Рух!
Қараша қаздар қайтқанда, желтоқсанға қараған күздің соңғы қара суық ызғарлы күндерінде арқалы Атырау жері төл перзенті, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев атындағы дәстүрлі театр тойын жасап, төртінші мәрте республикадағы бірсыпыра өнер ұжымдарының басын қосты. Бес күн бойы талай тарландардың табан ізі қалған киелі орда – Махамбет атындағы академиялық қара шаңырақ сахнасында фестиваль-форум аясында еліміздің әр шетінен алты театр труппасы өз дүниелерін ортаға салды.
Олар – оралдық Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық Семей драма театры, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстық драма театрлары және М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры.
Атын атап, түсін түстемей-ақ, елдің мәдени өміріндегі, соның ішінде театр тынысының ашыла түсуі үшін, аталмыш жанрдағы мәселелерді өзара талқылау үшін таптырмас іс-шараға Рахымжан ағамыздың көзін көрген, қалам қуатын жете ұғынған өнер тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, журналистер мен театр сыншылары арнайы шақырылды.
Дәстүрлі сипат алған бұл өнер додасы – обьективті сын-пікір мен тұщымды ойдың ашық алаңына айналды деп есептейміз. Өйткені, фестиваль кезінде ең бастысы сын ашық, пікірлер риясыз айтылып отырды. Еркін Жуасбек бастаған, Асылбек Ихсанов, Анар Еркебай қостаған, Нұрлан Жұманиязов пен Қабыл Халықов сынды сала білгірлері растаған қазылар алқасы да осынау обьективтілікті ту етіп ұстанғанына, қалай бар, солай әділ баға бергеніне көзіміз толық жетті.
Фестиваль-форум желеуімен сахна тілі бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, Атырау университеті студенттерінің қазақтың аяулы Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешовамен кездесуі өткізілді.
Әрмен қарай, сахна мен көрермен залындағы жәйттарға, сондай-ақ қойылымнан кейінгі ең қызық, тартысты құбылыс – қазылар алқасының талқылауына қатысты тұжырымдарымызға тоқталайық.
Хан Жәңгір
Театр тойын Батыс Қазақстан облысынан келген Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры «Жәңгір ханмен» бастап берді. Рахаңның тарихи-трагедиялық драматургиясының ішінде қаншалықты тарихтың ең ащы сабақтарына құралса, соншалықты ең сезімтал, нәзік, бірақ арқалаған жүгі басым туындысы қайсы десе, ол осы – «Жәңгір хан».
Талқылау кезінде қазылар төрағасы Еркін Жуасбек «Спектакльде маған жаны қиналған Жәңгір образы ұнады. Жүрегіме тиген сахна – қыстыгүні жалаңаяқ жер сыпырып жүрген Жәңгір бейнесі. Қандай символикамен шешілген! Сол сахнадағы Жәңгір мен Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсыңды!» бөлісіп оқуында да үлкен мән бар. Сонда бұл өлең кімнің кімге қаратып айтқаны? Режиссерлік шешімнің айтқысы келген астарлы тұсы осы жерде болды мен үшін. Кейіпкердің ішкі жан дүниесінің арпалысын көрдік» дей келе, қалған сахналардың бірде біреуінде актерлық энергетика жетістпегендігін тілге тиек етті.
Ал, Асылбек Ихсан Жәңгір образына қарапайымдылық сұранып тұрғанын, әйтсе де оны көре алмағанын айтты. «Ол да ет пен сүйектен жаралған, сезімтал адам. Біреуді жақсы көріп, біреуді жек көре алады. Фатиманың маңдайынан сүйіп амандасатын сахнада шынайылық жоқ. Батыр өзінің үйінде батыр образымен жүрмейді. Хан да сондай: халық алдында хан, өз үйінде әке, жар болуы керек. Жәңгірде пафос көп» деп ойын қаттырақ жеткізді.
Өз кезегінде Анар Еркебай «Меніңше, спектакль «читка» деңгейінде қалып қойған» деп бастады әңгімесін. Әрі қарай «Актерлер рөлдерін бөліп-бөліп алып, сахнада оқып берді. Қалғаны декларация ғана. Режиссердің өзі әр сахнаны бір-біріне ұқсатып шешкен. Осының бәрі спектакльді иллюстрациялық деңгейде қалдырып отыр. Автор бұл шығармасында Жәңгірдің аузына ғажап сөздерді салып береді. Бірақ, актер соны көрерменге бір ырғақпен оқып шықты. Исатайдың өлімін де актер көрерменге шынайы жеткізе алмады» деген қорытынды жасады.
Шынтуайтында, қазылар бірауыздан қойылымның режиссері Мұқанғали Томановтың Атырауға ауысып кеткендегін де ескерді және ең маңыздысы, Орал театрында актерлық құрамның, режиссерлық жұмыстың бар екенін алға тартты.
Шыңғыс ханның көз жасы
Келесі сахналанған – Р.Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты негізіндегі шымкенттік қуыршақ театрының қойылымы. Режиссері Асхат Қалыбеков. Турасын айту керек, спектакль театр мамандарын былай қойғанда, көрерменнің де көңілінен шықпады. Форматын камералық деп алған сәттен-ақ қателескен секілді. Тіпті, сарапшылар «Бұның несін талқылаймыз» десті.
«Қуыршақ театры болғандықтан, мынадай үлкен сахнаға келгенде абдырап, шатастыңыздар. Бұл анық көрініп тұр» деді Е.Жуасбек. «Фестивальге спектакльдерді алдын ала іріктеу болды ма? Болған жоқ. Соның ең айқын көрінісі сіздер болып отырсыздар» деп сөзін сабақтады ол. Одан бөлек, камералық қойылымның бутафориядан бастап, реквизит, қимыл-қозғалыс, грим, тағы сол секілді тиісті заңдылықтары болатынын, сәйкесінше, спектакльді музей деп алып, ондағы ағаштан жасалған қылыш, фанерадан жасалған қалқан, т.б. өтірік эскпонаттармен көрерменді алдауға болмайтындығын батырып-батырып айтты.
Екінші боп микрофон алған А.Ихсанов труппа сахналардың ауысуы кезінде пластикалық би арқылы шешім тапқысы келгенін, бірақ оның сәтсіз шыққанын түсіндіре келіп, «Пьесаға режиссерлық талдау жасалмаған. Бұл – антирежиссура! Әр автордың өзіндік интонациясы болады. Мына жерде Рахаңның интонациясы жоқ!» деп қысқа қайырды сөзін.
Анар Еркебай да репертуарында 59 спектаклі бар бұл мәдениет ошағын жас театр деп айта алмайтынын, жарты дүниені жаулаған Шыңғыс ханның өз өмірінің көп сәттерін өкінішпен еске алуына бағытталған автор тұжырымы ашылмағанын сынай сөйледі.
Мұстафа Шоқай
Рахаңның тағы бір шоқтығы биік пьесаларының бірі – «Мұстафа Шоқай». Режиссер – Мәдениет қайраткері Қажыахмет Рахметов. Бұны Семей театры 17 жылдан бері қойып келеді. Сондықтан, бұл қойылымға артылған сенім де мол. М.Шоқай – тарихи тұлғасы толық ашылмаған адам. Жетпіс жыл бойы оны сатқын деп келдік. Ал, соңғы 30 жыл қарсы әңгіме айтып жатырмыз. Қалай дегенде де, ол – тұтас түркі халқының басын қосып, империя құрғысы келген елінің жанашыры.
Сонымен, бұл қойылымның талқылауына кезек берейік. Ең әуелі Асылбек мырза тамаша әсер алғандығын, актерлық ойында кемшілік байқамағанын жеткізе отырып, Мұстафаның образы өз алдына, Әміренің рөлі де жақсы ашылды деп есептейтінін айтты. «Соңғы сахнада ұлт қайраткерінің көк туымызды жамылып о дүниеге аттанғаны әсерлі болды, сол сәтте денем түршігіп кетті» деп қорытындылады.
Ал, Анар ханым, керісінше, кемшіліктерді санамалап берді. Монологта алдын ала жазылған дауысты пайдалану дұрыс емес деді. Шестаковичтің мелодиясын басынан аяғына дейін үзбей қолдану да атмосфераны қоюлатып отырғанымен, тым көбейіп кетті дегенге келтірді.
Көп сөзге бой алдыртпайтын Қабыл Халықов спектакльдің сценографиясы туралы «Суретші Ольга Муравьева айналмалы сахнаны өте ыңғайлы пайдаланған. Ең ұнаған сахна – неміс концлагері, екі мұнара, жарық шамдары. Алайда, маған тоталитаризм элементтері толық жетіспеді, сахна құрылымында диагоналды көбірек пайдалануға болушы еді. Нәтижесінде, сценографияда кульминацияны көре алмадым» деген соны пікір білдірді.
Осындай екіұдай тұжырымдардан соң Еркін мырза «Дәл осы қойылымға жаңа көзқарас керек. «Наивный» дүние көргендей болдым. Мысалы, концлагерьде кемпір-шал, бала-шағаның жүргені – тарихи өтірік. Мұстафа бейнесіне келсек, ол не үшін Түркістан легионын құруға келісім берді? Ең болмаса, қиналған жұртымды бір күн болса да тоқ, ауру-сырқаудан аман алып қалсам, менің миссиям осы деген өзін іштей тырнап, ақтап алатын монологы еді. Ал, оны радиодан бере салу, актердың аузынан айтқызбау – қателік. Одан кейін М.Шоқайдың әйелінің, онымен пікірлес Уәли Хаюмның образдары толық ашылмады. Кейіпкерлер арасында тартыс кемшін тартып тұрды» деп түйіндеді талқылауды.
Көлеңке
«Айна ғұмыр». ШҚО драма театрының (режиссер Дос Құбаш) «Көлеңке» драмасы жазушы-драматургтің осы пьесасы негізінде қойылды. Пьесада отбасы трагедиясы, қоғамның үй ішіне келтіруі мүмкін залал-зардабы, бауырлар арасындағы «бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқтың» кебін киген қарым-қатынас түрі шынайы берілгенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі.
Талқылау барысында Анар Еркебай «Бастысы, театр жаңа, тың ізденіс үстінде екендігі байқалады. Сценографиядағы минимализм элементтері қуантты. Мәселен, орындықтар өте жақсы ойналды. Пьесаны қысқартқансыздар. Бұдан бір жағы оқиға динамикасы күшейгенімен, оқиғалар ортасындағы логикалық сабақтастық жоғалған. Стиль және жанр нақты емес. Эклектика (әртүрлі стильдердің жиынтығы, бірігуі) дейін десек, оған да жатқыза алмадым» деп шығыстан келген шығармашылық құрамды әуелі бағытты айқындап алуға шақырды.
Асылбек Ихсанов болса, реквизиттерден құлпытастың өз орнында тұрмағанын, керісінше, бүкіл іс-әрекетке кедергі келтіріп тұрғанын қозғады. «Жалпы, классикалық мизансахна дұрыс құрылмаған. Актерларда ешқандай өзіндік эмоция, ішкі процесс деген жоқ. Көркемдік шешімді, қойылымның формасын табуларыңыз керек!» деп сөзін режиссерға қарай бағыттады.
Бейбарыс
Бірден айта кету керек, Рахаңның аталмыш пьесасын жақсы білгенімізбен, дәл осы театрдың қойылымын бұрын көргенімізбен, өкінішке орай, уақыт тапшылығына байланысты осы жолы біз бұл спектакльді көре алмадық. Себебі, көрмегенді көрдім деу, естімегенді естідім деу – адамшылық ісі емес. Десек те, Ақмола театры қырғызстандық Садыр Ниязакуновтың режиссерлығымен ұсынған орыс тіліндегі «Бейбарыс» драмасының талқылауын видеонұсқадан екі шұқып, бір қарадық. Сөйттік те, ішімізден өзімізше келесідей кішігірім қорытынды жасадық. Қай тілде сахналанса да, бабамыз Бейбарыстың бейнесінен қазақылықтың исі, өзі өлердей аңсап өткен жусанның жұпары аңқып тұрмақ.
Ал, қазылар спектакльдің сценогорафиясына, би сахналарына, жалпы режиссураға оң бағасын бергенге ұқсайды…
Қытайдан жеткен сәлемдеме
Рахымжан ағамыздың шағын ғана бес-алты беттің көлеміндегі әңгімесі. М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының (қоюшы режиссері Алёна Кабдешова, сахналық нұсқасын жасаған Мұрат Жақсылық) бұл шығарманы дайындап, премьерасын жасағанына бірер ай өтіпті. Соның өзінде, тәжірибенің аты тәжірибе, әбден пісіп-жетілген қойылым болып шығыпты.
Бұл – біздің болжам. Ал, қазылар не деді? Асылбек мырза қыз бен жігіт арасындағы махаббат нышаны қалай пайда болды, сол түсініксіз қалғанын және олардың бір-біріне су шашуы – ақылға қонымсыз екендігін айтты. «Өйткені, қазақтың ырым-тиымдары, өмір сүру философиясы колхоз бастығы ойлап тапқан дүние емес! Ұлттық академиялық театр ретінде бұндайға жол бермеулеріңіз керек еді» деді ол.
Сәлден соң Нұрлан мырза «Негізгі тақырып – сатқындық! Басты рөлдегі Өмірбайдың отбасына деген сатқындығы. Спектакльде ол тіпті әйелі мен баласын тастап, шекарадан өтіп елге келгеннен кейін де екінші әйелінен бұрынғы отбасы жөнінде жасырып қалды. Пьесада негізі олай емес еді. Бірақ, бұл өзгеріс ұтымды болды. Өйткені, сол арқылы Өмірбай басты рөлге лайық па деген өз басымда сұрақ туындады» деп үлкен ойға шомды.
***
Сөйтіп, бір жұмадай уақытқа созылған фестивальдың нүктесі қойылатын уақыт та жетті. Қаламгердің өмірлік жары Сәуле Отарбаева мен асылдың сынығы Ермерей Рахымжанұлы жүргізіп отырған «Рахымжан Отарбаев руханият қорының» арнайы жүлдесі ШҚО-дан келген режиссер Дос Құбашқа берілді. Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры қор атынан арнайы марапатталды. «Үздік ер адам», «Үздік әйел адам» жүлделерін М.Әуезов театрының актерлері Мұхтар Тұрғанұлы мен Арай Тасболатқызы иеленді. «Көрермен көзайымы» Сердеш Қажымұратовтың (БҚО) еншісіне тиді. «Үздік сценограф» пен «Үздік режиссерді» – көкшетаулық орыс драма театры қанжығалады.
Жүлделі орындар – ІІІ орын БҚО-ның қазақ драма театрына, ІІ орын Семей драма театрына, І орын Ақмола облыстық орыс драма театрына бұйырды. Ал, бас жүлдені М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры ұжымы жеңіп алды.
Театр – ол тірі организм, ол – адам және қоршаған орта тағдырын зерттеу орны. Атырау төріндегі осынау тағылымды театр тойы Рахымжан Отарбаев шығармашылығы арқылы әлі талай көрерменнің көңілінен орын тауып, қазақ драматургиясын ілгеріге сүйрей түсетініне бек сенімдіміз.
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
фототілші Ерлан АЛТЫБАЕВ,
Атырау қаласы