Әлем дейін және кейін деп екіге бөлінді. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері адамзаттың бағалап келген құндылықтарына дейін өзгеріп кетті…

Бұған дейін мансап, ақша, байлық маңызды болып келсе, дәл қазір отбасындағы қарапайым ғана жылылыққа жетер құндылық жоқ…

8 мамыр күнгі сағат 13.00 уақыттағы жағдай бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 4753 адамға жетті. Осы күнгі жағдай бойынша, Атыраудағы коронавирус жұқтырған науқастар саны 263. Бұл жай цифр болып көрінуі мүмкін. Бірақ, әр цифрдың артында қаншама тағдыр, отбасы, ана, әке, бала тұр десеңізші…

Біз коронавирус инфекциясы басталғалы бері алдыңғы шепте жүрген бүгінгінің батырларымен кездескен едік…

 

Перизат Жангерова,

Атырау қаласындағы жедел жəрдем бекетінің 11-ші бригадасының дəрігері:

«Əр күн сайын жанымызды шүберекке түйіп жүрміз»

Біздің өміріміз коронавирусқа дейін жəне кейін болып екіге бөлінді. Үйімді сағындым. Анашымды, əкешімді, бауырларымды сағындым…

Бірақ, халықты ойлаймыз…

Шыны керек, маған туыстарым телефон соғып, «бəрі өтірік қой, саясат қой» деп сенбей жатады. Бұл қалай өтірік болады? Мына жақта біз масканың ішінде тұншығып, жанымызды шүберекке түйіп жүрсек…

Ауа жетпей қиналып жатқан науқастарды көргенде жаның ашиды, жүрегің ауырады… Біз əр жұмысқа шыққан күн сайын Аллаға сыйынамыз.

Қауіпті індеттің ортасында жүргендіктен… қорқыныш болады. Бірақ, халықты ойлаймыз. Үйде отырып, шыдайық. Карантин талаптарын, гигиенаны сақтайық, өзіміз үшін.

Хайрулла КӨШҚАЛИЕВ,

Атырау облыстық дін істері басқармасы басшысы, Атырау қаласында төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штаб мүшесі:

Деструктивті ағым өкілдері төтенше жағдай режимін бұзды

18 сәуірде рейд шаралары барысында Атырауда деструктивті діни ағым өкілдерінің қатысуымен төтенше жағдай режимін бұзу деректері тіркелді. ​ ​

Бұған дейін де ұрлық бойынша соттылығы бар 1994 жылы туылған «С» есімді азамат пен 1969 жылы туылған «У» есімді азамат 21.00 сағаттан кейін жеке тасымалмен айналысқан. Сөйтіп, режим талабын сақтамай, өздерінің де, өзгенің басын қатерге тіккен.

Аталған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы бойынша хаттама толтырылып, ескерту берілді.

Нысанбек САТТАРБЕКОВ,

Атырау облысы полиция департаментінің төртінші рота командирі, полиция майоры:

Карантин талабын сақтау өзіміз үшін керек

Карантин басталғалы бері Бесікті блок постында қызмет атқарып келемін. Біздің кезекшілігіміз он екі сағатқа жалғасады. Бізбен бірге Қорғаныс министрлігі әскерилері және санитарлық-эпидемиологиялық станса мамандары сапта жүр.

Посттан азық-түлік тасымалдауға рұқсаты бар кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары иелеріне өтуге ғана рұқсат бар. Қалаға кіретін және қаладан шығатын әр адам тыңғылықты тексеруден өтеді. Бір күнде посттан жүздің үстінде көлік өтеді.

Бұл жерде мынаны түсінуіміз керек. Карантин талаптарын сақтау өз қауіпсіздігіміз үшін керек. Менің де отбасым бар. Қолымда анам бар. Екі баланың әкесімін. Отбасым үшін мен де уайымдаймын.

Блок пост қауіпті вирустың кеңінен тарап кетпеуі үшін керек қой. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Сондықтан, барлығымыз бірге карантин талаптарын сақтайық дегім келеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 Алдынғы шептегі 6000-ға жуық қызметкер коронавирусқа тесттен өтуде Олардың көпшілігі – тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері, деп хабарлайды Атырау облысының төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штаб.

Атап айтқанда, Covid-19 індетін жұқтырушылар қатарына Қазақстан Республикасынан шекарасынан шығатын жолаушылар, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан мүшелері, шұғыл көмек көрсететін қала мен аудан әкімдіктері кірді. Короновирусқа тесттен аймақтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым өкілдері, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ инфекциондық, провизорлық және карантиндік стационарлардың медицина қызметкерлері тегін өте алады.

– ПТР және экспресс тесттер қауіп-қатер тобына жататын адамдар үшін мемлекет есебінен сатып алынды. Алдыңғы шепте жұмыс істейтін қызметкерлер үшін 17 сәуірден бастап тесттен өткізді, қазіргі уақытта Атырау облысының мыңға жуық тұрғынынан сынама алынған. Ал, қалған бөлігіне жақын уақытта өткізу жоспарланған, – деді жедел штаб.

Сондай-ақ, Атырау облысының кез келген тұрғыны «Олимп» зертхана желісінде коронавирус инфекциясын анықтауға арналған ПТР-тестін ақылы түрде тапсыра алады.