Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұқтаж жандардың несиесін толықтай кешіру туралы Жарлық шығаруы – әлеумет әлеуетін арттыруға арналған шынайы қадам болды.
Ресми дерекке сәйкес, қиын жағдайға тап болған отбасылар, соның ішінде көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жетім балалар аталмыш Жарлықтың шарапатын көре алады. Яғни, ресми көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетілгелі отыр.
Сонымен, көмек кімдерге және қандай жағдайда көрсетіледі? Саралап көрелік. Қазіргі уақытта бұл бағытпен ел Үкіметі мен Ұлттық банк айналысып жатыр. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта қазақстандықтарға банкке барудың қажеті жоқ. Себебі, қазіргі уақытта талдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл процестің өзі шамамен екі айдай уақытты қажет етеді. «Яғни, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлімет алғаннан кейін Ұлттық банк мемлекеттік бюромен, банктармен қосылып 1 маусымға дейінгі мәліметтерді ала отырып, барлық цифрды салыстырады. Қарыз алушылардың ішінде әлеуметтік көмек алатындардың айыппұлдары мен өсімпұлдары қаралады. Шарт қабылданғаннан кейін, Ұлттық банк ретінде біз сомалардың кешірілуін қадағалаймыз. Алдағы уақытта сұрақ туындамас үшін мұның бәрі несие құжаттамасында көрсетіледі», — деген еді Смоляков.
Бұл қадам әрине қарапайым тұрғындар үшін өте қолайлы. Десе де, қоғамда «сонша қаражатты бір сәтте «ауаға» тастап жіберу елдің экономикалық жағдайына қалай әсер етеді?» деген сауал бар. Осы ретте оқырман назарын сарапшылар берген жауапқа аударғанды жөн көрдік. Белгілі саясаттанушы Ерлан Карин Президент қабылдаған шараның саясаттың барлық әлеуметтік-экономикалық аспектілерін қамтығанын айтады. Саясаттанушының пікірінше, бұл бастама Қазақстанның экономикасына тек жағымды тұстарынан әсер етеді.
Ал, экономист Мұрат Темірханов мемлекет тарапынан тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсету кез келген уақытта жағымды жаңалық болады дейді.
Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегін өтеу туралы Жарлықтан бөлек, Президент табысы төмен қазақстандықтарға несие беруге тыйым салу керектігін мәлімдеп, тапсырма берген еді. Яғни, Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде – займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалар бар. Тоқаевтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта тұтынушылық кредит бойынша жағдай енді қайталанбауы қажет. Оның алдын алу үшін Ұлттық банктегілерді қатаң шараларды қолдануға міндеттеу керек деген еді.
Демек, бұл жағдайды қоғам өмірлік құнды сабақ ретінде қабылдауы керек-ақ. Несиеге өмір сүру, соның ішінде қосымша комиссия, пайыздар бәрібір азаматтардың қалтасын қағады. Демек, алда бір ғана таңдау бар. Ол несиесіз өмір сүру. Сол үшін де қаржылық сауаттылық, қосымша табыс деген дүниелер әр азамат үшін өзекті күйінде қалады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
— 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қарыз бойынша жалпы берешек 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайды;
— 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспауы тиіс.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 345 475 көпбалалы отбасы бар, 282 615 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр, 98 580 отбасында жасы 18-ден асқан мүгедек балалары бар.
Сіз не дейсіз?
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР Қаржы министрі:
Кепілсіз тұтынушылық несиелерді, пайыздарды және біз осыған дейін атап өткен белгілі бір санаттағы тұлғалардың қарызын өтеу үшін мемлекет тарапынан шамамен 105 миллиард теңге қажет. Оның 88,5 миллиардын республикалық бюджеттен аламыз. Ал, 17 миллиард теңгеге жуық ақшаны біз Проблемалық кредиттер қорындағы арнайы облигациялардан аламыз. Сондай-ақ, несие бойынша өсімпұлдар мен айыыпұлдардың 70 пайызын қаржы мекемелерінің өз шотынан өтелетінін есте сақтау қажет.