Бекежан десе қазіргі заманғы қазақтың санасында Жібегіне аттанған Төлегеннің ту сыртынан қол жұмсап, оның жауырынына жебе қадап, мақсатына жеткеніне масаттанып, өлім аузындағы қарсыласына мысқылдай қарап, ізінше болар іс болып, бояуы сіңгесін бармағын тістеп, тәубесіне келіп опынған жігіт бейнеленері анық. Бұл ұғым-түсінік бүгінгі ұрпаққа лиро-эпостық «Қыз Жібек» жырының қағазға түскен нұсқасы және қазақ киносының інжу-маржанына айналған «Қыз Жібек» фильмінің әсері арқылы қалыптасқаны кәміл. Дегенмен әлгі штрих Бекежанның өмірінен бір деталь (әрине, елеулі деталь!) ғана.
Егер тарихи деректерге жүгінер болсақ, Бекежан − өмірде нақты болған адам. Оның әкесінің аты – Айбек. Бекежанның өзі 1667 жылы Ақтөбе облысының аумағындағы Мұғалжар тауының бөктерінде дүниеге келіп, 1730 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданының аумағында өмірден озған көрінеді. Сөзіміз иланымды болуы үшін энциклопедиялық мәліметтерге жүгінейік.
«Бекежан АЙБЕКҰЛЫ (1667, Ақтөбе өңірі, Мұғалжар тауының маңы 1730) − батыр, «Қыз Жібек» жырындағы Бекежанның прототипі. Сұрмерген садақшы, «қылыштың перісі» атанған. Ел арасында оның ерлігін баяндайтын көптеген жырлар сақталған. (!) Алғашқы әйелі − башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиха. Одан туған Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұлы да танымал батырлар. Тайлақ Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасағын бастаса, Байрақ пен Қайрақ мыңбасы болған. Бекежан батырдың бұл дүниеден озуы жайында екі түрлі дерек бар: бірінде 45 жасында соғыстан алған жарақаттан қайтыс болды десе, екіншісінде түрікмендермен болған соғыста мерт болды делінеді. Бекежан мен оның ұлдарының қабірлері Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданының аумағындағы Шідерті өзенінің бойындағы Тайлақ қорымында» («Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясы, 184-бет).
Аталмыш энциклопедия 2002 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан шыққан. 2001 жылы шыққан «Ақтөбе» энциклопедиясында да Бекежанға қатысты тура әлгіндей мағлұматтар келтіріліп, үшбу дерек-дәйектердің 2000 жылы Алматыда шыққан Қазақстан Ұлттық энциклопедиясынан (2-том, 254-бет) алынғандығы жөнінде сілтеме жасалған. Міне, әлгі энциклопедияларда тілге тиек болатын Бекежанның қазақ үшін жасаған қарайған ерлігі хақындағы өлең-жырларды біз ел ішінен өз бетімізбен іздеп көріп едік, өкінішке орай, қолымызға түспеді. Демек, ондай жауһар-жақұт дүниелерді қалың бұқараның назарына қайыра ұсынатын кез келді. Бәлкім, осы миссияны әлгіндей мүмкіндікке ие әдебиетшілер мен тарихшы ғалымдар көп ұзатпай жүзеге асырар. Ал, Кіші жүздің құрамына кіретін Шекті руынан шыққан Бекежан батырдың ұлы Тайлақ батыр туралы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында (479-бет) там-тұм дерек бар. Онда Бекежанның Тайлағының туған және өлген жылы беймәлім болғандығымен, батыр һәм қолбасшы екендігі нақты баяндалған. Сондай-ақ, жыр алыбы Жамбылдың нұсқасындағы «Саурық батыр» жырында Тайлақ батырдың Шапырашты Саурықпен тізе қосып, қалмақтарға қарсы майдан салып жүргендігі жөнінде эпизодтар бар. Бұған қоса әдебиетіміздің әлеуетті өкілі − Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарында да Шектіден шыққан Тайлаққа қатысты сюжет бар. Есесіне Тайлақтың бауырлары Байрақ, Қайрақ батырлар жөніндегі жазбаша деректер біздің қолымызға мүлдем түспеді, назарымызға ілікпеді. Бәлкім, мұндай мүмкіндікке ие кісілер жамағатпен бөлісер деген үміттеміз.
Енді бір айтпағымыз, атам қазақ дүниеге көрінген сәбиіне кейде көз тимесін деп кездейсоқ есімді қоя салғанымен (мысалы, Шоқпыт, Жалбыр т.с.с), тарихта, ел-жұрттың санасында жамандығымен, жауыздығымен сақталған кісілердің аттарын ұрпағына қоймаған. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ел ішінде ілуде біреу болса да, Бекежан есімді азаматтар ұшырасады. Осы фактордың өзі-ақ нөмір бірінші Бекежанның өз заманында адамның соры емес, керісінше, өз дәуірінің маңдайалдысы болғандығын айғақтай түссе керек.
— Бекежанның әкесі Айбек те сыртқы жауға айтулы қайрат көрсеткен өз заманындағы белгілі батырлардың бірі болған. Негізі «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырының халық арасында әу баста ауызша тараған нұсқасында бастан-аяқ Бекежан Төлегеннің жанашыр ағасы ретінде сипатталады. Ал, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен айналысқан Жүсіпбек қожа Шайхысаламұлы Қазан шаһарынан үшбу жырды кітап қылып бастыру барысында жаңсақтыққа жол берген, яғни тарих бұрмаланған. Шын мәнінде, Төлегенді Бекежан емес, Кескентерек атанып кеткен қожаның қарақшы жігіті өлтіреді, — дейді фольклортанушы, филология ғылымының кандидаты Асқар Тұрғанбаев.
Қалай болған күнде де қазақтың ұлт ретіндегі тағдыры талқыға түсіп, жан алысып, жан беріскен сонау жаугершілік заманда өзінің қара басының батырлығына қоса, өз кіндігінен тараған үш бірдей ұлын да ел-жұрт үшін еңіреген ер қылып тәрбиелеп, баһадүр-батыр қылып шыңдаған Бекежандай тұлғаны қазақтың қоғамдық санасында Қособада Төлегеннің жолын торып жатып алған жәй бір қарақшы ретінде қалдыру батырдың аруағына да, жалпы тарихқа да қиянаттай көрінеді маған. Бәлкім, атам қазақтың «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айтпайды?..» деген салқам серілігі мен мәрт мінезіне арқа сүйеп, табан тіреп, Бекежанның Төлегенге (санамыздағы) көтерілген қолын ұлт басына күн туған сын сағат, сындарлы шақта өзіне қоса, өрен ұлдарының да ел үшін жасаған ерен ерліктерін ескеріп, кешіру керек шығар. Не десек те, қазақтың арғы-бергі шежіресінде өзіне қоса, үш ұлы бірдей тарихта батыр деген атпен қалған ер-азамат, сірә, тарпаң мінезді жалғыз Бекежан баһадүр болса керек…
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Орал қаласы