— Биылғы жыл Махамбет атындағы қазақ Академиялық театр ұжымы үшін қуанышты жыл болды. Ұжым Академиялық театр атағын алды. Әлбетте, бұл — үлкен еңбектің, маңдай тердің нәтижесі. Осы орайда театр тарихына үңілсек. Сіз театрда көптен бері қызмет жасап келесіз, сондықтан, өзіңіз жасап жүрген ұжымда қандай атақты әртістер, азуын айға білеген атақты адамдар қызмет етті? Олардан үйренгеніңіз көп шығар? Осыны әңгімелеп берсеңіз.
— Біз театрға алғаш келген жылдары алдымызда атағы алты алашқа белгілі аға-апаларымыз болды. Бізге ақыл-кеңесін айтып, үйретуден жалықпайтын. Біз сол кісілердің өнегесімен өстік. Әлі де олардың айтқан сөздері, ойнаған рөлдері көкіректе сайрап тұр. Қазақстанның халық әртістері Қуат Төлеков, Алма Ахметова, Жұпар Манапова, Шапхат Әбуов, Аманбек Ихсановтармен сөйлесу тұрмақ, солардың көлеңкесін көрудің өзі біз үшін бақыт еді. Зиялылықтың исі аңқып тұратын тұла бойларынан. Оңай Жақсыбаевты мен көрмедім. Бірақ, қызы Әлия Жақсыбаева апаймен жұмыстаспын. Әрдайым тілеулестікпен қарап жүреді.
Құрманғали Доғалақовтың да көзін көре қалдық. Ол кісінің келіні Қазақстанның мәдениет қайраткері Анета Баетова біздің театрда қызмет етті, бүгінде зейнет демалысында болса да театрмен байланыста. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртістері Амантай Сұлтанғалиев, Темірболат Қыдырғалиевтерді де ұстаз тұттым. Темірболат Қыдырғалиев ағамыз «Күлкінің королі» атанған. Арқыраған Төлеген Қуанышов Қадыр Мырза Әлінің «Жаралы жолбарыс» спектаклінде Баймағамбет сұлтанның рөлін ойнап, Мысыр еліне барып қайттық. Ағамыз өмірден өткесін үш жылдан кейін Төлеген Қуанышевті еске алу шарасында театрда аталған пьесадағы Баймағамбетін ойнадым. Жақсы шықты. Жолдасы, әріптесіміз, маңдай тірер апамыз Хадиша Шәріпова бетімнен сүйіп, разы болды. Академиялық театр атағын алуға себеп болған сол кісілер. Аға буын болып ендігі жерде біз қалып жатырмыз. Театр анасы Әдемі Ділханова апамыз бар. Қарақалпақстанның халық әртісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Жанкелдиев ағамыз бар. Бұл тізбек Роза Шегебаева, Бақыт Құттымбетова, Мәдениет қайраткері Күнәйім Шамақова, Мәриям Өтешова, ертең 60-қа толатын Сәуле Бәйменова, Мағрипа Шәненова болып жалғаса береді. Мәдениет қайраткері Манатбек Мырзаханов ағамыз өмірден өткенімен, соңына өте жақсы рөлдер қалдырды.
— Ең алғашқы рөліңіз туралы айта отырсаңыз? Содан бері қанша рөл сомдадыңыз? Сізге айрықша ұнайтын драматургтар мен спектакльдер жайлы да айта кетсеңіз?
— Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театр жанындағы театр студиясын 1986 жылы бітіріп, курстасым Елтай Шаманов екеуіміз жолдамамен келдік. Келуімізге басты себепкер — Шапай Зұлқашев ағамыз. Біздің рөлде ойнағанымызды көріп, үміт етіп Гурьевке шақырып, алып келді. Ең алғашқы рөлім — Александр Володиннің «Қос жебе» драмасындағы Рубасы рөлі. Әкем болып Қуат Төлеков ойнады. Пьеса өте жақсы шықты. Осы спектакльмен 1989 жылы Алматыға бардық. Халық жақсы қабылдады. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бүркіт рөлін ойнадым. Маған ұнамайтын репертуар жоқ. Драматургтардың жазған спектакльдерін таңдап-талғап алатындықтан, ұнамайды деуге хақымыз жоқ.
— Неліктен әртіс болуды қаладыңыз? Бүгінде сол таңдауыңызға өкінбейсіз бе? Қазіргі таңда асаба болып жүрген әріптестеріңіз де көбейіп кетті. Кәсіби өнерді соншама төмендетуге не себеп? Кәсіби актердің асаба болуы дұрыс па, әлде, оған қарсысыз ба?
Өзім Алматы облысы Нарынқол ауданы Текес ауылында, Хантәңірінің етегінде туып-өстім. Мұқағалидың ауылымен көрші тұрғандықтан ба екен, әйтеуір ақынжанды болып өстім. Қазір де өзіме ұнаған өлең жолдарын жаттап алып, айтып отырамын.
Әскерден келгесін Алматы ауылшаруашылық институтына оқуға түстім. Біржарым жыл оқыдым, жүрегіме қонбады. Өзге бір әлемде жүргендей едім. Бір күні ойламаған жерден хабарландыру көрдім. Әуезов атындағы театр жанындағы студияға студенттер қабылдайды екен. Соған барып емтихан тапсырдым. Үміткер болып келген 70 абитуриенттің 12-сі ғана оқуға түсті. Алты ұл, алты қыз. Могиканның соңғы тұяғындай көрінетін театр корифейлері Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаевтар емтихан алды. Сонда оқи жүріп, сол кісілермен сахнада бірге жүрдік.
Біреулер «анадай табиғатты тастап қалай келдіңіз?» деп жатады. Мен осы жерден ең алғаш еңбекке араластым, үйлі-баранды болдым. Достар таптым. Ән айттым, домбырада ойнадым. Өзім жылап, өзім күлем. Студияға түсерде тапсырған емтиханда «күн ыстықта көлеңкеде жатқан итті ойна» деді. Ит болдым, алдыма итаяқпен тамақ қойды. Итпен ойнап өскен ауыл баласымыз ғой. Күн ыстықта көлеңкелеген итті білемін ғой. Қойған тамақтарын сылпылдатып ішіп алып, аяқтарына оратылып, бұта түбіне бір аяғын көтеріп сарыған итті келтіріп едім, бәрі күлді. Менің ойыныма разы болды.
ЮНЕСКО көлемінде тойланған Махамбеттің 200 жылдығында Орал қаласында фестиваль өтті. Сонда Жәңгір хан рөлін ойнап, лауреат атандым. Одан кейін 2006 жылы Ақтауда өткен Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына арналған республикалық фестивалда лауреат атандым. Асан рөлін ойнадым Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзіндегі». Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Махамбет атындағы, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасында басты рөлді сомдасам, «Нұржауған ғұмыр» пьесасында Жамбыл рөлін шығардым. Қадыр Мырза әлінің «Жаралы жолбарыс» драмасында Баймағамбетті ойнадым. Рахымжан ағамыздың «Бас» спектаклінде әуелі Нұрлан Балғымбаевты сахналасам, кейіннен Ноэль рөлінде көрерменмен көрістім.
Әртіс болғаныма өкінбеймін. Мен құрылысшы бола алмаймын, басқа жұмыс қолымнан келмейді. Баяғыда сал серілер тойда жүрген. Той — қазақтың қазынасы. Шақырған жерден қалмаймыз, шақырмаса бармаймыз.
— Театр труппасымен талай рет шетелдерде болдыңыз. Қай елдерді көрдіңіз? Олардың театр өнері қалай дамыған екен? Сіздер қандай пьеса алып бардыңыздар? Нәтиже қандай болды? Шетелдік әріптестеріңізден үйренгендеріңіз көп пе?
— 2018 жылы қыста Мәскеуге бардық. Г. Пряхиннің «Тергеу» спектаклімен. Жақсы қарсы алды. Ежелгі дүние өнерінен Еврипидтің «Медея» спектаклімен Македонияға бардық. Халық жақсы баға берді. Р. Отарбаевтың «Жасын ғұмыр» пьесасымен Түркияға, Анкара қаласына бардық. Бұның бәрі басшылыққа байланысты. Рахымжан ағаның, Берік Жәменовтің еңбегі зор. Қаржы тауып, басшылармен келісіп. Басқа елдердің спектаклін көріп, тәжірибе алмастық. ЭКСПО-ға бардықИран Ғайыптың драмасы «Сүйінбаймен». Онда да ел ризашылығына бөлендік. Астанада Әшірбек Сығай атындағы фестивальде 1 орын алдық Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт» спектаклімен. Гүлназ қызымыз дайындаған. Режиссурадан да 1-орын алды. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе.
— Академиялық театр репертуары бай. Соның ішінде өзіңіздің көңіліңіздер шығатын драмалық шығарма туралы айта отырсаңыз. Несімен ұнайды ол Сізге?
— Оралдан жас режиссер келді. Мұханғали Томанов. Жанат Телтаев деген өз режиссеріміз де жас. Гүлназ Қамысбаева қызымыз да бар. «Сүйінбаймен» аштық сахнаны Алматыдағы фестивалда. Шыңғыс Айтматовтан «Бетпе-бет» пьесасын Мұханғали Томанов қойды. Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт» драмасы да барды Гүлназ қойған. Жақсы бағаланды. Есенжол Домбаевтың «Келін» комедиясы да барды. Репертуардың бәрі жақсы. Өйткені ол таңдап алынған.
— Сіздің ұжым — талантты жандар шоғыры. Солардың ішінен кімдерді болашақтың жұлдызы атар едіңіз? Неге?
— Театрда бүгінгі таңда ерекше жағдай болып жатыр. Жастар да атақ алып жатыр. Театрға еңбегі сіңген бірден-бір адам деп Рахымжан ағайды ерекше айтар едім. Біліп айтып, тіліп айтып, «театрды қайтсем алға сүйреймін?» деп жүріп өмірден өтті. Кім ойлаған, ол кісі кетіп қалады деп? Өмір бірақ жалғасады ғой. Жоспарланған жұмыстар өтіп жатыр. Жастардың бәрі талантты.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА