Бауыржан Үсеновке – 60 жас
Биылғы жыл біз үшін Бауыржан жылы. Ақындардың еркесі, сал-серілердің серкесі Үсеновты үкілеген Омаровтың ой-орамдары.
Мен жайлы не ойлайсың, келіп ұқтыр,
Желік қуып жүргем жоқ, ерігіп құр.
Білгің келсе, мен жайлы жырымды оқы,
Онда менің жүрегім көрініп тұр.
(Бауыржан Үсенов)
ҚазГУ-дің соңғы серісі
Қазақ поэзиясында айрықша қолтаңба қалдырған талантты ақын Бауыржан Үсенов бізге КазГУ-дің соңғы серісі сияқты болады да тұрады. Əрине, өзіміз оқыған тұста қазақ ұғымындағы сал-серіге тұрпаты келетін басқа да жігіттер болды. Гитарамен əн салғанда қалашықты арбап тастайтын əсем əуезді Əміржан Қосанов пен өлең жырда тосын өрнек салған белгілі бард-ақын Табылды Досымовтың да табиғи болмысы серілікке жақын. Бірақ бəрібір Бауыржанның бітімі бөлек еді. Оны басына бөрік кигізіп, астына сəйгүлік мінгізіп, қолына үкілі домбыра ұстатып, он тоғызыншы ғасырға аттандырып жіберсең, лезде сол қоғамның сұлтанына айналып сала береріне ешкімнің де шүбəсі болмас. Бірде сал-серілік дəстүр тақырыбы бойынша ғылыми еңбек қорғаған Шəмшадин Керім домбырасын тықылдатып отырған бір досымызға қарап: «Сізде сал-серіліктің жекелеген элементтері бар екен» деп тұжырым жасаған-ды.
Ал, біздің Бауыржанның бойында сал-серіліктің барлық белгілері болды. Жаратқан ием оған алдымен ажар-көрікті аямай берген. Жігіттің сұлтаны еді ол. Сұлу мұртын бір сипап, көзін қадап өткенде қыз-қырқынның кірпіктері діріл қағатын. Қатарластарымызды былай қойғанда, аудиторияға кірген жас апайларымыздың өзі сабақ үстінде көздерін төңкеріп, Бауыржан жаққа жиі назар салатын. Ал, онымен бірге қыздардың жатақханасына бару қияметтің қияметі. Ол тұрғанда төмен етектілер сені кісі ғұрлы көрмейді. Бəрі де шай-суын беріп, соның аузына түсіп кете жаздайды. Амал жоқ, қызғаныштың қызыл итінің қыр арқасынан сипап қойып, іштей кіжініп отырамыз. Досымыз болса қайтейік. Сұлудың бəрі соныкі. Соның жолында бəрі қоғадай жапырылады. Ал, сені ешкім елемейді. Серінің жанындағы аузының салымы жоқ өңшең бейбақтар: «Ештеңе етпес, ер адамның түрі маймылдың бет-аузынан сəл тəуірлеу болса, жетпей ме?!», – деп өзімізді өзіміз жұбатамыз. Содан соң, оның серілік сапарларына ілеспеуге тырысамыз. Соны біліп, ол да жалғыз жортады. Бір күні Бауыржан серінің мойнына құрық түсті. Көрші филологтардың жатақханасында тұратын Қызылорданың қызы Гауһарға жүрегінің бар билігін беріп тынды. Бəсе, соңғы уақытта:
Куə қып Алматының барқыт түнін,
Сен мені құшағыңда балқыт, күнім.
От көрген көбелектей бара берсем,
Ол – сенің бар сұлудан артықтығың, – деп, кешке қарай сегізінші жатақханадан шықпай қойып еді…
Домбыраны шебер шертетін. Саусақтарын қос ішектің үстінде жорғалатып, құйқылжытып небір əуенге салады. Əн мен күйге баулитын оқу ордаларында оқитын студенттер ара-тұра бізге қонаққа келгенде қара домбыраны күмбірлетіп отырған оның айрықша талантына таңдай қағып, үнсіз бас шұлғитын. Өнердің жолын шындап қуғанда шашасына шаң жұқтырмайын жүйрік боларына дау жоқ еді. Ал, енді дауысы ғаламат. Əуелетіп əн салғанда бүкіл қалашықты ұйытады. Бауыржан домбырасын алып, өзі тұратын 505 бөлмеден шығып, қарсыдағы 502 бөлмеге келеді. Өйткені негізгі көрермендеріміз – филологтардың жатақханасы осы бетте орналасқан. Балконға шығып, домбырасын шертеді. Сəлден кейін əнін аспандатып қоя береді. Жалпы, кешкі дауыс алысқа кетеді. Ал, Бауыржанның алты қырдың астынан естілетін зор дауысы əп-сəтте қалашықты сиқырлайды да тастайды. Өтіп бара жатқан жастар қалт тұрып тыңдайды. Қарсы жатақханаларда тұратын студенттер жыпырлап балкондарына шығады. Əрбір əн аяқталған кезде төрт-бес жатақхананың тұрғындарының қол шапалағы қалашықтың ішін дүркіретеді.
Тағы да əн, тағы да дамылсыз шапалақ… Дауысы мұңды, айрықша сазды. Жүректі еріксіз тербейді. Қазіргі дəмі жоқ, татуы жоқ əуезімен тыртаңдап ел алдына шығып жүрген мысықтар мен жолбарыстардың айқайы Бауыржанның əнінен садаға кетсін. Дəл осы сəтте біздің 502 бөлменің ашық-шашық балконының беделі əйгілі Сопот фестивалінің мінберінің абыройынан кем болмайды. Əншіні өз қолымызбен дайындаған бүгінгі продюсерлер секілденіп, серінің қасында шіреніп тұрамыз. Бауыржан əнші-композитор еді. Өз əндерін өзі орындайтын. Студенттік сахналарда ғана өнер көрсетті. Онда да ел көзіне түсуге көп ұмтыла бермеді. Ал, достарының ортасында аянып қалмайтын. Түн баласы ұйқы көрмей, дамылсыз шырқаған бозторғай таң алдында көз ілетін. Мұның бəрі оның əн салғанын көргендердің есінен шыға қоймағаны анық. ҚазГУ-дің қалашығының тұрындары тегіс Бауыржанның əндерін айтатын. Бірақ бірді-екілі телехабарларда жазылып қалғаны болмаса, оның əндері сақталмаған сияқты. Арқырап жүрген арынды ақын аяқ астынан өмірден өтіп кетеді деп кім ойлаған? Жырлары жүрекке жол табатын талантты жазба ақын екендігі өз алдына, суырыпсалмалыққа да бейімі болды. Студент ақындардың айтысына қатысып, талай рет жүлде иеленді. Айтыс ақынына ұтқырлық, тапқырлық, əзіл-қалжыңға бейімділік, біліктілік мен білімділік аса қажет десек, оның бəрі біздің Бауыржанның бойында болды.
Əдебиетке өз үнімен келген дарынды ақын болғанына ешкімнің таласы жоқ. Бауыржанға алдыңғы толқын ағалардың бəрі де жылы қабақ танытты. Университетке түскен жылы-ақ Қадыр Мырза Əли журналистика жəне филология факультеті студенттерінің басын қосып, жас ақындардың өлеңдеріне талдау жасаған болатын. Бауыржанның балауса жырлары жыр жампозының жоғары бағасын алды. Осы қасиеттің бəрі бір Бауыржанның бойынан табылған соң, оны Каз ГУ-дің соңғы серісі демей не дейік?!
Жырлар мен жазбалар
Бауыржан өлеңдерін көбіне-көп лекция үстінде жазатын. Университетте өзін тыңдата білетін шебер лекторлар да, сондай-ақ айтқаны ішіңді пыстырып, қалғуға мəжбүрлейтін шаршаған оқытушылар да жетерлік еді. Соңғыларының сабағы өлең жазатын адам үшін рахат.Əрі дəріске қатысасың, əрі шығармашылық шабытыңды оятасың. Өлеңге қырың болмаса, əңгіме айтасың. Аудиторияның ана шетіндегі əзер отырған қыздарға шайтани шимай жазылған бір жапырақ қағаз жолдайсың. Олар соған жырқ етіп, булығып күлкіден өліп жатады. Ал енді ол қолыңнан келмесе, ұйқыға бас қоясың.
Бауыржан бала болып конспект жазған емес. Сабақ үстінде ойланып отырып, өлең құрайды. Кейбір лекцияларда бір-бірімізге бір жапырақ қағаз жолдаумен уақыт өткіземіз. Жалпы, лекцияның үстінде шайтан мықтап түртеді. Басыңа небір қитұрқы ой келеді. Оқытушың қанша жерден қатал болса да, қашаннан қалыптасқан хат алмасу үрдісі үздіксіз жүріп жатады. Ол кездің бір тұтам жазба хаттарының жету жылдамдығы бүгінгі электронды поштаңнан кем емес. Тіпті көрші
аудиториядан да бір жапырақ қағаз аламыз. Ашып қараймыз. Бізден бір курс жоғары оқитын ақын Қайрат Əлімбеков жолдапты. Бауыржан Үсеновке арналған. Бір шумақ өлең:
Болса да, төзім мықты, жаным жадау,
Жүрекке жамап алдым тəуір жамау.
Бұл өмір үңілтуде, түңілтуде,
Өзіңнің халің қалай, Бауыржан-ау?
Біздің сұлу мұрт та іркілмейді. Ілезде оның жауабы жазылған қағаз жедел пошта арқылы Қайраттың аудиториясына жіберіледі. Əдебиеттанудың өзі айтқан əлдебір қызықтарына өзі елтіп тұрған оқытушымыз соны да сезбей қалады. Əлгі бір жапырақ қағаз есіктің астындағы саңылаудан қалай ұсынылады, оны арғы жақтан келген шолғыншы қалай қабылдап алып үлгереді, бұл жазба аюдай ақырған профессордың лекциясын құмарта тыңдап отырған көрші аудиториядағы Қайратқа қалай жеткізіледі, – мұның құпиясына небір əккі тыңшының өзі терең бойлай бермес. Болашақ журналистер бұқаралық ақпараттың жеделдігін сабақ үстінде осылай дəлелдеп жатады. Бауыржанның сондағы жауабы мынау:
Бəрімізді бір ғана айналдырды із,
Қашан бізге күлімдеп, жайнар жұлдыз?
Хал сұрапсың, Қайратжан, білгің келсе,
Ішіп-ап, қыз-өмірде қайнап жүрміз!
Бізден бір-екі жас үлкен, оқуға əскерге барып келіп, дайындық курсы арқылы түскен ақын досымыздың əңгімесі бірінен бірі өтеді. Əскери борышын Германияда өтеген. «Гете ескерткіші алдындағы ой» деген тамаша өлеңі бар. Ең қызығы, өрімдей бозбала кезінде бір келіншекке ғашық болыпты. Себебі, өзі қатарлы қыздар ол кезде əлі бой жетіп үлгермеген көрінеді. Сондықтан ерте қағынған бұл ауылдағы əлгі көрікті келіншектен сая тапқан. Ана келіншек байғұс та мұрты тебіндеген бозбалаға сонша иіген сияқты. Келіншек түгілі жөні түзу қызға ғашық болудың «технологиясын» əлі дұрыстап игере алмай жүрген бізге бəрі де қызық. Ауызымыздың суы құрып тыңдаймыз. Содан соң үзілдіріп отырып, өзі шығарған «Найзағай келіншек» əнін айтып береді. Бауыржан бірде бір құрбы қызға арнап, бір шумақ əзіл өлең жазды:
Мына жағдай жіберді тұйық та етіп,
Жыр жазамын өзіңді биіктетіп.
Мас кезімде бейнеңді түсіріп ем,
Шықпай қапты кеудемде күйіп кетіп…
Ақынның фотонысанасына айналған арудың өзіне шын ықыласы кетіп жүргенімен шаруасы жоқ. Жалпы, сол тұста жастар поэзиясында «фотоаппаратшылдықтың» үрдістері бар еді. Тағы бір Бауыржан (Жақыпов) студент күнінде күлімкөздердің біріне мынадай жыр арнады:
Бейнеңді жүрем жаттап-ап,
Жүрегім – фотоаппарат.
Сені мендей көп түсірген,
Фотограф жоқ əлемде.
Қайтесің, қит етсе, ғылым мен техниканың жетістіктерін сөзге ілік қылатын заман… Қазіргідей «Құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ, соткада сеть жоқ», – деп сұңқылдайтын алапат техникасы жеткілікті компьютердің дəуірі емес. Сондықтан ақындардың тіліне көп ілінетін нəрсе – фотоаппарат, телефон… Онда да сала құлаш сымы бар, бұрамалы телефонды айтып отырмыз… «Нөмірін жүрегімнің біліп алып, Телефон соқпайсың ба өзің біліп…». Ал бірақ ойды жеткізу үшін ғана алынатын деректік дүниелері мешеулеу болғанымен ол кездегі өлең дегенің ғаламат. Бауыржан сол тұстағы жастар поэзиясының жарқырап жанған жұлдызы болды.
Жоғалған «Қара машина»
Ол бір күні түнеріп отырып, «Қара машина» деген өлең жазды. Өлеңнің ұзын-ырғасы мынадай. Лирикалық кейіпкер қазақтың үш арысы – Сəкен, Ілияс, Бейімбеттің бір жылда өмірден өткеніне таңырқап, мұның себебін іздейді. Біреуден олардың халық жауы болып ұсталып, атылып кеткенін естиді. Халықтың алақанына салып əлпештеген азаматтарының қалайша халық жауы атанғанына түсінбей дал болады.
Ең ақырында: «Мен де сөйтіп, шындықты көп айта берсем, бір күні қара машина өңгеріп кететін шығар деп қауіптенем» деп түйіндейді. Бауыржан жігіттердің арасында сол өлеңін өршеленіп оқиды. Ол кезде мұндай өлең жазуға да, оқуға да ешкім тəуекел ете бермейді. Кеңестік жүйенің діңгегі мығым тұрған сексенінші жылдардың сипаты белгілі ғой. Бізге не, қылжақ керек. Бауыржанның:
Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,
Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.
Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,
Қара машинамен келіп ап кеткен…», – деген өз шумағының өңін айналдырып, оны қалжыңмен əбден қажаймыз:
Мына жағдай жанымызға батты өктем,
Саяси жыр Үсеновке шақ деп пе ең?
Əлгі өлеңді жазған күні кешкілік,
Қап-қара бір машина кеп ап кеткен!
Əзілдесек те, оған жанымыз ашып: «Қыран жырды баптаған жігіттер аз, Көп болғанмен қазақта Бауыржандар», – деп сақ жүруін ескертеміз. Кейін Бауыржан сырттай оқуға ауысып кетті. Барлық ақындарға тəн серілік дəстүрмен оқуды бірнеше жылдан кейін бітірді.
Ол өмірден өткен соң жарық көрген кітаптарына «Қара машина» енбеді. Əншейінде ақынның бүкіл жырын жатқа айтатын жады мықты жігіттер бұл өлеңді зердесінде сақтамапты. Əркім білетін шумақтардан құрастырып көрмек болған əрекетімізден түк шықпады. Жары Гауһар да, інісі Біржан да «Қара машинаның» қолжазбасын таппай қиналды. Сірə, Бауыржанның өзі біреудің қолына түспесін деп ілгеріде жыртып тастаса керек. Біледі-ау дегендердің бəріне сұрау салынды. Ешқандай дерегі жоқ. Сөйтіп, отыз жетінші жылдардың зобалаңын жырлаған тамаша шығарманың бірі таптырмай қойды. «Қара машина» жоғалды… Ел Бауыржанның бейнесін көңілден өшірмегенімен оның атақты өлеңін ұмыта бастағандай еді. Арада жиырма шақты жыл өткенде жоғалған «Қара машина» аяқ астынан табыла кетеді деп ойламаппыз.
Жақында елге танымал бір ағамыздың баласы үйленіп, тойға бардық. Асаба ағып тұрған жігіт екен. Ол белгілі ғалым, ардақты ақсақалымыз Тұрсынбек Кəкішевке сөз берерден бұрын ағамыздың сəкентануға қосқан үлесін айтып, бір ауыз өлең оқыды. Елең ете қалдық. Бұл Бауыржанның əйгілі «Қара машинасының» үзіндісі еді. «Бауырым, сен мына өлеңді қайдан білесің? Журфакта оқып па едің?». «Жоқ, журфакқа жолаған емеспін. Бауыржан Үсенов ертеректе біздің Қарағандыға келіпті. Содан жатталып қалған ғой…». «Бұл өлеңнің толық нұсқасын қайдан аламыз?». «Қазір аға, той бітсін. Мен сізге бəрін түсіндіріп айтамын».
Сөйтсек, былай болыпты. Бауыржан 1988 жылы Қарағандыда өткен КазГУ мен КарГУ-дің студент ақындарының айтысына келіпті. Сол жолы ол Арқаға кең танымал əнші Жақсыгелді Кемаловтың үйінде болып, бірнеше өлеңін оқыпты. Өнердің қадірін білетін Жақсыгелді таспаға жазып алған жырлардың ішінде «Қара машина» да бар екен.
Содан Жаңарқаның жырқұмар жігіттері бұл өлеңді жатқа айтатын болған. Əлгі тойда Бауыржанның жырын екпіндетіп оқыған Жарулла асаба да осы өңірдің азаматы көрінеді. Арқаның əн мектебінің айтулы шеберлерінің бірі Жақсыгелді ұзамай «Қара машина» өлеңі жазылған таспаны бізге беріп жіберіпті. Ақын досымыздың өз дауысымен оқыған өлеңін қызғыштай қорып, жиырма бір жыл сақтаған Жақсыгелдіге Алланың нұры жаусын!
Таспаны ұясына қондырғанымыз сол екен, Бауыржанның сол баяғы дауысын естіп, жүрегіміз атқақтай жөнелді: «Мен бұл өлеңімді мынау Сарыарқаның жігіттеріне арнаймын. «Қара машина». Репрессияға ұшырап кеткен қазақтың ұлы адамдарына арналады». Жақсыгелдінің жіберген сол үнтаспасы осы мақаланы жазуымызға түрткі болды. 1981 жылы жазылған сол жоғалып табылған өлеңнің толық нұсқасын енді оқырманға ұсынайық:
Қара машина
Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,
Келбетіне құдайдайын үңілем.
Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи
Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.
Бір тынбаған қамын ойлап халықтың,
Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн.
Бірақ халық жауы болып ұсталып,
Кеткендігін кейін біліп, қамықтым.
Естеліктер жазып жүрген сан адам,
Бірақ бүгін көрінбейтін арадан.
Қалайша жау қазақ əдебиетінің,
Іргетасын құлдар құсап қалаған?!
Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,
Қазағым деп қамшылаған боз атын.
Сырнай үнмен əсем əнін созатын,
Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!
Алатаудан Ақсу болып бұрылған,
Қыран жырды қайыратын қырымнан.
Жансүгіров емес пе еді Құлагер,
Ол қалайша айбалтаға ұрынған?!
Талантына табынам мен қай елдің?
Мен өзімнің қазағымнан май емдім.
Бейімбеттің жазығы не, паш еткен,
Еркек түгіл коммунисін əйелдің?
Қалайша жау ардагерлер топ жарған?
Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан.
Қырандарға көкте қаққан қанатын,
Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған?
Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,
Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.
Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,
Қара машинамен келіп ап кеткен…»
Қалың топты жарып шыққан мергенді,
Қазақ қашан асылына теңгерді?
Қолымызбен ұстап берген ерлерді,
Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді…
Содан бері шошынамын дүсірден,
Содан бері көз алмаймын мүсіннен.
Қараңғы түн, қап-қара бір машина,
Шықпай қойды, шықпай қойды түсіммен.
Əлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкейімде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,
Қара машина ап кетердей сескенем…
Осыдан 29 жыл бұрын, елдің тəуелсіздік алуына небəрі төрт жарым ай қалғанда өмірден өткен Бауыржан ортамызда жүрсе, биылғы жылы тойланатын алпыс жылдық мерейтойына əзірленіп жатар еді…
Автор туралы
Бауыржан Жұмаханұлы ОМАРОВ – ҚР Президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі.
1962 жылы Қызылорда облысында туған.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін, Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін бітірген.