Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Равиль Тәжіғараұлы ШЫРДАБАЕВТЫҢ «Мерейлі мекен» республикалық қоғамдық-сяаси, ақпараттық-танымдық журналының сұрақтарына жауабы.

 – Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, мұнайшылар әулетінен шыққан еліміздің алғашқы мұнай министрі ретіндегі өмір жолыңызға қысқаша тоқтала кетсеңіз…

– Әкем ағайынды бес жігіт болған. Өзі жастайынан Доссор өңірінде Қазақстанда алғашқы 1911 жылы ашылған мұнай кен орнын игеру үшін құрылған «Нобель» атты мұнай компаниясында еңбек жолын бастаған. Біздің әулет, осылайша 940 жылдай мұнай өнеркәсібінде табан аудармай еңбек еткен.

Бала кезімізден, қай ағайынның үйінде болсақ та, естігеніміз мұнай жөніндегі әңгіме болды. Он алты жасымда мұнай өндіруге қажетті қондырғыларды, бөлшектерді, автокөлік және трактор оңдап шығаратын зауытқа үйренуші-слесарь болып жұмысқа орналастым. Бес жыл слесарь болып еңбек етіп, сонымен бірге кешкі мектепті және кешкі мұнай техникумында оқыдым. 1966 жылы Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтын  бітіріп, зауытқа оралдым.

1968 жылы желтоқсан айында зауыттың бас инженері болып қызметте жүрдім. Екінші тың аталған Маңғыстау түбегіндегі мұнай, газ байлығының көздерін тауып, өндіруге бағытталған жұмыстар өрістей түскен мезгіл еді. Жұмысшы күштерді көбейту көзделді. Сондықтан Кеңес Одағының байырғы мұнайлы өлкелерімен қатар басқа өңірлерден де жұмысшы мамандар келе бастады. Түбекте жаңа әкімшілік-аймақтар құрылды. Солардың бірі – Жаңа Өзен. Оның басшы органдары ұйымдастырылған кезеңде мені облыстық партия комитеті аталмыш ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшылығына жұмсады. Екі жылдан кейін облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым.

1975 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Махамбет ауданының және Гурьев (Атырау) қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, мұнай саласында және облыстық атқару комитетінде  еңбек еттім.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, облыс әкімінің бірінші орынбасарынан Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Теңізшевройл»  Қазақстан және АҚШ-тың келісімі бойынша құрылған біріккен кәсіпорын – «Теңізшевройл»  директоры болып қызмет атқардым. Кейін мұнай-газ министрлігі құрылып, министр болып тағайындалдым.

Бес жылға жуық уақыт Қазақстанның Украина және Молдовадағы төтенше және өкілетті елшісі болдым. Екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы келіссөздерге атсалыстым. Украина елі бұл үшін мені мемлекеттік сыйлықпен марапаттап, энергетика саласының еңбек сіңірген құрметті қызметкері атағын берді. Бұның барлығы туған топырағымның гүлденуі үшін жасалған азды-көпті еңбектің лайықты бағалануы деп білемін.

Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев, қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы

– «Мұнай: кеше, бүгін, ертең», «Қазақстан мұнайы» және «Каспий» атты кітаптарыңызды жазудағы мақсатыңыз?

– Мәскеуде институт қабырғасында оқып жүргенімде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ғылыми-зерттеу институтында еңбек етіп, ғылыммен айналыссам деген арманым болатын. Бірақ өмір талабы бойынша, коммунист ретінде, партияның жұмсаған жеріне бардық, барынша адал қызмет атқардық. Қай жұмыста болсам да, демалысқа шыққанда да бос уақытымда ғылыми зерттеу жұмысты тастаған жоқпын. 1991 жылы Алматыда  диссертация қорғап, экономика ғылымдарының қандидаты, ал, 1998 жылы Мәскеуде экономикалық қарым-қатынас,  ғылыми-зерттеу институтында «Казақстанның мұнай-газ кешені дамуының ішкі және сыртқы экономикалық проблемалары» тақырыбына диссертация қорғап, экономиқалық ғылым докторы атағын алдым. Зерттеу жұмыстарымның көпшілігі, диссертация тақырыптары  және  шыққан ғылыми мақалаларым мен кітаптар мұнаймен байланысты болды. Ұзақ жылдар бойы бірталай құжаттар мен мағлұматар жиналды. Әлі есімде, студент кезімізде мұнайға байланысты көптеген кажетті мәліметтерді Мәскеу кітапханаларынан іздеп таба алмайтын едік. Осы себептен болар және ХХІ ғасырда мұнай мен газдың адамзаттың өркендеуіне тигізетін әсерін ескере отырып, аталған кітаптарды жазуды жөн көрдім.

Шынын айту керек, елімізде 1899 жылдан бастап мұнай өндіріліп, бай тәжірибе жинақталды. Әлемде көптеген мұнай өндіретін мемлекеттер бізден әлдеқайда соң мұнаймен айналысты, бірақ, осы кезге дейін Қазақстанның мұнай өндіру тәжірибесі жөнінде кітаптар жазылмапты.

Жер ғаламшарында осы уақытқа дейін дәл қазіргідей мұнай қажеттілігі туып, дәл қазіргідей өндірген емес. 2018 жылы тамызда алғаш рет тәулігіне 100 миллион баррель мұнай өндірілген. Оны Халықаралық энергетикалық агенттік (МЭА) қыркүйектегі есебінде көрсеткен болатын. Сондықтан, мұнай өнеркәсібі – әлемдегі ірі сала екеніне таңғалуға болмайды. Оның үстіне, екінші орынға жайғасқан ірі сала автокөлікті өндірудің өзі мұнаймен тығыз байланысты.

Еліміздегі зерттелген мұнай қоры мен оның болашағы туралы не айтар едіңіз?

– Мемлекетімізде айқындалған мұнай қоры 3,9 млрд. тонна, жылына 80 млн. тоннаға жуық мұнай өндіріледі және 1,5 трл. текше метр газ бар, жылына 19 млрд. текше метрге жуық газ өндіріледі. Жыл сайын осы мөлшерде мұнай мен газ өндірілетін болса, қордағы мұнай 50 жылға, ал, газ 70 жылға жетеді. Сонымен қатар,  Қазақстанда болжаммен мұнай мен газдың қоры айқындалған көлемнен 3-4 есе көп. Қазір еліміз әлемдегі мұнай өндіретін мемлекеттердің қатарынан 17-ші, ал қор мөлшері бойынша 12-ші орын алады. Болашақта «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» және басқа да кен орындарынан өндірілетін мұнайдың көлемі қарқынды өседі.

Жеңіс АРОНОВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшес