Елдестірмек – елшіден

Қазақстанның Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат ИСАҒАЛИЕВ – 80 жаста

…Атырау облысының Құрманғазы ауданында туып-өскен оның балалық шағы Ұлы Отан соғыс жылдарындағы елге түскен ауыр да қиыншылыққа толы сәттермен тұспа-тұс келді. Ағасы өмірден өтерде анасының құрсағында жатқан сәбиі ұл болса, есімін Қайрат қоюды аманаттаған екен. Ауыл тірлігіндегі қиындықтарға мойымаған анасы сол Қайратын қолындағы жалғыз сиырының төлін сатып, Алматыға оқуға жіберді…

    Алматы шет тілдері институтын бітіріп келген жас маманды жолдамамен Жылыой ауданының Қамыскөл елді мекеніндегі орта мектепке француз тілінің мұғалімі етіп жіберді. Қайда да жолыңды ашатын жақсы адамдар ғой. Мектептің директоры Сүлеймен Қарабалиннің қамқорлығына тап болған ол ауылда қалған анасын көшіріп алып, баспаналы болады. Мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген жас ұстазды жаңа оқу жылы қарсаңында мұғалімдердің тамыз конференцясында сөйлеуге ұсынды.

«Жастық жігердің бойымызда қайнап тұрған кезі ғой. Аудан мұғалімдерінің алдында тұрған келелі міндеттер мен шешімі табылуы тиіс мәселелерді кеңінен сөз еттім. Залда отырғандар дуылдап қол соқты. Келесі күні мені Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев шақырып алып сөйлесті. Болашағыма жол сілтеп, үлкен сенім артты. Маған аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығы қызметін ұсынды. Ойламаған жерден болған ұсынысты қабылдай алмай ұзақ ойландым, қабырғаммен кеңестім, анаммен ақылдастым. Сосын бірінші хатшы ұсынысына келістім» дейді өткен өмір жолының бір парағын ақтарған Қайрекең.

1968 жылы Қайрат Исағалиұлы Мәскеудегі әскери институтқа жолдамамен аудармашылық курсқа жіберілді. Келер жылдың қаңтарында оқуын бітірген ол Алжирге әскери борышын өтеуге аттанады. Онда келісімшартпен үш жылдай қызмет етіп, елге оралған Қайрекең Алматыдағы «Қазақ-Достық» қоғамының бөлім бастығына тағайындалды. Бұдан соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің халықаралық байланыстар бөлімінде, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс жасады, қазақстандық шетелдік туризм саласына басшылық етті.

Атырау облысының әкімі Н.Ноғаевтың қабылдауында

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялап, дипломатиялық қызметтің қалыптасу кезеңінде Қайрат Исағалиев ЮНЕСКО-мен байланыс комиссиясында белсенді қызметімен көзге түсті. Ол осы құрылымның қалыптасып, дамуына зор үлес қосты. Сол жылдары Қ.Исағалиев ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәдени және гуманитарлық қарым-қатынас басқармасының басшысы болған еді. Дипломатиялық қызметтің жауапкершілігі үлкен, мәртебесі жоғары екендігін де сезінді. Бөгде жұрт дипломаттарға қарап, оның елі туралы, мемлекеттің білім және мәдени деңгейі, экономикалық және геосаяси әлеуеті туралы ой түйетінін де жақсы біледі.

«1991 жылы 16 желтоқсан күні таңғы сағат 4.00-де Қазақстанның егемендігін алғашқы болып де-факто түрде Түркия мемлекеті мойындады. Америка Құрама Штатынан Президент Джорж Буштың қолымен Қазақстан мемлекетін Егемен ел деп танығанын жариялаған хаты келді. Бұл кезде қазақтың оқыған мамандары Мәскеуде қызмет атқарып жүрген болатын. Солардың бірі – Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Сыртқы істер министрлігінде, Сингапурда, Қытайда қызмет жасады. 1992 жылы Қазақстан Үкіметінің басшысы Сергей Терешенко делегацияны бастап Қытайға барған сапарында Мәскеуден келген Қ.Тоқаев қытай тілінің маманы ретінде аудармашы болып қатынасты. Осы сапардан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Мен осындай азаматтармен қоян-қолтық жұмыстас болғанымды мақтан тұтамын.

Жұбайы Зәуремен

1992 жылы сәуір айында ЮНЕСКО-ға мүшелікке өту сәті есімде қалды. Ол кезде Ұлттық комиссияның бас хатшысы едім. Дүние жүзінің көптеген елінен қатынасып отырған журналистер: «Сіздерге қай тілде жауап берген ыңғайлы?» деген сұрақ қойғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Кез келген тілде жауап береміз» деді. Журналистер қай тілде сұрақ қойса, сол тілде еркін сөйлеп жауап берді. Мен де Париж төрінде француз тілінде үн қаттым. Журналистер қауымы жаңа қалыптасып жатқан мемлекеттің азаматтарының осындай білімдері болса, елдің болашағы жарқын болатынына сенімді екенін айтып таңданып жатты» дейді Қайрекең дипломатиялық қызметінің кейбір сәттерін еске алып.

Бұл күнде әке-ата жолын саналы ұрпақтары жалғастыруда. Ұлы Арман – Қазақстанның Тунис, Алжир, Мысыр елдеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі атанды. Әулеттің немерелері Рүстем мен Алдияр да елшілік қызметінде ұрпақтар сабақтастығының сәтті қадамдарын жасауда.

«ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР»

Әкесінің ізін жалғаған ұлы, Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Арман Исағалиев

   Арман Қайратұлының бала күнінен араб әлеміне деген қызығушылығы ерекше-тұғын. Соны байқаған әкесі оны Алматыда араб тілін оқытатын бірден-бір арнайы мектепке оқуға берді. Алты жасынан бастап бұл көне де қиын шығыс тілін оқып үйренген Арман мектеп бітірісімен 1989 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетіне түсіп, оқуын бітірген соң Марокко Корольдігінің Фес қаласындағы Сиди Мұхаммед бен Абдалла университетіне екі жылдық араб тілін жетілдіру курсына кетті. Ал, 1996 жылы Мысыр Араб Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық институтында дәріс алды.

Оның Қазақстанда, Мароккода, Мысырда алған білімі оның дипломатия саласының баспалдақтарынан еркін көтерілуіне мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 2000-2004 жылдары ол еліміздің Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы лауазымында жұмыс істеді. Мысырдағы алғашқы дипломатиялық қызмет үлкен тәжірибе жинап, біліктілігін арттыруына септігін тигізді. Бұдан кейінгі жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінде кеңесші, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі, Дубай және Солтүстік Әмірліктеріндегі Бас консулы лауазымында жұмыс істеп, еліміздің араб және мұсылман әлемімен ынтымақтастық қарым-қатынасты кеңейтіп, дамыту жолында қажырлы қызмет атқарды.

2017 жылғы 16 наурызда Арман Исағалиев Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалды. Орта ғасырда Мысыр мен Шам мемлекеттерін 17 жыл билеген даңқты бабамыз Сұлтан Бейбарыстың іздері жатқан елмен Қазақстанның қарым-қатынастары ерекше. Бүгінде Мысыр Республикасы – Қазақстанның араб әлеміндегі сенімді, әрі маңызды серіктесі.

– Мысыр елін басқарған Бейбарыс сұлтанның ескерткіші 2000 жылы Атырау төріне орнатылды. Алайда, қазақ халқының жерін мекен еткен ежелгі сақтардың ұрпағы Бейбарыс сұлтан жөнінде музей ұйымдастырылса деген ұсыныстарға қалай қарайсыз?

– Бейбарыс бабамыздың қолжазбаларын аударып жатырмыз. «Каир-Ислам» музейіндегі артефактілердің көшірмесін алу мүмкіндігі бар. Сапар Искаковтың түсірген киноларын көрсетуге болады. Ұлы тұлға жөнінде арнаулы қолжазба мен бейнекөрсетілімдер дайындалуда. Келесі жылы музей ашылмақшы. Осыдан 10 жыл бұрын Халықаралық конференция болған еді. Мұндай шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыру көзделуде. Сондай-ақ, кезінде арнайы Бейбарыс сыйлығы Мысыр ғалымдарына берілген екен. Бұл үрдіс болашақта да ескерілуге тиісті мәселенің бірі.

Исағалиевтер әулеті

Жеңіс АРОНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі