Исатай ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналған «Тәуелсіздікпен нұрланған өңір» атты үлкен мерекелік шараға ауданның Құрметті азаматтары, мәдениет пен өнер қайраткерлері, еңбек ардагерлері, басқа да алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар жиналды.
Облыс әкімі Н.Ноғаевтың құттықтауын облыс әкімнің орынбасары Ә.Нәутиев жеткізді. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ еңбек ардагерін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Аудан әкімі Марат Мурзиевтің өнер қонған қасиетті өлкенің өткені мен бүгінгі өсіп-өркендеуіне арналған баяндамасында өңір шежіресіне толыққанды талдау жасалды. Аудан экономикасының дамуына, ауылдың көркеюі жолында аянбай маңдай терін төккен бес азаматқа «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Осынау торқалы той аясында ауданда біршама келелі істер атқарылып, елдігімізді насихаттау, жас ұрпаққа өткенімізді ұғындыру, тарихымызды таныту мақсатында дайындалған шежіре кітаптың таныстырылымы өтіп, жаңа туындының тұсауы кесілді.
Аудан тіршілігінің басы-қасында жүріп, әркез қамқорлық, демеушілік жасап жүрген жандарға «Жомарт жүрек» сыйлығы белгіленіп, «Ерен еріктілік» аталымы бойынша белсенді жас Ақерке Мәдиқызы, «Туған өлке» аталымында «Сазанқұрақ» кәсіпорны және «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Мейрам Ахметжанов марапатталды.
Мерейтой аясында Аққыстауда халыққа қызмет көрсету орталығы, Өркен ауылында жаңа спорт кешені ғимараттары пайдалануға берілді.
АВТОКӨЛІК МАҢҒЫСТАУЛЫҚҚА БҰЙЫРДЫ
Бәйге алаңында ауылдық округтер мен мекеме ұжымдары киіз үйлер тігіп, онда қолөнер бұйымдарының көрмесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Тұлпар мінген ер Исатай мен Махамбет бабамыздың рөлін сомдаған театр әртістері аламан алаңында жүріп өтті.
Жұртшылық делебесін қоздырып, тыныш таптырмайтын аламан бәйге мен жорға жарыстың жалауын белгілі қоғам қайраткері, олыстық Құрметті азаматы Мәдина Ғабдысалимова мен ауданның Құрметті азаматы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі малбегі Жұма Құсайынов көтерді.
Жорға жарысында қашықтығы жеті шақырымды құрайтын екі жарым айналымды шауып өткен жорғалардың ішінен белгілі кәсіпкер, ұлттық ат спортының жанашыры Ө.Жанбалаевтың жеті жасар жорғасы бас бәйгеге тігілген 500 мың теңге ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Ал, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданынан келген Ө.Төлегеновтің үш жасар қара жорғасы екінші, Нарын ауылдық округінен келген Ж.Сердекешовтің аты үшнші орынға табан тіреді.
Аламан бәйгеде тұлпарлар 28 шақырымды айналып өтті. Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан келген Ә.Таңатаровтың жүйрігі (шабандозы Б.Еркінұлы) алдына қара салмай, аламанның бас бәйгесіне тігілген жеңіл автокөлікті тақымдады. Ал, қалған екі жүлде де Батыс Қазақстан облысының тұлпарларына бұйырды. Екінші орынды Тайпақ ауданынан келген Қ.Биғазиевтің 4 жасар «Раушан» күреңі (шабандозы Э.Тасқынов) еншілеп, 1 млн. теңгеге ие болса, Ақжайық ауданының тұрғыны Ж.Сатпаевтың талай бәйгелерде топ жарған 4 жасар «Сұңқар» торысы (шабандозы Б.Дәренов) 3-орынды қанағат тұтып, 500 мың теңге сыйлықты қанжығаға байлады.
ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақ күресінен болған жарыста А.Зейнолла қарсыластарының бәрінен басым түсіп, бірінші орын иеленді. Қой көтеруден А.Өтегеновтің жолын ешкім кесе алмады. Арқан тартыс бәсекесінде Исатай балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымы бірінші, «АТП» командасы екінші, «Тұщықұдық» командасы үшінші орындарды олжалады.
Кір тасын көтеруден Ө.Тілепов, қол күресінен білектілердің бәрін жыққан Б.Шұғайыпов жеңімпаз деп танылды
ТУҒАН ӨЛКЕ – ТҰНҒАН СЫР
«Туған өлке – тұнған тарих, қазынам» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция «Жалын» мәдениет үйінде бастау алды. Туған жер туралы толғанысты жыр жолдарымен бастау алған ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан алдымен жиналғандарға қош келдіңіздерін айтты.
Конференцияда аудан әкімі Марат Мурзиев жиналғандарға арнап сөз алды:
– Қазіргі биік белестер – өткеннің заңды жалғасы. Өткеннің бәрі – тарих, ал тарихты заман жасайды, халық жасайды. Асты мұнайға, үсті адами рухани құндылыққа толы қасиетті өлкеде еңбекпен есейіп, еліне қалтқысыз қызмет қылған біртуар перзенттер де жетерлік,- деді аудан басшысы. Ол қасиетті Нарын топырағы небір дарынды, кемеңгер тұлғаларға кенде болмағанын айтып, Исатай баба ұрпақтарына, алыстан келген сыйлы қонақтарға ризашылығын жеткізді.
Конференцияның негізгі желісі тарихтан тін тартқан тарихшылардың толғанысты ойы мен тұшымды деректерінен тұратын тақырыптық баяндамалары болды. Шарада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары, тарихшы-исатайтанушы Амангелді Шамғонов «Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай», тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин «Исатай ауданындағы мұнай-газ кен орындарының қалыптасу тарихы», тарих магистрі Амангелді Жұмабаев «Новобогат ауданының Ұлы Отан соғысына қосқан үлесі», Қызылқоға ауданындағы Мұқыр орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ақтоты Ерғалиева «Туған ер Исатай ел бағына», Атырау қаласындағы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп мұғалімі Жанар Қойбақова «Исатай ауданындағы білім беру тарихы» тақырыптарында баяндамалар жасады. Баяндамалар бойынша жарыссөзде өлкетанушы Мұрат Бектенов, ауданның Құрметті азаматы Жұмажан Қадимов өз ойларымен бөліссе, Исатай Тайманұлының Жақиясының Шахметінен тараған ұрпақтарының бірі, бүгінде Исатай селосында тұратын ардагер теміржолшы Аманғали Құрманов та жиналғандарды ауданның торқалы тойымен құттықтап, батыр ұрпақтары туралы баян етті.
БІР СӘТКЕ СЫЙҒАН ТАРИХ
Торқалы той орталық стадиондағы театрландырылған көрініспен жалғасты. Аудандық мәдениет үйінің мамандары қолға алған «Тәуелсіздікпен нұрланған өңір» атты музыкалық бұл қойылым көптің көңілінен шықты. Мұнда ауданға қатысты әр кезеңдегі елеулі оқиғалар баяндалып, тарихи тұлғалар бейнесі сомдалды. Төрткіл дүниені дүрліктірген екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, аудан халқының жеңіс үшін еткен жанқиярлық еңбегі, сол үшін КСРО Қорғаныс министрінің ауыспалы Қызыл туын 3 мәрте жеңіп алғандығы, жеңістен кейінгі еңбек науқаны, бәрі рет-ретімен жұртшылықтың көз алдында өрбіп жатты. Ал, бишілер сол сәтті іс-қимыл арқылы көрерменге жеткізді.
Қысқасы, бір сағатқа жуық қойылымда шараға қатысушылар аудан туралы толықтай мәлімет алды десек, артық емес. Шарада, сондай-ақ, аудан өнерпаздары әсем әндерін әуелетіп, тұрғындар мен кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, музыкалық театрландырылған қойылымға 500-ге жуық адам атсалысты. Олардың ішінде ардагерлер, мұнайшылар, мұғалімдер, оқушылар, басқа да сала өкілдері бар.
ӘЛИ ӘН САЛДЫ
Кешкі концертте облыстың белгілі өнерпаздары мен елге танымал жас эстрада жұлдызы Әли Оқапов ән шырқады. Заманауи бағыттағы эстрадалық әнші, әсіресе, жастардың сүйікті өнерпазы саналатын әртіс патриоттық және жастарға арналған көңілді әндерін ұсынды.
Торқалы той мерекелік от-шашуға ұласты.
Аслан МҰРАТҰЛЫ,
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР,
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.
Суреттерді түсірген
Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ