Алыстағы ағайын

(Жалғасы. Басы өткен санында)

...Шілде  айының салқын таңы атты. Иә-иә, кейде -10, -15 градусты көрсететін ызғарлы суықтық. Жақын маңдағы қоңырқай таулар қол  созымда  тұрғандай көрініп, таңғы  сәулемен  қызарып  алаулай  түскен.
Пай, пай, еткен ғажап көрініс десеңізші! Моңғолияның бай – бесігінде күн осылай басталады.

Азанда түндік ашылды. Шырт ұйқыдан біз де ояндық. Киіз үйде өмір сүргеннің де өз қызығы бар екен. Қанша жолдан шаршап келсек те, ұйқымыз қанып қалғандай ма?  Міне, шарбақтың жанында, Риза апамыз ешкі сауып отыр. Бұл да таң атысымен жасалатын тірліктің бірі. Осынау өлкеде ірі қара, қой мен ешкіні бес түлік мал деп бөліп қарайды. Баян-өлгейдің қазақтары сексек ата төлін жазда қолда ұстағанымен, қыста таудың бөктеріне апарып тастайды екен. Мұнда қыс қаһарлы, адуынды бөлек ызғарлы, көк аязды болғандықтан, ешкі малы ауыл ішінде суыққа төзбейтін көрінеді.  Үй иесінің айтуынша, ешкі көбіне  жеңіл қимылды, беткей, таулы-тасты жайылымға қойдан бұрын жетіп,  отайды. Шөптің құнарлысын теріп жегендіктен, сүті де тоқсан тоғыз аруға ем.  Ал, Дон деп аталатын мына арқар тұқымдас төлі түбітті болғанымен, сүті аздау,  жауын-шашында тоңғақ келеді.

Біз түскен үйдің иесі Дәуітұлы Айбек ағамыздың ағаштан салынған қыстық баспанасы да бар. Күн суыта осы үйге қоныстанады. Ауласы жердің таулы-тастақ екеніне қарамастан жайқалып тұр. Арасында қызылды-сарылы жеміс беріп, көзді жауын алардай жайқалған сырғанақ ағашы басымдау. Оның өнімін қыста тұмауратқан адамға қайнатып берсе керемет ем. Айбек ата-бабасының 1904 жылы Алтай тауларынан осы маңға қоныс аударғанын айтады.

«Анам Жантекей – Есіркеп руынан Күлай Қалидоллақызы – өте өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Ол кісі 1942 жылы дүние дидарын ашқан. 40 жыл бойы білім саласында ұстаздық етіп, «Құрмет» төсбелгісімен марапатталды. Мен Қазақстанға 2013 жылы барып, ата жұртты алғаш көргенмін. Еліміздің білім саласы, мәдениеті өте ұнайды. Менің екі қызым Семей қаласында грантпен оқыды» Бұл Айбек ағамыздың өзі жайлы айтқаны.

Моңғолия қазақтары арасынан ерекше жандар мен атағы жер жарған құсбегілерді іздеп жүргенімізді естіген Айбек ағамыз бізді 40 жылдан бері қатар қоныс тепкен көршісінің үйіне ертіп апарды. Киіз үйден көршісінің бәйбішесін ғана кездестірдік. Көп ұзамай шаңыраққа Сәйфүлмүлік ақсақал да енді. Алты бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қарт жастайынан бүркіт ұстап, қазақтың салт-дәстүрімен тұрмыс кешіп келеді.

«Саятшылық – қазақтың дәстүрлі өнері. Тауда биікте жүргенде адамның көңілі көтеріледі. Мынау- ақбалақ. Қыран құс. Төрт жаста. Былтыр арқанмен ұстағанбыз. Біраз түлкі алды. Қазір салмағы 8-9 келі тартады. Іздеп барып, оның жанына қақпан құрамыз. 300 шақырым жерге барамыз. Ұзақ жерден барып ұстаймыз. Бұл құсты да жүйрік ат секілді баптайды. Уақытымен аңға шығып, тамақтандырамыз.  Түлкі, қоян, қарсақпен қоректенеді. Бұған дейін 40 құс баптадым. Балапан кезінде қолымызға қондырған соң, он жылдан кейін еркіндікке қоя береміз. Өйткені, ол да ұрпақ қалдыру керек қой»- деді ағамыз амандық-саулық сұрасқаннан кейін.

Ақсақалмен әңгімеміз жарасып-ақ кетті. Бойынан даладай дархандық, қаймағы бұзылмаған қазақылық, өзгелерді өзекке теппейтін тектілік байқалады. Әні-міне дегенше, ел мақтаған, жұрт жақтаған ақсақалдың ізбасары да келді. Қолында Алтай жотасынан әкелінген қыран бүркіттің балапаны. Қызық деп міне осыны айтыңыз. Бүркітшінің үйіне жаңа балапан келгенде үй отанасы бар тәттісінен шашу шашады екен. Бұл – шаңыраққа енген құт баянды болғай деген наным-сенімі. Айтпақшы, қыран құсты осы өлкенің ұшар басынан мұзы кетпеген, ең биік Бес-боғда тауынан әкеледі. Дубайда, Ұлан-Баторда өткен талай құсбегілер фестивалінде жүлделі орындармен қоржыны толы Бауыржан бізге бұл жолға олжасын қолға қалай түсіргенін айтып берді.

«Үш күн жол жүрдім. Бір күн таппай тауға қондық. Құздан он метр арқанмен түстік. ­Өзім түстім, жолдас жігітім арқанды ұстап тұрды. Осымен үйге алып келген бетім. Он бес жылдан бері құсбегілікті кәсіп етемін. Бұл –ата жолын қуған қазағымыздың төл өнері. Ұлан-Батырда өткен дүбірлі тойда қазақтың намысын қорғап, «Моңғолдың  маңдайалды бүркітшісі» атандым. Жер-жерден жиналған танымайтын моңғол ағайындардың өзі келіп мені қолдады. Ең қиыны – түзден түскенде құсты жуасыту. Аңға алып шыққанда айдан астам уақыт құсты үйретеміз. Әбден жетілгеннен кейін ғана аңға баулимыз.Түлкінің, қоянның терісін сүйретіп, арықтатып, жемді бұрынғыдан азайтып береміз. Әбден пісіп толған шағында аңға алып шығамыз».

Бауыржан Сәйфүлмүлікұлының ендігі ойы – әлі бұғанасы қата қоймаған  ұлын саятшылық өнерге бейімдеу. Тау баласы үшін өмірдің ең қызығы да осы емес пе? Сәйфүлмүлік ақсақал Баян-Өлгей қаласының көрінісін жотаның басынан қарауға ұсыныс тастады. Қандасымыздың ақпейілінен өрбіген тілегіне қуана келісіп, жолға шықтық.

Жолай жанар-жағармай құю бекетіне тоқтадық. Жалпы Моңғолияда отын қымбат. Жергілікті ақшамен 2125 тугрук. Біздің теңгеге шаққанда бензиннің литрі 265 теңге.

Біз беттеген бұл тау «Бөкентау» деп аталады. Тауға шығу біз ойлағандай  оңай шаруа емес екен. Қыр қазағы үшін нағыз таптырмайтын сынаққа тап болдық. Сөз арасында  Сәйфүлмүлік  қарт бұл таудың биік-биік құздарында жыртқыш аю мен ілбіс және тау ешкісі мекен ететіндігін айтты. Тау ешкісі көбіне тобымен жүріп тіршілік етеді. Қартайған сайын оның мүйізі үлкейе береді. Мүйізін әбден көтере алмай кеткен кезде жартас­тан құлап өледі екен. Сол себепті де халық арасында Бөкентау деп аталып кеткен.

Аңызақ жел, ғажап көрініс. Еліттіріп-ақ барады. Біз  осылай таудың басын қызықтап жүргенде, Айбек ағамыздың шаңырағында қыз-келіндер қонақтарға кешкі асын дайындап жатты. Мұнда жаз жайлауда  ақшаңқан киіз үйлерін тігіп, ұлттық мұраны, әдет-ғұрыпты боямасыз ұстанады. Кестеленген төсек-жапқыштар сырмақ, керегеге ілінген түлкінің терісі. Мұндай көріністі  әр шаңырақтан көруге болады.

Иә, қандастарымыз осындай әшекейлі киіз үйде тұрып, ұлттық тағамдарын жасап, қазақша сөйлеп, шырайлы өлкеде тамырын тереңге жайған ұрпақ өрбітіп, тәрбиелеп отырғаны да бізді қуантты. Атажұртта ұмыт болған қайсы бір дәстүр мұнда берік сақталған. Мұны көріп, сезіну үшін тек Бай-өлкеге келу қажет-ау деген ой жетегінде болғандайсың.

…Киіз үй. Көмбеден қалған көне дүниелер. Қазақта: «Ұрлықты бір күні туырлық жасырады, бір күні ши жасырады» деген сөз бар. Оның себебі, киіз үйді тіккен кезде керегенің сыртын алдымен шимен, сосын туырлықпен жабады. Туырлық пен шидің арасына заттарды тығып қоюға ыңғайлы болуынан шыққан сөз болса керек.

Мұнда байырғы қазақы қонақжайлық жойылмаған. Әр үй сіздің туысыңыз іспетті. Есіктен кірсеңіз, төріне шақырып, құдасындай күтеді. Олар үшін құдайы қонақ–құт, қырықтың бірі–Қыдыр деп есептейді. Тәтті-дәмдісін алдыңызға тосып, сый-сияпатын да ұсынады.

«Бір шәйнек шай мен бір жілік ет – қазақтың бөлінбеген еншісі» деген екен аталарымыз. Бұл сандықта бабаларымыздың аманаты, тарихымыздың белгісі, ата-әжелеріміздің ерлігі сақталған… Жаз шықса төрт түлігін алдына салып тау бөктерін жағалай жүріп жайлауға барады. Ата-бабамыздың көзіндей киізүй тігіп күн кешеді. Құдды олардың өңіріне жаһандану үрдісі де, технологиялық даму да еш әсерін тигізбегендей.

Табиғаты тамылжыған бұл дала заманында ата-бабаларымыздың жайлаған атырабы болғаныменен халқымыз қазақ атауымен тарих сахнасына көтерілгенде тағы бір табан тигізгені белгілі. Ол шамамен 19 ғасырдың орта тұсы болатын.

Моңғолияның ауа райы – қатал, әрі суық келеді. Ал адамдары өте шыдамды. Бүркітшілер аңшылыққа қыста шығады. Олар қарлы суыққа қарамастан, атқа мініп, аязда сағаттап аң іздейді, мықтылығына тек таңырқаумен қарай аласың.

Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде  кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.

Қазақтың салт-дәстүрі –халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіп, біте қайнасып келе жатыр. Ата-бабамыз айтқандай «Өнер көзі халықта», «Халықсыз өнер – өнерсіз халық жоқ» оны жаңғыртып іске асыру біздің перзенттік парызымыз. Біздің  салт – дәстүріміз бен әртүрлі қолөнер бұйымдарының әсемдігі, өрнегі, тұрмысқа сән беру мен адамдарға рухани ләззәт әкелген. Қазақтың дәстүрі мен еліміздің құндылықтарын қоғамда ортада ғана емес, әрбір отбасында айтылуы тиіс. «Ұяда не көрсең –ұшқанда сонны ілерсің» дейді халқымыз. Қазақтың әрбір ұлы мен қызы отбасымызда тілімізді, дініміз бен дәстүрімізді, құндылықтарымызды санасына құйып өссе, ең үлкен жетістіктеріміздің бірі болмақ.

 

                                                                  Гүлназ КӘРІМЖАН,

халықаралық байқаудың жүлдегері,

Баян-Өлгий – Нұр-Сұлтан – Атырау