Светқали Нұржан – 1962 жылы 15 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Түпқараған  ауданы, Қаңға баба ауылында туған.  1986 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін бітірген.  Светқали Нұржанның өлеңдері облыстық және республикалық мерзімді баспасөзде, студенттердің жыр жинағында («Аудитория», 1984) жарияланған. 1993 жылы «Аруана» атты жеке жинағы, бұдан кейін үш томдық «Таң қауызын жарғанда» жинағы (2002) жарық көрді.                                      Дарын мемлекеттік сыйлығының (1996), Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының иегері. 2017 жылдың 5 желтоқсанындағы ҚР Президентінің жарлығымен Құрмет орденімен марапатталған.

 

ІҢІРДЕГІ ЖЫР

Түрленгенде құбыла,

Сырласамын ымыртпен –

Менің көгіс мұңыма

Қызыл ірең жүгірткен.

Малдас құрып отырсаң

Ымырт түсе төбеде –

Үйде жанған соқыр шам

Сезім құяр денеге.

Көшпелі алтын – жал-жал құм,

Қыр – жиделі,

ой – байсын.

Сондай сәтте жалғанның

Жалғандығын ойлайсың.

Бу ұшады өңірден

Көбігіндей бозаның…

Түседі еске

өмірден

Менің де ертең озарым.

Түсінбеймін Құдайды –

Кең ғой менің мекенім –

Мына Жұлдыз,

мына Айды

Қалай қиып кетемін?!

Толқып –

жұлдыз-құртты езе

Сорпа-теңіз – жел ішкен. –

Төгіледі бұлт-көже

Сәл қисайған шөміштен…

Елтем сансыз елеске,

Қайтем –

соны көп көрсе?!.

Отырамын дөңесте,

«Шабансары» жеткенше…

Бар ма, Тәңір, мұрсатың? –

Жарымды ерте жылатпа.

Бұл ғұмырдың бір сәтін

Қимаймын мен жұмаққа.

Ай мұрыны пістедей,

Көрмей кетсем сусадым…

Қалай жатам иіскемей

Туған жердің жусанын?!.

Шәуілдетіп желді үргіз,

Ақ қауырсын қара түн, –

Тесіп өтсе оқ-жұлдыз

Құсжолының қанатын.

Түннің демін Ай жұтты,

Елтиді оған асқар шың.

Осыншама байлықты

Артқа қалай тастарсың?!.

Жан беруші Құдірет –

Таңғаламын мен кейде –

Пендесімен бір ірет

Келісімге келмей ме?..

Өксіп сансыз өтті арман, –

Бізді де ілер қармаққа.

Ешнәрсе алып кеткен жан

Жоқ дейді ғой ар жаққа.

Ғұмырдың жоқ төлемі,

Не дер екен ендігі ой?..

О дүниенің кедені

Тым қырағы болды ғой…

Талай келген бәйгіден

Дәурен бізден қалады, ә? –

…Бірақ… ана-оу Айды мен

Алып кетем молама…

09.05.97 ж.

Шынжыр қыстағы.

 ҚОС АҚҚУ МЕН ЕГІЗ ШЫҢ

               ЖАЙЛЫ ХИКАЯ

Айгүл Үлкенбаева мен Сәуле Жанпейісоваға

 

Жатқан шақ-тын тас көктеп, тау көгеріп,

Жүрген едік тірлікпен әуре болып.

Маңғыстаудың түндігі бір желп етті,

Алматыдан Айгүл мен Сәуле келіп.

«Өнерінде бұл елдің бөлек із көп, –

деп екеуі келді күй, өлең іздеп. –

«Үш жүз алпыс әулие күңіренген»

Маңғыстауын Елдостың* көреміз», – деп.

Жатыр еді еңсемді езіп аспан,

Қос қыз келді – өзі күй, өзі дастан.

Ән-дария құйғанда, күй-дария –

«Кәрі Каспий қаракөк көзін ашқан».

Жүре алмайтын жан едік жайда қарап,

Ән самғаса – ұшатын қайда қанат?..

Ісін тастап кейбіреу кеңседегі,

Амандықтар* тамсанды Айға қарап.

Ұйқы қашып көп көзден бұл түндері,

Көп көңілдің қос аққу құртын жеді…

Ізбасар-жыр* ілгегін ағыта алмай,

Күріш-көмей* қайтадан бүлкілдеді.

Күй дүрмегі дүбірлеп, жыр дүрмегі,

Сері кеуде айқара түрді іргені.

Қапысыз кеп қыран-ән шүйген кезде,

Жерде қашқан құлан-күй ілдірмеді.

…Алып қашып жөнелген қырдың желі –

Әкеледі-ау аңыз ғып бір күндері?..

 

 

 

 

 

 

 

 

ТАСҚА СІҢГЕН

Бір қыз көрдім мен таудың өңешінен,

Қалғым келмей айрылып елесінен,

Жанұшыра жүгірген мені көріп,

Адасқан деп ойлады ел есінен.

Жаным ұлып, сөнердей ғаріп үміт,

Айқай салдым – қылдым да бәрін ұмыт.

Даусымды естіп артына сәл бұрылды,

Дидарына жүректің қаны жұғып.

Мені көріп жүзімнен өпті демі,

Оралмады мойныма тек білегі.

Аяй қарап сынықсып тұрды да үнсіз,

Жалт бұрылып қайтадан кетті кері.

Кетті кері. Қақпасын ашты асығып,

Қалды артында қураған қасқа шыбық.

Көйлегінің орнында сағым толқып,

Жоғалды қыз без қара тасқа сіңіп.

Өрмелеймін биікке мен де аз аттап,

Түрпілі сөз, тікен көз енді азаптап.

Қара тасқа үңілген маған қарап,

Мәз болады етекте ел мазақтап.

Мені аймалап биіктің боран, желі,

Жолды бітеп тастады соғар кері.

Шуылдасқан көп елге етектегі

Қайтып барғым келмей жүр содан бері.

Жас домалап көзімнен тастан да ірі,

Езеді кеп еңсемнен аспан жүгі.

Мен қалайда сол қызға жолығамын,

Қара тастың қақпасын ашқан күні…

23.10.95 ж.

Ақтау шәрі.