«Рахымжан – интеллектуалды қазақ прозасының

ХХI ғасырдағы озық өкілі».

Шыңғыс  АЙТМАТОВ.

Өнер мен мәдениеттің алтын бесігіне айналған Ақжайық жағалауы бұл күнде ән мен жырдың базарындай. Руханияттың жаршысына айнасындай болған алтын бесік Атырау бүгінде өз перзенттерін  ұлықтап, жақсыларын жаханға жария қылып атын асқақтатып келеді. Осы топырақта түлеп ұшқан төрткүл әлемге сөз сәулесін шашыратқан, алты алашқа жүрек нұрын төккен туған елдің бір ұлы ол Рахымжан Отарбаев. Табиғат берген дарынына терең білімі, қайталанбас болмыс бітімі жарасып, күллі қазақ оқырман мен театрсүйер көрерменнің сүйіктісіне айналған драматургтың есімі – барша көзіқарақты ағайын үшін жақсы таныс һәм қадірлі.

Әдебиет пен театр – егіз өнер. Өйткені, екеуінің де миссиясы – адам жанына қызмет қылу. Ғаламның тылсым құпиясын ашу,  ізгіліктің дәнін егу. Ал осы қос бірдей киеге қызмет еткен Отарбаев – қаламгерліктің миссиясына адал болған өнер иесі.

Осыған орай, Атырау жерінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың ІІІ республикалық театр фестивалі болып өтті. Дәстүрлі фестивальге осыған дейін де еліміздің Әкем театры бастаған іргелі өнер ұжымдары қатысқан болатын. Драматургтың тың дүниелерінің тұсауы да осы фестиваль аясында кесілді. 2014 жылы  алғаш рет шымылдығын ашқан Рахымжан Отарбаев фестивалі бүгінде жемісін үзбей алаш жақсыларының басын қосып, туған жерінде дүбірлі тойға ұласып отыр.

Фестиваль барысында жазушының «Бас», «И был я подобием твоим…», «Плач Чингисхана» туындылары мен Рахымжан Отарбаевқа арналған «Аңыз адам» журналының қараша айындағы санының тұсауы «Атырау Ақпарат» ЖШС баспасөз орталығында кесілді.

Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде театр фестивалінің ашылу салтанатында көрермендер аймаққа келген қонақтарды ықыласпен қарсы алды. Өнер мерекесіне Қазақстанның түпкір-түпкірінен жазушының шығармаларын сахналауға тоғыз театр ұжымы келді.

Фестивальдің ашылуына Атырау облысының экс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі.

–  Рахымжан Қасымғалиұлы –  проза мен драматургияда өз орнын тапқан адам. Әлеуметтік проблемаларға ешқашан бей-жай қарамай, ұлтжанды азамат болған ол – тек біздің өңіріміз емес, бүкіл қазақтың мақтанышы. Рахымжан Әбіш Кекілбаевтың, Әбу Сәрсенбаевтың, Хамит Ерғалиевтің, Фариза Оңғарсынованың асыл қазынасының мұрагері. Ұлттық мәдениетіміз пен өнеріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан оның талантын басқа жұрт та танып, шығармалары бірнеше әлем тілдеріне аударылды.

Уақыт бөліп, фестивальге арнайы келіп қатысып отырған  Рахымжан ағамыздың ағайындарына, дос-жолдастарына ризашылығымды білдіремін. Осы фестивальге келген театр ұжымдарына, басшыларына алғысымды айтамын, – деді сол кездегі мұнайлы өлке басшысы.

Отарбаев драматургиясы – отты тілмен суреттелген замана шындығы, кесек тұлғалар галереясы. Бұл күнде еліміздің барша кәсіби және әуесқой театрлардың репертуарынан орын алған туындылары өміршеңдігімен құнды екені даусыз.

Қаламгердің сыйлас ағаларының бірегейі, қазақ өнерінің  абызына айналған Асанәлі Әшімов өз сөзінде былай деді: «Бұл өте ауқымды, мәдени іс-шара. Өйткені, әдебиет пен мәдениетке теңдей үлес қосқан Рахымжандай перзентін елі ұмытпауы керек. Ол Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерді мойындатқан санаулы суреткердің бірі. Бүгін оның рухына ас берілді, енді міне жалғасы үлкен шараға ұласып жатыр. Ұмытпай, елеп-ескерген үлкен-кішіге алғысым шексіз».

Қаламгердің мол мұрасы мен асыл қазынасына ие болып қалған алдағы уақытта да кейінгі ұрпаққа жетуіне дәнекер болатын, ізгі істерді жалғастырушы отбасының атынан Ермерей Рахымжанұлы фестиваль қонақтары мен атыраулықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдірді.

– Осы шара басталғалы халықтың отансүйгіш қасиетін, әкеме, оның шығармашылығына деген құрмет сезімін байқап отырмыз. Сондай-ақ, фестивальге келген барлық әртістерге әкеме деген сый-құрметтеріңіз үшін алғысымды айтамын.

Фестивальге Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, профессор Есмұхан Обаев және Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, режиссер Сердеш Қажымұратұлы, ҚР Халық әртісі профессор, режиссер Талғат Теменов, жазушы, әдебиеттанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұларбек Нұрғалымұлы, театртанушы, өнертану ғылымдарының магистрі Айзат Қадыралиева мен журналист, Прага қаласындағы ағылшын-американ университетінің магистрі Қаракөз Рахымжанқызы төрелік етті.

 «ӘМІРЕ»

«Әміре» спектаклі

Ел аузында Қаллеки аталып кеткен (Қалибек Қуанышбаев атындағы) Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры фестивальде алғаш болып өнер көрсетіп, көрермендердің назарына «Әміре» драмасын ұсынды.

Бұл қойылым өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Парижде өткен Дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесінде ән шырқап, француз халқының таңқалдырған Әміре Қашаубаевқа арналған. Туынды Қаллеки театрының репертурына 2016 жылы енген. Сахнаға жарқырап шығып, еліне қошаметпен оралғаннан кейін, Семей жерінде басына қара бұлт үйірілген Әміренің трагедияға толы өмірін баяндайтын қойылым көрермен қошеметіне бөленді.

«МҰСТАФА ШОҚАЙ»

Түркістан қалалық Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театры атыраулық көрермендерге «Мұстафа Шоқай» қойылымын тарту етті.

Күні кешеге дейін сатқын саналып келген, тіпті автордың өзі бір кезде солай санаған саңлақты ақтап алу жолында жазылған драматургтың күйзеліс шығармасы. Қойылымда Мұстафа қазақ зиялыларымен бірігіп, Түркі халықтарының федерациясын құру, тұтқындарды азат ету жолындағы күресі мен басынан кешкен ғұмыры сахналанған. Театрдың бұл туындысы көзі тірісінде автордың жоғары бағасын алған болатын, — дейді, қойылым режиссері Айдар Наурызбаев.

«ТҮНЕК ТОРЫ»

Драматургтың «Нашақор жайлы новелла» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Түнек торы» атты туындыны Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры көрерменге ұсынды.

Драматургтер арасында нашақорлық тақырыбын алғаш қозғаған Р.Отарбаевтың бұл туындысын көптеген театрлар әр түрлі атаулармен сахналанып жүр. Қырғыз елінің өзінде  «Тағдыр» атауымен 500 реттен астам қойылған.

Ғасыр дертін дөп басқан драмалық шығармада есірткі қабылдап, жас ғұмырын тәрк еткен Жатқытай есімді жігіттің шырғаланға толы өмірі көрініс тапқан. Қойлым соңы өзге жас жеткіншектерді есірткіден сақтануға шақырады.

«МҰҚАҒАЛИ МЕН ФАРИЗА»

Ақтаудың Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры фестивальге Рахымжанның «Мұқағали мен Фариза» пьесасымен қатысты.

Поэтикалық драмада Мұқағали мен Фаризаның арасындағы аға мен қарындастың ғажайып сыйластығы, адал достығы суреттелген. Мұқағали ақынның ауыр дертке шалдығып, ауруханадағы өмір мен өлім арасындағы арпалысы бейнеленеді. Аурухана палатасында бірге жатқан Күшеншекті жағымпаз ақының бейнесі арқылы драматург адамгершілік қасиетті көрсете білген.

Фестиваль аясында аталған туындыны екінші рет Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымы сахналады.

Қойылымдар кезінде әндерге қосыла шырқаған көрермен ықыласында шек болмады.

«ТЕМІР-НАРКОМ»

Ақтөбе облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театры кезінде Р.Отарбаевтың өзінен жоғары баға алған «Темір-Нарком» тарихи драмасын сахналады.

Бұл драматургтың 30-шы жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссары қызметін атқарған, әрі ұлт руханиатының жанашыры бола білген Темірбек Жүргенов туралы драмасы болатын.

Қойылымда қазақ ұлтының жоғын түгендеп, ұлт намысын ұран тұтқан тұлғаның елі үшін жасаған еңбегі, сол кездегі сатқындық пен жауыздыққа деген қарсылығы бейнеленген.

Пьесса режиссері Мейтам Хабибуллин «Бұл тарихи драманы көрермен әу бастан жақсы қабылдады. Өйткені, біз бұл пьесада Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қайраткерлігін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, адами проблемаларды қозғауға тырыстық» дейді.

«БАС»

Р. Отарбаевтың ұлттық рухты оятуға шақырған даңқты «Бас» пьесасын Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры көрерменге ұсынды.

«Бас» жазушының айтулы туындыларының бірі. Драма халықтың азаттығы үшін бас көтерген қазақтың батыр ақыны Махамбеттің бас сүйегінің тағдыры жайында көрініс табады. Мәскеуге кетер алдында Махамбеттің бас сүйегін кімге қалдырарын білмей шарқ ұрған антрополог Ноэль Шаяъметовтің әрекеті арқылы қоғамдағы бассыздықты шебер көрсете білген. Төңірекке ой қозғайтын қойылымның ұрпаққа берері тағылым мол. Драманың режиссері –Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.

«БЕЙБАРЫС»

Ақмола облыстық орыс драма театры фестивальге Р. Отарбаевтың «Бейбарыс» драмасымен келген. Драма режиссері – Мәдениет саласының үздігі Ольга Луциева.

Қойылым тарихи тұлға, бала кезінен құлдыққа сатылып, кейін ұлы қолбасшы, Мысыр елінің билеушісі болған Бейбарыс сұлтан туралы. Басынан өткен небір қиыншылықтарға қарамастан, пьесса  кейіпкері – Бейбарыс сұлтан өз жүрегінде Отанға деген сағынышын сақтап қалады.

Дәл осы туынды еліміздегі орыс тетрларында сахналанған қазақ драматургінің алғашқы шығармасы.

 «ЖАЛҒЫЗДЫҚ»

«Жалғыздық» шер спектаклі

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры жазушы-драматургтің «Жалғыздық» әңгімесін сахнаға алғаш рет алып шықты. Бұл қойылым фестивальдің жаңалығы деуге әбен болады.

Спектакльде көп ішінде жүріп, жалғыздықтың күйін кешкен кейіпкер татар дәмі таусылар шағында анасының мәңгілік мекенін жанұшыра іздегенін бейнелейді. Ерекшелігі сол, режиссер көрермендері кейіпкерлердің әрбір қимылын анық көріп, сезініп отыруы үшін камералық үлгідегі сахна алаңының айналасында тоғыстырды.

–  Қойылымда орыс ақыны В.Высоцкийдің әндері пайдаланылды. Мұнда сөзі аз болғанымен иірімдері жетерлік.  Қойылымның ерекшелігі – жан дауасын іздеп келетін жолаушыны қарсы алатын топтасқан «Адамдар» легінде. Ал, өзектілігі – бес күндік жалған ғұмырдың әр сәтін бағалай білуде, – дейді қоюшы-режиссер Мұқанғали Томанов.

Күллі алашты елең еткізген республикалық театр фестивалінің жабылу салтанаты жазушының шығармашылығына арналған сахналық қойылымға ұласты.

БАС ЖҮЛДЕ – АТЫРАУДА ҚАЛДЫ

Бір аптаға ұласқан фестиваль қорытындысына сәйкес Қ.Жандарбеков атын­дағы Жетісай драма театрының ұжымы «Үздік сценограция» номинациясын иеленді. Ақмола об­лыс­тық орыс драма театрының режиссері Ольга Луциева «Үздік режис­сер» атағымен марапатталды. Фестивальдің «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясы Т.Ахтанов атындағы Ақтө­бе облыстық драма театры­ның ак­тері Т.Жүргенов образы үшін Нұрболат Өтеғұловқа бұйырды. Ал, «Ең үздік әйел адам бейнесін» Фаризаны сомдаған С.Сей­фуллин атындағы Қара­ғанды облыстық қазақ драма театрының актрисасы Дина Заитова иеленді. «Көрермен көзайымы» аталымына Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры­ның актері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Мәжит Ілияс­қа­ров лайық деп танылды. Ол Р.Отарбаевтың «Бас» драма­сында Құрақ қарттың образын сомдаған болатын.

Бас жүлде иегері – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры

Айтулы марпаттардың бірі «Рахымжан Отарбаевтың Руха­ният қоры» тағайындаған «Ра­хым­­жан Отарбаев атындағы арнайы жүл­де» болды. Бұл марапатты Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері Қуандық Қасымовқа жазушының жары Сәуле Отарбаева табыстады.

Қос бірдей үшінші орынды оңтүстік өңірдің өнер ордалары – Ж.Ша­нин атындағы академиялық қазақ драма театры мен Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры иеленді. Жүлделі екін­ші орынмен Т.Ахтанов атын­дағы Ақтөбе облыстық драма театры және Н.Жантөрин атын­­дағы Маңғыстау облыстық музы­калық драма театры марапатталды. Бірінші орынды Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театры жеңіп алды. Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың ІІІ республикалық театр фестивалінде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Бас жүлде жеңімпазы атанды.

Р.S. Айтулы фестиваль өнер өрісінің дөңгеленіп, көкжиегі кеңейіп, халық мәдениетін қайта жаңартып, елдік рухтың өсуіне әкелетіні сөзсіз. Атырау жерінде өткен дәстүрлі театр фестивалінде Рахымжан Отарбаевтың әдеби мұрасы жаңа қырынан жарқырай көрінді.

 

Алтынай СӘЛІМГЕРЕЙҚЫЗЫ,

Атырау облысы