Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VІІ шақырылған Парламент Мәжілісінің алғашқы отырысында елдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың маңызды мәселе екеніне баса назар аударды. «Біз басқарылатын урбанизацияны ескеріп, даму ошақтарын жүйелі ілгерілетуге күш саламыз. Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді-мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді» деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда көршілес елдермен шекарадағы ауылдардың әлеуметтік жағдайы толық шешімін тапты ма? Шекараның шебінде отырған ауылдарда қордаланған қандай мәселе бар? Міне, осындай сауалдарды ортаға тастауымыздың мынадай себебі бар. Өйткені, шекара – тәуелсіз елдің қақпасы. Демек, көрші елдермен шекарада отырған ауылдар әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы талапқа сай болуы керек. Бірақ өзге өңірлерді қайдам, Атырау облысының Ресейдегі Астрахань өңірімен шектесетін белдеуіндегі ауылдар жайлы олай дей алмаймыз. Мәселен, Құрманғазы ауданының шекараға таяу орналасқан ауылдарында тұрғындарды толғандырған мәселелердің түйіні әлі толық тарқатылған жоқ. Азғыр ауылдық округінің орталығы – Балқұдық ауылының тұрғыны Мансұр Қуанышәлиевтің айтуынша, бірнеше мәселе шешімін таппай отыр.
– Бізді қинайтын басты мәселе – жол. Аудан орталығына қатынайтын жолдың жайын еліміз тәуелсіздік алғалы бері қозғап келеміз, – дейді ол. – Соңғы 30 жылда облысты басқарған әкімдердің бәріне құлаққағыс еттік. Тұрғындармен кездесуге келген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарына да айттық. Бірақ, жолға күрделі жөндеу жасалған жоқ.
Құрманғазы аудандық мәслихатына бірнеше рет депутат болып сайланған қоғам белсендісі Мансұр Қуанышәлиев қозғаған мәселе «7 разъезд-Асан-Сүйіндік-Балқұдық» автомобиль жолына қатысты болып отыр. Бұл – Сүйіндік, Балқұдық, Жалғызапан, Азғыр, Егінқұдық, Батырбек, Қоңыртерек, Үштаған, Асан елді мекендерінің тұрғындарын аудан орталығымен байланыстыратын бірден-бір күретамыр. Алайда, олар бұл жолмен жүрудің азабын тартып-ақ келеді. Әсіресе, аталған ауылдардағы келіндердің жүрегі әбден шайлыққан. Сол себептен, олар айы-күні жақындағанда, аудан орталығына емес, шекараның арғы бетіндегі Ресейдің Қарабайлы қаласына барып, сондағы перзентханада босануға мәжбүр болады.
– Біздің округтің келіндері Қарабайлы қаласына барып босанғанды жөн көреді. Оның себебі – біреу. Аудан орталығы – Құрманғазы ауылына дейінгі аралық 260 шақырымды құрайды. Ал, Қарабайлы қаласына дейін 56 шақырым. Сонда қайсысы жақын? Әрине, Құрманғазыдан гөрі Қарабайлыға барғанды қолайлы көреді. Өзімнің әйелім де 2014 жылы Қарабайлыға барып босанып келді. Сол кезде босанғаны үшін 10 мың рубль төледік, – дейді Азғыр ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жаманқұлов.
Рас, бұрын бұл округте 25 орындық аурухана болған. Бірақ, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес оңтайландырудың желеуімен жабылыпты. Себеп – елді мекендегі тұрғындар санының 5000 адамға жетпеуі. Қазір 10 орынға арналған бөлімше бар. Оның бесеуі – ересектерге, бесеуі балаларға арналған. Бөлімшенің аға дәрігері Сара Мұханәлиеваның мәліметінше, аталған округтен 2018 жылы сегіз, 2019 жылы жеті жас ана Қарабайлы қаласында босаныпты. Ал, былтырғы 15 наурызға дейін екі баланың кіндігі Ресейде кесілді.
– Округте бала босану жасындағы 300-ден астам ана бар. Жүкті аналарды есепке алып, оларды жеті айлығында аудандық орталық емханаға жібереміз. Жүкті аналардың арасында Қарабайлыда босанатындар барын жоққа шығармаймыз. Көрші елдің дәрігерлері қазақтың келіндеріне кесарь тілігімен босануды ұсынады. Жас аналарға обал ғой. Кейін бала көтеруі қиындай түседі, – дейді Сара Мұханәлиева.
Ресейдегі перзентханаға жету де оңай емес. Өйткені, екі ел шекарасындағы «Балқұдық-Қарабайлы» жеңілдетілген өткізу бекетінен өткізудің өзіндік тәртібі бар. Шекарадан қызметтік көліктің өтуіне рұқсат жоқ. Тұрғындар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 21:00-ге дейін тек жеке иеліктегі көлігімен өте алады. Алайда, былтырғы 15 наурыздан бері карантинге байланысты шекарадан өтуге тыйым салыныпты.
– Қарабайлы қаласындағы перзентханада дүниеге келген қазақ балаларына бұрын қызыл түсті анықтама берілетін еді. Қазір оны Ресей Федерациясының туу туралы куәлігімен алмастырды. Куәлікте «Туған жері – Ресей Федерациясы» деген жазу бар, – дейді Мансұр Қуанышәлиев. – Әрине, қайда барып босанамын десе де әркімнің өз еркінде ғой. Десек те, Қарабайлыда босанған аналар ақша төлейді. Неге біз аналарды көрші елдің дәрігерлеріне кіріптар етеміз? Біздің тәуелсіз еліміз бар. Отандық медицинамыз еңсе тіктеді. Бірақ, шекарадағы ауылдарда аналар босанатын перзентханасы бар учаскелік аурухананы жауып тастадық. Ал, аналар аудан орталығына жолдың нашарлығынан жете алмайды. Санавиация шақыру үшін көрші елдің әуе күштері қорғанысынан рұқсат алу керек. Бұл неткен мәжбүрлік?
Енді шекарадағы ауылдарда тұратын аналар карантинге байланысты шекара жабылғаннан бері аудан орталығына, тіпті Атырау қаласына келіп босануға мәжбүр. Аудан орталығына дейін көлікпен 7-8 сағат жол жүру керек. Ал, жолдың жайын жүрген біледі. Толғағы қысқан аналар құрсағында тоғыз ай тербелген баланы өмірге әкелуі үшін жол азабына амалсыз көндігеді. Сол себептен, қоғам белсендісі Мансұр Қуанышәлиев үш округке ортақ бір учаскелік аурухана ашудың қажеттігін алға тартады.
– Аудан орталығынан шалғайдағы Асан, Азғыр, Сүйіндік округтерінде 7 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Азғыр ауылына таяу жерде кезінде 17 рет жерасты сынағы жасалған «Азғыр» әскери полигонының зардабын тартып отырғандар әлі де бар. Түрлі сырқаты бар тұрғындарға, жүкті аналарға аудан орталығына жету әсте оңай емес. Сондықтан, үш округке ортақ бір учаскелік аурухана ашылғанын қалаймыз. Онда перзентхана да болғаны жөн. Бірақ, үш округтің тұрғындары көрген қиындықты түсінетін жан бар ма? – дейді ол.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бар. Жақында Парламенттің алғашқы отырысында жаңа стандартқа сай 3500-ден астам ауылдың жаңғыртылатынына тоқталды. Осыған орай шекарадағы ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартудың кешенді бағдарламасын жасақтау қажет секілді. Өйткені, тәуелсіз елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бір барометрі шекарадағы ауылдарды мекен еткен тұрғындардың тұрмысынан, ондағы білім беру, медицина саласының жай-күйінен, инфрақұрылымдарынан анық байқалып тұрады. Ал, Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауылдары мұндай талапқа сай емес. Демек, тақтайдай тегіс жолы да, учаскелік ауруханасы да жоқ үш округтегі тұрғындардың жанайқайына Үкімет назар аударуы тиіс.
Әсіресе, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақтың санын көбейтуден бас тартпайтын жас аналардың көрші елдің дәрігерлеріне амалсыз жүгінетінін біле ме екен? Аналары амалсыздан Ресейде босанып, жат жерде дүниеге келген қазақ балаларының өзге елдің туу туралы куәлігін алуы Үкіметті ойлантпай ма? Олар ержеткен соң «Неге менің туған жерім – Ресей Федерациясы?» деп сауал қояр болса, оның жауабын кім береді?
Ел шебіндегі тұрғындардың осындай мәселесіне орай Үкімет шұғыл шешім қабылдамаса, шекарадағы ауылдар урбанизацияға ұшырайтыны анық. Себебі, үш округте де тұрғындар тек төрт түлікпен ғана күн көріп отыр. Басқа өндіріс орны жоқ. Ауыл жастары жұмыс іздеп, қалаға кетіп жатыр. Жыл өткен сайын тұрғындардың саны азая берсе, ел шебіндегі ауылдар картадан жойылып кетуі ғажап емес. Ал, тәуелсіз елдің шекарасы ешқашан бос қалмауы тиіс.
Міне, осындай себептермен шекарадағы ауылдардың тұрғындары Үкіметке үміт артып отыр.
Бек МҰСТАФА,
Атырау облысы