Махамбет атындағы қазақ драма театры – еліміздің батыс аймағындағы ең алғаш ашылған кәсіби өнер ордасы. Театр ұжымы 1938 жылы Гурьев қаласындағы көркемөнерпаздар үйірмесінен бөлініп шығып, алты айлық студияны бітірген талантты жастардан жасақталды. Сондай-ақ, Петропавлда үш жыл жұмыс жасап, арнайы жолдамамен Жайық өңіріне келген өрімдей қыз-жігіттердің де өнер ордасының өркендеуіне қосқан үлестері ұшан-теңіз еді.

Ал, 1948 жылы Орал қаласының театры жабылып, әртістерінің Гурьевке келуі де өнер ұжымының әлеуетін жоғарылатты. 1969 жылдан бастап қара шаңыраққа Махамбет Өтемісұлы атауы берілді.

Міне, батыр есімін еншілеген өнер ұжымы еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңде Қазақстанның батыс аймағының мәдени өмірінде, жалпы рухани тынысында атқарған қызметі теңдессіз болды.

АЛҒАШҚЫ АКТЕРЛЕР

ardager-akterler

Бүгінде театрдың халыққа қызмет көрсетіп келе жатқанына сексен жылға таяу уақыт болды. Бұл аралықта ұжым өсу-өркендеу жолдарынан өтті. Кері кеткен, іркілісті шақтар да болмай қалған жоқ. Бәріне мойымай жүріп, туа біткен талантын ұштаған алғашқы актерлердің қатарында Құрманғали Доғалақов, Қуат Төлеков, өнерге құштар жастар Оңай  Жақсыбаев, Әбіл Қизатов, Айтжан Есенбаев, Шаштықыз Жұмабаева, Қазила Құспанова, Қайыржан  Имашев, Меңдеш Есенбаев, Балым Есенбаева, Мәрияш Төрәлиева, Ғабдолла Өтеулиев, тағы басқалар болды.  Гурьевке Қарағанды театрының бас режиссері А.Сусанов-Саянский, хормейстер М.Халеевский  бір топ әртістерімен бірге келуі қойылымдар қатарын толықтырды.

«Репертуардан да құр барғанымыз жоқ. Әртістердің киім-кешегі, декорация Қарағандыда қалып қойғанымен, Ж.Ибрагимова, Т.Кәрібаев, Д. Жылқайдаров, Р.Қожахметовтер… Петропавлда жүріп, өнерімен  елдің көзіне түскен тамаша орындаушылар», — деп жазады белгілі актер, өнер жолы Қарағандыдан басталып, Атырау, Жетісай театрларында табысты жалғасқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ысқақ Иманқұлов өз естелігінде.

Театрдың алғашқы директоры болып  белгілі азамат Уәли Жайықов тағайындалды.  «Қойылымға жетпей қалған әртістердің қатарына әйелдерімізді, көршілерімізді жалынып алып келіп, сахнаға шығаратын едік.  Кейін қарапайым халық та үйреніп, рөлдерін сомдау үшін қойылымды күтіп жүретін болып алды. Өйткені, олардың сахнаға шыққанына ақы төленетін. Кейбір жетпейтін сахналық киімдерді де ел арасынан аралап жүріп, жинаған едік», — деп  еске алатын Уахаң.

Сол жылы театр шымылдығы 9-мамырда Мұхтар Әуезовтың «Түнгі сарынымен»  ашылды.  Бұдан соң әртістер Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясын сахналады.

60 МЫҢ КӨРЕРМЕНГЕ – 400 КОНЦЕРТ

Ұлы Отан соғысы басталғанда ер азаматтардың бәрі майданға аттанды. Гурьев театрынан да жиырма бес азамат майданға алынды. Театрдағы олардың орнын  қыз-келіншектер ғана ұстап қалды.

Саналы ғұмырын сахнаға арнаған ардагер актер, Мәдениет қайраткері Қайыржан Махмутұлы сол кезеңдегі ұжым жайына былай тоқталды:

— 1941 жылы Гурьев театрының ұжымы соғыс туралы хабарды Мақатта жүріп естіді. Маңғыстауды аралап, гастрольдік сапармен жүрген кезінде жігіттердің көбі үйлеріне кері қайтпай, сол кездегі Форт-Шевченкодан тікелей майданға аттанған. Олар – Қ.Доғалақов, Ә.Қизатов, А.Есенбаев, М.Есенбаев. Әйелдер труппасы қиын шақта етек-жеңдерін жинап,  мезгіл талабына сай  ауыл-ауылды аралап, халықтың көңілін көтеретін концерттер берді. Ж.Ибрагимова, А.Ахметова, З.Сүлейменова бастаған бригада құрамында З.Төлекова, Ш.Жұмабаева, М.Ерғалиева, Қ.Құспанова, Г.Әзбергенова, Б.Есенбаева, денсаулығына байланысты әскерге бармаған әнші Қ. Ғұсманов, ағайынды Мұханбетқалиевтер болды.

Әртістер майдан қорына қаржы жинауға әдейі концерттер беріп, түскен ақшаны  танк колоннасына тапсыратын. Бірде сондай концерттен түскен 16 мың сом танк колоннасына қолма-қол тапсырылады. 1943 жылы жаралы болған әртістер елге орала бастады.

Соғыс жылдарында театр ұжымы 400-ге жуық концерт, спектакль беріп, 60 мыңдай көрерменге мәдени қызмет көрсетеді.

 

ӘР ЗАМАННЫҢ ӨЗ КЕЙІПКЕРІ БАР

m-g-rt

Отан соғысынан кейінгі жылдары кеңес үкіметі сахна өнерін дамыту шараларын қолға алады. Ұжым драмалық шығармалармен қатар музыкалық драмалар, оперетталарды көрерменге ұсынды. Театр репертуары орыс тіліндегі және балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдармен толықты.

1957 жылы «Театр көктемі» атты байқауда гурьевтік әртістер «Ботагөз» спектаклін сахналап,  ҚазКСР Мәдениет министрлігінің бірінші жүлдесіне ие болды. 1963 жылы басты рөлдерді сомдаған Зәрипа Сүлейменова, Қуат Төлеков республиканың  Халық әртісі, Алма Ахметова еңбек сіңірген әртісі атақтарын алды.

Бір топ сахнагерлер 1985 жылы құрметті атаққа ие болды. Олардың қатарында аға буын өкілдері Алма Ахметова мен Жұпар Манапова еліміздің Халық әртісі, сол кездегі театрдың бас режиссері Шапай Зұлқаш ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын иеленді. Ал, жас буын өкілдерінен Гүлнар Жақыповаға, Серік Дүзбаевқа, Амангелді Сұлтанғалиевке, Темірболат Қыдырғалиевке Еңбек сіңірген әртіс атағы берілді.

1994 жылы С.Сейфуллиннің 100 жылдығына орай Жезқазғанда өткізілген республикалық III фестивальге театр «Жаралы Жолбарыс» спектаклімен қатысып,  бірінші орынды алды. Баймағамбет сұлтан рөлін сомдаған актер Т.Қуанышев ҚР еңбек сіңірген әртісі атанды. Келесі жылы аталмыш спектакльмен ұжым Каир Халықаралық театр фестиваліне жолдама алып, Египет елінде табысты өнер көрсетіп қайтты.

 

ТЕАТР ӨНЕРІ – МӘҢГІЛІК

Әрбір театрдың тарихи жағынан қалыптасып дамуы, болашаққа қадам басуы, өсіп-өркендеуі, әр халықтың өмір-тұрмысымен, тағылымды тарихымен тығыз байланысты. Басқа өнер түрлері сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың, адамның дүние танымының жемісі.

Тәуелсіздік орасан қуаныш, мақтаныш қана  емес, еліміз үшін, оның халқы үшін үлкен сындарлы шақ болды. Шынында да елде экономикалық қиындықтардан халықтың тұрмысы нашарлап, көптеген мекеме, өндірістер жабылып, жұмыссыз қалған жұртшылық өз бетінше қамданып, отбасын асырауға кірісті. Тұрмыстың қамымен жүрген көпшілік әдебиетке, өнерге, спектакль көруге құлық танытпады. Атырау театрының да тоқсаныншы жылдардың бас кезінде басты мәселесі – көрермендерді тарту еді. Сол себепті, театр репертуарындағы қойылымдардың көпшілігі халықтың көңілін көтеруге бағытталды. Ойын-сауық, комедиялар қатары көбейе бастады.

Тәуелсіздіктің бір жемісі – бұған дейін бұрмаланып келген тарихымызға қайта зерделеу жүргізілді.  Ұлттың рухын, отаншылдық сезімін оятатын сүйекті шығармалар сахнаға шықты. Атап айтқанда, «Абылайхан», «Еділ патша – Аттила», «Шыңғыс хан», «Томирис», «Қазақтар», «Шәкәрім», «Әзірет сұлтан», тағы басқалар.

 

ҰЖЫМНЫҢ ЖЕТІСТІГІ – ҰЙЫМДАСТЫРУШЫДАН

teatr-direktory-berik-zh-menov

Әр жылдарда театрға басшы болған Қуат Төлеков, Оңай Жақсыбаев, одан беріректе Нариман Үлкенбаев, Рахымжан Отарбаев, Мереке Ғұмаров, Шопан Кәрібаев, Қойшығұл  Жылқышиев, Асылбек Ықсан, Төлеген Жангелдиев, тағы басқа іскер қолды, алғыр ойлы азаматтар өнер өрісін одан әрі шыңдап, театрдың ыстығы мен суығына бірдей шыдап, қазақ театрының қарыштап дамуына атсалысты.

Бүгінгі таңда Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрына басшылық жасап отырған Берік Жәменовтың еңбегі де ерен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев көркемдік жетекші қызметін атқарып, театрдың абыройын арттырып отыр. Талантты режиссер Жанат Телтаевтың да өзіндік жолы бар. Ал, театрдың бас суретшісі Темірбек Мұхтаровтың ұшқыр ойы көптеген қойылымның әрін келтіріп, мазмұнын байытуда.

Атырауда жас буынның жетіспеушілігі үнемі сезіліп отырушы еді. 2008-2009 жылдары театр арнайы шақыртумен келген он бес жас актерді қабылдады. Олардың бесеуі Алматыда, бесеуі Астанада арнайы білім алғандар, өзге бесеуі жергілікті Кіші өнер академиясын бітіргендер. Бүгінде талантты жас буын  Б.Зинуллин, Н.Съезхан, М.Мақұлов, А.Мұхамажитов, А.Бәдел, Г.Қайырлиева, Ә.Нұрланұлы, Н.Бітегенова, Н.Шманова, Ш.Рамазанова, Д.Дәлібаева, Қ. Ізет, тағы басқалары өнер ұжымының ауыр жүгін көтерісіп, күрделі рөлдерді орындап жүр.

Ал, аға буыннан Чапай Зұлхаш, Қайыржан Махмутов, Манатбек Мырзаханов, Әдемі Сисекенова, Хадиша Қуанышева, Роза Шегебаева, Әлия Жақсыбаева, Анета Баетова, Сәуле Байменова, Бақыт Құттымбетова, Күнайым Шаматова, Төлеген Жангелдиев, Ержан Жұматов, Сәбит Қожабеков сынды аға буын әртістер қашан да жастарға жол көрсетіп, үлгі болып келеді. Әрине, осы ретте орта буынның да орны бөлек екенін айта кетуіміз керек.

Өткен жылдың күзінде Атырау драма театры сахнасында Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі өтті. Өнер мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен, Моңғолия, Қырғыз елінен өнер ұжымдары қатысты. «Рахымжан Отарбаев шақырады!» атты  Халықаралық театр фестивалінде Махамбет атындағы қазақ драма театры «Бас» спектаклімен  жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

Міне, бүгінгі таңда театр ұжымы киелі қара шаңырақта тату-тәтті, аға буын мен жастар шығармашылық байланыста ғұмыр кешіп келеді. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзінше үлес қосып, биік шыңдардан көрінуде. Қазіргі театр заман талаптарына сай, жаңа үлгідегі қойылымдарды сахналауда.

Сексен жылға жуық тарихты арқалаған Махамбет атындағы театрдың ғұмыры  ұзақ боларына көрермен қауым мен өнер ұжымының ықыласы дәлел.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,

фотосуреттер театр мұрағатынан алынды.