Көп жағдайда «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай» деп тілек тілеп жатамыз. Ал, сол тыныштықтың тұрақтылығы мен мемлекетіміздің мызғымас қауіпсіздігін алғы шепте кімдер күзетіп жүр десек, ол, әрине – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері. Осы тұста Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына биыл Президент Жарлығына қол қойылған 1993 жылдың 2 сәуірінен бастап есептесек, ұзын ырғасы 28 жыл толып отырғанын атап өтуіміз қажет. Кейін тура он жылдан соң әскери теңізшілер Қарулы Күштердің өз алдына дербес бөлігі немесе тармағы ретінде бөлек енші алып шыққан еді. Осынау атаулы даталарға орай, Әскери-теңіз күштерінің құрылу, қалыптасу және даму сатылары мен бүгінгі аяқ алысына тоқталмақпыз.

Әңгімеміздің әлқиссасын әріден бастайық. Кеңес кезеңінде Қазақстан аумағында КСРО-ның бірде-бір Әскери-теңіз флоты бөлімдері болған жоқ. Барлығы ел болып енді-енді ес жиып, етек-жеңімізді жия бастаған тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңа парақтан бастау алды. Жалпы, отандық Әскери-теңіз күштерінің (ӘТК) қалыптасуы мен дамуы екі кезеңге бөлініп қарастырылады.

Бірінші кезең 1993-2003 жылдар аралығын қамтиды. Осы уақыттан бастап ҚР Қарулы күштерінің Бас штабының құрамында 1-ші рангілі капитан Р.Исламовтың басшылығымен арнайы департамент, содан соң әскери-теңіз бөлімі құрылды. Бөлім командирі болып 1-ші рангілі капитан Р.Комратов тағайындалды. Бір жылдан кейін Орал қаласында Әскери-теңіз күштерінің оқу орталығы ашылып, кіші теңіз мамандарын даярлауды жүзеге асырды. Сонымен бірге, ҚР ҰҚК шекара әскерлерінің теңіз бөлімдері бастауын алды. 1996 жылы дәл осындай бөлімнің Ақтау қаласында да қабырғасы қаланды.

Бұл аралықта отандық «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «Гидроприбор» институты және «Зерттеулер» АҚ атты кәсіпорындар базасында кеме жасау бағдарламасы да жасақталып үлгерді. Шекара әскерлерінің Әскери-теңіз күштері мен теңіз бөлімдеріне арналған кемелер мен катерлерді іске қосу жұмысы ұйымдастырылды. Алғаш «100 Сұңқар» және «Батыр» жұмысшы қайықтары 1995 жылы суға жіберілген болатын. Сол жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастық негізінде теңіз күштері «Бостон» класындағы бес қайықпен және «Sea-Arc» қайығымен толықты. 1996 жылы Германиядан сыйымдылық-салмағы 75 тонна болатын төрт шағын патрульдік кеме жеткізілді.

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Әлібек Қасымовтың басшылығымен 1996 жылдың 17 тамызында алғаш рет ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлерінде теңіз туы көтеріліп, тарихта ерекше оқиға ретінде таңбаланып қалған-ды. Күні бүгін ол мерейлі сәтке де ширек ғасыр толмақ.

1999 жылы мемлекеттік реформаларға байланысты Әскери-теңіз күштері Әскери-теңіз шекара дивизиясы болып қайта құрылды, ал шекара қызметі Қарулы Күштері құрамынан шығарылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді. Жоғарыда айтылған әскери-теңіз қорғанысының бірінші кезеңінің қарыштап дамуында үлкен үлес қосқан контр-адмирал Р.Комратов, офицерлер Р.Исламов, М.Салменов, В.Рашчупкин, П.Редков, В.Еселбаев, Ж.Жанзақов, И.Богданов, А.Лекеров, М.Мұхубиев, Қ.Есенеев және басқа көптеген әскерилердің атын атамай кетуге болмайды.

XXI ғасыр басталғаннан кейін үш жыл салып Әскери-теңіз күштері қызметінің ілгерілеу кезеңінің екінші тынысы ашылды. Орта Азиядағы және Каспий бассейніндегі жағдайды ескере келе, әскери-теңіз кадрларын даярлау бағытында Ақтау қаласында әскери-теңіз институтының негізі қаланды. Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде, мемлекетіміз Каспийдегі ең ұзын теңіз жағалауына ие бола отырып, теңіз аймақтарында әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Каспий аумағында ұлттық мүдделерді қорғау мәселелерін шешумен алаңсыз айналысу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетелік, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің басты міндеті – Каспий теңізінің қазақстандық секторында еліміздің мемлекеттік шекарасының мызғымастығын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау. Сондай-ақ, осы мақсатта Әскери-теңіз күштері навигация мен гидрографиялық қолдауды қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайлар кезінде құзырлы министрлікпен бірлесіп іздестіру-құтқару жұмыстарын жүзеге асырады. Қазіргі уақытта еліміздің әскери-теңіз бөлімдері Ақтау қаласында орналасқан.

Мемлекет те Әскери-теңіз күштерін дамытуға толық қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, Орал қаласындағы Зенит зауытында тәуелсіздік туы желбіреген отыз жыл ішінде Әскери-теңіз күштеріне арналған зымырандық және артиллериялық кемелер жасақталып шығарылды.

Тәуелсіздік жылдарында әскери теңізшілер «Барыс» жобасының аясында көптеген заманауи зымырандық-артиллериялық кемелермен толықтырылды. Олардың қатарында «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымырандық-артиллериялық кемелерін, «Алатау» мина-тартқыш кемесін, «Жайық», «Табиғат» атты үлкен гидрографиялық кемелерін және «Сергек» кіші патрульдік қайығы секілді әскери-техникалық әлеуеті жоғары қондырғыларды атап өтуге болады.

2015 жылдан бастап еліміздің ӘТК кемелері Ресей Федерациясының, Әзірбайжан және Иран Ислам Республикаларының қатысуымен болатын «Теңіз кубогы» атты жер үсті кемелері экипаждары арасындағы теңіздегі дайындық бойынша халықаралық жарысқа қатынасып, жүлделі орындарды иемденіп жүргенін де тілге тиек еткіміз келеді.

Әскери-теңіз күштері өздерінің негізгі міндеттерімен қатар, жанама түрде дипломатиялық сипаттағы жұмыстарды да қоса атқарады. Мәселен, айтар болсақ, Иран Ислам Республикасы Әскери-теңіз күштерінің «Джушан» және «Сепар» атты кемелері халықаралық ынтымақтастықты арттыру мақсатында Ақтау қаласында жылма жыл болып, тәжірибе алмасып қайтады. Сол сияқты Ресейдің Каспий флотилиясының кемелері де біздегі флотқа арнайы келіп, әскери машықтарымен бөліседі.

Жыл сайын олардың қатары Ресей, Германия, АҚШ, Қытай, Түркия, Корея, Әзірбайжан, Пәкістан, Үндістанда оқыған шетелдік және отандық әскери-теңіз оқу орындарының түлектерімен толығады. Қазіргі таңда Әскери-теңіз күштері дайындалған мамандармен толық қамтамасыз етілген. Салынып жатқан жаңа кемелер үшін экипаждар жасақтаулы дайын тұр. Инфрақұрылым мәселесі де оң шешімін тапқан.

Демек, қорыта келгенде, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, геосаяси жағынан өте маңызды саналатын Каспий теңізінің, оның аумағындағы табиғи байлықтардың қорғалуына алаңдайтын негіз жоқ…

 

Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

Маңғыстау облысы