Тiл қатса егер ол демде,

Тектiлiгiн ұқтырар.

Қарт сержантты көргенде,

Генералдар тiк тұрар!

(Журналистiк фольклордан)

 

Адамның табанының астында жататын кәдiмгi ұлтарақ та кейде ұлағаттың үлгiсi бола алады екен...

Әзiлхан Нұршайықовтың «Мәңгiлiк махаббат жырында» Халима апамызға арнаған «Сенiң ұлтарағың» деген өлеңi бар. Қысқаша сюжетке құрылған шағын баллада үлгiсiндегi дүние. Оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай. Бiрде Халима Әзiлханға ұлтарақ сатып әпередi. Ол ұлтарақ салғаннан жазушының табанына қатқыл тиiп, мазасын алады. Қолына алып көрсе, онысы қалыңдығы бiр елi, бүдiр-бүдiр бiрдеңе екен. Әзекең бұл ұлтарақты ұнатпай, ауық-ауық күңкiлдеп қояды. Сонда Халима: «Бұл – емдiк қасиетi бар ұлтарақ. Күнi бойы табаныңа массаж жасайды. Оның бүдiр-бүршiктерi нерв талшықтарыңды түртiп оятады. Бүкiл ағзаңа нәр бередi. Қысқасы, сергек жүруге, ұзақ жасауға септiгiн тигiзедi. Мен бұл туралы «Здоровье» журналынан оқып, саған арнайы сатып әкелiп отырмын. Бiр-екi рет кигеннен кейiн үйренiп кетесiң. Қара да тұр, осы ұлтарақ сенi тоқсанға дейiн жеткiзедi», – дептi.

Бұл емдiк ұлтарақ қырық бiр жыл бойы Әзағаңның табанының астында жүредi. Жазда бәтеңкенiң, қыста етiктiң ұлтанына төсейдi. «Бойым осының арқасында бiр сантиметрге биiктедi», – деп өзi мәз болады. Кейiн Халима өмiрден озғанда «Неге осындай ұлтарақтың бiреуiн саған да әпермедiм екен!», – деп өкiнедi. Сол ғұмыр ұзартқыш ұлтарақ Әзағаңды шынында да тоқсанның iргесiне дейiн алып келдi.

Бұл ұлтарақты төсеген бәтеңкесiмен сексен алты жасында солдатша адымдап барып, генерал Абай Тасболатовқа честь бердi. Ұлт руханиятының жанашыры Әбекең Әзағаңның иығына генералдың шинелiн жапты. «Мен ендi генерал-сержант болдым», – деп толқи сөйледi жазушы.

Шенi – сержант, шинелi – генерал қарт сарбаз бұдан кейiн шығармашылығына да құлшынып кiрiстi. Сарбаздардың арасында сержант болғанмен сөз зергерлерiнiң iшiнде сардар екенiн дәлелдей түстi. Қарт қаламгердi көргенде оқалы бешпент кигендердiң бәрi өре түрегеледi. Ұлттың ұлы қолбасшысы Бауыржан Момышұлы туралы елдiң қолынан түспейтiн шығарма жазған шүйкедей ғана аға сержантты жаны жайсаң жандаралдар алақанға салып аялады.

Майдан күнделiктерiнiң бiрiнде: «16 июнь 1942 жыл. Мен әскерге алынып, 100-бригадаға келгеннен кейiн бiр ай кiшi командирлер курсында оқыдым. Атағым кiшi сержант болып, зеңбiрек командирiне тағайындалдым. Бүгiн маған «сержант» деген атақ бердi. Бiздiң 76 мм артиллерия дивизионынан 5-6 адам жаңадан әскери атақ алдық» деп жазыпты. Сол сержанттық шенiн өмiрден өтер-өткенше қадiрлеумен болды. Аға сержант дәрежесiн айбынды маршалдың мәртебесiнен кем көрген жоқ. Төрт жыл бойы зеңбiрек сүйретiп, терiн сорғалатып, қанын төгiп жүрiп алған атағын еш нәрсеге де айырбастамады.

Бiрақ ол әдебиет майданында сержант болып қалмады. Әуелi көркем очерктерiмен танылып, ел назарына iлiндi. Сосын көркем әдебиетке бет бұрды. Оқырман таласып-тармасып оқыған «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» атты екi романы екi иығына ең жоғары шығармашылық шендi бiр-ақ қондырды. Меңтай мен Ербол бiрнеше буын ұрпақтың идеалданған тұлғаларына айналды. Екеуi де кейiпкердiң өлшемiнен шығып, адами болмыстың ұғымына кiрiгiп кеттi. Тұлымшағы желбiреген талай қыз Меңтай атанды. Ал «Ақиқат пен аңыз» батыр Баукеңнiң онсыз да асқақ тұлғасына жарасымды сипат бердi. Мыңдаған оқырман қаһарман қазақтың ғибратты ғұмырнамасының қалтарыс тұстары жөнiндегi мол мәлiметке қанықты. Қаламгер Нұршайықов оны жұртшылыққа қызықты етiп ұсынудың жолын тапты. Әдепкiде әдеби ортаға тосындау көрiнген роман-диалог өзiн-өзi ақтады. Сатуға түскен бетте халық пышақ үстiнен бөлiсiп әкеттi. Осы кiтапты тұтас бiр ауыл адамдарының кiтапханада кезекке тұрып оқығанын көзiмiз көрдi. Мемлекеттiк сыйлық иеленген шығармалардың бәрi осылай оқылса, кәнекей!

Әзағаңның басқа кiтаптары да сөрелерде көп тұрмады. Жазған дүниесi лезде оқырман қолына жетiп жатты. Өзi үнемi ел-жұрттың ортасында болды. Жазушымен кездесуге ел адамдары шын ықыласымен келетiн. Кез-келген шығармасын қызықты етiп жаза бiлетiн қаламгер өз оқырмандарына кiшiпейiлдiлiгiмен де ұнады. Оны ешкiмнiң көңiлiн жықпайтыны, балаға да, басқаға да қарапайымдылық танытатыны үшiн сыйлады. Сондықтан да ол ел iшiне ең көп шақырылатын жазушы атанды.

Сексеннен асқан шағында оңтүстiк өңiрге барып, Меңтай-Нұрғамиламен кездескенiн айтсаңшы! Сөйтiп, талайды қаншама жыл әдемi әсерге бөлеген «Махаббат, қызық мол жылдардың» рухы қайта жаңғырды. Тiптi, махаббатқа жетiк болғанмен, «…мол жылдарда» шаруасы жоқ кейiнгi буынның да қызығушылығын оятты. Осы тұрғыдан алғанда оны бақытты қаламгер деуге болады!

Бәрi де ұлтарақтан шығып кеттi-ау… Аурухананың жан сақтау бөлiмiне әкетер сәтте Әзағаңның киiмдерiн дәрiгерлер бiзге табыстағанын айттық қой. Соның iшiнде қаламгердiң қара бәтеңкесi де бар едi. Сол бәтеңкенiң ұлтанына төселген ұлтараққа көзiмiз түстi…

Ұлтарағына дейiн ұлағат ұялата бiлетiн Халық жазушысының шығармашылық бағы мен тiршiлiктегi бабы шынында да адам қызығатындай едi.

 

Бауыржан ОМАРОВ,

журналист-публицист,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері