие алуға, ана тілімізді құрметтеуге, елімізді көркейтуге үлес қосуға үндеді.
Ауған соғысында болған интернационалист-жауынгерлердің өмірі, әскери қызметі жайлы деректер мен отты жылдардың естеліктері енгізілген «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» атты кітабының авторы Атырау мұнай және газ университетінің оқытушысы Айгүл Ермекова кітапты жазуға себеп болған жайлар туралы айта келіп, ауған соғысына қатысушылар туралы әлі зерттеуді қажет ететін тақырып екендігін тілге тиек етті.
Кездесуде көпшілік назарына «Ауғанның отты жылдары (1979-1989 ж.ж.)» атты слаид шеру ұсынылды. Онда Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын, Бақытбек Смағұлдың «Болмасын соғыс», «Армысыздар, ауғандық жауынгерлер», М.Сергеевтің «Жауынгер хаты» атты өлеңдерін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Алдамжар Байдуллин, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері Айкөркем Сатымова мен Альбина Бисекешова мәнерлеп оқыды.
АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ: АУҒАНСТАН ЕСТЕЛІКТЕРІ
Мағауия Шырдабаевтың «Азаматтық парыз» Ауғанстан естеліктері атты кітабы 2006 жылы жарыққа шықты.
Кітаптың алғы сөзін ТМД елдері Ауған соғысының ардагерлер кеңесінің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушев «Бүгінгі жаңа қоғамның жас ұрпағына өмір жолымен өнеге боларлық біздің замандасымыз Мағауия Тәжіғараұлының Атырау өңіріндегі интернационалист жауынгерлер жөніндегі кітабы жұртшылықтың кәдесіне жарап, көзқуанышы болатынына сенемін» деп жазды.
Бұл кітапта өткен ғасырдың 70-80 жылдарында, яғни Кеңес заманында Ауғанстанда, Вьетнамда, Ливияда, Иеменде, Египетте шектеулі майдан алаңдарында жұмыс жасаған мұнайшы-геологтар мен газ өндірісі қызметкерлерінің азаматтық борышын өтеу жолындағы естеліктері жинақталған.
Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген гелог-барлаушысы Салтанат Балғынбаевтың «Шурави – біздің досымыз» атты Ауғанстандағы әсерлі естелігі жазылған.
Марат Көшековтің Кеңес Армиясы қатарында шектеулі майдан алаңында «Ежелгі Египет еліндегі есте қалатын күндер» естелігі баяндалған.
Сондай-ақ, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Альберт Жақияевтың, Серікқали Бишекиннің Ауғанстанда шектеулі майдан алаңдарынан жазған материалдары жарияланған.
Тарих қойнауына енген ХХ ғасырдың келелі оқиғаларының бірі – Ауғанстан Демократиялық Республикасында, Вьетнамда, Ливияда, Иеменде, Егепитте тағы басқа елдердегі Кеңес өкіметі тарапынан мұнайшы, геолог, газ құбырын тартушы тағы да басқа өндірістік мамандар, өзінің интернационалдық борышын адал атқарған азаматтардың естелік жинағы бүгінгі ұрпаққа өнеге болары хақ.
Кітап ұлттар мен ұлыстардың арасында достық қарым-қатынасты күшейтуге, өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік көзқарасты қалыптастыруға, отансүйгіштік сезімін орнықтыруға септігін тигізері анық.
Мағауия Тәжіғараұлының «Азаматтық парыз» атты кітабы Қазақстан мұнайы тарихын зерттеушілерге, мамандарға және жалпы оқырман қауымға арналған.
Материалдарды жинақтаған Жеңіс АРОНОВ,
Әсем ЖОЛДЫБАЕВА,
Гүлжан ЕСКЕНДІР.
Суреттерді түсірген Жолдас ҮСЕНҒАЛИЕВ.