Соңғы кездері мұнайлы аймақтың бас шаһары – Атырау мен ауылдық елді мекендердің ажары ашылып, көркіне көрік қосылыпты деген сөзді жиі еститін болдық. Расында солай. Жаңа зәулім әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер салынды, сәулетті мәдени және спорт нысандары бой көтерді.
Облыс көлемінде құрылыс қарқыны жылма-жыл еселеп артып келеді, Бұға келбетінен ұлттық реңк, ұлттық бояу ә дегеннен көзге оттай басылады. Өңірдің тарихын, өнерін, мәдениетін, рухани құндылықтарын, ұлы тұлғаларын насихаттайтын ескерткіштерді, жарнамаларды байқайсыз.
Үш жарым ғасырдан астам көне тарихы бар Атырау шаһарының Бас жоспары түбегейлі жасалып тұр. Әрине, жаңа қала салу шешімі оңайлықпен қабылдана салған жоқ. Сарапшылардың пікірі ескерілді, мамандардың зерттеуі зерделенді, сәулетшілердің жобалары сараланды. Сөйтіп, «Біз Астанаға қарап бой түзейміз», – деп, 290 мыңға жуық халық тұратын жаңа қаланың құрылысы қанат жаюда.
«Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге, Мал толтырсам деп едім» деп наркескен ақын Махамбеттің арманы бүгінде Жайық бойында ақиқатқа айналғандай.
Атырау облысының құрамына 2 қала және 164 елді мекен кіреді. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 47-бабының 1-тармағына сәйкес, елді мекендердің аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылады.
Бас жоспар қонысты дамытуды кешенді жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастыратын негізгі қала құрылысы құжаты болып табылады.
2016 жылы 58 ауылдың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен бірлескен жеңілдетілген бас жоспарларын жасақтауға облыстық бюджеттен 500 млн.теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта бұл ауылдардың бас жоспарларын әзірлеуге ашық конкурс өткізіліп, мердігер компаниялар анықталып, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Индер ауданының 5 ауылы (Ынтымақ, Құрылыс, Қызылжар, Кетебай, Аққала ауылдары), Махамбет ауданының 6 ауылының (Талдыкөл, Есбол, Еңбекшіл, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Аққайың ауылдары), Исатай ауданының 8 ауылы (Зинеден, Исатай, Нарын, Өркен, Томан (17 бекет), Жаңа Жанбай, Жасқайрат, Қызыл үй ауылдары), Қызылқоға ауданының 11 ауылы (Жамансор, Жантерек, Тасқұдық, Бүйрек, Қосқұлақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай, Қоғам, Соркөл, Сарқұмақ ауылдары), Құрманғазы ауданының 27 ауылының (Азғыр, Қоңыртерек, Үштаған, Д.Нұрпейісова, Амангелді, Әліпов, Дәулеткерей, Кадырка; Қошалақ, Алтыншы, Каспий, Шағырлы, Жасарал, Үлкен Күйген, Жаңа ауыл, Арна, Иманов, Құмарғали, Көкарна, Афанасьев бекеті, Жамбыл, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық, Дәулет, Жасталап, Балықшы) және Жылыой ауданының Қарағай ауылы.
Жасалған жұмыстар нәтижесінде 2016 жылдың соңында облыстың даму әлеуеті төмен 22 елді мекенінен басқа, 139 елді мекен қала құрылысы құжатымен толық 100 пайыз қамтамасыз етілмек.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН ЕСЕПКЕ АЛУ, МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ
2016 жылдың 1 жартыжылдығында облыс бойынша 237 мың 960 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,5% құрайды. Соның ішінде, мемлекет қаржысы есебінен Атырау қаласында жалпы пәтер саны 168 болатын 2 үй, Құлсары қаласында 60 пәтерліктен 2 үй және Ганюшкин селосында 1 үй, Индербор кентінде 1 пәтерлік 10 коммуналдық тұрғын үй тапсырылды.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ МАҚСАТЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ЖӘНЕ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ, ҒИМАРАТТАР МЕН ҚҰРЫЛЫСТАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының 2015 жылғы 25 желтоқсандағы №96 «Атырау облысында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында инженерлік және көлік инфрақұрылымы, ғимараттар мен құрылыстарға қолжетімді ортаны қамтамасыз ету талаптарын әзірлеу және жүйелеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы» бұйрығына сәйкес, ведомствоаралық комиссияның жұмыс органы болып Сәулет және қала құрылысы басқармасы белгіленді.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫМЕН 2017 ЖЫЛҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ЖҰМЫСТАР
2017 жылы Атырау облысы аумағын дамытудың кешенді схемасын әзірлеу, Мақат ауданы Мақат, Доссор кенттерінің қолданыстағы бас жоспарын түзету, Индер кентінің қолданыстағы бас жоспарын түзету, Атырау қаласының кейбір бөліктеріне бөлшекті жоспарлау жобасын әзірлеу, Атырау қаласының геоақпараттық базасын жаңарту (инженерлік инфрақұрылымдарға түгендеу жүргізу) жұмыстарын атқару жоспарланып отыр.
Төлеп ОРЫНБАСАРОВ,
Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы
басқармасының басшысы.