Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауылшаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді.

Осы тұста Мемлекет басшысы белгілеген негізгі түйткілді мәселелерді назарларыңызға ұсынамыз.

ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЖЕТІ ҚАҒИДАТ

Олар:

  1. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі;
  2. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі;
  3. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу;
  4.  Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру;
  5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту;
  6. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау;
  7.  Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу. 

ӨНЕРКӘСІПТІК ӘЛЕУЕТ

Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану.

Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.

Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды.

Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет.

Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ, ортақ мақсат көрсетілмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ.

Сондай-ақ, жекелеген секторларды немесе салаларды реттейтін көптеген заң бар.

Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» заң, «Көлік туралы» заң.

Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс.

ШАРУА ЖАЙЫ

Ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы.

Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек.

Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды.

Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда.

Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және  оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді.

Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады.

Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет.

Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды.

Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.

Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.

Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды.

ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ БІЛІМ

Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз.

Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp-тан» бас көтермейтін болды.

Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет.

Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы.

Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25  пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді.

Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді.

Сонымен қатар, кәсіби білім берудің барлық жүйесін еңбек нарығына лайықтауымыз қажет. Негізгі күш кәсіпкерлердің жаңа толқынын әзірлеуге жұмсалатын болады. Сондықтан білім берудің барлық деңгейінде – мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейін «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқытатын боламыз.

МЕДИЦИНАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады.

Ал, 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз.

Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2  көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретін болады.

Пандемия эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог секілді сирек мамандықтардың дәрігерлерін дайындау қажеттілігі мәселесін айқын көрсетіп берді.

Үкіметке медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз етудің ұзақмерзімді болжамды жоспарын (мүмкін 10 жылға дейін) әзірлеуді тапсырамын.

Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту іс-шаралары барлық медициналық мекемелердің қажетті құрылғылармен жабдықталуына, төсек қорын 50%-ға жаңартуға, ескірген инфрақұрылымдарды ауыстыруға және азаматтардың орта есеппен 75 жасқа дейін өмір сүру ұзақтығын қалыптастыруға септігін тигізеді.

ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ АЗАМАТТАРДЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы.

Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет.

Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс.

Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек.

Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын.

Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн.

Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек.

Олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс.

Квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәліметтерді және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін бірыңғай ақпараттық ресурс құру аса маңызды болып отыр.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын.

2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек.

Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды.

Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек.

ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ

Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.

Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу.

Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек.

Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр.

Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн.

Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек.