МЕРЕЙГЕР ӨМІРДЕРЕГІ:

 ШАЛАХМЕТОВ Ғаділбек Мінәжұлы – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан және Ресей Ұлттық жаратылыстану ғылымдарының, Халықаралық теледидар және радио академиясының академигі, қоғам қайраткері, публицист. Халықаралық теледидар және радио академиясының мүшесі. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық қатынастар клубының жетекшісі. «Құрмет» орденінің иегері.

1943 жылы Астрахань облысының Камызяк ауданында туған. Еңбек жолын 1966 жылы Қазақ политехникалык институтының металлургия факультетін бітірісімен Қазакстан ғылым академиясының Металлургия және байыту институтында қарапайым жұмысшы болып бастаған.

Мәскеудің сценарий жазу және режиссуралық жоғарғы курсын 1976 жылы бітіреді.

Кейін қазақ теледидарында, мемлекеттік кинода комментатор, бөлім меңгерушісі, бас редактор болып істеп, 1986 жылы ҚКСР Теледидар және радиотаралым жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағалығын атқарды.

1991-1992 жылдары Президенттің баспасөз хатшысы. Мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалады. Әр жылдары «Қазинформ» қазақ акпараттық агенттігінің Президенті, «Самрұқ» АҚ Президент кеңесшісі болған. 2004-07 жж. ҚР Парламент мәжілісінің депутаты.

Күні бүгін 2009 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі.

300-ден астам ғылыми және публицистикалық еңбектер жазған. Өткен 2017 жылы Мәскеуде «Пятый сон» атты кітабы жарық көрді.

 

Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов – қазақтың бетке ұстар, мақтан тұтар ардагер азаматының бірегейі. Ол – ұшан-теңіз білім мен үлкен эрудицияның иесі. Қазақтың теледидар және кино өнеріне еңбегі сіңген ірі ұйымдастырушы. Мемлекетіміздің Тәуелсіздігін көсемсөзбен, көркем оймен көмкерген публицист. Халқының сөзін сөйлеп, сойылын соққан қоғам қайраткері, мемлекеттік қызметкер.

Бір басынан асып, артылатын атағы бар ағамыз өмірде тым қарапайым. Қосшы болған, басшы болған тұсында да сұс көрсетпей, сыпайы қалпынан айнымайтын аса білімпаз адаммен заманында қызметтес болғанымды, аға тұтып алдынан өтпегенімді мақтан етемін.

Қасымызда тұрған Хажы-тарханда (Астраханда) туған, бірақ, жерлестік, рушылдық дейтін пәлені білмейтін, орысша өсіп-өнген Ғаділбек Мінәжұлының жүрегі де, жүріс-тұрысы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігі де қазақы қалыптан шыққандығын айқын аңғартып тұрады.

Ресей жерінде өсіп, орысша жоғары білім алған, қазақша тіпті де тіл сындырмаған Ғадекең қазір басқа тілде бірауыз да сөйлемейді. Бұл –үлгі тұтар қасиет. Мұқағалиды, Қадырды жатқа соғады, орыс тіліне аударады, өзі де өлеңнің өрен жүйрігі. Әсіресе, туған жері Құмөзек, өскен елі Атыраудың ақсамалы, айдын көлі оның көкейінде жыр болып сайрап тұр. Жанбай мен Зейнеден ауылы (Забурын) ата-бабасының табанының ізі қалған жер. Оны жырламасқа бола ма?! Міне, Ғ.М.Шалахметовтың шығармашылық бір қыры.

Қазақтың политехникалық институтынан металлург мамандығын алып шыққан жас жігіт қолынан қаламын тастамай ақыры Мәскеудің режиссерлер мен сценаристер дайындайтын жоғары курсынан бір-ақ шығады. Бұл Шалахметовтың бақытты жолының бастауы болды. Осыдан соң-ақ бағы өрге өрледі, басы төрден көрінді. Қазақ теледидарында, Мемлекеттік кино комитетіндегі басшылық қызметтер, шығармашылық жұмыстар Ғаділбек Мінәжұлының іскерлігін, шеберлігін дәлелдеп берді. Сол кезде көптеген таланттарға жалын сипатпайтын Бүкілодақтық «Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты» атағы оған «Сынақ» атты телефильмі үшін берілді. Кейін бұл телефильм 1978 жылы Германияның Лейпциг қаласында өткен Халықаралық фестивальде де сыйлық алды.

Әрине, басшы болып ел басқару да, сол елді басқара жүріп, шығармашылықпен тынбай айналысу да кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Өзім көрген осындай қайраткерлердің бірі – Камал Сейітжанұлы Смайлов та, екіншісі осы Ғадекең. Қазақ теледидары мен радиосын осы екі тұлға басқарған тұста журналистер нағыз демократиялық өмір кешті. Әділдік, ашықтық, журналистерді жан-жақты қолдау, қорғау – бұл кісілердің негізгі жұмыс стилі.

1978 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінен Қазақ теледидарына ауысып келгенімде, алдымен байқағаным жастарды қолдау, тың дүние әкелгендерді әлпештеу басым екеніне көзім жетті. «Тамаша» ойын-сауық отауы» да осындай қамқорлық арқасында өріс тапты.

«Бұл қазақтар оңаша жиналып алып, неменесіне күледі, кімді келеке қылады?» деген Колбинге «Тамаша» орыс тіліне аударылып берілді. Өйткені, жаңағыдай басшының сөзінен кейін «Тамашаға» жабылып қалу қаупі төніп тұрды. Сөйтіп, Ғаділбек шығармашылық топты төніп келген «ажалдан» құтқарып қалып еді. Ал, шындап келгенде сатираның, оның ұңғыл-шұңғылдарын, астарын аудармамен жеткізу оңай шаруа емес-ті. Бірақ, бұл арада қазақ өнері, қазақ намысы жеңіп шықты. Өйткені, бұл шараның басы-қасында жан-жүрегі қазақ Ғаділбек Шалахметов тұр еді. «Тамаша» талай рет тайталасқа түсіп, ту-талақайы шығып жатқанда да қамқорлығын аямаған Ғадекең Елбасының жанында жүріп, баспасөз хатшысы қызметін атқарды, өнерді аялады, жақсылығын аямады. Қазақ теледидарында қызмет істеген талай аяулы азаматтардың алғысын алды. Міне, қазақ елінің шынайы азаматы осындай болуы керек.

Мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясын ең алдымен қазақ  Ғ.Шалахметовтың басқаруы жайдан-жай емес. Адамдармен тіл табыса білу, шығармашылықтарын шынайы бағалау – нағыз төбе бидің ісі. Ғадекең бұрынғы КСРО телерадиокомитеттерінің төбе биі болды және бұл қызметті аса абыроймен атқарды.

Қай қызметте жүрсе де адал жүрекпен, ақ ниетпен Қазақ елі үшін тер төгіп, көз майын тауысқан Ғадекеңнің Парламент Мәжілісінің депутаты болғаны, қазіргі кезде Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет етуі – ұлтқа қызмет етудің үлгісі, жас ұрпаққа өнеге болатын өмірбаян иесі.

Осыдан алты-жеті жыл бұрын өзінің достары Мұрат Әуезовпен, Сәтімжан Санбаевпен, Амангелді Тәжібаевпен бірге «Каспий: Мұнай және Мәдениет» атты экспедиция құрып, ел аралады. Ал, биыл атақты правитель Мақаш Бекмұхамедовтың немересін, туғандарын алып келіп, Атыраудың мәртебесін бір көтеріп тастады.

Туған ел үшін туылған Ғаділбек Шалахметов әрдайым осындай шығармашылық өмірмен тыныстайтын заманымыздың заңғар тұлғаларының бірі.

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш», Мақтымқұлы сыйлықтарының иегері