Байқауға
«Отыз жылға жеттік» деп аузымызбен орақ оруға шеберміз. Жақсылап ойланып қарайтын болсақ, біз қазақ халқы сәбиіміз дүниеге келісімен-ақ оның өмірінде сыбайлас жемқорлыққа жол береміз. Өзінің тікелей міндетін атқарып жүрген дәрігерлерге, турасын айтқанда босандырушыларға өзімізше «алғысымызды» айтқан боламыз. Қарапайым мысал болғанымен, бар гәп осы тұста деп ойлаймын – «алғыс айтуда».
Абай атамыздың «Адамның адамшылығы істі қалай аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан көрінеді. Кісі біреу-міреуді жалдап ісін аяқтай салуы мүмкін. Бірақ, қалай бастағаны – оның деңгейін көрсетеді» дегенге саятын сөзі бар. Біз сәбилеріміздің өмірін осылай «бастаймыз». Арғысын бағамдай беріңіз…
Иә, осы әсіре «алғысшылдығымыз» көп жағдайда шектен шығып кетіп жатыр. Сыбайлас жемқорлық барлық саланы дерлік қамтып үлгерген. Енді, осынау ауру дейміз бе, жоқ, әдет дейміз бе, қоғам ішіне мықтап орналасып алған індеттің қалай алдын аламыз, нақты қандай іс-әрекеттер арқылы күресеміз деген заңды сұрақ туындайды.
Бір дүние анық. Сыбайлас жемқорлықпен обьективті түрде күресіп, одан біржола құтылу мақсатында онымен «жекпе-жекке шығу» мүмкін емес. Себебі, жемқорлық бірлі жарым ғана болмаса, көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін жүйелі мәселе. Оның қалыптасқан негізі бар, іргетасы бар. Сол іргетасын қиратуға жұмыстануымыз қажет. Бұл – сонымен бірге адамдардың сана-сезіміне, түйсігіне, психологиясына қатысты мәселе. Яғни, әр адамның жеке жауапкершілігі негізгі рөлді ойнайды.
Күні бүгін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күресу үшін шенеуніктердің немесе мемлекеттік басқару жүйесіндегі белгілі бір лауазымдағы тұлғалардың артынан аңдып, ізін қуалап жүрудің мәні, меніңше, жоқтың қасы. Бұл бағытта жұмыстанып жүрген арнайы ұйымдар бар. Солар жеткілікті. Өйткені, жемқорлықпен күрес – парақорларды жұртшылық алдында әшкерелеумен, оны заңды жауапқа тартумен өлшенбейді. Одан да ең әуелі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстарын күшейту маңызды.
Қазір әрбір қазақстандықтың қара басында, жұмсартып айтар болсақ, бір-бір несиесі бар. Бұған әкеліп тіреген не нәрсе? Әрине – жемқорлық. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке емес, банктерге деген қолжетімділік белең алып тұр. Содан келіп, қарапайым халық біріншіден әлеуметтік жағынан осал болғандықтан, қала берді қаржылық сауаттылығының төмендігінен екінші деңгейлі банктерден қарыздануға мәжбүр. Олардың қатарына орта және кіші кәсіп иелерін де жатқызуға болады. Қарызды алуын алып, төлей алмай жүргендері қаншама?
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұдан тағы бір мынадай мәселе туындайды. Ол – бұқара халық пен билік арасында байланыс орнату. Бұл ретте Президент Қ.К.Тоқаев қабылдаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзектілігі өте жоғары. Әрбір мемлекеттік қызметкер ашықтық қағидасын ұстана отырып, қоғаммен байланысты, диалогты тұрақтандыруы тиіс.
Айтпағым, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру өз алдына, қаржылық сауаттылығын да дамытуға көбірек көңіл бөлу керек секілді. Нақ осы жәйтқа қоғам жіті назар аудармай келеді. Мүмкін, мектеп қабырғасынан бастап жоғары сынып оқушыларына арнайы «Қаржылық сауаттылық» пәнін енгізіп, оған қажетті мамандарды дайындау керек шығар?..
…Қалай болғанда да, проблеманың салдарымен емес, себебімен күрескеніміз ләзім. Ал, себеп не? Себеп – жалқаулық, ынжықтық, жалтақтық, пайдакүнемдік, көрсеқызарлық. Бұлардан арылмай тұрып әр жерден бір, жансыз сыбырлаған «Мен жемқорлыққа қарсымын» деген жалған кеудесоқтық еш нәтижеге жеткізбесі анық. Зар-заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы жырлағандай «Заман азып не қылсын. Ай орнынан туады. Күн орнынан шығады. Бұның бәрі – адамнан».
Тоқетері – заманнан көре бермей, әрбіреуіміз адам сипатымыздан ажырамай, өз ісімізге адал болайық. Адал жүріп, адал тұрайық. Адамға емес, Аллаға «алғыс айтуды» әдетке айналдырайық!
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
«Мерейлі мекен» республикалық
қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық
журналының редакторы