2011 жылы сексенге тақаған шағында үндінің абыз ақсақалы Кисан Хазаре жемқор билікке қарсы шайқасқа шығады. «Билікті ұры-қарылардан тазартатын кез келді. Жегенін желкесінен шығару керек олардың. Парақорлардың пайдасын ойлап қабылданған әділетсіз заңдарды қайта түзетуіміз керек…» дейді ол.
Сөйтіп қазынаға қол салғаны расталса шенді-шекпендіден бастап
премьер-министрге дейін бұлтара алмайтын жаңа заң жобасын әзірлейді.
Жемқорлардың жазадан жалтарып кетуі Үндістанда үйреншікті жағдай екен. Осыған күйінген ғой Кисан ата. Әлгі құжатты Үкіметбасының үстеліне қалдырады ол. Күллі үнді халқы Кисан атаның тілеуін тілейді сол күні…
Коррупция қан-тамырына дейін араласып кеткен жүйені түзеу мүмкін бе, бірақ? Қоластындағылармен ым-жымы бір Премьер де ақымақ емес қой. Сексендегі сүйегін сүйреткен шалдың айтқанына көнсе, өзгелермен бірге өзінің де аттан ауып тынарын іші сезеді оның.
«Түсініксіз тұстары көп екен…» деп қысқа қайырады ол.
Түсінбейтін несі бар? Жемқор билікке қарсы ұлы күреске шыққан Кисан ата дәл осы заңды қабылдатпайынша нәр татпайтынын айтып, аштық жариялайды. Алайда аштық жариялап кімді таңғалдырасың қазір? Билік те селт етпейді оған. Елдің де еті өліп кеткен… Жасы сексенде демесең, санасы сергек қой Кисан атаның.
«Жұртым, мына қомағайлардың құлқын тию үшін аштық жариялаған жайым бар. Үнсіз жатқаның жарамас. Жемқорлыққа қарсы бастаманы қолдайтындар болса телефоныма SMS жіберіңдер» — деген үндеу жолдайды.
Соны күтіп отырғандай 80 мың адам Кисан атаның телефонына SMS-ті төпелетеді: «Ата, сенікі дұрыс, биліктікі бұрыс. Артыңда қара ормандай халқың бар. Қажыма. Қайтпа. Қолдаймыз. Құптаймыз…» деп.
Бірақ, бәрібір аз ғой бұл. Миллиард тұрғыны бар Үндістан үшін әлгі 80 мың теңізге тамған тамшыдай ғана. Билік былқ етпейді бұған.
Кисан ата тағы ойланады. Сөйтсе Үндістанда қоңыраулату (жалпақ тілмен айтқанда «маяк тастау» ғой) дәстүрі сұмдық дамыған екен. Кездесуге кешігіп жатсаң болмаса ұнатқан адамыңа сезіміңді білдіргің келсе хабарласпайсың, «маяк тастайсың». Оның үстіне тегін. SMS жолдаудың өзі кәдімгідей қалтаға салмақ Үндістанда.
«Парақорларға қарсы бастаманы қолдайтындар болса телефоныма қоңыраулатыңдар…» — деген үндеу жолдайды бұл жолы Кисан ата.
Соны күтіп отырғандай 35 млн «маяк» тасталады телефонына. Екі апта бойы тынымсыз шырылдайды телефоны. 35 млн адамның нөмірін жинастырып алады Кисан ата. Сонда оған нөмір не керек? Не істейді оны? Қалай кәдеге асырады? Кисан ата бастап, жақтастары қостап «маяк» тастаған әлгі 35 млн адамға кері хабарласады шама-шарықтары жеткенше…
Үндістанның ірі қалаларында Кисан атаның өзімен тілдескен он мың, жүз мың адам көшеге шығады соның нәтижесінде. Аштық жариялаудан басталған акция, «маяк» тастаумен жалғасып, жаппай наразалыққа ұласады соңынан. Үкіметтің екі аяғын бір етікке тығады Кисан ата. Сексендегі шалдың күллі Үндістанды дүр көтерерін қайдан білсін олар… Үкіметтің ақсақал ұсынған жобаны қабылдаудан басқа амалы қалмайды.Кисан ата мақсатына жетеді бәрібір де. Оның жасы сексенде еді.
Материал интернет желісінен алынды.