Осыдан тура бір жыл бұрын Атырауда нан және кондитер өнімдерін шығаратын «Дәулет нан» наубайханасы өз жұмысын бастаған болатын. «ТрансТехИнтернэшнл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыттың құрылыс жұмысын «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырды.

Аталған жобаның іске асуы – Елбасының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен жүзеге асқан. Жобаның құны – 1,5 млрд. теңгені құраған болса, соның 680 миллион теңгесі Ұлттық қордың үлесінде, ал қалғаны жобаны іске асырушы кәсіпкердің жеке қаражаты.

«Дәулет» индустриалды аймағының құрамына консерві дайындау, ауыз су, тігін, макарон цехтары және «Дәулет нан» зауыты кіреді.

«Дәулет нан» зауытында белгілі Нидерланды, Германия сияқты еуропалық брендтердің жоғары технологиялы нан-тоқаш пісіретін жабдықтары, жалпы құны 880 миллион теңге болатын Швейцарияның автоматтандырылған желісі орнатылған.

Үрдіс толықтай автоматтандырылғанымен, зауытта 90 жұмыс орны құрылған. «Дәулет нан» зауытының қуаты – ауысымда 18 тонна дайын өнімді құрайды.

 

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Атырау қаласы бойынша жұмыс істейтін 13 наубайхананың барлығын қоса алғанда қуаттылығы тәулігіне 33 тонна.

Зауыттың ассортиментінде ұннан жасалған 55 түрлі тағам бар. Әсіресе, бидай наны, қарабидай, тәтті нан, бөлке, тоқаш тағамдарына деген атыраулықтардың сұранысы күн санап артып келеді.

Жобаның бірегейлігі – нанға ашымаған ұйытқының салынуы болып табылады.

Наубайханада өндірілген өнім кәсіпорынның арнайы автокөліктерімен «Дәулет-Нанның» Атыраудың әр ықшам ауданындағы 23 фирмалық дүкенге таңнан жеткізіледі. Сонымен қатар, зауыт өнімін бірқатар аудан халқы да тұтынуына мүмкіндік туды.

Нан зауытындағылардың басты қағидасы – отандық өндірісті дамытып, «Қазақстанда жасалған» белгісінің ең сапалы үлгісі болу, тұтынушыға өнімдерін  қолжетімді бағамен ұсыну. Олар тұтынушы тілегіне жауап беру үшін нан пісірудің жаңа технологиясын игеруде. Мұнда технологияны арнайы шақыртумен келген Рита Тимофеевна Москаленко, Ольга Борисовна Липперт сынды жоғары білікті мамандар өндірістің жауапты учаскелерін басқарып жүр.

Рита тарихи Отаны – Украинаның Донецск облысында оқып, білім алды. Тұрмыс құрды, балалы-шағалы болып, немере де сүйді. Бірақ, елдегі саяси ахуал шиеленісіп, тұрмыс қиындаған тұста осыннан пана тапты. Қазір зауыттың нан өнімдерін дайындау цехының технологі.

Бұрын Украинада осы мамандығым бойынша қызмет еткенмін. Қазір Қазақстанға келіп, мамандығыма сай жұмыс жасап жатырмын. Елдегі ұлттар арасындағы өзара келісім, достық пен туысқандық, ынтымақ пен бірлік, тұрақтылық саясатының мықты екендігіне көз жеткізгендеймін. Лайым да солай бола бергей! , — дейді Рита Тимофеевна өз әңгімесінде.

Неміс қызы Ольга Липперт болса, Ақтөбенің тумасы. Бұрын Ақтөбедегі нан зауытында мамандығы бойынша жұмыс жасаған Ольга бүгінде «Дәулет нанның» өндіріс меңгерушісі қызметін абыройлы атқарып жүр екен.

— Біздегі барлық жұмыс процессі автоматтандырылған. Бір ауысымда 47 маман-жұмысшы еңбек етеді. Олар жаңа технологияны шетелдік мамандардың көмегімен меңгерген. Нан-тоқаш өнімдерін арнайы тапсырыс бойынша дайындаймыз. Германиядан әкелініп, жайғастырылған жабдықтар бірқалыпты жұмыс жасап тұр, — деген өндіріс меңгерушісі бізге цехтың ішін аралатып, өнім дайындау жайымен қысқаша таныстырып өтуді жөн көрді.

Зауыт еуропалық бренд желісімен жасақталған. Бұл өз кезегінде нан бағасының өзіндік құнын арзандатумен қатар, сапалы өнім шығаруға ықпал етеді.

Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде айтарымыз. Жақында ғана «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме байқауына қатысқан «Дәулет нан» өнімдері «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымы бойынша жеңімпаздар қатарында болды.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ,

Атырау қаласы