Адамның дене бітімі мен интеллектуалдық қабілеттерін дамытатын, оның қозғалыс белсенділігін жетілдіріп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетін әлеуметтiк қызмет саласы – дене шынықтыру және спорт. Бұл – мәдениеттiң де құрамдас бөлiгi. Дене шынықтыру бүгінгі күні республикамыздың жалпы білім беретін мектептерінде оқу тәртібі және білім беру саласы ретінде ұсынылып, оқушылардың жеке тұлғасын үйлесімді қалыптастырудың, өмірлік маңызды қозғалыс сапаларын тәрбиелеудің негізгі базалық элементі болып табылады.
Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінде және Америка Құрама Штаттарында біз айтып отырған дене шынықтыру пәніне ерекше көңіл бөлініп, ол елдерде оқушылардың апталық жүктемесінің көлемі 8-12 сағатты құрайды. Яғни, оқушы білім алған әр күнінде өзінің дамып, жетіліп келе жатқан тәніне қажетті қимыл-қозғалысты тиісті мөлшерде ала алады. Алайда, біздің елдегі тәнге қажетті қимыл-қозғалыс мөлшері тиісті талаптарға сәйкес келе бермейді. Әрине, біз ол жағынан көп артта қалдық. Бүгінде Қазақстанда мектеп оқушылары үшін дене шынықтыруға бар болғаны 3 сағат, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін 4 сағат қана бөлінеді. Осыдан-ақ, басты байлық саналатын салаға көңіл бөлу мөлшеріміздің ағзаға аздық ететіні көрініп тұр.
Аталған проблеманы шешу үшін аймағымызда қалалық, аудандық білім бөлімдерінің жанынан қосымша білім беру ретінде «Балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубтары» құрыла бастады. Осы арқылы оқушыларға спорттық-сауықтыру бағытындағы негізгі және қосымша білім беру аптасына 3-4 сағаттан 6 сағатқа дейін көбейтілді. Осылайша, оқушылардың қимыл-қозғалыс арқылы даму мүмкіндігі аз да болса артты.
Қазіргі кезде Атырау облысы бойынша жеті даярлық клубы жұмыс істейді. Олардың екеуі облыс орталығында, қалғандары Махамбет, Исатай, Құрманғазы, Жылыой, Мақат аудандарында орналасқан. Өңірдегі оқушылардың денсаулығын нығайтып, спорттың кең етек жаюына атсалысып отырған бұл даярлық клубтарында негізінен сол өңірдегі мектеп мұғалімдері қызмет көрсетеді. Спорттық ойын түрлерінен беретін дене дайындығының мұғалімі баскетбол, волейбол, футбол бағытынан қызмет көрсетсе, жекпе-жек түрлерінен беретін мұғалім спорттың самбо, дзюдо, қазақ күресі түрлерінен дәріс жүргізеді. Сондай-ақ, даярлық клубында спорттың техникалық түрлерінен сабақтар өтеді. Яғни, кез келген даярлық клубында робототехника, кемемодельдік, авиамодельдік бағытта дәріс алуға жағдай жасалған.
Балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубтарының міндеттеріне қала, аудан әкімдіктерімен, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылығымен жалпы білім беретін мектептермен бірлесіп ақысыз спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу, Қазақстан Республикасының Әнұранының орындалуымен таңертеңгілік гимнастикадан бастап, спорт түрлерінен спорттық-секциялық дайындықтар жүргізу және мектептерде әскери-патриоттық және аула клубтары, мектеп туризмін жандандыру жұмыстары да кіреді. Яғни, мұндай клубтардың құрылуы қосымша білім беруді оңтайландыруға, қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Спорттық көрсеткіштен бұрын балалар денсаулығының дұрыс дамуын негізгі мақсат еткен осындай дене шынықтыру даярлық клубтары Индер және Қызылқоға аудандарында әлі күнге дейін ашылмай отыр. Өрімдей жастардың өркен жая дамуына деген мұндай көзқарас арқылы құзырлы мемлекеттік органдар талай баланың талабын тежеп, олардың қалыпты дамуына кедергі жасайды. Себебі, көп жағдайда осы мектеп қабырғасында жүріп, спортпен шұғылданған талай бала ерте жастан оқушылар арасында өткізілетін спартакиадаларда зор жетістіктерге жетіп, аймақтың, елінің атын дүйім жұртқа танытып жүр. Жеңіспен қанаттанған көптеген жасөспірім талай байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтатты емес пе?
Мұндай клубтарды ашудың не үшін қажеттілігін тағы да тереңірек түсіндіре кетелік: Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының спорттық-бұқаралық іс-шараларының күнтізбелік жоспарын мемлекеттік бағдарламаға сәйкес орындау механизмі біздің облыста, сондай-ақ, республиканың басқа облыстарында бірінші кезең – мектепішілік, екінші кезең – топтық (Атырау қаласының 57 жалпы білім беретін мектептері орналасқан аумағына байланысты 8 топқа 6-7 мектептен бөлінеді), үшінші – қалалық, аудандық кезеңдеріне дейін даярлық клубтары өткізіп, жеңімпаз командаларды облыстық төртінші кезеңге қатыстырады. Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы төртінші облыстық кезеңді спорт түрлері бойынша өткізіп, облыстың жеңімпаз құрама командаларын республикалық бесінші кезеңге дайындап қатыстыруы тиіс. Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бесінші республикалық кезеңнен шыққан жеңімпаздарды дүниежүзілік оқушылардың гимназиадасына, студенттердің универсиадасына, тағы басқа халықаралық жарыстарға қатысуына ықпал жасайды.
Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 15 тамыздағы №401 бұйрығына сәйкес, еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің 5-11 сыныптарында, соның ішінде, Атырау облысының 46 мектебінде футболдан әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес дене шынықтырудың әр үшінші сағаты – «Футбол сабағы» сынақтан өтуде. Былтырғы оқу жылының басында аймақтық орталықтың мамандары Ұлттық орталығының және футбол федерациясының мамандарымен бірлесіп, Атырау қаласындағы №16 орта мектеп базасында футболдан облыстың дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған республикалық оқу-тәжірибелік семинар өткізді. Нәтижесінде 210 мұғалімге сертификат берілді. Осындай бағытта гандбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерінен оқу-тәжірибелік семинарлар өткізу жоспарлануда.
Біздің елімізде кәсіподақтар бірыңғай ерікті дене шынықтыру-спорт қоғамдары құрылған. Оның негізгі міндеттерінің бірі – балалар мен жеткіншектердің арасында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмыстарын ұйымдастыру. Өйткені дене тәрбиесінің негізі балалық және жеткіншектік жаста қаланады. Облыстың жалпы білім бертін мектептерде дене тәрбиесінің жаңа инновациялық технологиясын енгізу ерекшеліктері жөнінде Дене тәрбиесі Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бекітуімен жалпы білім мектептерінде және облыстық оқу орындарында оқушылардың дене дамуын жетілдіру және дамыту, психологиялық, антропометриялық, дене-күш жағдайын анықтау үшін 2007 жылы аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығы кешенді ғылыми топ құрды.
Дене тәрбиесі және спорт – ұлтымыздың денсаулығын сақтайтын және жетілдіретін бірден-бір құрал. Халқымыздың денсаулығын нығайтуда спорт құралдары мен әдістемелерін кеңірек қолдану да тиімді. Сондықтан қала мен ауыл мектептерінде дене тәрбиесі және спорттық шаралардың ұйымдастырылуын тереңірек зерттеу біздің басты мақсатымыз болмақ.
Жолдас ҮСЕНҒАЛИЕВ