Бақытгүл БАБАШ – 1981 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері.

«Алтын қалам», «Үркер-үміт» әдеби байқауларының, республикалық мүшәйралардың жүлдегері.

ҚР Жазушылар Одағының мүшесі. 

 

Жетім қозы

Кезім еді жерден жылу іздеген.
Жайлау барып, жан сырымды тізбек ем.
Құлдыраңдап шыға келіп алдымнан,
Жетім қозы, қонақтаттың көзге өлең.

..Мен де сендей құсалымын, шерлімін.
Әкем бар-ды, қойнына алды жер бүгін.
Жалғыз шешем… жетілмеген жетеуміз…
Қорған болар, орман болар енді кім?

Мен де сендей маңырамай отыққам.
Жан жарамды жазды уақыт, атып таң.
Рас, кейде кеуде тұсым сыздайды,
Рас, кейде кеш қаламын бақыттан.

Әкесіздің сен де көрдің талайын,
Жетесіздің мен де көрдім талайын.
Артта қалсаң, ақылсызға балайды,
Оза шапсаң, күндейді көп ағайын.

Мұңды қылған мұнар-күннің кәрінен,
Жалқы Тәңір тауып берді жаныма ем.
«Жетім қозы-тасбауыр» деп алдайды ел,
Жетім қозы — мейірімді бәрінен!

..Осы бір жай езіп кетті еңсені.
Ертегі енді ерке кездер естегі.
Қара жолға қарауменен қамыққан,
Жесір шешем… жетім қозы… кеш мені!

 

Сағыныш қалды көзімде

Есте жоқ қашан,қай күні,

Кезіктім кенет өзіңмен.

Төгіліп гүлге таң нұры,

Төзімі үнсіз көз ілген.

 

Амал не, асау сезімдер

Үмітті көзін тез ілсе.

Сағыныш қалды көзімде

Оянам жылап, өзің ше?

 

Бақыт па, не бұл, сор, қайғы?

Қалдым мен үнсіз, шарасыз.

Өмір бұл, мұнда болмайды

Жан-мұңсыз, жүрек- жарасыз…

 

Жетім жел үні таңда ызғып,

Жүрекке мұң боп тарады.

Әйтеуір шерлі жалғыздық,

Айналып мені табады.

 

ДЕРТІҢЕ ҚАЛАЙ ТӨЗЕМІН

Дертіңе қалай төземін, сенсіз де сынық қанатым.

Адасқан мен бір сөз едім —  Тәңірім ғана табатын.

 

Жазмышым жұмбақ жасырған, жауабын мен де ұмыттым.

Жаураған мұздай ғасырдан, жанымды неге жылыттың?

 

Жылыттың неге жанымды, өртеніп кетсін дедің бе,

Ұмытып мүлде барымды, дерт еміп кетсін дедің бе?

 

Көрдім де сені, күйге ендім – қалықтап көкте жүргендей.

Үміттенуді үйрендім – үркеншек көңілім үндемей.

 

Жер басып жүрген сүлдем тек, ақша бұлт болды аңсарым.

Мен мүлде өмір сүргем жоқ – армандауменен шаршадым!

 

Тұман да тұман таңдардан, қалайша таптың сен мені,

Жазылмай қалған маңдайға, ей, тағдырымның кермегі?!!

 

Тұмар қып жырға тағатын, қасиет тұнған көз едім.

Сенсіз де сынық қанатым.Дертіңе қалай төземін???

 

МЕН – БАҚЫТТЫҢ ГҮЛІ ЕДІМ

Мәңгілікке мекендеген Күн елін,

Мен – Бақыттың Гүлі едім.

Келіп еді,

Сенің ғана жанарыңда бүр жарып,

Сенің ғана жүрегіңе түнегім.

 

Көзді арбаған көбелек боп серігім,

Жүргенімде жанымды жеп жегі-мұң,

Жолықтырдым!

Сендей болып аялайды мені кім,

Мендей болып саялайды сені кім?

 

Мағынасыз күндерімнен мән ұғып,

Көктен түскен күміс шыққа малынып,

Өтем, жаным,

Қысқа ғана ғұмырымда, өзіңді,

Әлемде жоқ ақ сезіммен сағынып…

 

Сабағыма Тәңір сызған сөзім бұл:

Мен – гүл едім, күлтесі аппақ, көзі – нұр,

Бақ қыламын десең-дағы өзің біл,

Лақтырамын десең тағы — өзің біл,

Жаным!!!