Тәуелсіз еліміздің мәдени-рухани жетістігі жолында жан аянбай еңбек ету парызымыз. Бұл өнер майданында жүрген әр адамның жүрегінде болуы тиіс ой.
БЕРІК ҚИЛЕКЕШҰЛЫ ЖӘМЕНОВ – Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының директоры. «Насихат» номинациясы бойынша Қазақстан жарнама ассоциациясының ұсынысымен Махамбеттің шығармашылығын насихаттаудағы ұйымдастырушылық жемісті еңбегі үшін, Қазақстан театрлар ассоциациясының театр өнеріндегі ұйымдастырушылық жетістігі үшін берілетін «Сахнагер 2018» ұлттық театр сыйлығының «ең үздік менеджер» номинациясының, «Құрмет» орденінің және Махамбет атындағы сыйлықтың иегері.
– Берік Қилекешұлы, 80 жылдық тарихы бар Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры – Кеңес дәуірінен белгілі, небір сахна тарландарымен аты шыққан, өнерімен дүйім Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге, ТМД мемлекеттеріне дейін танылған байырғы өнер ордаларының бірі. Әңгімемізді осы тұрғыда тарихқа шолу жасаудан бастасақ?
– Расында, Атырау театрының өнерімен елді тәнті етіп, асқақ жетістіктерге жеткен кезеңдері бұған дейін де болғаны, аты мен заты жылдар бойы қалыптасып, жетілгеніне қарт тарих куә. Іргетасы 1938 жылы 5 наурызда қаланған, оның құрамына сол жылы Петропавл, 1948 жылы Орал театрының труппалары келіп қосылғаны тарихи деректерден белгілі. Театр шымылдығы М.Әуезовтің «Түнгі сарын» қойылымымен ашылып, кейін ұлы жазушының «Абай», «Қарагөз», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» сынды бірнеше танымал қойылымдар сериясының бәрі де Атырау театрында сахналанып, көптеген жылдар бойы театр репертуарынан түспей халық игілігіне қызмет етті. Әлемдік классикадан Н.В.Гогольдің «Ревизор», Шекспирдің «Асауға-тұсау», Ш.Айтматовтың повесі негізінде «Ана-Жер ана» пьесалары қойылған. Ұлттық драматургиядан Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», С.Мұқановтың «Бөтагөз», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет», С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал», Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесу», Ғ.Слановтың «Махамбет», жергілікті шығармашылықтан Б.Қорқытов пен Қ.Төлековтің «Асыл жандар», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!», «АқАтырау театрына – 80 жыл Өмірлік өнер сахнасы сақал аң-таң», С.Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары» атты пьесалары сол жылдары театр репертуарынан берік орын алған қойылымдар.
– Театрдың алғашқы жетістіктері және қара шаңыраққа батыр бабамыздың аты қашан берілгені туралы білсек?
– Өте орынды сұрақ, деректерге сүйенер болсақ, театр 1957 жылы Алматы қаласында өткен «Театр көктемі» байқауына қатысып, лауреат атанған. Театрымызға өңірден шыққан дауылпаз ақын, рухты батыр Махамбет Өтемісұлының аты 1969 жылы берілген. Өзінің жарты ғасырлық шығармашылық тарихына байланысты театр ұжымы 1989 жылы Алматыға гастрольдік сапармен барып, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», Ә.Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич», О.Бодықовтың «Қорқыт», Ә.Сәрсенбаевтың «Теңіз махаббаты» қойылымдарын сахналаған. 1994 жылы Қ.Мырза-Әлінің «Жаралы жолбарыс» қойылымымен Мысырдағы халықаралық театр фестиваліне қатысып, режиссер Ш.Кәрібаев пен актер Т.Қуанышев лауреат атанып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атақтарына ие болды.
Труппа ортасында жергілікті драматург Берік Қорқытов. 1963 жыл.
– Академиялық театрдың бұрынғы тыныс-тіршілігін, өткенін еске алғанда кімдердің есімдерін бірінші атар едіңіз?
– Әрине, Атырау театры үшін ең бірінші Төлеков Қуат ағаның орны ерекше. Мекемені отыз жылға жуық (1947-1975) басқарған, Батыс аймағы елді мекендерін театр өнерімен қамтуда, елді рухани сусындатуда ерен еңбек сіңірген Қаз ССР-інің халық артисі Қуат Төлековтің атын театр мұрағатының тарихына алтын әріппен жазуға лайықты бірегей тұлға десем артық айтқандық емес. Ол тек ұйымдастырушылық, басшылық қызметпен ғана шектелмей, театрда, сахнада өткізген жарты ғасырлық өмірінің ішінде 200-ден астам бейнелер сомдаған, қаншама шәкірттер тәрбиелеп, бойында қуаты, көзінде оты бар жастарды өнерге баулыған ұстаз ретінде де танылған жан. Оған күні-бүгінге дейін алақанының жылуын көрген шәкірттері дәлел. Сол бір жылдарда театрымыздан төрт бірдей халық әртісі – Қ.Төлеков, А.Ахметова, Ж.Манапова, З.Сүлейменова шыққан, біз олармен әлі күнге мақтанамыз, олар өздерін талантымен дәлелдеп, өнерлерімен мойындатып кеткен жандар. Сондай-ақ, Қ.Доғалақов, О.Жақсыбаев, Ж.Ибрагимова, К.Иманғалиева, Ы.Иманқұлов, Ә.Айтқалиев, А.Сұлтанғалиев, Т.Қыдырғалиев, Ш.Кәрібаев, С.Дүзбаев, Т.Қуанышев сияқты аға буын өкілдері театрдың қалыптасуына мол еңбек сіңірді. Театрда әр жылдары Ш.Гатаулин, А.И.Сусанов-Саянский, А.Есенбаев, Н.Л.Леготин, Р.М.Шарафутдинова, М.Қамбаров, Қ.Жетпісбаев, Мен Дон-Ук, Ш.Зұлқашев режиссерлік қызмет атқарды. Сол бұрынғылардың көзі саналатын асылдың сынығы, театрмен түйедей құрдас, бүгінгі таңда 80-нің сеңгіріне шыққан абыз ақсақалымыз, актер, режиссер Шапай Зұлқаштың ақылын айтып, батасын беріп арамызда жүруі – тек Атырау театрының ғана бағы емес, барша қазақ театрлары үшін де зор мақтаныш. Кезінде актерлік өнерімен Алматыны, Мәскеуді, Семейді дүр сілкіндірген, шексіз ықылас білдіріп, коридор жасап, қошемет көрсетер көрермен жиған, ел сүйіспеншілігіне бөленген, өнердің биік шыңын бағындырған Шәкеңнің сол бір ғибратты өмір жолы да бүгінде тарих бетіне еніп, аңызға айналып бара жатырғаны тағы шындық. 80 жылдық тарихы бар Атырау театрының құрылғанынан бері әр жылдары, қарапайымынан бастап, атақтары дардай 60-қа тарта режиссерлер жұмыс жасаса, театрымыздың киелі сахнасына тері тамып, атақтарын былай қойғанда аттарының өзінен ат үркетін небір дүлдүл дарын иелері өнер көрсеткен. Олардың ішінде режиссерлерден А.Тоқпанов, М.Байсеркенов, Ә.Мәмбетов, Т.Жаманқұлов, Ж.Хаджиев, драматургтер Б.Қорқытов, Б.Тәжібаев, актерлерден С.Қожамқұлов, Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, Н.Жантурин, Ф.Шарипова, А.Әшімов, Қ.Тастанбеков, суретшілерден А.Сүлеев, А.Аяпбергенов, Е.Тұяқовтар бар. Олардың түрлі-түрлі жанрлардағы қойылымдарынан қаншама аға буын сусындап өсті, өмірге, өнерге қанат қақты десеңші… Хас өнер иелерінің қолдарының табын көрген, кейінгілерімен қоян-қолтық бірлесе еңбек еткен, әріптес аға-апаларымыз олардың қалай жұмыс жасағандарын ауыздарының суы құрып, әлі күнге аңыз қылып айтып отырады. Әр жылдарда театрды ҚР мәдениет қайраткері, сазгер-күйші Н.Үлкенбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Р.Отарбаев, өнер жанашыры М.Ғұмаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қ.Жылқышиев, жазушы-драматург, режиссер А.Ихсанов сынды көптеген елге танымал тұлғалар басқарды. Бұлардың бәрі тарих беттеріне еніп, театр мұрағатынан берік орын алар деректер.
Театрға Академиялық мәртебе табыстау салтанатында
– Қара шаңырақтың бүгінгі келбеті қандай? Күні-кешегі Академиялық атақтарыңыз жөнінде сөз қозғасаңыз…
– Бір орында таптаурын болып қалған театрдың бас көтеруіне ұйытқы болған, қазақ руханиятына соны серпіліс әкелген – ол 2015-2018 жылдар аралығында театрдың көркемдік жетекшілігін басқарған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жазушы-драматург, марқұм Р.Отарбаевтың еңбегі, шығармашылығы екені даусыз еді. Рақымжан Отарбаевтың драматургиясы бойынша екі жыл қатарынан өткізілген халықаралық театр фестивальдері – театрдың толайым табысы, елдің мәдени-рухани өсуіне қосқан орасан үлесі болды. Бұл туралы естілер, айтылар жерге дейін айтылды, барар жерге дейін барды, жеткізілді, «Өнерпаз болсаң арқалан» деп жан-жақтан ағылып ел келді, өнер көрсетті. Атырау аспанында бейбіт мәдени майданның шуы естіліп, сахнасында кәсіби өнердің туы желбіреді. Фестивальға Қазақстанның әр өңірінен, сонымен бірге Моңғолия мен Қырғызстаннан барлығы 11 шығармашылық ұжым қатысты. Рахымжанның фестивалі – сөз жоқ, бүгінгідей ақпараттық заманда күйбең тіршілік қамымен жан бағып кеткен халықтың да, мәдениет мекемелерінің де назарын еріксіз өзіне аудартты. Осы шаралардың бәрін Атырау әкімдігі, Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы бастап қолдап, театр ұжымы қостап жоғары дәрежеде ұйымдастырып өткізе білді. 2016 жылы театрдың тарихын түгел қамтыған Ә.Бөпежанованың авторлығымен хронологиялық төл кітабымыз жарық көрді. Міне, осындай шаралардан кейін театрдың жаңа бір тынысы ашылып, шабыты оянғаны рас еді. Осы жылдары театрдың өзі бірнеше алыс-жақын елдерге іссапармен шығып, фестивальдерге қатысты, түрлі номинациялар иеленіп, лауреат атанды. Міне, соның нәтижесінде театрдың бұрынғысы мен бүгінгі көрсеткіші сарапталып, өз бағасын алды десе болады. Қазақстан Республикасы үкіметінің 2018 жылғы 13 ақпандағы №52 қаулысымен «Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына «Академиялық» мәртебесі берілді.
Кіші залдың салтанатты тұсаукесерінде. Театр абыздары Ш.Зұлқаш, С.Қажымұратов
– Берік Қилекешұлы, театр ұжымымен барған іссапарларыңызды жеке-жеке атап айтсаңыз?
– Сұрауыңның жөні бар, театрдың қазіргі тыныс-тіршілігін елдің біліп жүргені абзал. Атап айтсақ, 2017 жылы театр Ресейдің «Модерн» театрында жазушы Георгий Пряхиннің повесі негізінде жазылған «Тергеу» деректі драмасын Мәскеу жұртшылығы зор ықыласпен тамашалады. Ресей мен Қазақстан арасындағы бұл әріптестік байланыс – Г.Пряхин мен Р.Отарбаевтің шығармашылық тығыз байланысының нәтижесі еді. Театрдың осы жылы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» халықаралық театр фестиваліне Еврипидтің «Медея» қойылымымен қатысып, «Современное прочтение античной темы» номинациясын иеленіп, лауреат атануы, «Экспо-2017» Халықаралық көрмесіне халықтар достығын насихаттайтын М.Отарбаевтың «Баянды бақ» және И.Ғайыптың «Сүйінбай» тарихи эпосын Астана жұртына, қала қонақтарына көрсетуі – тек театрдың емес, облыстың да мерейі еді. 2017 жылдың қыркүйек айында Астанада Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің І республикалық форум-фестивалі және бұған дейін 2016 жылы Ақтөбеде өткен ХІV республикалық театрлар фестивалінде І орын иеленген Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымымен режиссер Г.Қамысбаеваның «режиссерлік ізденісі үшін» номинациясымен лауреат атануы театрдың толымды жетістіктерінің бірі. Осы айда Астанада Ә.Сығайдың 70 жасқа толуына орай ХХV республикалық театрлар фестиваліне Р.Отарбаевтың «Бас» қойылымымен қатысып, «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясымен лауреат болуы – Атырау театрының мәртебесін асқақтатты. Сондай-ақ, шығармашылық ұжым «Медея» қойылымымен 2017 жылдың 1-20 қазан аралығында Македонияның Велес қаласында антикалық тақырыпта өткен ХVI Халықаралық «Стоби» театр фестиваліне қатысты, қарашада М.Отарбаевтың «Баянды бақ» қойылымымен Анкара, Афшин, Малатья қалаларында өнер көрсетті. Академиялық атақ алғаннан кейін 2018 жылдың сәуір айында театр ұжымы әкем театры саналатын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының шақыртуымен және Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, салмақты қойылымдарымен қазақ зиялылары топтасқан көрермендер алдында шеберліктерін паш етті. Сонымен бірге, былтыр, Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымымен Германияның Кельн қаласынадағы қандас бауырларымызға Тәуелсіздіктің рухын танытып қайттық. Бір ғана өзекті өртер өкінішті жағдай, театрымызға Академиялық атақты әбден берер кезде Рахаңның мезгілсіз өмірден өтуі еді. Бұл жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып кетті.
Театрдың бүгінгі режиссерлері
– Өзіңіз айтып отырған театрдың көтерілген биіктігін аласартпай жалғастырып отырған бүгінгі өнер иелері, шығармашылық топ жайында тарқатсаңыз?
– Бүгінгі таңда театрдың көркемдік-шығармашылық тобына бас режиссер М.Томанов, көркемдік-өндірістік топқа бас суретші Т.Мұхтаров жетекшілік етеді. Шығармашылық топ құрамы дарынды жас режиссерлер Ж.Телтаев, Г.Қамысбаева, труппа меңгерушісі Г.Қайырлиева, сценограф Т.Коесов, композитор, ҚР мәдениет қайраткері Б.Қохаманов, хореограф мамандар Г.Байкенова, А.Есенғалиева, Ш.Нұрғалиева, режиссердің ассистенттері мен көмекшілері, актерлер Н.Съезхан, Ә.Нұрланұлы, Б.Зинуллин, Ж.Жасталапов сынды кәсіби мамандармен шоғырланған. Олар театрдың ішкі шығармашылық жұмыстарының көркемдік сапасын арттыру үшін жұмыстанса, көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі Г.Әділғалиева бастаған өндірістік цех бөлімдеріндегі Б.Жетібаев, жарық беру цехының меңгерушісі Ғ.Жапаров, дыбыс режиссері Б.Бердешұлы, сахна меңгерушісі С.Ерғалиев, тігін цехында Г.Берғалиева, киім цехында Ж.Қожабергенова, гримші А.Карабалина, реквизитор Т.Төлегенова, декоратор суретші Н.Абилов, бутафор Ж.Көшенов, ағаш цехында К.Наурызбаевтар әрқайсысы өз жұмыстарына сай сахнаға құрылатын қойылымның әр деталына жауап беретін кәсіби мамандар. Ал, қоғаммен байланыс жасау жөніндегі басшы орынбасары Н.Құмарқызы, халықпен етене жұмыс жасайтын бас әкімші Ж.Оңғар, бас бақылаушы Г.Қайбалдиевалардың жұмысы көрермендерге сапалы қызмет көрсетуді мақсат етеді. Аға буын өкілдерінен аты аңызға айналған ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ш.Зұлқашев, ҚР мәдениет қайраткері, театр шежіресі Қ.Махмұтов, театрдың анасы, Қарақалпақ АССР-інің халық артисі Ә.Сисекенова, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі сәнгер Г.Махамбет, актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Т.Жангелдиев, актер-актрисалар, ҚР мәдениет қайраткерлері Қ.Шәріпова, А.Жақсыбаева, А.Баетова, Р.Шегебаева, К.Шаматова, актриса Б.Құттымбетовалар өмірлік тәжірибелерімен бөлісуден еш танбайтын нағыз өнер жанашырлары. Труппа бөлімінде орта буын өкілдерінен бүгінде бел шешпестен қызмет етіп жүрген ҚР мәдениет қайраткерлері М.Шаненова, С.Қожабеков, А.Мұхтарова, актер-актрисалар К.Күйкенов, М.Өтешова, Е.Шаманов, Г.Әубәкірова, Г.Айтқалиева, О.Ғалымжанов, Е.Жұматов, А.Бәдел, Г.Қабиева, Ғ.Бисенова, М.Қонысова, М.Шапиева болса, солардың соңын ала ілесіп келе жатқан жас буын таланттардан Ә.Нұрланұлы, Г.Қайырлиева, Ш.Рамазанова, Б.Зинуллин, Н.Шманова, Н.Съезхан, М.Макулов, А.Мухамажитов, Д.Далибаева, А.Мусағалиев, М.Танашева, Б.Өтеғалиев, Д.Шоқанаева, Қ.Ізет, Ә.Қабдешова, А.Жанбалаев, Н.Аралбай, Г.Көшербаева, Ж.Жасталапов, Т.Аманғалиева, А.Нысанбаева, Ә.Әбуғалиева, Ә.Серікбаевтарды мақтанышпен атауға болады.
М.Отарбаевтың “Баянды бақ” қойылымы
– Ғимараттарыңыз жақында күрделі жөндеуден өтті. Осыған байланысты қандай жоспарларыңыз бар?
– 2017 жылы театр ішінен 70 орындық кіші зал пайдалануға берілді. Сахна қозғалысы, би сабақтары, дайындық жұмыстары кестеге сай тұрақты өтіп келеді. Алдағы уақытта балаларға және ересектерге арналған арнайы шағын қойылымдар да осы залда өтетін болады. Алда ауқымды жоспарлар көп. Былтырдан бері театр жанынан жастар театрына қолдау көрсетілуде, өнерге құштар жастардың көптігі қуантады. Енді, театр ішінен толыққанды жастар және қуыршақ театрларын ашу жоспарда тұр, оған облыс әкімі қолдау көрсетуде. Театр күрделі жөндеуден өтіп, көрермендер залы жаңартылды, сахна, сафиттер жөнделіп, едендері ауыстырылды. Жаңа сахнаға премьера да қойып үлгердік. Махамбет бабамыздың өмірінің соңғы күндерін бейнелейтін ақын, жазушы Т.Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесінің желісімен режиссер М.Томанов сахналаған «Қош бол, Қараой» атты реквием өте салмақты дүние болып көптің көңілінен шығуда. Жөндеу жұмыстарымен тұспа-тұс келген 80 жылдыққа қатысты жоспарға сай бірнеше жобаларымызды келесі маусымға қалдырдық.
– Рахмет Бәке, алдағы жұмыстарыңызға толағай табыстар тілейміз.
Сұхбаттасқан: Темірбек МҰХТАРОВ