«Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін Дендерден,

Мен де бір күн кетер ме екем, бақұлдасып сендермен».

ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВ. 

Бұған дейін де рухани орталық атанған Атырауда соңғы уақыттары үнімен, жырымен, жан күйімен халқының есінде мәңгіге қалған алыптардың тас мүсін боп жандана ортаға оралуын көріп жүрміз. Мұны әлемі әдемі өнер адамдарының ұлылығына бас ию деп білеміз. Әйтпесе, Әбіш айтпақшы, бағалай білмегенге бақ қонбайды. Бағалай білгендігіміздің мыңнан бір өлшемі осы болса керек-ті. Бұл жолы қазақтың бағына біткен зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен тұңғыш бардымыз Табылды Досымовтың ескерткіштері Индербор кентінде тұрғызылды.     

Жасампаз тұлғалардың ескерткіші маңындағы халықтың қуанышын, мақтанышын сөзбен жеткізу қиын. «Заман азып не қылсын, ай орнынан туады, күн орнынан шығады, бұның бәрі адамнан» деп жырлаған Мұрат Мөңкеұлының композициялық бейнесі 7 м биіктікті құрайды. Таза қоладан құйылған мүсіннің авторы – Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Құттыбек Жақып. Домбырасын қолына алған күйі еліне елдіктің жырын емірене жеткізіп тұрғандай әсер қалдырады.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов аймақ басшысы атынан жылы лебізін білдірді:

«Меніңше, Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовты білмейтін қазақ жоқ. Әр түрлі дәуірде ғұмыр кешсе де, олар қалдырған мұра біреу. Ол – руханият. Өз заманында ел ішін өлеңдері арқылы саналылыққа шақырған Мұрат бабамыз бен күні-кеше ақындықты, сазгерлікті қатар ұстап, әр ұрпақ жадында сақтап, айтып жүрердей әндерімен Табылды бізбен бірге мәңгі жасайды. Осындай есіл ерлеріміздің есімін ұлығылау – егемендігіміздің нығаюына бірден-бір фактор».

Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Жерленген жері – Индер ауданы (1906). «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оның мазары киелі орындар тізіміне енгізілген болатын.

Ал, талай жас жүректің ынтызарлығын оятып, үлкендердің көңіліне қонған әндердің авторы Табылды Досымовқа арналған ескерткіштің ашылуында ақынның замандастары, қоғам қайраткерлері, Сенат және Мәжіліс депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері, БАҚ қызметкерлері көптеп қатынасты. Лентасын курс­­тасы, журналист Арман Сқа­былұлы мен бала кезден бірге өскен досы Талғат Қайыржанов қиып, жолдастарын еске алды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова сағынышын әнмен жеткізді.

Бұл ескерткіш те таза қоладан жасалған, биіктігі 2 метр 60 см-ге жетеді. Сәулет авторы – Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Суретшілер Одағының мүшесі Бақытбек Мұхамеджанов. Жапсарлас гранит тасқа небәрі 45 жылдық өмірін аңғартатын 4,5 метрлік өлеңдері жазылған. Сонымен бірге, оның мұрасының кейінгі ұрпаққа жалғасуын бейнелейтін граниттың ұшар басына құстар бейнеленген. Айта кету керек, екі мүсіннің арасы шамамен үш жүз метрдей жер.

Ал, сөздің сойылын соққан бүгінгінің жырауы Светқали Нұржан Мөңке мен Табылды қазақ жадында мәңгіге тұрақтаған, М.Мөңкеұлы азаттықты армандаса, Табылды биіктікті аңсады, екеуінің де көкейіндегі мақсаттары орындалды деген пікір айтты.

Осылайша, Индер ауданындағы орталық көшедегі саябақта қос еңселі ескерткіш бойын тіктеп, тұрғындардың мәдени демалысының көркін қыздырып, көзқуанышына айналып отыр.

Тұтас бір күнге созылған шаралар орталық мәдениет үйінде «Мұраттан Табылдыға дейінгі: «Ұлылар үндескен күн» сахналық қойылымы және концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Сайып келгенде, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Индер ауданының Құрметті азаматы Табылды Аяшұлы Досымовтың және мәртебесі атағымен емес, абыройымен, сөзінің, ісінің салмағымен өлшенген кезеңде өмір сүрген Мұрат Мөңкеұлының рухы еліне риза болсын деген ниетпен барлығы тарқасып жатты.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Фото авторы: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Атырау облысы, Индер ауданы