Қадірлі елім, қабырғалы елім!

Айтарымды айтып, арылғалы келгем.

Жан-жүрегімді жарқыратып тұрып,

Алдыңда сенің жарылғалы келгем – деп жырлаған ақын Нұралы Әжіғалиевтің туғанына биыл 80 жыл. Өзіндік жырларымен қазақ поэзиясында өрнек салған ақиық ақын бар қабілет-қарымын ұлт әдебиетінің өркендеуіне арнады. Нарын топырағында дүниеге келген дара дарын иесінің өлеңдері бүгінде халық жүрегінде. Біз қашанда ақын-жазушыларын қадірлеген халықпыз. Осыған орай, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері,  Исатай ауданының Құрметті азаматына арналған «Жырым менің – жанарым елге қарар» атты  еске алу кеші жоғары дәрежеде өтті.

Жыр кеші Махамбет атындағы академиялық драма театр әртістерінің сахналық қойылымымен бастау алды. Нарын топырағында дүниеге келген Наркескеннің өмір жолымен шығармашылығы көрініс тапқан театрландырылған қойылымда, әртістер ақынның жыр-шумақтарын көрерменге тебірентіп әсерлі жеткізе білді.

Жиында алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы былай деп өз ойын жеткізді:

– Нұралы аға айтылмайтын ойда жүрген мәселелерді жеткізе білген ақын. Халық айтады, әркім туғанында анасының жатырында жатқанын-ақ ғұмырын пешенесіне жазып береді деп. Міне, елдің азаматы сол пешенесіне жазылған мәнді ғұмырын абыроймен өткізді. Өйткені, оны артында елім деп еміренген ерін жоқтайтын халқы бар. Бүгінгі еске алу кеші соның көрінісі. Ақынның мәнді ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, оны жастардың бойына сіңіре білуіміз қажет – деді, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, ақын рухына арналған шараны Атырау облысы әкімідігінің қолдауымен,  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды.

Көзі тірісінде елінің сүйіспеншлігіне бөленген ақынды еске алып, рухына тағзым ету және  шығармашылығын жас буынға таныстыруды мақсат еткен еске алу кешіне үзеңгілес достары, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, Светқали Нұржан, Елена Әбдіқалықова сынды белгілі қоғам қайраткерлері арнайы келіп қатынасты.

Ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан:

“Нұралы аға кешегі оталып кеткен отызыншы жылдардағы ұлтымыздың алтын буыны. Ұлтымызды тәуелсіздікке алып келген осы буынның еңбегі орасан. Біз ұлық тұтып, өмі рбақи тәу етіп қарайтын қасиеті осы деп есептеймін. Азғантай ғана шоғыр таланттардың маңдайына біткен бақыт Нұралы ағама бұйырды. Ол бақыт елмен бірге болып, елдің ортасында қайнап пісу”.

Олар ақынның шығармаларындағы  туралық пен шыншылдықты айтып, «Жырым менің – жанарым елге қарар» жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Топтаманың лентасын кесу рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп пен филология ғылымдарының докторы, белгілі баспагер Ғарифолла Әнес өткізді.

Шара соңында ақынның аяулы жары Қорлығайын Дүсіпова ризашылығын білдіріп, сөз алды:

– Бүгінгі жиында халықтың ықыласы ерекше болды. Мен мұны ақынның өлмес жырларына деген елдің құрметі деп білемін – деді, ақының жұбайы.

Туған жерде тербетілді жыр-бесік  

Ақының кеші өзінің туған ауылының аудан орталығында жалғасын тапты. «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» атты жиында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілхасымов жыр кешіне алыс-жақыннан келген қонақтарға қош келдіңіз айтты. Ақынның жанұясына құрмет көрсетіп, тілек хат пен ұрпақтарына естелік сыйлық табыстады.

Арқалы ақынның шығармашылығын ұлықтауға поэзия жанашырлары, қоғам қайраткерлері қатынасып, жүрекжарды тілектеріне қоса ақынға арнаған туындыларын да көпке тарту етті.  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ақынның өлеңін жатқа оқыды.

Мәдени шара кейін облыстық ақындар сайысына ұласты. Байқау ақын жырларын жатқа оқу, ақын сөзіне жазылған әндерді орындау және жыр мүшайрасы сынды үш бөлімнен құралды.

Сайысқа филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, ақын Светқали Нұржан, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Елена Әбдіхалықова және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева қазылық етті.

Ақын өлеңдерін жатқа оқу бойынша облыстық дарынды балалар мектебінің оқушысы Игілік Бекжанұлы бірінші орын иеленді. Екінші орынға Х.Нәубетов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Жұлдыз Әнуарбекова қол жеткізді. Ал, үшінші орынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ақбөбек Қадыржанова қанжығалады.

Жыр мүшәйрасы бойынша Махамбет ауданының ақыны Бағыт Нұрлыбек жеңімпаз атанды. Ал, екінші және үшінші орындарды жылыойлық Бүркіт Базарбаев пен университет студенті Фариза Жетпісбаева еншіледі.

Ән сайысында ақын өлеңіне жазған өз әнінің тұсауын кескен Дулат Зұлқашевтың өнерін қазылар жоғары бағалады. Аққыстау орта мектебінің оқушысы Дана Мажитова мен Дина Нұрпейісова атындағы музыка академиясы Атырау музыка колледжінің жас ұстаздарынан құрылған трио да жүлделі орыннан көрінді.

Ақын, қоғам қайраткері Шахизада Әбдікәрімов:

– Нұралы ұстаз және тағдырлы ақын. Атырау топырағында жүріп-ақ, біздің әдеби құндылықтарымызға өлшеусіз үлес қосты. Ол тек өлең жазып қоймай, талай шәкірттерінің балақ бауын алып, томағасын сыпырып, тәрбиелеп қияға ұшырған ақын.

Бітіспейтін жаумын жамандыққа,

Дәрежеге дәулетке аз алаңым.

Анкетаның тұсына мамандықтың,

Ақынмын деп ұялмай жаза аламын – деп жырлаған Нарынның Наркескені Нұралы ақынның аты мен шығармашылығы халқының арқасында қашанда тарихта қалары анық.

 

Алтынай СӘЛІМГЕРЕЙҚЫЗЫ,

Атырау қаласы

АҚЫНҒА АРНАУ

Білмеймін тағдырын да елден ерек,

Көп емес ақын жәйлі менде дерек.

Білерім қырын сүйген, жырын сүйген,

Ортада озық оймен болған зерек.

Сусының қанғандайын шөлден кейін,

Қалайша жақсы жырға тербенбейін.

Зер салсаң өрнегіне өлеңінің,

Тереңнен жақұт-маржан тергендейін.

Әр сөзін сараптаған, салмақтаған,

Болмапты онда мінез жолбақтаған.

Тірлікте мансап қумай, өлең қуып,

Ештеңе сұрамапты-ау ардақты ағам.

Нарынның шағылындай сусымалы,

Ей жалған, сырғақтаған сұмсың әлі.

Қияғын құмындағы жел тербесе,

Үніндей Нұр ағамның үн шығады.

Көп болды ағамызды көрмегелі,

Оқырман өлеңіне шөлдегелі.

Жырларын жұрты жатқа айтар болса,

Ақынның осы емес пе өлмегені.

Тамсанған жазғанына жақын-жатың,

Ақынды ұмытуға бар ма Халқын.

Келін тұр халқыменен кездесуге,

Нарынның Наркескені Нұралы ақын!

                   Базарбай АЙТҚАЛИЕВ