Отызыншы жылдардан бастап Кеңес үкіметі тарапынан қазақ еліне жасалған саяси қуғын-сүргін құрбандарының ерлігі әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Сол кездегі Алаш қайраткерлерінің жанқиярлығын, еркіндік үшін жұмсаған күш-жігерін кейінгі ұрпаққа дәріптеу қай заманда да алдыңғы қатардағы міндеттердің бірі болып қалады. Осы ретте жуырда Мәскеуге барып, репрессия құрбандары жөнінде мәлімет жинақтап келген Атырау мұнай және газ универсиетінің доценті Айгүл ЕРМЕКОВАМЕН сұхбат құрған едік.
– Айгүл Әміржанқызы, ауған соғысының ардагерлері жөнінде кітабыңызды білеміз. Басылымның мазмұнына қысқаша тоқталсаңыз?
– «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» атты жинағымда Ауған жерінде интернационалдық борышын атқарған бес жүз елуге жуық атыраулық жауынгердің өмірбаяны мен естеліктері енгізілген. Бұл жинаққа 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан, тағдырлары Атырау (Гурьев) облысымен байланысты интернационалист-жауынгерлердің өмірі мен әскери қызметі туралы деректерді архивтерден іздестіріп, соғыста қаза болған боздақтардың күнделікті әскери қиындықтары, ерлік істері жөнінде жазылған естеліктер мен мақалалардан үзінділер жинақталған.
Жинақтың 2-11-ші тарауларында Атырау облысынан Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің өмірбаяндары мен әскери естеліктері, ал, соңғы тарауында үкіметтің арнайы жолдауымен соғыс жылдарында Ауғанстан елінде жұмыс істеген, соғысқа куә болған мұнайшылар жөнінде қысқаша мәліметтер берілген.
– Репрессия құрбандары жөнінде деректер іздестіріп жүр дегенді естігенбіз. Мәскеуге барған сапарыңызда қандай тың деректер таптыңыз?
– Менің Мәскеуге барған басты себебім – Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің наградаларын іздеу. Зерттеу нәтижелері кезінде 2500 адам әлі награда алмағаны белгілі болды, соңын ішінде 132 азаматтың қазақстандық екені анықталды. 15 ақпанда соғыс біткеніне 30 жыл толды, алайда қазақстандықтардың көпшілігі әлі тиісті марапаттарын алған жоқ. Ресейдегі елшіліктің көмегімен Қазақстан бойынша 67 награда өз иесіен тапты.
Мәскеудегі «Коммунарка», «Дон» және «Ваганьков» зираттарында 1937-1941 жылдардағы мыңдаған саяси қуғын-сүргін құрбандары жатыр. «Коммунарка» қалың орманында 14 мың адам атылған, олардың 6 мыңы тізімделген. Осы тізімде Нәзір Төреқұлұлы, Қожанбек Сұлтанов, Тұрар Рысқұлұлы сынды тұлғалар бар.
Бұл зиратта одақтас ұлттық республикалардың бірінші басшылары, оның ішінде 1933-1938 жылдары қазақ елін қансыратып кеткен Левон Мирзоян, Авель Енукидзе сынды И.Сталиннің ең жақын үзеңгілестері, Қызыл армияның М.Тухачевский сынды бірінші қолбасылары (маршал) жерленген.
Қазақстанда қалың бұқара қазақ арасында ықпал-беделі шексіз Алаш қайраткерлерінен құтылуға сылтау таппай отырған Кеңес үкіметіне Тұрар Рысқұлұлының 1924 жылғы және Сәдуақас Сейфоллаұлының 1925 жылғы «қазақты қазақ басқара алмайды» деп И. Сталинге жазған «құпия хаттары» қазақ еліне Ф.Голощенкинді Қазақстанның партия басшысы етіп жолдауына және Голощекин арқылы Алаш қайраткерлерін жаппай қудалауға «жақсы желеу» болғаны – ащы да болса әлі айтылмай келе жатқан ақиқат. Ақыр соңында, «өзгеге ор қазба, өзің түсесің» деп дана қазақ ескерткендей, 1937-1938 жылдары Т.Рысқұлұлы мен С.Сейфоллаұлының өздері де Кеңес өкіметі алдында «ұлтшыл қылмыскер» болып шыға келді. Оның ішінде Т.Рысқұлұлы 1924 жылғы құпия домалақ хатында «буржуазиялық ұлтшылдар», «контрреволюцияшылдар», «алашордашылар» деп өзі айыптаған Ә.Бөкейхан, С.Қожанұлы, Н.Төреқұлұлы, Н.Нұрмақұлымен бірге бір қылмыстық іс бойынша айыпталып, 1937 жылдың қыркүйегінде атылғаннан кейін Әлихан мен Нығмет «Дон» зиратына жерленген, оларға арналып ескерткіш тақта орнатылған. 1938 жылы атылған Т.Рысқұлұлы, Н.Төреқұлұлы және С.Қожанұлы – Мәскеу іргесіндегі «Коммунарка» қалың орманындағы зиратқа жерленді. Және Мәскеуде Жаһанша Досмұхамедұлының да сүйегі жатырған жері табылды.
Жамбыл облысынан 2 жылдай хабарсыз, жоғалғандардың қатарында болған ауған ардагерін Мәскеу психиатриялық ауруханасынан тауып, елшілік арқылы елге арқылы елге қайтарған болатынбыз.
– 1993 жылы қабылданған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң бойынша қанша тұлға ақталды? Олар жөнінде толығырақ білсек.
– Бұл заңға сәйкес 1993 жылы ақталғандардың қатарында Ж.Аймауытұлы, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, З.Әбенов, Д.Әділов, Қ.Әлібеков, Ғ.Бірімжан, Ә.Бөкейханұлы, Н.Төреқұлұлы, Х.Ғаббасов, Ж.Досмұхамедов және Ж.Ысқақовтар бар.
Репрессия құрбандарының арасынан ең бірінші болып Ж.Аймауытұлы 1929 жылы Алматыда тұтқындалған. Кейін 44 Алаш қайраткерімен бірге Мәскеуге жер аударылып, Бутырка түрмесіне отырады. 1931 жылы нақақтан-нақақ айыптармен өлім жазасына кесіліп, денесі Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленді. Оның бар «айыбы» – 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Әлихан Бөкейхан құрметті төрағасы, ал, Міржақып Дулатұлы басқарма төрағасы болған аштыққа көмек комитетінің тапсырмасымен, ел ішінен жиналған малды ашыққан елдерге жеткізіп бергені болатын.
Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханов – қазақтың ХХ ғ.басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының, партиясының және Ұлттық Жерлі Автономиялық Республикасының идеялық негізін қалаушысы, насихатшысы әрі оның саяси жетекшісі, Алаш Орда Бүкіл Қазақ-қырғыз Халық Кеңесінің (үкіметінің) төрағасы. Кеңес өкіметі оны қалың қазақ-қырғыз арасындағы шексіз абырой-беделінен сескеніп, 1922 жылдың қазан айында Қарқаралыда тұтқынға алып, желтоқсан айында Мәскеуге жер аударып, 1937 жылдың қыркүйегіне дейін 15 жыл бойы үй қамағында ұстап, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде «Мәскеудегі және Қазақстандағы контрреволюциялық пантүркілік ұйымға жетекші болды, «жапонтанушы» (японофил)» деген жалған айыптармен өлім жазасына кесті. Жаза сол күні-ақ жүзеге асырылып, сүйегі Мәскеудегі Дон зиратында өртеліп, сүйегінің күлі ОГПУ-НКВД құжаттарында «№1 шұңқыр», қазір «№1 бауырластар зираты» деп аталатын зиратқа жерленген.
Мәскеу мен оның іргесіндегі зираттарға жерленген барлық Алаш-қайраткерлерінің бәрі дерлік нағыз қазақ ұлтшылдары болатын. Қазіргі Қазақ елі сол қайраткерлердің бүгінгі ұрпаққа сеніп қалдырған аманаты еді. Олар ең алдымен сол ұлтшылдығы үшін, қалың елі қазағының жарқын болашағы жолындағы күресі үшін құрбан болды. Енді бүгінгі ұрпақтың парызы – мүмкіндігінше сол арыстарының сүйектерін кіндік қаны тамған ата-баба жеріне әкеліп қайта жерлеу, тіпті болмаса – сүйектерінің күлі жерленген Дон, Ваганьков, Коммунарка зираттарына олардың аруақтарына арнап ескерткіш, ескерткіш тақта орнату. Сайып келгенде, азаттықты аңсаған алаштық ақтаңдақтардың адал қызметін жадымызда жаңғырту.
Ақырыс ЖЕҢІС
меншікті тілші, Атырау қаласы