Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласының құрамына 16 ауыл кіреді. Ауылшаруашылығыжерінің көлемі бір млн. гектарға жуық. Оның 362 мың гектарына егін егіледі. Бұларда 19 мың ірі қара, 30 мың қой-ешкі, 8 мыңдай жылқы өсіріледі. Жалпы, Торғай төсінде мыңғырған мал жетерлік. Тек, содан пайда табу, іске жарату жолдарына билік тарапынан қолдау қажет болатын.

Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бас-аяғы бір жылдың ішінде ірі ет өнеркәсібін іске қосуға мұрындық болды.Комбинаттың құрылысы биыл наурыз айында басталып, қарашада аяқталды.

 

«Торғай Ет» комбинаты жобасының жалпы құны 2 млрд. теңге. Зауыт заманауи үлгімен салынған. Мал сою пунктіне сэндгвич панельдер орнатылып, жылу және жарық жүйесі жүргізілген. Польшалық мал сою қондырғыларымен өнім өндіру ішінара басталып та кетті.

Комбинат толық қуатына енгенде 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Тәулігіне 10 тонна өнім өндіреді. Оның үш тоннасы шұжық, бір тоннасы консервіленген, ал, қалғаны өңделмеген  ет.

 

Ет комбинатына Украинадан жеткізілген құны 42 млн. теңге болатын консервілеу аппаратыорнатылған. Сондай-ақ, Қытайдан консервіленген өнімді қайнатуға арналған арнайы жабық қазандық сатып алынды. Мал сою цехында ішек-қарын тазаланатын және тері сақтайтын қойма жұмыс жасайды.

Жобаның қуаттылығы жылына 16,2 мың ірі қара мен 20-30 мың ұсақ мал етін өңдеуге лайықталған. Болашақта өңір кәсіпкерлері сырттан келетін ет өнімдерінің консервілерін қазақстандық, табиғаты бұзылмай сақталған Торғайдың таза өнімінен жасалған азықпен ауыстыруға күш салмақшы.

«Торғай Ет» комбинаты Елбасының өңіраралық кооперацияны нығайту тапсырмасына сай. Осыған орай, көршілес Ақмола, Қарағанды облыстарының басшылығы мен кәсіпкерлері комбинаттың ашылу салтанатына қатысты.

Аталған облыстардан шикізат тапсыру, дайын өнімге тапсырыс беру секілді келісім-шарттар жасалып, ел әлеуетін дамытуға сүбелі үлес қосылады деп күтілуде.

Келер жылы ет комбинатының қасынан 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорынды тұрақты түрде сапалы шикізатпен қамтуға жол ашады. Жұмысын енді бастаған комбинат желтоқсан айында ресми түрде ашылып, толыққанды пайдалануға беріледі.
Сөйтіп, Елорда халқын енді Торғайдың консервіленген етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр.

Гүлнұр МҰРАТОВА.

Қостанай қаласы.