«Мені біреу бақытты етті десем, оным өтірік. Ешкім ренжітпеді десем оным да өтірік. Өмірімде қанша ән салсам, сонша жылаған да болуым керек.
Солардың ішінен есімнен кетпейтіні: «Қазақ» радиосын басқарған бір жігіт сіздер ұнатып айтатын «Арыс жағасында» мен «Бақыт құшағынданы» қабылдатпай, сол әндердің бағын байлағысы келгені. Соны ұмыта алмаймын, қызғаныштың құрбаны боп кетіп барамын. Сол – өкініш…».
ГАРАЖДА ӨТКЕН ЖЫЛДАР…
1974 жылы Ақансерінің басына барып тәу етіп қайтқан Шәмшіге «Бөрінің аузы жесе де – қан, жемесе де – қан» дегендей, оны түрткілеушілер бәрібір сыртынан ғайбаттауларын қоймайды. Дипломы жоқ болғандықтан оны ешқайда, еш жерге жұмысқа алмайды. Жазған әндері қаншама жақсы болғанымен, оларға да мін тағып, маңайлатпай қояды. Тұрмысы да ауырлап кетеді. Жаны нәзік, сезімтал адамға нақақтан нақақ сөз ести беру оңай ма, Шәмшінің жүрегі кеселге ұшырайды.
Оның үстіне бұл өмірде жөнді жар құшпаған ол Алматыдан мүлдем жериді.
Енді не істеу керек? «Қонақ бір қонса – құт, екі қонса – жұт» дегендей, туған жері – Шымкент жағына бара-бара оларды да ығыр қылдым ба деп күдіктенген Шәмші, іштей аласұрып, абдырап жүрген шағында Жамбыл обкомының бірінші хатшысы Бектұрғанов Хасен жолыға кетеді.
– Оу, Шәмші, қалың қалай? –дейді ол.
– Бірде – олай, бірде – былай.
– Оу, мынауың шалдар айтатын сөз ғой. Саған не болды, Шәмші?
– Бұлақ басында отырып – шөлдегенді, жетегінде аты болса да – жаяу жүргендерді көрмеп пе едіңіз, Хасен аға?
– Ой, сенің мына сөзіңнен ән емес, қасірет еседі ғой… Отыр мына машинаға. Кеттік Жамбылға. Әңгімені сол жақта жалғастырайық.
Өмірдің даңғыл жолының кенет жалт бұрылуы оп-оңай. Шәмшінің тағдыры да солай болады. Жасы 43-ке келген Шәмші үш ұйықтаса да түсіне кірмеген ежелгі Тараздан осылайша бір-ақ шығады.
– Сенің неден жүдеп жүргеніңді айтпасаң да сеземін. Осы облыстың қаласынан ба, даласынан ба, әйтеуір қалаған жеріңді таңдап ал. Мына Тұйғынбек Темірбеков ауылдасың бізде екінші хатшы. Сенің үй-жай салып алуыңа екеулеп жәрдемдесеміз, – дейді Хасен аға.
– Олай болса – құлдық! Мен ендеше Жамбылдың түбіндегі «Октябрь» деген дүнгендердің ауылына қоныстанайын, – дейді Шәмші.
– Басқаны сұрамасам да, мұның мәнісін сұрайын. Немене, қазағыңнан жерідің бе?
– Олай емес, Хасен аға. Айналайын қазағым болмаса әнім де, өзім де кімге керек? Бірақ, олар кей кездері өз ұлдарын өзгелерден бұрын таяқтап тастайды. Үй-жайды өзім салдырсам да, қай тентектің аузына қақпақ қоясыз, өсекке сіз қаласыз, Хасен аға. Залалым тиіп кетуі мүмкін.
Бектұрғанов бұл сөзге «Апырай , ә?» деп ойланып қалады да көне кетеді. Шәмшінің дүнгендер ауылына келу тарихы осылай. Компартия туралы бір ауыз ән жазбаған Шәмші оның бір дөкейі – Қонаевтан үш бөлмелі пәтерді, екінші дөкейі – Бектұрғановтан қоныс жайды осылайша алды. Бірақ амал не, Бектұрғанов алдымен орнынан түсіп, сонан соң қайтыс боп кетіп, Шәмшінің «Октябрь» колхозындағы үй-жайы бітпей қалады. Дүнгендердің ортасына құлағына тыныштық, ән жазуға жағдай іздеп келген Шәмші тағы да жалғыздықтың, жоқшылықтың ортасында қалады.
Міне, осы тұста жамбылдық дәрігер Амангелді Сұрағанов, совхоз директоры Шоқан, шымкенттік Ілес Қасымов бұл өмірден баз таппай жүрген Шәмшіге ақшалай қаражат беріп тұрмағанда, оның халі не болары белгісіз еді. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, орталарына қазақтың біртуар ұлы келіп қалғанын сезген дүнген жұрты оны құдайдай күтіп, бар көмектерін аяған жоқ. Олардың бұл ықыласы болмағанда, Шәмшінің тағы қайда қаңғып кетуі белгісіз еді. Соңғы үш жылда мен осының бәрін өз көзіммен көрдім және сол үшін марқұм боп кеткен Шәмшінің атынан шексіз алғысымды айтамын.
Негізгі екі үйінің қаңқасын тұрғызғанымен, оны бітіре алмаған Шәмші солардың қасынан мықты гараж салып алыпты. Гараж үйі шлак-бетоннан соғылған. Оны танкімен келіп қиратпасаң, анау-мынау трактордың әлі келмейді. Ортадағы бөлмеде машинасы тұрады. Оң жақ қолда – Шәмшінің өз бөлмесі, жатын үйі. Оған электр де өткізген, радио да орнатқан. Бір қабырғасын кітап қоятын стеллаж еткен. Шәмшінің өзі пайдаланатын да, қонақтарға арнаған төсек-орны да осы бөлмеде. Сол жақ қолда –қонақтар бөлмесі. Мұнда ұзын үстел, оның екі жағы ұзын орындық. Ыдыс-аяқ, ас-ауқат сақтайтын жабдықтары да осында. Гараж бетон-шлактан салынғандықтан бұл бөлме қыста жылы, жазда қоңыр салқын.
Дала күйіп тұрғанда біз осында келіп, па шіркін, рахаттанып жатушы едік. Шәмшінің бойдақ тұрмысқа әбден үйреніп алғандығы ғой, гараж үйінде жуынып-шайынатын, шай қайнатып, ішетін әжет нәрселердің бәрі бар-тын. Кепкен балық, тұздаған қазы-қарта, кәмпит, пешене, нан түр- түрімен тұратын. Батпақта киетін үш керзі етік, жауынға деген – 4 плащ, 3-4 бас киімі де бар еді. Ал, ең қызығы – жалғыз машинасы үшін бензин сақтап қоятын 42 канистр, 8 доңғалақ , үш маңдай әйнегі де бар-тын.
Бірақ, ол үйде Шәмші торыққан кездері оның жүрегін жұбататын, шөлдеген кездері шөлін қандыратын жұмсақ алақан мен ыстық құшақ жоқ еді. Шәмші талай түн өтінде өзіне арман болған әйелдің балбыраған тамағын, оттай ыстық құшағын аңсаған болар. Өз әндерінде махаббат жалауын аспанға көтерген Шәмші шын махаббатына қосыла алмай-ақ кетті.
Мен бірге болған үш жыл ішінде Шәмшімен сыйлас болған композитор, ақын, әншілерден оны іздеп тек Сыздықова Кенжегүл келіп кетті. Шәмшінің соңғы 17 жылы осылайша жалғызсыраумен, торығумен, зарығумен, Алматы жақтан бір жақсылық хабар күтумен өтті… Бірақ, ол хабар келген жоқ. Ал, мен «Шәмші алпысқа келіп қалды ғой» деп Алматыда, Шымкентте талай есікті қаққаныммен, талай досына айтқаныммен ешқайсының елең еткенін көре алмадым. Біраздарынан қайта «сен өз жөніңді жөндеп алсайшы» деген сөз естіп қалдым.
Өмір – тартыс қой. Алпысқа келіп, жалғыз қалған Шәмшінің хал-жағдайын ел-жұртқа жеткізу керек болды. Мен атқа қондым.
Біз Шәмшінің дүнгендер ауылындағы осы тұрағынан соңғы рет 1991 жылы қыркүйек айының 30 жұлдызында аттандық. Ол гараждан шыға бере өз үйіне тінти қарап біраз бөгелді. Енді қайтып бұл тұрағына келмейтінін сезген секілденіп, көзіне жас алды.
– Қой, Шәмші, қапаланбай аттан. Құдай қаласа, бірер айда қайта ораламыз, – дедім мен.
– Дәм татайық, – деді Шәмші.
Сөйтті де, түкпірден бір дорба құрт алды. Маған бір уысын берді.
– Қалғанын қалтаңа салып ал. Кей кездері ермек қыларсың, – деді ол.
Оны күтірлетіп жеп қоятындай менде де қайсібір тіс бар дейсің. Сол құрт менің жан қалтамда ұзақ жүрді. Соны ауруханада жатқан Шәмшіге (25 ақпан, 1992 жыл) бердім.
– Ойпырмай, әлі сақтап жүр екенсіз ғой, – деді ол құртты қолына алып.
– Әкеліңізші, бір тістеп дәм татайын, қайран ауылымды, айналайын апамды есіме алайыншы.
Мен сол сәтте Шәмшіге ауылдың дәмін соңғы рет таттырып тұрғанымды білмеппін. Бірақ, мұның бәрі кейін болды. Ал, қазір…
Шәмші гараж үйінен бірден аттанғысы келмей біраз бөгелді. Әр нәрсені сылтауратып, үй жағына қарай берді… Көзі жасаурап, тұтыға берді.
– Ореке, олай-былай бола кетсем әжетіме жарар деп аздап жиған ақшам бар. Ол мына машинаның бір қуысында. Сол есіңізде болсын, – деді ол деміге сөйлеп.
– Қой, Шәмші, айтпа қай-қайдағыны! – дедім мен оған күш бергім келіп күшейе сөйлеп.
Бірақ, жүрек шіркін бір нәрсені сезді-ау деймін, дір ете қалды. Шәмшінің соңғы тұрағынан біз осылайша аттандық. Қазір ойлап тұрсам, Шәмшінің мәңгілік көз жұмуына сол сәтте 149 күн қалған екен.
Уа, оқушым, егер сен Жамбылдан Алматыға баратын тас жолмен жүре қалсаң, шаһардан шыға берістегі дүнген ауылының бір шетінде, үлкен жолдың дәл езуінде тұрған бітпеген үйдің қаңқасын, оның қасындағы гаражды көресің. Сол гараждың бір бұрышында өз мекен-жайын, тіпті, жақын достарына білдіруге де намыстанып 17 жыл өмір сүрген қазақтың атақты композиторын есіңе ал! Сен оның дархан талантына басыңды и!
Композитор деген дардай аты болмаса, бұл дүниеден көбіне көргені рахат емес, мехнат болған қазақтың аяулы азаматына сырттай болса да сәлем бер, табиғат саған Шәмшінің талантын берсе де, тағдырын бермеуін тіле, тіле, уа досым! «Арқалағаны алтын болса да, түйенің тамағы -тікен» деп, атам қазақ қалай біліп айтқан, жамағат!
1990 жылы шілдеде Шәуілдірдің аудандық мәдениет үйінде сол мерейтой жиын өтіп жатқан еді. Шәмшіге залдағылардан көптеген сұрақтар түсті, солардың біреуінде: «Шәмші аға! Творчестволық жолыңызда сізді ренжіткендер болды ма?» депті біреу.
Шәмші елең етті. Мұны сұраған кім екенін білгісі кеп залға қарап еді, белгілі біреуді көре алмады. Сонда да болса ойланып қалды. Осы бір ұзақ жолында кімдер ренжітті оны? Кімдер кедергі жасады?
– Мені біреу бақытты етті десем, оным өтірік. Ешкім ренжітпеді десем оным да өтірік… Мен өз өмірімде қанша ән салсам, сонша жылаған да болуым керек. Солардың ішінен есімнен кетпейтіні: «Қазақ» радиосын басқарған бір жігіт сіздер ұнатып айтатын «Арыс жағасында» мен «Бақыт құшағынданы» қабылдатпай, сол әндердің бағын байлағысы келгені… Соны ұмыта алмаймын, – деді Шәмші.
Абылай хан өлер алдында Бұқар жырауды шақырып алып, «Уа, шайыр, бұл өмірде менің үш өкінішім бар, тыңдап ал» деген екен. Бірінші, көп қан төктім. Мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін болды.
Екінші, халқыма жердің емшегін емізе алмадым. Қалакент салғыза алмадым. Үшінші, елдің басы бірікпеді, тентегі, озбыры көп болды депті Абылай хан, – деді Шәмші күрсініп.
– Абылайша үш өкініш болғанда, ондай нәрсе менде болмаушы ма еді? Қызғаныштың құрбаны боп кетіп барамын. Сол – өкініш…
Сұрақ қаптап кетті.
«Шәмші аға! Сіздің әндеріңізді жас та, кәрі де – бәрі де ұнатады. Олардың халық жүрегіне соншалықты жақын болуының себебі неде деп ойлайсыз?» – депті біреу.
– Себебі біреу-ақ: Маған жақын нәрсе – халқымның жүрегі. Олар мені сондықтан түсінеді. Сұлтанмахмұт «Жақсылық көрсем де – өзімнен, жамандық көрсем де – өзімнен» деген… Мен өз әнімнің мықты болуын ойландым, – деді Шәмші.
– Менің әндерімнің болашағы – халқымның тағдырына байланысты. Халқым барда – менің әндерім де бар, – деді Шәмші.
«Шәмші аға! Өзіңіздің ең жақсы көретін әніңізді орындап берсеңіз» – депті біреу.
Шәмші орнынан тұрды да «Хорланды» шырқай жөнелді. Көз алдына сұлу қыздың мұңайғандай болған кескіні келді. Сонан соң ауыр ойланып, көзі бұлдырап кеткен Шәмші ұзақ отырып қалды. Өзіне «Шәуілдірдің Құрметті азаматы» деген атақ берілгенінде, Шәуілдірдегі балалар музыка мектебі Шәмші Қалдаяқов атымен аталғандығы жайлы қаулыны да бұлдыраған мұнар арасында тұрғандай болып еміс-еміс естіді.
Ие, алпысқа келген шағында берілген атақ ұлық па, кішік пе?
Сен бұл атаққа бұдан отыз жыл бұрын зәру едің. Ол кезде оны саған бермеді. Арада отыз жыл өткен соң, отыз жыл бұрынғы әндерің үшін сен оны бүгін ғана алып отырсың. Дұрыс па, бұрыс па осы? Сен оған қуанасың ба, айтшы, Шәмші?
Оразбек БОДЫҚОВ,
«Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» кітабынан