«Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан үзінді

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ұлттық жобасын жүзеге асыру міндеті жүктелді. Біздің облысымыздағы тарихи нысандарды сараптау мақсатында биылғы жылдың 28 мамырында аталмыш жоба хақында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің жетекшілігімен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның барлық киелі орындары бойынша кең ауқымды кешенді зерттеу жүргізу, материалдарды жинау және жүйеге келтіру. Археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше құрметтелетін діни нысандар, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты киелі жерлерді картаға түсіру көзделуде.

Ішкі туризмді дамыту аясында жобаның маңызы зор. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешені, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тараздың ежелгі ескерткіштері, Бекет ата кесенесі, Алтайдағы көне қорымдар, Жетісудың киелі мекендері және басқа да жерлерді сабақтастыра келе, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Еліміздің әр өңірінде бірлескен ақпарат жинау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс тобының құрамына өлкетанушылар, тарихшылар, ғалымдар және облыстық музей, архив, кітапхана және тарихи-мәдени мұраны сақтау инспекциясының басшылары енгізілді. Отырыс барысында өңірдің 13 тарихи-мәдени нысаны бекітілді. Атап өткен жөн, облысымыздан төрт тарихи нысан – Ақмешіт қорымы, Сарайшық қалашығы, Ұшқан ата мен Махамбет Өтемісұлының кесенелері Қазақстанның киелі орындарының жалпы тізіміне енді.

Пікір:

Мұхамбетқали Кипиев, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы:

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына кіретін «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша инспекцияның бастамасымен көптеген жұмыстардың жоспары жасалды. Атап айтсақ, жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында далалық экспедицияға шығу, тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығын дайындау және басып шығару, тарихи-мәдени мұраларымызға қатысты деректер іздестіру мақсатында Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларына археографиялық іссапарға шығу, киелі жерлердің орналасу сызба-картасын дайындау сынды міндеттеріміз бар. Бұл жұмыстар 2017-2018 жылғы жоспарға енгізілді».

 

АҚМЕШІТ ҚОРЫМЫ

Ақмешіт – тек тарихи және көркемдік жағынан емес, сонымен қатар, зор рухани мағынаға ие болатын ескерткіштердің бірі. Тарихи нысан Атырау облысының Жылыой ауданында Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде атақты діндар, ағартушы Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813) туып-өскен.

Аңызға сүйенсек, Бекет ата төрт мешіт салды, алғашқысы осы Кұлсарыдағы Ақмешіт. Оның қабырғалары қатты бор жынысынан қашалған. Мұнда Бекет атаның әкесі Мырзағұл, анасы Жәния және бауыры жерленген. Екіншісі, борлы жартастарда Бейнеу ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан, үшіншісі Үстірт жонында Байшатыр деген жерде, соңғы төртіншісі Оғланды шатқалында борлы жартас мүйісінде салынған. Ол акустикасы осы күнге дейін жақсы сақталған жеті бөлмеден тұрады.

Ақмешіт қорымы рухани, тарихи және сәулетті ескерткіш болып табылады. Қорымның негізгі нысаны – Жем өзені бойында орналасқан жер асты мешіті. Мешіттен басқа Ақмешіт қорымына 32 құлпытастан, екі қойтастан, екі күмбезді кесенелерден және бір сағанатамнан тұратын орындар кіреді.

САРАЙШЫҚ ҚАЛАШЫҒЫ

Сарайшық орта ғасырлардағы ең ірі дамыған қалалардың бірі болды. Қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында орналасқан. Мұнда Ноғай ордасы ханының, кейінірек, алғашқы қазақ хандарының ордалары орналасқан. Сарайшықта жеті хан жерленген: алтынордалық – Сартақ, Берке, Тоқтақия, Жәнібек (өзге деректерге сәйкес, Меңгу Темір хан да осында), қазақ ханы – Қасым және ноғай хандары Измаил мен Ораз жерленген.

Тарихи-мемориалдық кешені 1999 жылы 2 мамырда басталып, сол жылы 3 қыркүйекте ашылды. Кешен құрамына хандар пантеоны, мешіт және мұражай кіреді.

Хандар пантеонының идея авторы – сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Биіктігі – 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға, қара мәрмәрға жазылған хандардың есімдері, хандық құрған жылдары жазылған.

Мешіттің ұзындығы он үш, ені алты жарым метр. Ішкі бөлігіне Михраб, Мінбарлар қойылған. Келушілер әуелі мешіт үйіне кіріп Құран оқытып, дұға етеді. Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылып, XIV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған.

ҰШҚАН АТА ҚОРЫМЫ

XIV-XV ғғ. тұрғызылған кесене Жылыой ауданы, Құлсары қаласының оңтүстік шығысына қарай 50 шақырым жердегі Мұнайлы кентінде орналасқан. Бір деректерде кесене атауын Ұшқан ата әулиенің есімімен байланыстырса, екінші деректе қазақ пен қалмақ арасындағы шайқасқа байланысты «үш қан» деген мағынаны білдіреді деген аңыз бар. Мұнда 200-ден астам қабір орналасқан. Қорымдағы кесене-ескерткіштердің дені жинақылығымен ерекшеленіп, Жем және Сағыз өзендері тобына жатады.

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ КЕСЕНЕСІ

XIX ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, баһадүр батыр Махамбет Өтемісұлының жерленген жері  Индер ауданы, Индербор кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы Қарой жазығында орналасқан. 1995 жылы  Махамбет бабамыздың басына мазар тұрғызылды.

Сәулетті ғимарат шомбал күмбезбен аяқталатын және қондырма барельефтерімен безендірілген көпқырлы мұнара болып табылады. Құрылыстың өзі бетоннан жасалған, бірақ сыртқы және ішкі өрнегінде ақ ұлутас пайдаланылған. Жалпы биіктігі 12,2 метр.

1846 жылы 19 қазанда қазақтың ақберен ақыны Махамбет Өтемісұлы жаулары жіберген жалдамалы жендеттердің қолынан опасыздықта қаза тауып, Қарой жазығына жерленеді.

Жоғарыда аталған өлкеміздегі төрт тарихи нысанның «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» тізіміне енгізілгеніне мақтанышпен қарап, ендігі кезекте сол тарихи-мәдени мұрамыздың сақталуы жолында атқаратын қыруар еңбегіміз бар екендігін есімізден шығармағанымыз абзал.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау облысы.