Сағат Әбдуғалиев Мұхтарұлы 1948 жылы 22 ақпанда қазіргі Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған.  Алғашқы өлеңдері аудандық «Ленин жолы» газетінде 1963 жылы жарияланды. Кейін облыстық «Орал өңірі», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Жалын» альманағында басылды.

Оның 1980 жылы «Құлыншақ көктем», 1992 жылы «Көзайым келешек» атты жыр жинақтары жарық көрді. «Арыс» қорының тапсырысымен Т.Досымов Сағат Әбдуғалиевтің барынша толық жырлар жинағын құрастырып, 2008 жылы «Арыс» баспасынан «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» деген атпен жарық көрді.

1984 жылы Тайпақ ауылындағы қорымда жерленген.

 

КІНДІК ЖҰРТ – ҚАЗАҚСТАНЫМ

Тудырып пікір таласын,
Жайым жоқ елді екшемек.
Бөлмеймін қазақ даласын:
Жетісу,
Жайық,
Көкше – деп.

Даңқтан дарқан дәулетім,
Шабыттың шоғын шат үстеп.
Бөлмеймін баба әулетін:
Оңтүстік,
Шығыс,
Батыс – деп.

Оятып түнде үш рет,
Інжуің тапсын ізгі өлең.
Ұлы деп,
Орта,
Кіші – деп.
Бөлмеймін және «жүзге» мен.

Шапағат шағым шашты ірең,
Көңілді билеп құт кенен.
Жаудан да бетер қаскүнем,
Жұртымды,
Жерді жіктеген.

Жойылсын адам аласы,
Кеппеген күншіл ұрты удан.
Қарқара қазақ даласы,
Теңізі,
Тауы бір туған!

Жаңбырлы жаздың жалты игі,
Шалғынға түсіп шық теңге.
Қазақтың жаны аңқиды,
Жусаннан,
Қардан,
Сүттен де!

Арғымақ шалып қырларға,
Сүйемін күнді,
Ай төсін.
Рухымды көріп тұрғанда,
Руымды сұрап қайтесің?!

Бөлмеймін түрге түндікті еш,
Тұғырда тұрам тас түйін.
Қандары бірге кіндіктес,
Қарт Арал,
Ертіс,
Каспийім.

Төсеулі көрпе, төрі кең,
Табатын туыс,
Дос талай.
Жанымның бірге көгімен:
Гурьев,
Шымкент,
Қостанай…

Сарыарқа жері – сом алтын,
Бұрымы бидай,
Сәнді иық.
Маңғыстау – донор,
Жомартым
Ғасырға жатқан қан құйып.

Қаратау жері – қазынам,
Толағай істен тапты ырыс.
Сылыңғыр Сырдың жазынан,
Сырғасын қақты ақ күріш.

Бұлбұлға толы көгалы,
Жетісу жері – жыршы әлем.
Жайықтың бегей бораны,
Серілігің үшін бір сәлем!

… Сайраттың құмбыл құс тілде,
Жанымның жаз ағыстарын.
Тілегімнің сенің үстінде,
Кіндік жұрт – Қазақстаным!