Қазақтың терең тамырынан көктеп шыққанда, үстемнің үскірігі үсікке ұрындырмақ болғанда – бойдағы қызу қан күш бермей, тек әлсіреп барып қайта түлеген – Жүргеновтен кейінгі толқында да ұлт ұрпақтары болған. Олар арыстар арасындағы сабақтастықты үзбей алға жалғаған ардақтыларымыз еді ғой. Солардың бірі − ұлт жұмысын: «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат» (Ә.Бөкейханов) деп ұққан, «Сіңірсем деймін еліме, Маңдайдың терін ағызып, Жасасам деймін еліме, Жанымның отын тамызық» (Сырбай Мәуленов) деген қағиданы ту етіп көтерген, айтулы саңлақ сардар Ілияс Омаров еді.

Отызыншы жылдардың ойраны жақсыларымыздан көз жаздырғанмен, олардың үкілеген ұлттық идеясын жанын шүберекке түйіп жалғағандар аз болған жоқ. Орта Азия жоспарлау және экономикалық сауда тауар ісі институтын (Ташкент, 1933 жыл) бітірген І.Омаров елдегі сауда мекемелерінде қызмет ете жүріп, мамандығы басқа болса да халықтық істен сырт кетпейді. Қазақ КСР Сауда халық комиссариатының орынбасары, комиссары, партия органдарында қызмет істеп жүргенде де әдебиет майданына ынта білдіріп, сол тұстағы қазақ қаламгерлерінің шығармалары туралы терең талдаулар жасайды. Мәселен, «Абай және қазақ әдебиеті» (1945), «Өскен елдің өзіне сай музыкасы болсын» (1949), «Өскен әдебиетке үлкен сын керек» (1950) деп жар салыпты. Темірбек Жүргенов секілді Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы кезінде, 1949 жылы Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне жетекшілік жасайды. 1943 жылы ел қолына тиген «Қазақ КСР-інің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты іргелі еңбекке де үлес қосып, оның екінші басылымына (1949) академик А.Панкратовамен қатар жауапты редактор болады. Кейін бұл кітап сынға ұшырағанда, талайдың басына әңгір таяқ ойнағанда, қазақ тарихына, қазақ ғылымына жанашыр, арашашы айтулы ғалым Анна Михайловна Панкратова Ілияс Омаровқа хат жазып (27.10.1949): «Бірқатар тарихшылар арасында тарихи ақиқатқа қарамастан, қазақ халқының тарихын сүмірейтіп көрсетуге тырысушылық бар. Осыған ұқсас тарихи жағдайда бой көрсеткен грузин патшасы немесе өзбек ханы неліктен озық ойлы қайраткер саналып, ал қазақтар Абылайды, Кенесары Қасымовты қаралауға тиістігін мен мүлде түсінбеймін. Мен қазақ тарихының осы аса көрнекті тұлғаларына баға беруде ешқандай жағдайда да тарихи шындыққа кереғар жолға түсе алмаймын…» деп қатты күйінген екен.

Бұған қоса, ұлт зиялысы 1943 жылдың желтоқсан айында үлкен ақындар айтысын өткізуге ұйытқылық етеді. Қазақ қыздарының жоғары білім алып, биіктен көрінуі үшін жағдай жасау ниетінде Қыздар педагогикалық институтының, ұлт өнерінің өркендеу жолында мықты кадрдың рөлі бөлек екенін ерте сезініп Құрманғазы атындағы консерваторияның шаңырақ көтеруіне атсалысады. Шоқан, Ыбырай, Абай мұрасына тереңдеп барып, көрнекті ғалым Е.Бекмахановтың қазақ тарихы жөніндегі айтқан ақиқатына ден қойып, әлі де жетілдіре түсу керектігін, бұл қазақтың өткені деп, Кенесары, Наурызбай ұлтқа мақтан болар тұлға екенін дәйектеуді тапсырып, Қ.Жұмалиевтің Исатай мен Махамбет жөніндегі ізденістеріне оң қабақ танытады. Осының өзінен-ақ Ілекеңнің танымы бөлектігін, ұлттың ертең мақтанышына айналатын жақсыларын бағалаудағы батыл қадамы, зейіні зерек екенін мойындамасқа шараңыз қайсы?!

Сауаты «шамалы» бұратана жұрттан ондай жұтынып тұрған ұлдардың бозторғайдай шырылдап шырқаудан шығуы мүмкін бе деп, күдік итті үргізген, ішіне пышақ айналмайтындар Ілияс Омаровты тәубесіне түсіру жолында науқан бастап, «буржуазияшыл ұлтшылдардың Кенесарыны ақтап, мақтауына жол берді», деп Қазақстан КП ОК-ның идеология хатшысы қызметінен қуып, Бекмахановпен бірге итжеккенге айдап, көзін мүлде құртуды ойластырады. Бірақ, жанашыр жақсы адамдар табылып, оның ісі бұлтарысы жоқ адал екені анықталып, мына науқан қысастықтан жасалып отырған қараулық деп, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жібереді.

Ал, оның ер құнын да, сөз құнын да терең түсінетінін: «Сөзі мен ісінің, уәдесі мен орындалуының арасында шалғайлығы да жоқ, шалағайлығы да жоқ азамат екінің бірі емес, әрине. Ондай азамат айтқанын орындамай құтылар бойтаса іздемейді, уәдесін парыз-қарызсыз орындап тынады. Ешкімнен алғыс та күтпейді, ешкім оған қарыздар да емес. Қайта алғыс айта бастасаң, қысылып қалады. Марқұм Ілияс Омаров осындай азамат еді… Есейе келе екі рет министр, екі рет облыстық, бір рет республика партия комитетінің секретары болды. Бірақ, ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес»,− деп азаматтың ажарын сөз зергері Ғабит Мүсірепов тап басып айтыпты.

Керемет қызметке мастанбай, ұлттық іске жасқанбай кіріскен І.Омаров заманының жайлы бола қоймағанын алда елестеттік. Бірақ, заманы ауыр болса да, Жүргеновтің үзілген жолын жалғауға, ісін ілгері апаруға бел байлағандықтан халықтық істі атқару жолында қайыспапты, майыспапты, қаймықпапты. Мұны тарих беттерін парақтасаңыз көзіңіз жетіп, ұлт ұлының тірлік тынысына марқаясыз.

«Аса дарынды мемлекет қайраткері» деген мақаласында өрен жүйрік Өзбекәлі Жәнібеков алдындағы ардақты екі ағасы Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаров туралы тағылымды әңгіме қозғайды. «Ілияс Омаров көне көз қариялар айта беретін «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда ғана боларсың елге нұсқа», дейтін ата сөзін ту етіп, уақыты тар болса да арманы алыс, мақсаты асқақ өнегелі өмір кешкен мемлекет қайраткері, дарынды қоғамтанушы, әдебиет, өнер зерттеушісі, қай-қайсысымызға болса да ақылшы аға, жақын дос, жеке басын зорға балар қамқоршы еді», дейді де сол қазақ өнерінің Қанабек Байсейітовінен естіген төмендегі оқиғаны тілге тиек етіп, Темірбек пен Ілиястың өнегелі істерін үлгі етеді. Оқып көрелік: «Бір кеште сол Қанабек Байсейітовтен Ілияс Омаров жөнінде мынандай бір әңгіме естіген едім. Ілекең министр болып тағайындалған соң, Қанабек Байсейітов бір мәселемен министрлікке барғанда, министрдің қабылдау бөлмесінде ілулі тұрған Темірбек Жүргеновтің суретіне көзі түсіп: «Ілеке, мынаны қалай түсінуге болады?» деген екен. Сонда Ілияс Омаров: «Е, Қанеке! менің министр, сіздің халық әртісі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Темірбек Жүргеновтен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы», депті.

«…Кейін Ілияс дүние салып, оның орнына басқа адам тағайындалғаннан кейін бірде министрлікке барғанымда Темірбектің суретінің орнына натюрморт ілулі тұрғанын көріп, төбемнен тоқпақпен ұрып, жерге кіргізіп жібергендей болдым», деп Қанекең көзіне жас алды», дейді.

Қазақстан комсомолын басқарып жүргенде Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші орынбасары қызметінде отырған Ілияс Омаровқа барып, ауылдарға клуб салу мәселесін қозғапты. Сонда Ілекең клубтың болатынын айтып, өз тілегін алға тартады. Ондағысы қазақ әдебиетіне Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев бастаған талантты ақындар, Сәкен Жүнісов секілді дарынды қаламгерлер келгенін меңзеп: «…мен бірдеңе түсінетін болсам, болашақта әдебиеттің құлағын осылар ұстайтын болады. Менің жағдайымда әдебиет мәселесіне араласа бергенімді біреу түсінсе, біреу түсіне бермейді. Сен осыларға қамқоршы болсаң орынды болар еді», депті. Өзекең аға тілегіне адалдық танытыпты. Қазір қазақ әдебиетін аттары аталған ақындар мен жазушысыз елестету әсте мүмкін емес.

1962 жылдың 29 желтоқсанында ҚазМҰУ-да Мұхтар Әуезовті еске алу кешінде Ілекең қырық үш минут қағазға қарамай сөйлегенін, өнер мен әдебиетті тарата айтқанын еске түсіре келіп: «…халық педагогикасы дегенді сол кеште мен бірінші рет осындай дуалы ауыздан естіп, қайран қалғаным бар», дейді Өзағаң.

Ақын Сырбай Мәуленов Т.Жороковтың «Жаһанды орман жаңғыртты», Н.Ахметбековтың «Амангелді» дастандарын, Ә.Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» романын Ілекеңнің ақылымен жазғанын, «Ез тірліктен ер өлім, Артық екен деп едім. Шіркін, тірлік жақсы ғой, Түсірмесең беделін», деп өлең өрнектеген, арды қашанда биік ұстаған Қасым Аманжоловтың Алматыдан пәтер алуын сыр етіп шертеді. Қасым заман шенеунігінің алдына кіргенде өлеңін: «Омарұлы Ілияс сіз екенсіз», деп бастап, бұрын танымайтынын, бірақ сырттан атына қанық екенін, «Ел таниды өзінің азаматын, «Азамат» деп ел Сізге ат қойыпты», дейді де сөз саудасынан аулақ екенін, «Жаман, жақсы болсам да ел ұлымын, Елім деген ер болса – серігімін» дейді. Ақын сөзі басынан асып, жетесіне жетіп бара жатқанда шыдамай, Алматы қалалық кеңесінің төрағасы Ғафиз Айбасовқа телефон соғып: «Ғафиз, саған Аманжоловтың пәтері туралы телефон соғып едім ғой. Бір аптаның ішінде ақынға үй беретін бол. Сен екеуміз осылардың тілегін орындау үшін уақытша отырған адамдармыз, бұлар мәңгілік қалады», депті. Түйсігі бар азаматтың мына сөздері оңайда иліге қоймайтын арқалы ақынның көзіне жас үйіріпті.

Жақсылардың ақыл парасаты қашанда биік болған. Өзім білем деп ақиқатты аттамаған, бәрі маған тиесілі демеген. Бұған да дәлел келтірелік. Белгілі экономист Мәжікен Бутин Ілекеңнің Мәскеуде сырқаттанып жатқан М.Әуезовтің көңілін сұрай барып, әңгімелескенін еске түсіріп, ұлы қаламгердің қазақ футболының қимылына көңілі толмай: «Бәлі, борсалаңдап жүгіре алмайды екен өздері», деген ренішпен ойға алып, Бразилия футболшысы – Пеле, дүниежүзі футбол өнері жөнінде айтқан әңгімеден сауаты ашылғанын мойындап, «Мен Мұхтардай данышпан емеспін ғой», деп Галина Уланова ойнаған «Аққу көлі» балетіне он жеті рет барғанын тілге тиек етеді. Ілекеңнің бойындағы асыл қасиеттерге, адами болмысына қанықтығын, көрсеқызарлық пен екіжүзділіктен аулақ жүретінін, сабырлы, өз салмағын жақсы білетінін өзге ұлт жазушы Юрий Казаков та ерекше атап өтеді. Екінші рет Мәдениет министрі болғанда ол: «… Күллі қазақ мәдениетін құттықтағым келеді. Өйткені, кез келген мәдениет министрлігі өз мәдениет министрімен мақтана алмайды ғой, қазақ достарым үшін өте қуаныштымын тіпті, қазақ болып тумағаным үшін өкініп қалдым», депті. Бұл ұлтқа, ұлт ұлына үлкен баға екені анық. Кім көрінгенге жалпылдап бас ие қоймайтын, әділдігімен айбыны асқан Бауыржан Момышұлының өзі: «Ілияс – нағыз ақылды адам, жаңашылдықтың нақ өзі», деуі де тегін болмаса керек. Тектілер бірін бірі көш жерден түсінген ғой.

Есеп-қисаптан гөрі жан-дүниесі рухани салаға жақын екенін ежелден білетін қазақтың абзал азаматы Дінмұхамед Қонаев сырқатынан сақайған бір тұста Ілекеңді Мәдениет министрі қызметіне екінші рет тағайындапты. Сол кезде ұлт жанашыры «Гүлдер» ансамблі мен «Қыз Жібек» фильміне, Қазақ циркіне көп көңіл бөліпті. А.Ясауи кесенесін, Айша бибі мазарын, Отырар мұраларын, көне жәдігерлерді бүлдіре бермей, сақтауды қатаң тапсырыпты. Тіпті, сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке қазақ топырағындағы тарихи орындардың қараусыз жатқанын, көне қалалардағы тарихи ғимараттарды қорғау мәселесін қозғап, оны жұрт баратын қасиетті жерге айналдыруды, бүгінгі тілмен айтсақ, туризмді дамытуды айтып, ұсыныс білдірген екен. Сонымен қатар, М.Бутинмен бір әңгіме үстінде: «Шет жұрт сынай қарауы мүмкін. Сол себепті СССР тарихы мен Қазақ ССР тарихын жатқа біл. География, этнография, демографияны зертте. Әсіресе, соңғысына яғни, халықтың өсіп өркендеуі туралы ғылым − демографияны біл», деген сөзді әр қазақ азаматына, оның ішінде жастарға жеткізіп отыруды айтып кетіпті. Иә, демография мәселесі қазір де күн тәртібінде тұр.

Алда біз Ілияс Омаров туралы біраз ойды орта салдық. Ал оның артында қалған қазына сан салалы. Соның қатарында «Әдебиет туралы ойлар» (1962), «Оқушы көзімен» (1967), «Серпін» (1970), «Шабыт шалқары» (1973), «Өмір және өнер» (2012), т.б. кітаптары жарық көріп, толқын-толқын ұрпақ онымен танысып келеді. Биік дәрежелі қызметтерде жүрсе де өнер мен әдебиет, жеке шығармашылық адамдарының туындылары туралы ой-толғамдарын оқып отырғанда, оның жан-жақты білімдар екеніне көз жеткізесің. Жол жазбалары, танымдық мақалалары, өлеңдері, хаттары − қай-қайсысы да Алаш арысының зерделігін танытады. Мұны қазақ қаламгерлерінің бүгінгі абызы Ә.Нұрпейісовтің: «Темірбек Жүргеновті туған халықтың тас құрсағы бір кезде қайта жібіп, дүниеге енді І.Омаров келіп, ұзақ жыл бос тұрған Жүргеновтің креслосына отырды. Ілияс Омаров та өзінің алдындағы Темірбек Жүргенов сияқты – Өнерді – Өмірге, Өмірді – Өнерге балаған біздің халық үшін қарын тойдыру мақсат болса болар, бірақ мұрат емес, нағыз мұрат − Өнердің Өркенін Өсіріп, көсегесін көгерту деп білді», деген екен. Осының өзінен-ақ дара тұлғаның даналығы көрініп тұр.

Ілекең мақалаларында қазақ күйлерінің мұртын бұзбай бүгінгі күнге жеткізген ұлт жадына сүйсініп: Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Ықылас мұраларына ерекше назар аударады.

Халықтың бай тілін қазақ драматургтерінің қаланың «қарабайыр тіліне» біржола көшіріп алғанына өкініш білдіріп, «….адамдардың қай заман болмасын, жұтаң сөйлеуі, жүдеу сөйлеуі ақылға сыймайтын құбылыс қой. Осы ғасыр қазақтары өткен ғасыр қазақтарынан гөрі өзгешерек сөйлейтін болса, ол өзгешелекті − біздің тұсымыздағы қазақтардың байырғы ана тілін қалай жүдеткенінен емес, қалай байытқанынан, оның күйі мен сазына, бояу әлеміне, өткірлігіне қосқан соны сипаттарынан іздеу қажет емес пе? Біздің драмалық шығармаларымыздың тілінен ондай терең ізденісті емес, көше сөзінің көзсіз көшірмесін көп көреміз», − деуі қазіргі күннің мәселесін еске салады. Бұл күрделі жай – «Өнер мұраты биік болмақ» деген мақаласына өзек болыпты. Бұған қоса Бальзактың «Шегрен былғары» романындағы құлан оқиғасы мен қазақтың «Ақсақ құлан» күйін салыстырып, халықтық ұғым енді ұлттық ұғымға айналғанын әдемі жеткізеді. Осы үрдіс Сәкен Сейфуллиннің «Бурабай» поэмасында да бар екенін атайды.

Ақын Ғафу Қайырбековтің Ғабит Мүсірепов айтты деген естелігіндегі, уызға жарыған адам білімді болады екен. Ұлы Ғабең соны Ілияс Омаров туралы әңгіме қозғалғанда: «Сен жұмыртқаны білесің ғой, соның ішіндегі сары уызды білесің. Халықтың өзі бір тұқым болса, соның да уызы болады, ол тұрғанда ештеңе құрымақ емес. Ол уызды аз ғана адамдар құрайды, оны тірі пендеге білдірмейді, оны құдайдан басқа ешкім білетін нәрсе емес. Олар енді ру, туыс, ауыл дегенді білмейді, тек ұлтты ғана біледі, есіңде болсын, бұл өзін өзі сақтаудың ең жоғары түріне жатады, олардың түпкілікті тізімі, не есімі болмайды. Бірі өлсе, бірі алмасып жатады» деген екен.

Шынында, қазақ ұлтының сол уызы − Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков емес деп кім айта алады.

Қазақ операларында қолданған халықтық туындыларды айтқанда: «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» «Жалбыр», өзге де еңбектерді мысалға келтіріп, мұндай үрдісті өзге жұрттардың композиторлары да пайдаланғанынан мысалдар келтіреді. «Атақты композитор Николай Яковлевич Мясковскийдің «Он төртінші симфониясының» екінші бөліміне негіз болып қазақтың «Кемпір мен шал» атты күйі алынған. Сол сияқты М.Я. Мясковскийдің «Он алтыншы симфониясынан» да біз қазақ күйлерінің ең бір әдемі сарындарын ұғып отырамыз. Бұл шығармаға желі болған «Шолақ» деген күйді білетін қазақ кем шығар деп ойлаймын», деген ұлт зиялысы М.Горькийдің А.Затаевичке жазған хатынан: «Қазір менің алдымда қазақ-қырғыздың мың өлеңнен құрастырылған жинақ жатыр. Бәрі де нотаға түсіріліпті. Әуендерін байқап қарасам, адам жанын тебіренткендей, болашақ Моцарттарға, Бетховендерге, Шопендерге, Мусорскийлерге және Григтерге таптырмайтын бай қазына екен», деген сөзін келтіріп, қазақ әуенінің қадіріне жету мәселесін қозғайды. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, Ж.Молдағалиев, Ә.Әлімжанов, орыс қаламгерлері Л.Леонов, А.Фадеев, М.Шолохов, т.б. том-том романдарына талдау жасап, өз пайымын айтады.

Өз өлеңдері де өрнекті. Хаттарындағы ізет пен инабат иірімдері мол тағлым береді. Кісі сыйлаудың үлгісін көрсетеді. Жазушы інісі Жайсаңбек Молдағалиевке көп сенім артып, әл үстінде жатқанда қолжазбаларын реттеп қоюды тапсырып: «…ендігі Омаров сол қағаздарда. Сол Омаровтың болашағына тілектес болыңдар», депті. «Сіз ел ағасыз, дұшпаныңыз болған шығар?» деген қаламгер інісіне: «Менің дұшпандарым − жіберген қателерім, қатемді түзеу дұшпанымды мұқатуым секілді сезім береді», деген екен. Тұлғаның ірілігі осыдан артық бола қоймас-ау!

Бір құрдасы Бауыржан Момышұлының ара-тұра бет қаратпай, қатты кететінін айтып, досыңа қой деп қойсаңшы дегенде: «Осы мінезі жойылған күні – сендерге Бауыржан да жоқ» депті.

«Қадірліміздің бірі еді-ау» деген мақаласында білімдар сыншы Сағат Әшімбаев орталық архивте Ілияс Омаровтың қызықты да мазмұнды көңіл күнделіктері, естелік жазбалары жатқанын айтып, І том – 205 , ІІ том −163, ІІІ том – 209 , IV том – 184 , V том −145, VІ том – 166 бет екенін жеткізіп, оны кітап етіп шығаратын болсақ, қол аяғы жерге тимей өтіп кететініне сенім білдіріпті. Ендігі сөз, осы алты томды халық игілігіне айналдыру жолын ойластыру да болып тұрған секілді.

Біз Ғабит Мүсіреповтің 1985 жылы: «…әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы боп есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен, таза мінезі болуы керек…қасиетті елім, жерім…», деп соңғы сапарға бет бұрғанда соңғы хатын жазып, аттанғанын білетін едік.

Бұл Ілияс Омаровтан басталған секілді. 1970 жылы 16 шілдеде асыл азамат қоштасу хатын жазып, екі күннен кейін өмірден озыпты. Сол хатында қара бастың қамы, мұң-мұқтажы емес, халық мұрасының жайын айтыпты. «Халім ауыр. Ажалмен бір адамдай-ақ алысып ем, ол енді жеңіп барады. Қол жетер жерде менің кішкене сағатым жатыр. Адам өміріндегі аяулы уақыттың адал таразысы – осы сағат қой», − деп туған халқының алдында орындай алмай бара жатқан жұмысы − ғасырдан-ғасырға жалғасқан ұлттық мұра екенін қиыла айтып: «Халық мұрасы дегенім − әсіресе, сан дәуір, замандар көшінде өзінің қайталанбас, тозбас, өшпес қасиетімен бізге дейін жасап келген ән, күй, музыка мұрасы, дастандар, жырлар түйдегі. Бұлар − менің көзіме де, көңіл сарайыма да халқымның аса мықты тұлғасы, сын, сипаты болып елестейді», деп халық мұрасын тұлғаға теңейді.

Біз осы күндері сол тұлғаны жеке адамдардың «қанжығасына» байлап жүрміз.

Хаттың тағы бір жерінде «…ойлаңыздаршы, біздің осы қазынамызды дүние көлемінде қай өнерпаз халықпен болса да жарыстыра, жарқырата көрсетсек, біздің бай тарихымыз, арғы-бергі өтіп келген жолымыз аян да анық болмас па еді?.. Менің арманым, парызым дегенім осы жұмысқа өз хәлімше кірісе бастау, бастап берушілердің бірі болу еді. Оған қарайлауға болмай барады», деп үкілеген үмітін жастарға жүктейді. «Келешек – жастардікі ғой. Әңгіме сол жастарға бар қазынаның қадірін жеткізіп, ел алдындағы борышқа баулып өсіруде. Ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмасын! Ұрпақ та, оның талантты өкілдері де үзілген емес… Соларды кезінде танып, қамқор болып әкедей жан ықылас арнап, баулып отыруда….Ғазиз бауырларым…Қош қимасым, қызғышымдай болған есіл ел, еркін тірлік, рахат еңбек, аяулы азаматтар!..» деп нүкте қойыпты.

Иә, мансапқа емес, ұлт мақсатына қызмет еткен нағыз азамат осылай демей не десін. Мұндай ұлы сөздерді ұлы ұрпақ ғана айтса керек. Оған адалдық, ардан аттамайтын кіршіксіз тазалық, бастау суындай мөлдір тірлік керек екені әлімсақтан белгілі. Сол бабалар үлгісінен таймай, танбай кеткен арыс ұл − Ілияс Омаров. Біз оның алда айтқан еңбектерін оқтын-оқтын еске алып, толқын-толқын ұрпаққа жеткізіп отырмасақ ұмытылып қалуы да ғажап емес. Өйткені, жаһандану өзіңнен гөрі өзгені танып білуге қаусырып бара жатыр. Сол қаусырудан құтқаратын Ілекеңдей жақсының үлгісі, ұлттық мұрасы деп білеміз.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

Нұр-Сұлтан қаласы