Бүгінгі зымырандай ұшқыр уақыттың талабына сәйкес аз жылда еліміздің саяси әрі рухани орталығына айналған Астананың ажарын ашып, мәдени өрісін кеңейткен, мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатқан киелі орданың бірі – Елбасының кітапханасы.

Алайда, оны көру мүмкіндігіне астаналықтар мен оның қонақтары ғана ие болып келгені жасырын емес. Сондықтан, өткен жылдан бастап Елбасы кітапханасы еліміздің облыстарында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» деген тақырыпта ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі қор көрмесін өткізе бастады. Алдымен өз жұмысын Алматы мен Шымкентте бастаған көрме осы жылдың 18 қыркүйегінен бері Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде жалғастырып жатыр. Көрме әлі де бір айға созылмақ. Яғни, атыраулықтардың оны кеңінен тамашалауға толық мүмкіндігі  бар.

Бір ай уақыттан бері көрменің басты қызмет көрсетушісі болып отырған музей ұжымы бұл мәдени оқиғаға үлкен дайындықпен келді. Қазақтың біртуар суретшісі Ш. Сариевтің есімін иеленген музейіміз қай кезде де көрермен көңілінен шығуды басты мақсат етіп келеді. Бұл жолы да сол дағдымыздан жаңылмай, күнделікті жұмыс мерзімін ұзарта отырып жұмыс істеудеміз. Осы мерзім ішінде көрмені жүз мыңға жуық көрермен тамашалады. Облыс орталығы мен аудандардағы мектептердің педагогикалық ұжымдары мен оқушылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, түрлі саладағы мекеме қызметкерлері, ардагерлер, қала қонақтары көрмені тамашалауға лек-легімен келуде.

 

Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін кеңінен көрсететін «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты төрт бөлімді қамтып отыр.

«Елбасы жолы» бөлімінде Нұрсұлтан Әбішұлының өмір кезеңдерінен сыр шертіліп, өмір жолы рухани сананың қалыптасуын білдіретін тарихи үдерістерді сипаттау арқылы көрсетілсе, «Елбасы феномені» бөлімі Қазақстан Республикасының негізін қалаған, жаһандық кеңістікте қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Елбасының мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасу тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыруға дейінгі тарихи маңызы бар бастамалар арқылы көрініс табады. «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Қазақстан Республикасының сыртқы сарабдал саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілуде. Әрбір сый-сияпаттан бейбіт әлемді қалыптастырудағы Елбасының ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет басшыларының жеке құрметі айқын көрініп тұр. «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Мемлекет басшысының жаһандық үдерістердің тұрақтылығына қосқан үлесі үшін табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттары көрермен назарына ұсынылуда.

Шіркін, бұл дүниеде туған жерге жетер не бар?! Елбасымыздың туған жері – Алматы облысының Үшқоңыр жайлауы, Шамалған ауылы екенін кім білмейді? Сол ауылдың бір кездегі тіршілігінен белгі берер көзге ыстық жәдігерлер көрме төрінен орын алып, көрерменге үлкен тебіреністі сезім сыйлауда. Соның ішінде Президенттің анасының тігін машинасы, ұршығы, әкесінің ұсталық құрал-саймандары көрермендер назарын ерекше аударып отыр. Көрмеден 60-70 жылдардағы Днепродзержинск қаласындағы оқу жылдары және Қарағанды металлургия комбинатындағы жұмыс кезеңі туралы материалдарды да көруге болады. Днепродзержинскідегі оқу уақыты болашақ Мемлекет басшысының өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Дала баласына бұрын таныс емес кәсіпті меңгеру үшін көп әрі табандылықпен оқып, өзіне және өзгелерге қазақ баласының бұл мамандықты игере алатындығын дәлелдеуге тура келді. Осы кезеңді еске салатын құнды экспонаттарда Нұрсұлтан Назарбаев домна пешінің көрікшісі мамандығын игерген жас жұмысшы бейнесінде жоғары оқу орнын бітіріп, инженер-металлург және БЛКЖО ОК-нің туын көтерген жалынды комсомол ретінде бейнеленген.

Көрмеден бірнеше ғасыр бұрынғы жәдігерлер де орын алып отыр. Соның бірі – ел қорғаған Бөлек батырдың дулығасы да көрермен назарын өзіне аударуда. Болат металл мен табиғи тастардан нақышталған бұл жәдігер ХVІІ ғасырға тиесілі екен.

Президенттің балалық шағында отбасымен, кластастарымен, студент достарымен түскен суреттері, бестік бағаға толы кластан класқа көшу куәлігі мен аттестаты, мақтау қағаздары, комсомолдық билеті, жазу машинкасы, Елбасына кітаптарын сыйлаған әлемдік деңгейдегі тұлғалар мен қазақ ақын-жазушыларының қолтаңбаларының көшірмелері, әр түрлі мемлекеттер басшыларынан алған ордендері мен медальдары және кәдесыйлары, қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев кезінде ғарышқа алып ұшқан қазақ жерінің бір уыс топырағы салынған капсула, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің жерге қайтып оралуы кезіндегі суреті, 1995 жылы Қазақстанның Банкнот фабрикасының ашылу сәтін бейнелейтін фото, 1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен алғашқы ҚР Конституциясын қабылдау сәтіндегі сурет, Қазақстан Республикасы Әнұранының Елбасы қаламымен өңделген нұсқасы және Астана нақыштарын алға тартар суреттер көрерменді естен кетпес тамаша әсерге бөлеуде.

Осыдан бір ай бұрын өткен көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен БАҚ тілшілері және студент жастар қатысқанын айта кеткім келеді.

Көрмеде жүрекжарды лебізін білдірген Маxмұд Қасымбеков Атырау жеріне Елбасының арнайы тапсырмасымен келгенін айтты.

– Қасиетті Жайық өңіріне үлкен тариxи маңызы бар құнды жәдігерлер алып келдік. Біз бүгін Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың көшпелі музейін таныстырғалы отырмыз. Көрмеде бір мыңнан аса құнды жәдігер мен қолжазба, 50-ден аса мемлекет табыстаған марапат бар. Сонымен қатар, Елбасының тікелей нұсқауымен мұнайлы өлкеге 130 адамнан құралған Президент оркестрімен бірге келіп отырмыз. Бұл Елбасының Атырау жұртшылығына арнайы сыйы, – деді ол.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:

–Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев – егіз ұғым. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрған кезден-ақ Елбасымыз жеке жауапкершілік арқалап, барлық қазақстандықтардың қолдауымен әлемдік қауымдастықта өз орны бар мемлекетімізді құрған болатын. Осы кезеңде Президентіміз талай сындарлы сағаттардан өтті. Бүгінгі бейбітшілігіміз – сол еңбектің жемісі. Көрме барысында Елбасы туралы бұрын-соңды беймәлім болған ақпараттарды алып, әлемдік саясаттағы тұлғалардың еліміз, Көшбасшымыз туралы ой-пікірлерімен танысудамыз. Бұл шара – тариxи шара. Президент оркестрі көбіне өзге мемлекет, әлемдік державалар басшылары келгенде ғана өнерін көрсететін. Елбасы тапсырмасымен оркестрдің біздің жерімізге келіп, өнер көрсетуі біз үшін үлкен абырой, – деп тебірене сөйледі.

Иә, шынымен де, осы шара барысында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің музыкалық бағдарламасын атыраулықтар алғаш рет тамашалады. Өнер ұжымы республикалық конкурстар лауреаттарының орындауындағы 16 әннен тұратын музыкалық бағдарламаны ұсынды. Аталмыш бағдарлама «Кең далам», «Менің жерім, менің елім», «Елбасы», «Ұлы дала»  және басқа әндерден құралған еді. Жайық жұрты бұл концерттен тамаша әсер алды.

Ал, жазушы, композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның  еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов:

– Кәрі тарихтың ғасырлар бойғы толғағымен ел бағына туған біртуар тұлға – Тәуелсіздікті өз қолымен орнатып берген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының  ғажайып тағдыры, өмірі мәңгілік елдің ұрпағына үлгі-өнеге. Біз – бақытты елміз, – деген лебізін айтты.

Осы тұста Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының біздің музей жөнінде білдірген жүрекжарды лебізі де ойға оралып отыр. Сонау 1999 жылдың қыркүйек айында Атырауға келген сапарында музейге ат басын тіреген Президентіміз қолтаңба кітабына былай деп ақ тілегін арнаған екен: «Атыраудағы тұңғыш мұражай – ел өнерінің биік бейнесі. Халықты рухани тәрбиелеуге зор үлес қосады деп сенемін. Н.Назарбаев, 3/ІХ.1999 ж.»

 Төлеген ОРЫНБАСАРҰЛЫ,

облыстық Ш.Сариев атындағы

көркемсурет және қолданбалы

сәндік өнер музейінің басшысы.