Ол осы өңірден шығып, батыс аймағының үш облысының мәдениет саласында теңдей қызмет атқарған, уақытында Маңғыстау, Атырау облыстық мәдениет басқармаларын басқарды. Мәдениет пен өнердің дамуына, өсіп-өркендеуіне реформалық тұрғыда елеулі жаңалықтар енгізіп, айтарлықтай үлес қосты. 2002 жылы Батыс Қазақстандағы Х.Бөкеева атындағы Орал қазақ драма театрының негізін қалады. Жуырда осы өнер ордасының ашылуынан бастап, оның аяғынан тік тұрып, Қазақстандағы алдыңғы қатарлы театрлардың қатарына қосылуына көп еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткері, аудармашы, «Шапағат» медалінің иегері Құжырғали Төлеуішовтің «Үш тағаным – үш қиян» атты шығармашылық кеші өтті.

Құжақаң туралы ол кісінің шығармашылық кешіне ат терлетіп сонау Маңғыстау және Орал өңірлерінен келген әріптестері, өлкемізде ағамызбен үзеңгілес аға-інілері, замандастары, қарындастары бірі қалмастан жарыса әңгімелегеніне куә болдық. Жаны жайсаң, сырбаз да сабырлы, бірқалыпты ағамызбен екі күн дәмдес болып біраз әңгімеге қанық болдық. Біз үшін бұл үлкен өнегелі іс.

Ең маңыздысы, осы кеште Қ.Төлеуішовтың «Жайсаң» деген 500 беттік пьесалар аудармасының кітап болып шығуы, сол кеште тұсауы кесіліп театр мен өнер жолында жүрген мамандарға, оқырмандарға жол тартқандығы – шығармашылық кештің ең бір шарықтау биігі болды. Атырау өңірінің абыз ақсақалы, мәдениет ардагері Орынғали Қарасаев пен Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев сахна төрінде кітаптың салтанатты түрде тұсауын кесті.

Қазақ театрларының сахнасында қазақша пьесалар тапшы, жоқтың қасы деп жүргенде, бұл өнер сүйер әлеумет үшін, театр, режиссерлар үшін үлкен олжа екендігі даусыз. Кітаптағы аударма пьесалар – осы қалайы жоқ, ірі-ірі, көбі биікті мойындатқан, әлемдік классикалық туындылар. Туындылар Қазақстанның көптеген театрларында, әсіресе  Батыс аймағы театрларының сахнасында белсенді өнер көрсетіп келеді. Олардың ішінде фестивальдерге қатысып, лауреат атанғандары да, сахнадан түспей кассалық қойылымға айналғандары да бар. Балалар қойылымдарын айтпағанның өзінде, театрда 10 жылдың үстінде түспей сахналанып келген А.Чеховтың «Бәс», Т.Джюдженоглудың «Көшкін», А.Чеховтың «Шағала», М.Ладоның «Болмаған оқиға» қойылымдарын өресі биік көрермендер толастамай ағылып келіп көргеніне куә болғанымызды, тіпті кейбір қойылымға өзімнің де қоюшы суретші болғанымды мақтанышпен айтқым келеді.

Ақтауда өткен Қазақстан театрларының ХVІ республикалық фестивалінде Құжақаң аударған А.Камюдің «Калигула» трагедиясы «Ең үздік режиссерлік дебют» аталымы бойынша байрақты болса,  Қостанайда өткен фестивальде Құжақаңның тағы бір тың аудармасы Г. Гориннің «Атың өшсін, Герострат» қойылымы «Ең үздік режиссерлік жұмыс» аталымын иеленіп, Орал театрының қанжығасын майлаған. Екі үздік спектакльдің қоюшы режиссері, сол кездегі Орал театрының бас режиссері Мұқанғали Томановты лауреат атандырған осы пьесалар еді. Құжақаңның қасында жүріп, өнегесін алған Мұқанғали 2018 жылы шығармашылық кешінде Атырау театры режиссердің 8 пьесасын, 4 аудармасын кітап етіп шығарды. Сондағы М.Томановтың: «Алдымда өте сыйлы ағам бар еді, сол кісіден қатты ұят болды-ау» деуінің өзі өнердегі Құжырғали ағасына деген інілік ілтипаты, ерекше құрметі еді. Кейін, осы шығармашылық кештің өтуіне де, Құжақаңның аудармаларының, еңбектерінің шығуына да ұсыныс жасаған, ықпал еткен осы Мұқанғали інісі болса, оның іске асуына өнерге бірден бір жанашыр азамат театр директоры Берік Жәменов.

Сол бір қиын-қыстау кезеңде Орал театрына басшылық жасаған Қ.Төлеуішов, қабырғасы жаңа қаланған қазақ театрының көтеріліп кетуіне бар күш-жігерін салғаны баршаға аян. Ресей театрларымен жақсы қарым-қатынас орнатып, Орынбордағы М. Горький атындағы орыс драма театры директоры Павел Церемпиловпен танысып, екі жақты шығармашылық байланыста болуға, «Гостиный двор» халықаралық театр фестиваліне ұжыммен барып көруге, тәжірибе алуға келісім жасасты. Театр жыл сайын гастрольдік сапарларға шығып, фестивальдерге қатысты. Астрахань асып, Құрманғазының басына, Қараойдағы Махамбет зиратына, Ордадағы Жәңгір ханның басына да алып барып, басы-қасында өзі жүрді. Ұжымды әрдайым өнерлі жастармен толықтырып отыру керектігін де, кәсіби білімін жетілдіруге жіберуді де ұмытпады. Тіпті, қазақ театрларының шығармашылық тобы қоярға қазақша пьеса таба алмай жатқан сол бір кезеңдерде аударма жұмысына да мәдениет пен әдебиет саласындағы тәжірибесі, білімі мол Құжақаң білек сыбана өзі кірісті. Қазақстанның көптеген театрлары қоярға дүние таба алмай, тұрмыстық, қарапайым комедияларды місе тұтқан шақта аайымы терең классикалық туындыларды аударуға жүрексінбей кірісті. Режиссерлермен бірлесе отырып театр репертуарын биік өрелі туындылармен толтырды. Бұның бәріне куә – қасында иық түйістіре қызмет жасаған өнердегі замандастары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Қажымұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер М.Ахманов, режиссер М.Томанов, актерлер Қ.Амандықов, Е.Есендосов, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келіп, бүгінде Қазақстанның мәдениет пен театр өнерінің кеңістігінде қызмет етіп жүрген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров те бар.

Шығармашылық кеш соңында сөз алған Құжырғали аға сахнада тұрып: «Мен артық ештеңе де жасаған жоқпын, тек өзіме жүктелген міндетті уақытпен санаспай, жан аямай елім үшін деп еңбек еткенім ғана» – деп қарапайым ғана ағынан жарыла айтуының өзі нағыз парасатты адамның сөзі ретінде шынайы шықты. Шығармашылығыңыз арта берсін, Құжырғали аға!

 

Темірбек МӘЖИТҰЛЫ,

Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі,

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының

бас суретшісі