Атырау ардақтылары

Екеудің бірі болып бүкіл адамзат бақыт іздеп әлекпіз. Ал, тапқандары, неге екені белгісіз, тып-тыныш күйде. Ешкімге тіс жарғысы жоқ. Жәй тыныштық емес, олардың тыныштығы жүректе. Тапқан бақыттары – жүрек тыныштығында. Адамның жүрегі тыныш болуы үшін, асылы, өткеніне өкінбей, келешегінен күдер үзбей, бүгініне разы болса жеткілікті. Қарапайым, иә? Бірақ, қаншалықты қарапайым болса – соншалықты ауыртпашылығы да бар. Себебі, өмірді қиындататын мына өзіміз. Бақсақ, басқан із, көрген қызық, бәрі қалады. Істеген ізгі ісімізден, жасаған жақсылығымыздан басқа. Әйтсе де, шын жақсы деуге тұрарлық ғұмыр кешкен жандар жоқ емес. Әркімнің өз шындығы, өз жақсысы бар. Менің дәл қазіргі сәтте тоқталғалы отырған шын жақсым – жарты ғасырдан астам уақыт қара алтынның қадіріне қызмет қылған өңірдің мұнай саласының, соның ішінде ғасырлық межеге жеткен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ардагері Қуаныш ҚҰДАБАЕВ.

Жоғарыда жүрек тыныштығы жайлы неге қозғады дейсіз ғой. Ғасырға жуық ғұмырының тең жартысынан көбін мұнай саласына арнаған кейіпкерімнің көзім көрмесе де өміріне шолу жасадым, тағдырын таразыладым. «Сонша тынымсыз тірлік кешкенде осынау сұрқай дүниеден өтерінде жүрегі тыныш болды ма екен, артына қарайлаған сәтінде кең тыныстай алды ма» деген сұрақ туындады өзінен өзі. Сөйттім де, анадан да, әкеден де ерте айырылып, ағасының қамқорлығын көріп өскен қарапайым ауыл баласының кейінгі өмір жолына сапарлай бердім…

Шамалы шежіреден шертсек, Ысық руынан тарайтын Құдабай қарт бірінші отасқан әйелінен он қыз сүйіп, мұрагерсіз қалу уайымынан екінші рет үйленіп, Қуаныштың әкесі – Есенғалидай жалғыз ұл сүйген мыс. Есенғали Ақтиін есімді аруды қалыңдыққа алып, одан осы Қуаныш өрбиді. Кейін бала Қуаныш алдымен әкеден, сәл ес жия бастағанда анасынан көз жазып, аталас бауыры Мәни екеуі тұл жетім қалады.

Алайда, «Жетім бала өз кіндігін өзі кеседі» демейтін бе еді?! Олар да бірін бірі бауырына басып қамқорлады. Доссордағы ағайындарын сағалап, осында көшіп келді. Мәни ағасы көп ұзамай кәсіпшілікке жұмысқа орналасып, ұзақ уақыт Комсомол, Байшонас кеніштерінде мұнай өндіруші оператор болып қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Інісі Қуаныштың да аяқтануына қолғабыс еткен Мәни болатын. Өз кезегінде інісі де ағасының жолын қуғысы келді, мұнайшылықты қалады. Доссорлық мұнайшылар отбасының қарлығашы Сариева Оңайшамен жұптасты. Екеуінен Қаднен және Ғабиден есімді ұлдары мен Раиса қыздары дүние есігін ашты.

Қуекең ағасы Мәнидің ақыл-кеңесімен педагогикалық училищенің дайындық курсына түспекке Гурьевке келеді. Дегенмен, өмір жолы Қуаныш Құдабаевты XX ғасырда қазақ жеріндегі қара алтынды өндіру мен игерудегі аңыз адамдардың қатарына қосуды көздеген-ді. Осылайша, ол біріншіде «Ембімұнай» тресінің дайындық курсынан, ал, 1932 жылы мұнай техникумынан бір-ақ шығады. 1937 жылы техникумды Өтеп Балғымбаев, Қапан Ақмұрзиев, Шамбай Оразалиев сынды болашақ корифейлермен бірге тәмамдайды. Қорғаған дипломдық тақырыбы – Қосшағыл кен орны, ондағы бұрғылау мүмкіндіктерін зерттеу. Оқу орнын аяқтай салысымен аталмыш кәсіпшілікке маңдай тіреп, еңбек жолын мұнай өндіру технигі ретінде бастайды. 1936 жылы Қосшағылда алпыс бір бұрқақты ұңғы жұмыс жасап тұрды. Олардың жылдық өнімі 2,5 мың тоннаны құрайтын. Бұл дегеніміз кеңестік кезеңдегі экономикалық өсімді қамтамасыз еткен негізгі өндіріс орнының бірі дегенді білдіретін.

Осы арада жер бетінде аумалы-төкпелі заман басталып, Қ.Құдабаев бастапқыда 1938 жылы кеңес-фин, одан кейін Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, талай ерлік көрсетті, жараланды да. Полк мектебін бітіріп, рота саяси жетекшісінің орынбасарлығына тағайындалды. Сөйте келе, Ұлы Жеңісті компартия мүшесі ретінде қарсы алды. 1945-1948 жылдары Брянск облысының Ржаница стансасында әскери қоймада лаборант болып, ажалмен бетпе бет келген сегіз жылдан соң туған топыраққа қайта оралу бақыты бұйырды.

Одан әрі 1948-1949 жылдары Мәскеу қаласында мұнай өнеркәсібі инженер-техник қызметкерлерінің курсында біліктілігін жетілдірген Қуаныш Есенғалиұлы біраз уақыт Байшонас кәсіпшілігінің бас инженері, Комсомол кәсіпшілігінің директоры, «Қазмұнайбарлау» тресі басқарушысы міндеттерін абыроймен атқарды. Ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті арқасында байшонастықтарға құрылыс цехын құрып, еңселі тұрғын үйлер тұрғызды. Сәулетті орта мектеп, наубайхана, жалпы әлеуметтік нысандардың салынуына тікелей ықпал жасады. Еділ-Жайық арасындағы Мартыши кен орнын да түлеткен осы Қуаныш Құдабаев екенін ұмытпауымыз қажет.

Жергілікті жердегі білімі мен беделін бірдей қолдана білгендігін ескерсе керек, 1956 жылы оны Мақат аудандық партия комитетінің екінші хатшысы және бюро мүшесі лауазымына лайық деп таныды. Дегенмен, халық арасында әділдігімен, іскерлігімен көріне бастаған оған жоғары тараптан қысымшылық та көбейеді. Ақыр аяғы бұл қызметтен де босатылып, Жылыой ауданындағы Мұнайлы кен орнына шебер қызметіне жіберіледі. Бір жылдан кейін Қаратон кәсіпшілігінде меңгеруші атанса, 1960 жылы Байшонасқа кері табан тіреп, осында он жыл тұрақтайды. Бұл тұста кен орындарында техникалық жарақтандырудың жаңару, дәлірек автоматтандыру және телемеханикаландыру сатысынан өтіп жатқан маңызды бетбұрыстар кезеңі жүріп жатқан-ды. Қуекең аталмыш қазақ мұнай өндірісіндегі алғашқы технологиялық реформалардың басы-қасында болды. Сол өзгерістермен бірге өзі де шыңдалды. Өндіріс ошақтарын және жоғары саяси ұйымдарды тізгіндей жүріп түрлі ортамен етене араласа келе көңілі жәй тапты. «Не алдым» емес, «Кімге не бердім?» деген сұраққа іштей жауап іздей бастады. Тапты да. Беруші қол қашан да алушы қолдың үстінде екені белгілі. Осыған анық көзі жетті…

Тура 1987 жылы Қ.Құдабаевтың үздіксіз жанқиярлық еңбек жолы дамыл тапты. Оған дейінгі «Ембімұнай» бірлестігі бастығының орынбасары, Балықшы барлау-бұрғылау басқармасы бастығының орынбасары қызметтеріндегі он төрт жылдан соң құрметті демалысқа шықты.

Осынау мұнай тарихының қалыптасу бедеріндегі елеулі еңбегі үшін Қуаныш Есенғалиұлы Ленин және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін, «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұнайшысы», «КСРО-ның Құрметті мұнайшысы», «Атырау қаласының және Мақат ауданының Құрметті азаматы» атақтарын иеленді.

Өткенді еске алмай болашақты бағамдау қиын. Саналы ғұмырының бүкіл дерлік мерзімін бір салаға арнаған еңбек адамының, елдің адамының өз өмірінен кейінгі мәңгілік жүрек тыныштығы осылай көрініс берсе керек.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау облысы