Білім ордасы шақырады!

 

Мемлекет үшін қай сала да аса маңызды. Дейтұрғанмен, экономика қоғамның ілгері жылжуы үшін басты қозғаушы күш болып есептеледі. Ал, экономиканың негізгі атқарушы тетігі өндіріс екендігі әмбеге аян. Бұл бағытта елімізде индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өңдеуші өнеркәсіптің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етуде. Ол үшін ең әуелі аталмыш салаға білікті кадрларды көптеп тарту ісі жолға қойылғаны керек. Атырау облысында осы мақсатта АТЫРАУ ИНДУСТРИАЛДЫ КОЛЛЕДЖІ жетпіс жылдан астам уақыт «технарларды», жұмысшы мамандарды дайындау және қайта даярлаумен шұғылданып келеді.

Еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артқаны жыл сайын айтылып та, жазылып та жүр. Соның ішінде, мұнайлы астана – Атырау өңірінде құрылыс, мұнай-газ, химия, энергетика сынды әлеуметтің әлеуетін арттыруға жұмсалуы тиіс жетекші салалар бойынша отандық және шетелдік ірі кәсіпорындар мен компаниялар жетіп артылады. Ал, тұтастай алғанда осынау мыңдаған, тіпті миллиондаған жұмыс орнында қазақстандықтардың үлесі кемшін тартып тұрған жоқ па? Бір ғана мысал – «Теңізшевройл» ЖШС 3 және 4 санаттағы инженерлер, техник-механиктер, супервайзер, әкімші, мастер, электргазбен дәнекерлеуші, монтаждаушы, жөндеуші, бригадир, машинист сынды мамандық иелерін Венгрия, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан, Өзбекстан және Қытай елдерінен алдыртып отыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Айтылған мамандықтарды өзіміздің азаматтарымыз игере алмайды дегенге сену қиын. Бұның алдын алудың және болдырмаудың жалғыз жолы – елдегі орта кәсіптік-техникалық білім берудің сапасын жақсарту.

Сандарды сөйлетсек, біз тілге тиек еткен аймақтағы бірден бір құрылысшы мамандарды дайындап келе жатқан қара шаңырақ – 1949 жылы негізі қаланған Атырау индустриалды колледжі күні бүгін барлығы 493 баланы орта-кәсіптік біліммен қамтамасыз етуде. Былтырғы оқу жылында 172 студент бітірген. Ал, биылғы 2021-2022 оқу жылында колледжді 187 студент тәмамдауда. Жалпы контингент – 500-ге жуықтайды. Келер оқу жылында студенттер қабылдау көрсеткішін 250-ге дейін арттыру жоспарлануда.

Атырау индустриалды колледжі оқытуды келесідей 4 мамандық, 10 біліктілік бойынша жүргізеді: 

Мамандығы: 07130200-Электрмен жабдықтау (салалар бойынша)

Біліктілігі: 3W0710901- Электрмонтаждаушы (салалар бойынша)

Біліктілігі: 4S07130202-Техник-электрик

 

Мамандығы: 07320100-Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану

Біліктілігі: 3W07320104-Кең бейінді құрылыс шебері

Біліктілігі: 4S07320106-Техник-құрылысшы

 

Мамандығы: 071500-Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша)

Біліктілігі: 3W07150501-Электргазбен дәнекерлеуші

Біліктілігі: 4S07150502-Техник-механик

 

Мамандығы: 07321100-Ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштерді және инженерлік жүйелерді пайдалану

Біліктілігі: 3W07321102-Технологиялық құбырларды монтаждаушы

Атап өтетіні – бұнда оқу ақысы түгелдей бюджеттік негізде қамтылған. Тоғызыншы сынып базасында орта буын мамандықтар 3 жыл 10 ай, жұмысшы мамандықтар 2 жыл 10 айға дейін оқытылады. Он бірінші сынып базасында студенттер 10 ай мерзім білім алады. Ішкі мониторингке сүйенсек, инутстриалды колледж түлектерінің 84-94%-ы бітірген жылы-ақ жұмысқа орналасады. Жұмыс беруші, оқу орны және білім алушы арасындағы үшжақты келісім-шарт негізінде 150 студент дуалды жүйе арқылы теория мен тәжірибені ұштастырып келеді.

Сапалы әрі қолжетімді білім деңгейі бірінші кезекте материалдық-техникалық базаның толықтығымен өлшенеді. Колледж 420 орынды үш қабатты ғимаратта орналасқан. Оқу корпусында теориялық сабақтар өткізілетін 15 кабинет, бір-бірден асхана, дене шынықтыру, акт залы және медициналық бөлімше қамтылған. Өндірістік сабақтар екі оқу шеберханасында және екі оқу полигонында өтеді. Оқу шеберханаларында толық техникалық жаңа құрылғылармен жабдықталған бас-аяғы 9 цех жұмыс істейді. Оқытушылар мен студенттер интернет-ресурстарды еркін пайдалану мүмкіндігіне ие. Барлық кабинеттерде жаңа бағдарламаға сәйкес оқу-әдістемелік кешендер, оқу құралдары және компьютер, интерактивті құрылғылар іске қосылған. Облыс аудандарынан және өзге өңірлерден келетін студенттерге арналған 100 орындық жатақхана да бар.

 

ӨМІРДЕРЕК

ҚАЙЫР АЙТПАЙҰЛЫ – 1971 жылы Павлодар облысында туған. ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы жоғары мектебінің «Заңтану» мамандығы бойынша түлегі (1997). Еңбек жолын құқық қорғау саласында бастаған.

Әр жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Мемлекет және құқық теориясы» кафедрасының аға оқытушысы (2004-2008), Еуразия инновациялық университеті Заң факультетінің арнайы пән бойынша аға оқытушысы (2008-2013),  С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Құқықтану» кафедарсының аға оқытушысы (2017) қызметтерін атқарған.

Заң ғылымдарының магистрі – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті (2018).

2021 жылдың қыркүйек айынан – Атырау индустриалды колледжінің директоры.

 

 

Әрине, әрбір техниканың тілін жетік меңгерген технарларды дайындау ісі ең әуелі педагогикалық құрамға тікелей байланысты. Бұл тұрғыда колледжде өте мықты және сауатты 45 инженер-педагог қызметкер дәріс береді. Олардың тоғызы – жоғары санатты педагог, сегізі I санатты, он үші II санатты маман. Екі оқытушы педагог-модератор, тағы бір оқытушы педагог-сарапшы дәрежесіне ие.

Осы күнге дейін білім ошағы 16 мыңға жетіп жығылатын жұмысшы мамандарын даярлап шығарған. Бұл игі істердің басы-қасында колледждің бүкіл қалыптасып, даму кезеңдерінде бірге шыңдалып, өлшеусіз еңбек сіңірген алдыңғы аға буын өкілдері Серік Батанұлы, Зоя Шапайқызы, Әміржан Сабырғалиұлы, Айсұлу Төлегенқызы, Қамагүл Құмарғалиқызы, Балжан Берманқызы, Тұхфатолла Махфузұлы, Халидолла Ораққалиұлы сынды тұлғалардың есімі ерекшелеп айтуға әбден тұрарлық. Одан бөлек, кең бейінді құрылыс әрі оқу-өндірістік шебері Азамат Болатбекұлы, Нұрайна Саматқызы, электр мамандығы бойынша Асхат Маралұлы да осынау даңғыл жолды лайықты деңгейде жалғастырып келе жатқан орта буын өкілдерінің қатарында. Бір кездері жауынгер жерлестеріміз – «Қазақ солдатының» прототипі, Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұлов осы мекемеде еңбек етсе, ауған соғысы ардагері Юрий Фролов колледж қабырғасында білім алған.

Атырау индустриалды колледжінің инженер-педагог қызметкерлері мен студенттері үнемі облыс, республика көлемінде өтетіін түрлі шығармашылық-техникалық бағыттағы байқауларға, пәндік олимпиадаларға қатысып, басқа оқу орындарымен тәжірибе алмасуды әдетке айналдырған.

Айталық, ұжым жыл басында өзін-өзі тану пәні бойынша облыстық олимпиадада бірінші орынға тұрақтаса, республикалық додада өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы Гүлшара Болатқызы, МСШП-21 тобының студенттері Аманқос Есен, Аманқос Аман «Жаңашыл жоба» аталымын иеленген. «Креативті куратор – 2022» облыстық байқауында математика пәнінің оқытушысы Гүлмира Хаберқызы «Студенттерді шығармашылыққа тартқаны үшін» аталымында жеңімпаз атанған. Бұлармен қатар, өндірістік оқыту шебері Өтеген Сиражұлы, арнайы пән оқытушылары Гүлнар Сатыбалдықызы, Алтынай Орынғалиқызы, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Бейсенбек Нұржанұлы, тарих пәнінің оқытушысы Амангелді Айсаұлы, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Несібелі Аселқызы, биология пәнінен жетекші Лазат Қалиқызы – сан қатпарлы тарихы бар алдыңғы қатарлы білім ошағының бүгінгі қызметін бір арнаға тоғыстырған білікті мамандар.

Сәйкесінше, колледждің білім алушылары да өздерінің ынта-жігерлерін, болашақ кәсіптеріне деген ынтызарлығын көрсетуден кенде емес. Мәселен, бұндағы студенттер 2015 жылдан бастап республикалық деңгейде өтіп келе жатқан Worldskills Kazakhstan ұлттық бірінішілігінде жылма-жыл жүлделі орындарды иеленіп жүр. Әсіресе, «Дәнекерлеу ісі» біліктілігі бойынша ұдайы бірінші орынды қанжығалап, колледж мерейін асырған Хами Ғаламатты атауға болады.

Ағымдағы жылдың екінші маусым күні оқу орнында «Жас маман» жобасы аясында «Электрмен дәнекерлеу» мамандығының Құзіреттілік орталығы ашылды. Жоба құны – 300 млн. теңге. Осылайша, Атырау индустриалды колледжі «Жас маман» жобасы бойынша республика көлемінде 700-ден астам колледждің ішінде іріктелген 180 білім ордасының қатарына еніп отыр. Орталықтың негізгі міндеттері – инновациялық инфрақұрылымды кеңейту және дамыту, мамандар даярлаудың әдістемелік базасын құру.

Әлемдік стандарттарға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген орталықтың ашылу салтанатында кәсіптік білім беру саласының ардагері Серік Батанұлы, Қазақстан коммунистік халық партиясының бірінші хатшысы Ерболат Гусманұлы, Атырау облыстық білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің әдіскері Айнагүл Қадыржанқызы, колледж түлегі, «Soyuz Albion» ЖШС директоры Ертай Жағалбайұлы сөз сөйлеп, лента қию рәсіміне қатысты.

«Неге дәл осы «Электрмен дәнекерлеу» мамандығына басымдық беріліп отыр?» деген сұрағымызға директордың оқу-өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Тұхфатолла Жұмағазиев:

«Өңірімізде 250-ден астам шетелдік компания жұмыс істейді. ТШО-ның өзінде бүгінде 180 мың дәнекерлеушіге сұраныс бар. Өндіріс орындарында мұнай-газ құбырларын, резервуарларын жасауға электргазбен дәнекерлеуші мамандар қажет. Ал, ашылып отырған Құзыреттілік орталық арқылы біздер бірінші курстан-ақ дәнекерлеу жұмыстарын еш шығынсыз жүргізуге мүмкіндік алдық. Мысалы, электрод, метан, газ арқылы дәнекерлеу жасап, Финляндия, Швеция, АҚШ, Испания сынды елдерден сатып алынған қондырғылардың көмегімен, арнайы бағдарламада дәнекерлеудің сапасын тексеріп, қателіктері болған жағдайда экраннан көре отырып түзете аламыз.

Бітірушілерге келсек, оларға мемлекеттік негізде диплом мен куәлік, халықаралық сертификат беріледі. Колледжде оқып, жұмысқа орналасқаннан кейін қайта біліктілік шыңдаудың қажеттілігі болмайды. «Жас маман» жобасының көздегені де көздегені де осы еді.

Бұдан бөлек, облыстағы бірден бір металдар мен дәнекерлеу қосылыстарын зерттейтін зертханамыз да бар. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетімен келіссөздер жүргізіп, келесі оқу жылынан бастап түлектердің колледж деңгейінде оқыған біліктіліктерін жоғары оқу орнындағы «Дәнекерлеу ісі бойынша инженер», «Бақылау инженері» сынды мамандықтармен жалғастыруына жағдай жасалуда. Сайып келгенде, бұл заманауи қондырғыларды алғаннан кейін, оларды студенттерге тәжірибелік негізде енгізу үшін оқу үдерісі де халықаралық талаптарға сай болуы керек. Сол мақсатта APEC Training Center – инновациялық оқу орталығымен мамандар тарту жөнінде келіссөздер сәтті өтуде», – деген ой айтты.

Өз кезегінде директордың кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары Халидолла Тайпанов жаңадан ашылған орталықтағы жабдықтар зертханасымен қоса алынғанын алға тартты:

«Орталығымызда оқу зертханасы, «WorldSkills» тренажарлық жаттығу кабинеті орналасқан. Бұндағы қондырғылар Аджип, ТШО, Қашаған сияқты ірі компаниялардың жабдықтарынан кем түспейді. Осылайша, дәнекерлеудің электр газбен, жартылай автомат, контактілі және аргонды доғамен пісіру секілді төрт түріне де қол жеткізіп отырмыз. Бір жағынан, бұл орталықтың ашылуы – колледжге қосымша табыс көзі. Жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы жұмыссыз жастарды немесе кез келген компанияның қызметкерлерін ақылы негізде оқыта аламыз. Зертхана мен құрал-жабдықтар әкелініп қана қойған жоқ, компаниялардан арнайы пән мұғалімдері, оқу-өндірістік шеберлері бірге келді. Оларға сертификат берілді. Соның арқасында аптасына екі мәрте өндірістік сабақтар өткізуге жол ашылды», – дейді ол.

Бүгінгі таңда колледж 62 әлеуметтік серіктес кәсіпорынмен меморандумға қол қойған. Олардың арасында «Союз Альбион», «KazProfWellding», «Казком-С» сияқты жіті байланыстағы өндіріс орындары да бар. Бұл дегеніміз – студенттерге көзбен көріп, құлақпен естіген теориялық ілімін тәжірибе жүзінде жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған.

Қорыта келе, қазіргі қоғамға жұмысшы мамандар ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Кез келген істің іргетасы берік болмаса – нәтижесі де оңбайды. Осы тұрғыда бетон құюдан бастап, арматура байлау, дәнекерлеу, кірпіш қалау сынды қарапайым естілгенмен, ел экономикасы үшін маңызы аса жоғары құрылыс профиліндегі шеберлерді, басқаша айтқанда болашақ инженерлерді дайындауда Атырау индустриалды колледжінің ұжымына тек сәттіліктер тілейміз.

 

Атырау индустриалды колледжі

Атырау қаласы, Азаттық 152 а

E-mail: aic@edu.mail.kz, 8 (7122) 45-64-94

Веб/сайт: ainc.kz

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау облысы