Жаймашуақ жаздың соңғы айы. Біз Атыраудан Анадолыға сапарладық. Алыстағы базардан асыл мен таңсық іздеп кеткен керуенші қандай олжамен оралар екен деп екі көзің төрт болады ғой. Жаңа жолға шыққанда алдыңнан тосар белгісіздік пен кездесуі мүмкін күдік пен күмән торлап санаңды, тап солай тағатыңды тауысады екен. Жә, айтарымыз бұл емес.
Сонымен үш сағатта сырлы да сырбаз Стамбулға келіп табан тіредік. Бізді Қазақ-түрік қоғамының төрағасы Фазлы Топлы мен оның жары Анар апамыз қарсы алды. Бұрын танысып-білмесек те, арқа-жарқа болып амандасып жатырмыз. Байқағанымыз, ағамыздың қазақшасына өзге ұлттың диалектісі араласқан. Дүние дидарын ашқалы түрік ағайынмен араласқаннан болар, бәлкім. Бірақ, бойынан өзгеге ұқсамайтын, қорғасындай салмақты кесек мінез, сирек кескін-келбет, терең көзқарасты көресіз. Сөз саптауының өзі ерекше. Сонымен, амандық-саулықтан басталған әңгімеміз беріден қайтпай, айызды қандырардай тереңге жол тартты. Тарихтың сұңғыла тұйығына бойлаған ағамыздан білгеніміз мынау еді:
«1937-1941 жылдары озбыр Қытай әкімшілері қысым жасап, Алтайды мекендеген 18 мың қазақ табиғаттың ыстығы мен суығына қарсы тұрып, жаумен соғыса отырып, үдере көшті. Олар 1947 жылы Үндістан, Пәкістан елдеріне келіп бас сауғалады. Ал, 1953 жылы Түркияға жеткен қазақтың саны 2 мыңдай ғана. Бүгінде бұл елде өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп отырған 25 мыңнан астам қазақ тұрады».
Ерекше сырбаздыққа, сарабдалдыққа ие ағамыздың сөзіне айрықша ықыласпен ден қоя отырып, стамбулдық қазақтар көп шоғырланған жер – Зейтүнмұрныға қалай тез жеткенімізді аңғармай қалдық. Тар көшелердің арасымен жүріп өтіп, бес қатарлы зәулім үйдің алдына келіп тоқтадық. Бұл үйде бізді этникалық қазақ Ғайни Нұрмұқамбетқызы күтіп отыр. Өзі биыл 78-ге аяқ басқан. Қиын-қыстау заманда жат елге үдере көшкен қазақ ұлтының бір ұрпағы – Ғайни әжей Зәйтунмұрныға осыдан 65 жыл бұрын көшіп келгендердің бірі. Кейуананың ата-бабалары 1932 жылғы ашаршылық кезінде шығыс Түркістан өңірінен Қытайды, кейін Үндістанды паналап, араға жылдар салып Түркияға өтіпті. 1954 жылы он сегізінде өзінен он бес жас үлкен қазақ жігітке ұзатылады. Ата кәсіппен шұғылданып, мал бағады, теріден қолғап, бас киімдер тігеді. Осылайша, бұл отбасы Стамбул қаласының Зейтунмұрны ауданынан бес қабат үй салады. Біздің бір байқағанымыз, осы бес қабат үйде он пәтер бар. Соның алтауында әженің өзі, ағайын-туыс, бауырлары тұрса, қалғанын жалдап қоятын көірнеді. Әжей бізді көргенде қатты таңғалып, қуана қарсы алды. Бірден көненің көзіндей болған ата-бабасынан қалған жәдігерлерді көрсетуге асықты.
Мәселен, анасының шапаны осыдан 200 жыл бұрын тігіліпті. «Мынау шешемнің үйінен келген пұшпақ ішігі. Есімде, анам бұл киімді көшіп келе жатқанда атқа мінерде киді. Түлкінің қызыл пұшпағынан тігілген. Жұрт құндыз ішігі бар екен деп айта жүрсін деп, шапанның жиегін құндыздан шыр айналдырып, өрнектеп жасаған. Анамның аты Қамила, әкеміз Иманқұл батыр. Менде ол кісінің кимешегі, шылауышы сақталған. Кимешекті сығырайған жарық астында, ол кезде шам жоқ қой, кішкене инемен талдап отырып тіккен. Өйткені, сол жылдары күндіз анамның қолы үй шаруасынан босамайтын-ды. Ал, мына бас киімді осыдан 70 жыл бұрын Алтайда тұрғанымызда 4 жасымда маған арнайылап күміс жіппен өрнектеп, тігіп берген-ді. Осының өзі үш-төрт келі тартады, таза күмістен жасалған. Қараңғыда отырып тігіпті, жарықтық. Не деген ісмерлік десеңізші! Мынау шәугіміміз. Бұл жез шәйнек те 80 жыл сақталған дүние», – дейді Ғайни әжей езу тарта.
Әңгіме барысында білгеніміз, әжей небәрі 8 жасында елден кетіпті. Десе де, өзінің тілін, дінін сақтап қалған. Тегін де ұмытпаған. Әжейден көш кезінде көрген қиын күндер туралы айтып беруін өтіндік. «1947 жыл. Ұлужан атты жайлауымыз болды. Малымызды айдап, өзімізді қудалайды деген хабар әр ауылға ат тұяғының дүбірімен бірге келді. Содан жауға аттанатын жалды ат, қоңды түйелерімізді әзірлеп жолға шықтық. Мыңнан астам үй көштік. Жолда көбі өледі, оққа ұшады, ауруға шалдығады, таудан домалап кетеді.
Одан кейін Гималай тауының етегімен жүріп, Бұқа дауан деген жерге келдік. Бұл жерде оттегі жетпей, көп адам ыс ауруына шалдықты. Адамның аузы-мұрнынан қан кетеді. Бұның емі зәр екен. Зәр ішсе тоқтайды. Әсіресе, еркек баланың зәрі өте қымбат. Менің нағашым бар, ол кезде 7-8 жасар бала. Бүкіл ел соның зәрін күтеді. «Несебім жерге жетпейтін еді» деп күледі қазір ол. Көп адам осы зәрдің арқасында тәуір болды.
Бізге кездескен екінші қиыншылық, мына суық жерде адамның жаназасын қою қиынға түседі екен. Гималай қар, мұз жастанып жатқандықтан, бір қарыс жер қазудың өзі мұң болды. Сонда шешелеріміз от жағып, жердің тоңын еріткен. Адам бетін жаба алатындай деңгейде қазып, көбін сол жерге көміп кеттік. Күн жауын, жер қар болды. Тақламақан деген шөлге келгенде әкелеріміз екі-үш күндік жерге кері барып, түйелерге мұз артып әкелді. Біз ол уақытта кішкентай баламыз. Түн ішінде жер қараңғы, кеткен ер азаматтар бірін-бірі таба алмай жүрген болар деп әжелеріміз бізге айқайлататын. «Әке» деп шақырыңдар, сендердің дауыстарың шырылдап тез естіледі» дейтін. «Әй, әке, ата бері тарт» деп айқайлаймын келіп. Артымыздан әкеміз келгенде, «Бір шырылдаған дауыс естідік, сол сендер екенсіңдер ғой» деп жылаған еді.
Шөл қысқанда көбісі қойды бауыздап, қанын ішті. Малдың қаны жұтылмайды екен. Сондай қиыншылық күндер көрдік. Сөйтіп, бізді арқаларына көтеріп, ауыздарына тістеп, әке-шешеміз алып келді. 1951 жылы Үндістанға келдік. 1953 жылы Бағдаттан кемемен шығып, кейін пойызға отырып, Түркиядан бір шықтық. Ол кезде 13 жаста екенмін. Бұндағы Үкімет астымызға ақ көрпе төсеп, күнде екі-үш қой сойып, жылы-жұмсағын беріп, бізді екі жыл күтті», – деді әжей өткен күндерді күрсіне еске алып.
Бүгінде Ғайни әжейдің 3 ұлы, 3 қызы және 15 немересі бар. Бәрі қазақтан қыз алған. Бір бұрымдысы ғана түрікке күйеуге шығып, қазір Еуропада тұрады. Қыздары қазақша жақсы сөйлейді. Ал, ұлдары ана тілге шорқақ. Қазақ тілі мен түрік тілі бір-біріне жақын болғандықтан, сөзінің ауанын түсініп отырдық. Бір ұлы өзімен бірге тұрады, бірі Түркияның Сефакой деген ауданына қоныс аударған. Екеуі де үйлі-баранды. Ортаншы ұлы Францияда өмір сүреді. Бұл шаңырақта, тағы бір байқағанымыз, біз қонақ бөлмеге енгенде қазақтың оюлы көрпелері жаюлы тұрды. Оның себебін әжей былай деп түсіндірді. Түркиядағы қазақтардың арасында қыз ұзатқанда міндетті түрде жасауына ұлттық нақышпен өрнектелген бұйымдарды салады екен. Олар: қазақтың оюымен тігілген көрпе-жастықтар, торсық, қамшы және тағы басқа заттар.
«Ертеден қазақ қыздың жүгіндегі оюына қарап ауылын таныған. Қазақтың өрнегі болған жерде тарихы бірге жүреді. Бұрын сырмақ, текеметке ою бассақ, қазір дастарханымызды, кілем-көрпемізді осы ұлттық нақышпен бедерлеп жасаймыз. Әсіресе, қазір немерелерімді ұзатқанда бұл дәстүрді мықтап ұстанамын. Өйткені, қазақ оюды ойғанда бір-бірінен үзбей, жалғастыра отырып жасайды. Астарында бауырлар бір-бірінен айырылмасын, тірлігі бірге жалғассын деген ой жатыр», – деді әжей.
Ғайни әжей 1982 жылы Қазақстанға ат басын тіреген екен. Туған жерді қатты сағынып жылап, еңіреп жүретін әже сол сапарында ағайын-бауырларымен танысады. Шерін тарқатады. Кейін, елдегі ағайындардың үлкендері қартайып өмірден озады. Кіші буынмен арадағы қарым-қатынас үзілген. Десе де, әжейдің бар ойы – елінің амандығы, жұртының тыныштығы.
«Қайда жүрсем де, қазағым аман болсын! Біз қанымыз сондай мықты, өте ғажап, ойлы халықпыз. Қазақтың әдет-ғұрпы, тілі, діні барда, біз өлмейміз, мәңгі жасаймыз», – деп көңіліндегісін жайып салды, терезеден көкке телміре қараған әжей.
Гүлнәз КӘРІМЖАН,
Атырау-Стамбул-Атырау