Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ 1985 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу кентінде туған. Бірнеше республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. ХІХ «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша І-орын жүлдегері. «Жансусар», «Аспан хаттары» атты жыр кітаптарының авторы.
«Қараша – күздің соңы-дүр…»
КҮЗ ҰЗАТУ
Мына мезгiл қай мезгiл, өктем мезгiл,
Шаһар кезiп, шер кешiп өткен кез-дүр.
Үстiрт асқан бұлтпенен бiрге өксiгем,
Бейнеу жаққа нөсерiн төккен көз бұл.
Жалғыз қалам тағы да күздi ұзатып,
Жылатып ап жұбатар бiздi уақыт.
Жырақтаймын амалсыз қарағымнан,
Жалғанда жоқ мен үшiн iзгi бақыт…
Көңiл шiркiн орнындай көшкен елдiң,
Көш соңында адасып бос келермiн.
Бұл-бұл ұшты басымнан бала құсым,
Бақилық боп анашым қош деген күн.
Асау дүние iлiнбес еш құрыққа,
Көштi дәурен, төбемнен көштi бұлт та.
Ай астында ұлыған бөрi құсап,
Жетiм ойым мұң шағар ескi жұртта…
Жүрегiмде зарпы бар жүз наланың,
Тiлегiмде салты бар түз-даланың.
Қайран ғұмыр, қайтейiн қайғысы көп,
Кетсе екен-ай тезiрек күз қарағым.
Қарашаға қараппын төзiммен құр,
Қара түнге тараттым көзiмнен нұр.
Бейуақ өлген ботасын жоқтап жүр-ау,
Бозаң қырда боздайды бозiнген-жыр.
БЕЙМАЗА
Келімсекке кең болғанда бұл шаһар,
Түсінбеймін, неге маған мұнша тар?..
Көрдей соқыр көлеңкесі боп қайғының,
Түкпірлерге шегіп барад түн сапар.
Жанайқайым үнсіздіктен тұрады,
Туылған жоқ жауабымның сұрағы.
Екі езуімде емеурін бар емескі,
Өлең де сол – Жаратқанның сынағы.
Маңдайымның сере сорын құшақтап,
Сынық қанат періште жүр – түсі аппақ.
Ұша алмайды мен сияқты ол байғұс,
Дәріл-дүние, шәргіл-шайтан тұсап қап.
Теңіз анау тулап-тулап шаршаған,
Салады ылғи толқындары сарсаң ән.
Ертең түк те өзгермейді, көр де тұр,
Тек әншейін басқа күнді қарсы алам.
Күз кеткен соң келді, міне, қыс төніп,
Талай дүрің қу табытты құшты өліп.
Жорытпаймын – тәтті ұйқыдан оянсам,
Қайырымды қала жайлы түс көріп!..
ӨЛІАРАДАҒЫ МІНӘЖАТ
Бойымды қарнап түнгі ызғар,
Жауып тұр аппақ жұлдыз-қар.
Қараша – күздің соңы-дүр,
Қоштасып жатыр гүл-қыздар.
Тарқатты мұңын баяу бақ,
Мен келем жалғыз жаяулап.
Қаяу-дақ түсіп жанына,
Кетіп қалған ба Ай аулақ?
Өмірім мынау – бұйығы,
Шаттықтан басым күйігі.
Періште болып жүрер ем,
Бірақ ол – иттің қиыны.
Иектеп алып жын-шаһар,
Түсірді жолға мұнша тар.
Керсоқпақ соққан қаңғыр ем,
Басталмақ қашан шын сапар?
Қарлы жас шылап кірпігін,
Жылап тұр аппақ бұл түнім.
Өтеді-ау дүние шынында,
Бұлаңы құсап түлкінің.
Далаға жөнсіз боспайын,
Уақыт дейтін көш дайын.
Жарылқа мені, жаңа айым,
Есірке мені, ескі айым!..