Мудрец избегает всякой крайности.

ЛАО ЦЗЫ

 

Арғы тарихта неолит дәуірінің адамдары мал атаулыдан алғаш қой мен ешкіні қолға үйреткен делінеді. Кейін бірте-бірте ит пен төрт түлікті қолға қаратқан сыңайлы. Тауар айырбасы ғана жүрген дәуірдегі күнделікті тұрмыста, тіпті өміріңнің ұзына бойына не керегің жалғыз малмен ғана орнына келетін заманда, жылқы әлі мініске көнбеген тұста қазақ тірлігінің деңгейі негізінен қой малымен өлшеніпті. Кешегі кеңес заманы келгесін осының бәрі ұмыт болып, төл тарихымыз бен тұрмыс-салтымызды тәрк етіп, мақал-мәтелді қалай жазылса, солай түсіндіріп, қой еті жаман, «қой сорпасы – қоңырсық» деп, қой малын менсінбеушілік те қылаң берді-ау… 

Халық жадынан қалмай жүрген қандай болсын ұғымның, не түсініктің бекем орныққан өзіндік себебі, кейбір жағдайларда тылсымды-тағылымды тарихы болады. Сондай бір тарихи-тілдік, философиялық тылсым, қазақтың қой малынан айырып қарауға болмайтын «қоңыр» (бұдан былайғы сөздерді бояған біз.) деген түсінігіне жұртшылық назарын аудармақпыз. «Қоңыр» түсінігінің түп-тегін қуа кетсең зерттеушісін алыс уақыттарға, ғасырлар қойнауларына жетелейді. Осындай арғы түбі тереңге кететін, бүгінгі ұрпақ туу себебіне бойламақ түгілі «қоңырсық», «көңірсік», сасық деп әр саққа жүгіртіп жүрген, мағынасы да көмескілене бастаған, әйтсе де ақын-жазушылардың, қаламына еркінен тыс орала беретін «қоңыр» сөзін таратып тәптіштеуге «батылымыз» барғанын айтамыз. «Батылымыз» дейтін себебіміз, мұндай сөздер қазірде қазақ тірлігінен алыстап бара жатыр ғой, жұрт түсінбей қалады ғой дегендер болды. Басқа да түпкі мағынасы ұмытыла бастаған сөздер сияқты «Қоңыр» ұғымының шығу тегінен тым болмаса хабардар болу – жас ұрпақтың туған тілге деген ықыласын оятуға сеп болып, тума тарихын, тұрмыс-салтын, рухани болмысын, өскен өлкесін бұрынғыдан гөрі қастерлеуге ықпал жасап, үлкендердің ырзалығын арттырары хақ. Себебі, бұл сөз әлі де біраз тылсымын, қазаққа ауадай қажет көнере бастаған бірқатар ұғым, түсініктерді «астына басқан» сөз. Қазақ:

«Малды жисаң, қойды жи,

Қолың кетпес шарадан» — деп қойды береке-байлыққа балаған! Әрине, жылқының еті, саумалы мен қымызы қайда дерсіз. Оны айтпай жүре алмаспыз, дегенмен, жылқы ежелден «желдің малы» болғандықтан онымен арпалысып қысы-жазы ығып жүруге екі қазақтың бірі шыдамаған; әрі кім көрінген барымта-сырымталап айдап кететін машақаты да мол болған. Сиыр малын тіптен ұстамаған десе болады, тек кешегі көшпелі тірлік ыдырай бастағанда ғана жерсіндірген деуге болатын бұл түлікті ауыз, жазба әдебиетінің барлық дерлік жанрларында кемсітіп келген. Қазақта адамның небір жағымсыз қылығын сиыр малына теңеп, шендестіреді.

Меймандос халқымызға қонақ атқаруға қолайлылығын былай қойғанда, екі қазақтың бірінің негізгі сусыны, ішінара сауылған ешкіні айтпағанда, негізінен осы қой сүті болған. Қой жаппай, қосақтап сауылған. Қазіргі жасқа бұрын қазақ қой сауыпты десең, көбі таң қалмақ. Бұдан мың жыл бұрын жазылған Махмұт Қашқарлы ғұламаның «Сөздігінде»: «ҚҰЗ: құз; құлама теріскей» деген түсініктемесіне мысал ретінде «Құздан қар кетпес, қойдан май кетпес», деген мақал келтіріп, ол мақал «Құзда қар азаймас, қойда май азаймас» дегенге саяды, деп түсіндіріпті. Сол заманнан, я одан ерте ме, қазақ қойды байлыққа санаған! Күй талғамайтын көнбіс, қыста қолға қарамай, далада жайылатын суыққа төзімді, әрі майлы сүтті-етті, жүні киіз, киім болған қой малы көшпелі елдің қай тірлігін де қанағаттандыра алған. Қазаққа одан пайдалырақ мал болмаған. Қазақтың жазы-қысы баспанасы – киіз үйі, текемет, төсеніш, көрпе-көпшігі, киім-кешегі, бәрі-бәрі осы қой жүнінен. Тойшыл қазақтың ұзатар қызының отауы мен қыз жасауы, құдалар киті де қойсыз біткені қанеки?! Әрине, жауға мініске, желдіртіп жүруге жылқы жақсы. Бірақ екі күннің бірінде жау шаппайды. Ел шетіне келген, я жоңғар-қалмақ сияқты жеріне көз алартқан жауды қуғаны болмаса, асыл қазақ өзгенің жеріне көз алартпаған, басқадан бақ оздырып, біреуді бодан ету үшін соғыспаған жұрт екендігін білеміз. Қазақ жылқыны сәндік деген. Содан шығарған, екі түлікті салыстыра келгенде: «Қой – байлық, жылқы – сәндік», «Жылқы ысқырса – желдікі, айдаса – жаудыкі» деген сияқты жылқы малының тұрақсыз байлық екендігі жөнінде, «Түйе анасы бірден, Қой анасы бестен, Өсейін десе астан-кестен», «Қойың болмаса, байлықта ойың болмасын» сияқты толып жатқан мақал, нақыл сөздері бар. Әр малдың қадыр-қасиетіне қоса, осындай кейбір осалдықтарын да саралай келіп малсақ халқымыз: «Түйе – салтанат, жылқы – мақтан, сиыр – қанағат, қой – қазына» деп қорытқан. Сол қазынасын қастерлегенде «қоңырым» деп тебіренуі әсте бекер емес! Мұның жайын асықпай жайғармыз…

Ал, мал тұяғына ерген елдің күні бүгінге дейін аузынан тастамайтын мақалы «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – он саулық (кейде боз саулық – Ғ.С.)» дегенді айтқанда біздің бабаларымыздың аузына сол байлықтың символы ретінде қой малы түскені кім-кімді де қатты ойландырар дейміз! Символ дедік қой, ендеше әр малдың өз төлін сүюі туралы жырларында басқа түліктер, мысалға, түйе – «ботам», жылқы – «құлыным», сиыр – «торпағым», ешкі – «лағым!» – деп  әр түлік өз төлін атымен атап еміренсе, қой баласын – «қозым», тым болмаса, «қошақаным» демей, «қоңырым!» деп сүйгенінде – сол көшпелі дәуірлерде бүкіл қазақ һәм түркі баласы байланған бір тылсымдық күш, символдық белгі бар. Ол белгіні, әзірге, қазақ тұрмысының қой малына түпкілікті тәуелділігінен туған деуімізге болады.

Символдар жайында айтпағымызды да осы арада доғара тұрып, қойдай өрістеген ойымызды қойша үйіре кейін қайтарсақ, кәделі қонақты көбіне қой атқаратыны белгілі. Қанша меймандос болса да кез келген қонаққа жылқы жыға бермейді. Қонаққа енші бөлген меймандос қазаққа қой береке көзі болған. Шешендік өнердің бізге жеткен бір әңгімесінде атағы патша ағзамыңның өзін тітіркенткен, бүкіл кіші жүз аймағын дүрілдеткен халық батыры, әрі шешен, көсемдік даналығы – бір төбе, бір басына  үш бірдей бақ дарыған, кей тұстарда халық аузында хан атанған Сырым да өмірінің соңғы кезеңінде «Сіз бұрын тай жейтін Сырым едіңіз, бүгінде қой жейтін болып қалдыңыз» деген сөз естігенін білеміз. Сондықтан, рәсімі жылқыдай болмағанмен, қой жегеннің де сөкеттік еместігін айтқанымыз. Қойды қомсынатындар осыларды естен шығармауы керек-ақ!

Айта берсек, қазақтың қазақы тұрмысын сақтаған да, сүйтіп бүгінге бүтін жеткізген, негізінен, осы қой болған! Қазақтың шешендік өнерінің бір үлгісі ретінде айтылатын Қара Дос пен Маман бидің әңгімесінде «қоңыр» түсінігі былай беріледі. Маман би Сансызбай деген байдың үйінен аттанып кеткесін, «байдың әйелінің орамалы ақ екен, дастарханы қоңыр екен», — деген. Оны естіген Сансызбайдың әйелі Айым оған жауап ретінде:

«Қайнағаға сәлем айтыңыз. Орамалым ақ болса, тазалығым шығар, дастарханым қоңыр болса, мырзалығым шығар», — депті. Бұл қоңыр түсінігі қазақ тілінің 10 томдық, кейіннен шыққан 15 томдықтағы келтірілген түсініктемелерге қиюласпайтын тұстары баршылық болса, Айым анамыздың айтуында Сөздіктерде көрсетілген «жүдеу-жадау тіршілікке» мүлде қайшы! Айым анамыздың аузындағы қоңыр сөзі, мұндағы «қоңырлық», біз төменде баян қылатын Биағаңның, Бейімбет Майлиннің «қоңырсуымен» мағыналық жағынан үндесіп, үйлесіп тұр. Бірі – ертеден үн қатқан халық даналығының қазынасынан болса, екіншісі – қалың бұқараның қақ ортасынан «қайнап» шыққан, өзінен бұрынғы дәуірдің мирасқоры, ғұлама жазушының рухани қазынасы; қайсысының да осы қалайы жоқ, екеуінің де мәнісі – баршылық, орташа тірлік.

Бұған қосалқы ретінде және қазақ сөзінің қайнар бастауы іспеттес, ХІ ғасырдың туындысы, бұдан мың жыл бұрын, яғни 1072-1078 жылдары, сөз көнелігі жағынан келсек қазақ құралмай тұрғанда жазылған, жоғарыда сілтеме жасалған М. Қашқари ғұламаның өзі айтқандай «…барлық (!) түрік текті ұлыс, тайпаларды аралап жинап, зерттеп, талдап барып жазған «Түрік тілінің сөздігінен» берілген мысалды тағы бір оқуын ұсынамыз. Ондағы қой туралы айтылған мақал осы жөндегі мақал біткеннің ең көне үлгісі дерлік!

Ғұлама қазынасын парақтамас бұрын еске сала кетер басы ашық бір мәселе: қоңыр сөзінің, қоңыр ұғымының қазақы тірлікте жағымсыз қолданысы жоқ десе болады. Түптеп келгенде «көңірсіген» деген жалғыз-ақ сөз қалады. Оның өзі де оны «жаратпайтындардың» ойлағанындай сасық иіс емес. Сөзіміз дәйекті болуы үшін Қашқарлы ғұламаның «Диуани лұғат-ит-түрк» сөздігіне» жүгінейік. Сөздіктің 3-томының 252-бетінде «ҚОҚДЫ» деген сөз келтіріліп, оны «қоқыды, қоқсыды» деп түсіндіреді. Оған берілген мысалда: «Ет қоқды – Ет қоқсыды, яғни еттің қоқсып күйген исі бұрқырап шықты» деген. Шырақты өшіргеннен кейін иісі қоқсып шықса да осылай дейді», деп тәптіштеген. Сонда, алғашқы түпнұсқа «қоқсу» сөзі ұмытылып, кейін олардың орнын «қоңырсу» мен «көңірсулер» басқан.  Ал, Сөздіктің 2-томының 446-бетінде «ҚОҚТЫ» деп, жоғарыдағы сөздің бір дыбысы өзгертілген түрі келтіріліпті. Мұның түсініктемесіндегі өзгеріс «-Май отта қоқсыды» және «…Ет күйіп, күйігі (иісі дегені — Ғ.С.) шықса да «Ет қоқсыды» дейді, деген. Осы мысалдан кейінгі  «ҚОҚЫТТЫ» (449) деген ұяшықта тағы да «…Ол аңар сөглүншү қоқытты – Ол оған кәуапты қоңырсыттырды; көңірсітіп қоқ қылып күйгіздіріп жіберді. Көңірсітіп, қоқсытқанның бәріне осы сөз қолданылады» деп ежіктеп түсіндірген. Бұл ұяшықтардың мағыналық айырмалары болмағасын, түсіндірмелерін тастап кетіп, мақаламызды байыта түсу үшін мысалдарын ғана алдық. 1982 жылы шыққан қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігінде қоқсықтың мәні бықсып, түтіндеп жанған нәрсе екені түсіндірілген. Мұндағы тәптішке қазақтың белгілі жазушысы Сафуан Шаймерденовтен алынған мысал беріліпті. «Бұрын үй ортасына от жағып, б ы қ с ы п, қ о қ с ы п отыратын қойшы Совет үкіметінің арқасында енді түтіннен құтылды», деген. Осыдан кейінгі, өзгелік етіс түрінде берілген, бір нәрсені бықсытып айту,..» деген түсінік–мысалда да «Қарағандыға, тағы талай жерлерге қ о қ с ы т ы п, б ы қ с ы т ы п тастап кеткені өзінің соры» деп, қоқсықтың – бықсық иіс, яғни түтінмен, ыспен байланыстылығы осы ұяшықтағы басқа да барлық мысалдарда кеңінен көрсетілген. Әлі де тарата түссек, Қашқарлы ғұлама тәптіштеген: (және ол бізге алғашқы нұсқа ретінде қымбат – Ғ.С.) «Ол оған кәуапты қоңырсыттырды; көңірсітіп қоқ қылып күйгіздіріп жіберді» дегендегі иіс, бұл – кәдімгі үйтілген құйқаның, шоқта қуырылып жатқан кәуәптың, жылқының қайнап жатқан сүр етінің иісі. Бұларды қай қазақ шетін көрген!?. Бұл иісті жаратпай, қоңырсық деп, жылқы етін жемей кеткен қазақты есітпедік. Мұндай мінез қазаққа тіпті де тән емес. Әркімге еліктеген әсершілдік пен әсірешілдіктен болған, жұқпалы мінез. Совет билігі кезінде бізбен тығыз араласқан бір жұрттың күні кешеге дейін «жылқы еті жаман, иісі сасық» дегендері де болды. Бүгінде олардың біразы тәубелеріне келіп, базар аралап, семіз қазы іздеп жүр… Бүкіл Еуропа құрлығының бір шеті сона-а-у Англия, Германияға дейін жылқы асырап, ақыр аяғы қымыз бен жылқы еті ғаламға таралып, ғарышқа «ұшып», ғарышкерлерге азық болып, кеткенін айтсақ та жетіп қалар.

Енді, осы, «көңірсіген» иістер о бастан қазекемнің бір қалаулы, жаны сүйетін иістері, тірлігі қысы-жазы ыс сіңді үйде өтетін қазақтың табиғи бір қалпы десек қалыпқа сияды. Сондықтан болар «жаны да, тәні де қазақ» делінетін Бейімбет Майлиннің 1928 жылғы бірінші басылымынан сол қалпында (Құдай сақтап советтік редакторлардың қалам-қайшысына ілікпеген – Ғ.С.) бүгінге жеткен «Аш-жалаңаш» деген әңгімесінде:

«…Тамағы тоқ, киімі бүтіндер көңірсіп үйінде отыр. Жас балалар «бопалап» (папалап? – Ғ.С.), «мамалап», еркелейді, ойынға ерінеді… Осы күйді жек көретін адам бар ма? Өзі сондай күйде отырып, басқалар аш-жалаңаш қаңғырып жүре берсін дейтін адам табыла ма?

  • Табылмас. Басқа жерден табылса да, біздің кеңес үкіметінен табылмас. Табылуға мүмкін емес…».

Осы «көңірсуден» сәл кейін, сол әңгіменің 181-бетінде: «…Қорғансыз балалар көп болғанда қанша дейсің. Үй болып қоңырсып, бала сүйіп мәз-мейрам боп отырғандардың шегі жоқ. Бір балаға тоярлық бұл беруге, бір баланы тойындырып жіберуге солардың қайсысының әлі келмейді?! – деп тоқтайды. Сонда, отау құру, үй болу, тамағы тоқ, киімі бүтіндік, яғни берекелі тірлік  – қоңырлық, яғни көңірсу, яки қоңырсу! Екеуінің мәні бір болған! Тіршілік қоңыр болғанда, өмір сүрудің басты маңызы да, мәні де осы – қоңырсу, яғни қоңырлық болмақ деп, Бейімбеттің бұл монологін өз сөзіне сүйене түйіндейміз.

Міне, салт-дәстүр, жол-жоралғыны ұмыттырған советтік заманның қарапайым халықтың зердесінен ығыстырып шығарған нағыз қазақы түсінік, ол – Қоңыр!!!

Осы біз келтірген «қоңырсулар» мен «көңірсулер» нағыз қазақы, мал соңындағы қазақтың ең бір үйреншікті, кей тұстарда рақат күйі! Заманында жалпыға ортақ, эталон ретінде болған қазақ отбасының тұрмыс күйі. Міне осылар, қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің қаламымен жазылған «қоңырсулар» мен «көңірсулердің» шынайы, қазақ түсініп тұшынған мән-мағыналары!

Кеңес кезінің кейбір қалам ұстағандары қоңырсу мен көңірсуді – сасық, жаман иіс, дегенге барған. Көз ашқаннан жалшы отбасының барша тауқыметін тартқан, қарапайым жұрт тірлігін, соның ішінде ауыл тұрмысын Биағаңнан жетік білген, фотоға түсіргендей, сол күйінде шынайы суреттеген, реалист жазушы кемде-кем. Қазақы тірлік етене болған, өз басы тақыр кедей ортада өскен, сондықтан ол ортаның тірлігін, ел тұрмысын бес саусақтай білген. Қара халық тірлігіне жақындығы арқасында оның шығармашылығында көнеден арна тартқан көп сөздер сақталып, мағыналық жағынан жаңғыра толысып отырған. Ол сөздер мен ұғымдарға кейіннен, басқа жазбаларда кеңірек тоқталармыз.

Адам көз ашқаннан не нәрсені көріп үйренсе, кейіннен сол ортадан ажырамаса, соған бауыр басады, жаттығы болмайды. Қазіргі қазақ ортасында: «Шіркін-ай, қазағымның сол замандағы қоңырсыған тірлігі-ай» десең, көп адам қош көрмесі анық. Қазіргі «өзі болып-толған» адам ғылым-білімнің талабынан аумайтын, табанынан таймайтын, өзгермейтін халықтық қағидаларын мойындамайды. Осындай «өзім білемнің» ақырында қоңыр тірлік те «қоңырсыған» болып, «қалам сілтеген» сайын, жағымсыз, тіпті жаман мағынаға біртіндеп өзгере берген.

Ал, қазақ әдебиетінің классигі Б.Майлиннің «Ел сыры» деген кітабындағы «қоңырсу» мен «көңірсу» бүгінгі қолданыстағы жағымсыз мағыналарынан мүлдем басқа, жақсы мағынада екенін көрсеттік. Бұл сөздер бұрынырақта қазақы тірліктің ең бір үйреншікті, етене және жағымды жағдайында қолданылыпты. Ал, қазіргі сөз қолданыстағы «қоңырсу» мен «көңірсу» бұрынғы, төл мағыналарынан алшақтап, жағымсыз сипатқа түскен. Қашан, қай шығармада немесе қай ортада қайсыбір аузы «дуалының» айтуымен өзгеріске түсті, оны бүгін тап басып айта қою да оңай болмас. Бірақ, осы жолдарды жазушы оқырманға өзі қаузап отырған «ҚОҢЫР» феноменінің бір ұшығын ұстатуға бейіл. Осы орайда, қазақ әңгіме жанрының айтулы шебері, қазақ әңгімесінің атасы атанған Бейімбет Майлиннің 1928 жылғы бірінші басылымында беріліп отырған «Ел сыры» кітабындағы «Аш-жалаңаш» әңгімесінен үзіндіні тағы бір қайталаудың артығы жоқ. Себебі, «қоңырсудың» шынайы мән-мағынасын ашатын сөздерді басқа жақтан сөз тықпаламай, сол әңгіменің өзінен алып, бояп көрсетіп отырмыз. Біз қарайтқандарды салғастыра оқысаңыз – баршасы өз орнына келе қояды.

  • Тамағы тоқ, киімі бүтіндер көңірсіп үйінде отыр. Жас балалар «бопалап», «мамалап», еркелейді, ойынға ерінеді… Осы күйді жек көретін адам бар ма? Өзі сондай күйде отырып, басқалар аш-жалаңаш қаңғырып жүре берсін дейтін адам табыла ма?
  • Табылмас. Басқа жерден табылса да, біздің кеңес үкіметінен табылмас. Табылуға мүмкін емес»,- деп бір қойса, іле-шала, кітаптың сол бетінде:
  • Қорғансыз балалар көп болғанда қанша дейсің. Үй болып қоңырсып, бала сүйіп мәз-мейрам боп отырғандардың шегі жоқ. Бір балаға тоярлық бұл беруге, бір баланы тойындырып жіберуге солардың қайсысының әлі келмейді?!

Міне, жоғарыда көңірсіп, төменіректе қоңырсып дегендердің мүлде жағымсыз иіс емес, иіс болғанда, киіз үй ішінде, не ошақта жанған қидың, қазандағы сүр еттің, одан әрі қазақтың төсеніш киіз, текемет, киіз үй жабындыларына сіңген ыс иістері қосылған, қазаққа туа бітті үйреншікті, қайда барса алдынан шығатын жағымды иістер. Оған куә «Тамағы тоқ, киімі бүтіндер көңірсіп», «…Үй болып қоңырсып, бала сүйіп, мәз-мейрам боп отырғандардың шегі жоқ» деген сөйлемдер. Міне, қоңырсу мен көңірсудің бүгінгі мәндегідей жағымсыз иіс еместігінің тағы бір айғақ мысалдары – осылар! Осындағы Биағамыздың «қоңырсуы» мен «көңірсуілерінің» шынайы қазақы мәні, символдық белгісі – баршылық яки орташа тірлік!

Ал, бүгінде, қазақ тіліндегі «қоңырсыған» мен оның жіңішкерген түрі «көңірсіген» сөздерінің қадірі кете келіп, жағымсыз жағына өзгерген дедік. Жіңішкерген деу себебіміз, түркі тілдерінің бастапқы лексиконында сөздер негізінен жуан дыбыспен, яғни біздің жағдайымызда «қоңырсыған» болып айтылғанын білеміз және тіл білімінен аздап та болса хабардар адам оны жоққа шығармас.

Өткеннің қалам ұстап, сөз саптағандарына келсек, қарапайым бұқара халықтың тұрмысын сол күйінде, яғни реалистік стильде Биағаңнан артық ешкім суреттемеген десе де болады. Биағаң қазақтың қалың ортасынан шыққан, оған ауылдағы елдің барлық тірлігі етене болған! Ол қалам тербемеген ауыл тақырыбы қалмаған деуге болады. Өзі де тақыр кедей болғандықтан ел тұрмысын бес саусағындай білген! Білгендіктен, ел ішінің қым-қуыт кезеңдері мен күйкі-күйбеңіне тастай батып жүргендіктен де кітабына қарапайым, бірақ тылсымға толы «Ел сыры» деген ат қойған. Шынында, Биағаң білмеген «ел сыры, қазақ қалыбы» бар ма!? Қара халық тірлігіне жақындығы арқасында ел ішіндегі көп сөзді сол күйінде сақтап қолданған. Соның арқасында бізге келіп жетті. Басқа жеткізген сөздерін кейінірек айтамыз, келелі мәселелер ретінде қаузармыз. Ал, қазіргі адамның бұрынғы өткенін, бабалар қастерлеген сөз маржанын қаралап, асып-тасуы – көмір мен газ келгесін қи «көңірсік» болып, еті ауыр деп қойға тәннің бәрі «қоңырсық» болып, мейманасы асқандық! Көп асқанға, бір тосқан деген, күні ертең баламалы, күн мен жел қуаты келген соң бүгінгі газ отынымыз да «қоңырсық» болар ма?! Кейбіреу солай да түрленіп шыға келсе, таңғалмаспыз…

Биағаң айтқан жоғарыдағы «қоңырсулар» бұрын жарияланбаған әңгімелерден алынды, яғни совет кезінде еш өзгеріске, редактор тезіне түспей қалған жәдігерлер. Құдай сақтаған деген – осы! «Оқу өткен, жаңашыл» редактордың бірінің қолына түскенде адам танымастай бұрмалап бүлдіретін еді, не қиып тастап кетер еді. Кездейсоқтық па, білмейміз, әйтеуір советтік редакторлардың қармағына ілікпегеніне шүкіршілік етеміз. Әйтпесе, тіпті әңгімені түгел қиып тастар ма еді, нені көңірсітіп отыр деп. Сақтады деген – осы! Осыдан кейін сөзді киелі демей көріңіз! Бұны енді Бейімбеттің қоңыры, десе де болады! Өзі жеткізді. Жанындай сүйген, жанын пида еткен қазағына! Бейімбеттей елінің ерен (Ерен бұрынғы түсінікте – нағыз ер; ердің ері – Ғ.С.) ұлының жеткізген бір ұшқын – сөз маржаны! Айтқан сөзің тізулі, аттаған қадамың аңдулы советтік заманның өзінде халықтың кейбір зиялы өкілдері қазақтың осы «коңырсығаны» сияқты, бүгінде тылсымға айналған атауларды саналы түрде жарыққа шығарып отырған деуге болады. Мысалға, ҚСЭ-да «Отқа май құю» деген тақырыпқа берілген түсініктемеде «…Халық сенімі бойынша отқа құйылған майдың қоңырсыған исі арқылы екі жақтың аруақтарын риза етіп, олардың жастарды әрдайым «желеп-жебеп» жүруін тілеу мақсатына байланысты туған» деген. Өз тарапымыздан: қазақтың жұма күндері бауырсақ пісіру рәсімінің арғы түбінде де осы ниет – КӨҢІРСУ жатқанын, «көңірсітіп» ата-баба аруағын ризалау ниеті жатқанын айтамыз. Үйткені, көп жағдайда бұл рәсімді «иіс шығару» дейді. Енді мұның күйген, тағы сол қазақ көңілінде қатталған көңірсік иіс екеніне күмән жоқ. Сонда бұл иістің қай жері қазаққа жаман!?.

Осы қоңырсу, яғни Қоңырлық – қазақтың символикалық нышаны, бірегей төлбейнесінің (менталитетінің бір көрінісі. Ғ.С.) бір белгісі ретінде де ұғынылуға лайық!!!

Әзірше, шағын ой бөлісуде «қоңыр» ұғымының бүгінгі қолданыстағы «қоңырсу» мен «көңірсуден» бөлек, жағымды табиғатын ғана айтқымыз келгені… Қоңырдан туындайтын басқа да келелі ой толғауларды кейінге қалдырып отырмыз. Мысалға, «қоңыр» сөзінің табиғаттағы, аңыз әңгіме, сөз, саз өнеріндегі, философиялық ұғымдардағы кең қолданыстарын келесі бірде баян етпекпіз.

 

                                                                                                            Ғазиз САЙФУЛЛА,

    Атырау қаласы

 

ӨМІРДЕРЕК

 

Ғазиз САЙФУЛЛА Ибрагимұлы – Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетін тәмамдаған.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аға мұғалім, (1991-99), одан кейінгі жылдары Атырау Менеджмент және маркетинг институтында аға мұғалім болып еңбек еткен. (1999-2000)

Одан әрмен ҚР Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің УГ-157/9 мекемесінде директор орынбасары, 31 телеарнада қазақ, орыс тілінен аудармашы қызметтерін атқарған (2003-05).

Кейін әртүрлі қоғамдық қызметтерде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан.