Жуырда ATYRAÝ телеарнасының «Qandastar» жобасы Елбасы кітапханасы мен қоры ұйымдастырған халықаралық байқауда жүлделі үшінші орынды жеңіп алған болатын. Аталмыш жобаның сериялық хабарларында шетелде тұратын қазақ ағайындар туралы әңгіме өрбиді. «Qandastar» жобасының авторы, тележурналист, халықаралық байқаудың жүлдегері Гүлназ Кәрімжанның Моңғолия жеріне сапары туралы жолжазбасын жариялап отырмыз.

Жол басы

Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларынан Моңғолияға халықаралық автобустар аптасына төрт рет қатынайды. Біз мінген шахтерлер шаһары мен Баян-Өлгейді жалғайтын автобус 2140 шақырымды артқа тастап, бізді 41 сағатта діттеген жерімізге жеткізуі тиіс екен.

Шіліңгір шілденің аптап ыстығында автобуста жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Ұзақ жолда сапарластармен танысуды бастадық. Көбі Баян-Өлгейде тұратын қазақтар. Біразы тарихи отанына қайтып оралғандар. Арасында төркіндеп те, атажұртын сағынып, ел аралап келгендер де баршылық.

Тұмса табиғатты Алтай

Бір күн өткен соң тұмса табиғатымен ерекше, түркі әлемінің алтын бесігіне баланған Алтай республикасына да бас тіредік. Осындай ғажап мекендерді көргенде, ұзақ жолдың қиындығын да ұмыт қалдырады екенсің. Жолай кездескен «Үш тас», «Қос ағаш», «Шеке тамған» деген ел, жер атаулары қазақ үшін таңсық емес. Бұлардың үстінен төрт елдің – Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Ресейдің шекаралары өтіп жатса да, таудың төрт жағын түгел қоныстанған да қазақтар. Таулы өлкеге жеткеннен соң, аялдаған жолаушылар аяқ-қолдарын жазып, бірі суға түсті, енді біреулері самал ескен саф ауасын жұтып, еркін тыныс алды. Осы жерден сарқырай аққан Катай өзеніне шомылғандар да бар.

– Бұл өзен Бай-өлке аймағының өр Қобдасымен бірдей екен. Біз бала күнімізде осындай өзенде шомылып, малтып үйренгенбіз. Қауіп жоқ. Асты тас, айналма, иірімі де аз екен. Тереңдігі бар, бірақ ағысы күшті. Мен өзім Бай-өлкеде туып-өскен қазақпын. Осыдан бес жыл бұрын Елордаға, атажұртқа қоныс аудардым. Енді міне, туған жеріме саяхаттап бара жатқаным, — дейді сапарлас ағамыз Дәуренбек Әсенұлы. – Барлық ағайын, туған-туысымыз бір тудың астына жиналып жатқаннан кейін біз де Қазақстанға көшіп барғанбыз. Менің сегіз қарындасым, әке-шешем дін аман, ортамызда отыр. Әкеміз – 98, анамыз 86 жасты еңсерді. Қазір олар Елорданың іргесіндегі Қоянды ауылында тұрады. Өзімнен өрген екі баламнан төрт немерем бар.

Мен –Моңғолияның қазағымын. Баян-өлгейден әрі қарай 300 шақырым жердегі Бұлғын-Сұмын деген ауылда тұрамын. Мектепте мұғаліммін. Бір ай атажұртта аунап-қунап, енді міне төрт баламмен ауылға қайтып бара жатқанымыз, — дейді әңгімеге араласқан Мұхит есімді ағамыз.

 

…Алда әлі ұзақ жол. Ташанта шекарасынан өткеннен соң, ұлы Қағанның еліне бас тіредік. Моңғолияның батысы мен оңтүстігінде Мұңал Алтайы, Гоби Алтайы мен Қаңға таулары, елдің орталық бөлігінде Кентай таулы қыраты да артта қалып барады. Оңтүстік-шығысына қарай әлемдегі атақты Гоби шөлі созылып жатыр. Батысында халқы негізінен қазақтардан тұратын Баян-Өлгий аймағы орналасқан.

Қызылту қазақтары

Ұшы қиыры жок маң дала. Таулы-тасты аймақ. Осылайша Моңғолия еліне де келіп жеттік. Бұл – Қызылту ауылы. Жазық далада киіз үйін құрып, қазақи дәстүрдің қаймағын бұзбай сақтап отырған бірнеше ақ отау көзге шалынады. Шекара маңында орналасқаннан ба, шағын дәмханалар да тығыз қоныс тепкен. Біз «Туған жер» деп аталатын қандастар асханасына бас сұқтық. Осы ауылда тұратын қазақтар әрлі-берлі өткен жолаушыларға сапалы әрі тез қызмет етуді кәсіп еткен. Қиымен қазан қайнатып, шайын демдеген олар жолаушыларға барын ұсынды. Мұнда келушілердің қарасы да қалың.

Біз алыстан көзіміз шалған киіз үйге қарай бет алдық. Есіктің алдында қазақтың сырмағы жатыр. Бұл моңғолдың шаңырағы екен. Қазақтан қыз алыпты. Екі-үш ағайын бірігіп, мыңғыртып мал бағып отырған көрінеді. Көшпенділік өмір сол қалпында сақталған. Қандастарымыздың айтуынша, мұнда қазақтар мен моңғолдардың киіз үйінде айырмашылықтар көп. Қазақтың отауы биік, ал моңғолдікі аласа.

Осы сапарымыздың көзделген мақсаты қиыр жайлап, шет қонған қандастарымыздың  боямасыз өмірімен танысу болғандықтан, Баян-Өлгийден 300 шақырым жерде тұратын, бүгінде жасы тоқсанның төріне шыққан Қазына әжеймен сұхбаттасуды жөн көрдік. Теміртауда тұратын туыстарынан келе жатқан беті екен. Өзі 11 бала көтерген алтын құрсақты ана.

– 1938 жылдан бері Моңғолияда тұрамын. Ұзақ жыл сүт зауытында сауыншы болып жұмыс жасадым. Отағасы осыдан жиырма жыл бұрын өмірден озды. Он бір баланы еңбек ете жүріп асырап, өсірдім. Үш баламды өз алдына отау тігіп беріп, бөлек шығардым. Кенже балам мен келінім қолымда.

Еркегүл Тілеухан осы әжейдің кенже келіні екен. Он саусағынан өнері тамған ол күнделікті күйбең тілікте жүн түтіп, жіп иіреді. Алаша тоқып, оюлап сырмақ тігетіндерін айтады. «Қазақтың кестесін тігемін. Мына сырмақты тігу оңай емес. Оны ою, бояу, жібін иіру, кептіру ұзақ уақыт алады. Баламның  көмегімен бір сырмақты басып шығару үшін отыз күн еңбектенеміз» дейді ол.

Бай-өлке

Біз тағы да біраз жолды артқа тастап Баян-Өлгийге де жеттік. Атажұрттан жырақ – Моңғолияның алыс бiр аймағында жеке отау көтерген баянөлгийлiктер үшiн осы бiр қара шаңырақтың маңызы ерек. 1940 жылы Баян-Өлгий аймағы ұлттық мәртебесін алған кезде ондағы қазақтардың саны небәрі 30 мыңдай болса, ал, 1991 жылы Моңғолиядан Қазақстанға көш басталғанда қазақтың саны еселеп өсiп, 200 мыңға жуықтаған. Демек, Баян-Өлгий қазақтардың алтын бесiгi, құт ұясы болғандығы осыдан-ақ айқын аңғарылады.

…Ыстық құшақ. Сағынысып көріскен ағайындар. Осындай пейіл мен көңілге көз тойып аз-кем аялдағаннан соң, сапарымыздың әу басында сапаржайда танысқан Тұйғын және Балғын есімді екі бойжеткеннің үйіне құдайы қонақ болып ат басын тіредік.

Жаз басталса әр қазақтың үйінің шарбағына киіз үйі тігіледі. Бұл олар үшін жазғы мезгілде таптырмайтын саялы мекен. Бұрын бірнеше жыл полицей қызметін атқарған, бүгінде заңгерлік кәсіппен жұмысын жалғастырған Айбек ағамыздың шаңырағындағы таныстығымыз  басталды.

Біз барғанда үйдің Нұрсая есімді кенже немересі бесікте тәтті ұйқыда жатты. Үлкен ұлы мен келінінің Ұлан-Батырдағы оқуыларын бітіріп, елге келген беті екен. Отанасы Риза апамыз бен келіннің мамандығы бірдей – балабақшада тәрбиеші.

«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген осы. Алыстан ат арытып жолаушылар келді деп, олар ақ пейілдерін аямай дастарханын жайып, құшағын бізге кең ашты. Сөз арасында Айбек ағамыз «Бұл кілең қазақтар шоғырланған өлке. Өзімізді басқа елде емес, өз жерімізде жүргендей еркін сезініп өстік. Қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрді ұстандық, тіпті, моңғол көршілерімізбен де қазақша сөйлесе беретінбіз, — дейді.

Биік таулардың бауырында, көрікті өзеннің жағасында, бұла табиғаттың құшағында өскен қандастарымызды  көріп біз де бір марқайып қалдық.  Қазақ пен қазақтың қаны ғана емес, жаны да бір екенін сезіндік.

 

Гүлназ КӘРІМЖАН,

халықаралық байқаудың жүлдегері,

Атырау – Нұр-Сұлтан – Қарағанды –Алтай – Баян-Өлгий