Қазіргі уақытта заманауи қоғам алдында өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару мәселелері өте өзекті. «Теңізшевройл» компаниясы Қазақстанның ірі кәсіпорындарының бірі ретінде қазіргі өндірістің осы сын-тегеурініне тап болуда. «Теңізшевройл» өзінің «ТШО жолы» атты негізгі құжатында адамдардың денсаулығын қорғауды және қоршаған ортаны қорғауды бірінші кезектегі маңызы бар құндылық ретінде қарастырады. Аталған компанияның қоршаған ортаны қорғау – көп қырлы және көп деңгейлі жүйе, ол кәсіпорынның заң талаптарына және оның өзінің мәлімдеген міндеттемелеріне сәйкестігін бақылайды.
Өз қызметінде «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалдықтарды қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұл қалдықтардың пайда болуын азайту және қайта өңдеу көлемін ұлғайту идеясын алға жылжытумен айналысады. Компанияның қайта өңдеу секторында қазақстандық қамтуды дамытуды мақсат ете отырып, өнрістік қалдықтарды басқарудың заманауи жақсартылған технологияларын пайдалануға жұмыстанады. Осы мақсатта қалдықтардың пайда болу көлемін азайтуға, оларды қайта өңдеуге және қайта пайдалануға бағытталған кәсіпорынның «қалдықтардың пайда болу көлемін азайту, қайта пайдалану және қайта өңдеу» бағдарламасы әзірленіп, осы бағыттар ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Осы мақала қайта өңдеу және қалдықтарды қайта пайдалану мәдениетін дамыту мақсатында кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау жүйесінің бір бөлігі болып табылатын қалдықтарды басқару процесінің кейбір аспектілерін оқырмандар арасында жария ету міндетін алға қояды. Біз «кейбір аспектілерді» көрсетеміз, өйткені, әңгіме тек бетон мен ағаштың қалдықтары туралы болмақ. Оқырман аталған қалдықтарды басқару сегментінің қазіргі жағдайымен танысып, «Теңізшевройл» компаниясының бетон және ағаш қалдықтары сияқты шикізатты қайта пайдалану бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері мен мүмкіндіктері туралы білетін болады.
Теңіз Эко-орталық (ТЭО) нысаны компанияның өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару жөніндегі «орталығы» болып табылады және Теңіз кен орнында, компанияның және Бизнес серіктестердің өндірістік және тұрғын үй-жайларында пайда болатын қатты қалдықтарды сұрыптауды, уақытша сақтауды, залалсыздандыруды, қайта өңдеуді және орналастыруды ұйымдастыру мақсатында іске қосылды.
Қалдықтарды басқару бойынша көптеген міндеттерден басқа, Теңіз Эко-орталық бетон мен ағаш қалдықтарының барлық түрін қабылдайды. Бетон мен ағаш қалдықтары өндірістік қуаттарды кеңейту және жаңарту, ескі ғимараттарды бөлшектеу, Теңіз кен орнында тұрғын үй қорын жаңарту және ұлғайту жөніндегі құрылыс жобаларын жүзеге асыру барысында құралады. Есепке алу рәсімі жүргізілгеннен кейін осы қалдықтар ТЭО-дағы арнайы бөлінген уақытша сақтау алаңдарына қабылданады. Енді, шын мәнінде, бұл одан әрі қайта өңдеуге арналған материалдар.
Темір-бетон бұйымдарын қайта өңдеу үшін қызметкерлердің арнайы бригадасы қайта өңдеусіз қайта пайдалануға және уатып-ұсақтауға арналған бетон материалдарын бөле отырып, алдын ала сұрыптау жұмыстарын жүргізеді. Қайта өңдеусіз өндіріске қері берілетін бетон бұйымдары қоршау, батпақ жерлерді жамау және тағы басқа кішігірім жұмыстар үшін пайдаланылады. Бетонның негізгі бөлігі қиыршық тасының жағдайына дейін үгітіледі. Ал, бұл оңай шаруа емес! Басында шынжыр табанды экскаватормен жабдықталған гидробалға операторы әрбір темір-бетон бұйцымын диаметрі 400-500 мм дейінгі фракцияларға дейін бөледі. Кейін жұмысшылар газ кескіш жабдықтарымен бетон кесектерін бөліп, арматураны кеседі. Бұдан әрі осы үлкен кесектер «Паркер» фирмасының тас уату жабдықтар қабылдағышына ірі түйірлі қиыршық тас түпкілікті өнімін алу үшін тиеледі.
Бетонды ұсақтау нәтижесінде алынатын өнімнің Мемлекеттік тізілімде тіркелген сәйкестік сертификаттары болады. Бұдан да ұсақ фракциялар – бұл технологиялық операциялар кезінде компанияның жеке қажеттіліктері үшін екінші рет пайдаланылатын, «електен өткізілген» деп аталатын, ілеспелі уатылатын өнім. Құрамында металл бар темір-бетон бұйымдары, арматура және басқа да металл өнімдері жиналып, одан әрі металл сынығы ретінде қайта өңдеу үшін беріледі. Ірі фракциялық қиыршық тас құрылыс материалы ретінде коммерциялық секторда және іргелес елді мекендердің тұрғындарында үлкен сұранысқа ие.
Ағаш қалдықтары – бұл, негізінен, орауыш жәшіктер, түрлі жабдықтардың түпқоймалары, жиһаз, сымға арналған орамалар, олар да уақытша сақтау алаңында алдын ала сұрыптаудан өтеді. Өңделмей пайдаланылуға келетін ағаш қалдықтары кейінге қалдырылады және екінші рет пайдалану үшін жергілікті халыққа өтеусіз негізде беріледі. Қалған ағаш қалдықтары ұсақталады. Ол үшін кәсіпорын роторлы ұсақтағышты қолданады. Бұл агрегат ағаш қалдықтарынан белгіленген електерге байланысты әр түрлі шамадағы жаңқаларды алуға мүмкіндік береді. Кіріктірілген магнитті сепаратор ұсақталған ағаштан барлық металл қосқыштарды, тіпті ұсақ шегелер мен бұрандаларға дейін алып тастайда. Ұсақталған ағаш Теңіз Эко-орталығындағы полигондар ішіндегі жолдарды жабу және сіңіргіш материал ретінде пайдаланылады.
Соңғы уақытта жоңқаны пайдаланудың перспективалы бағыты жасыл желектерді жабындау болып табылады. «Теңізшевройл» мен оның серіктестері осы материалды ағаштар мен бұталарды Теңіз кен орнының шөлді климатының шамадан тыс әсерінен қорғау үшін қолдана бастады.
Қалдықтарды басқару тобы қалдықтардың пайда болуын оңтайландыру мүмкіндіктерін үнемі іздеуде. Соңғы бес жылда компания 50 000 тоннадан астам бетонды және 9 500 тоннадан астам ағашты қайта өңдеп, пайдалануға жіберді. Бетон, ағаш және басқа да құрылыс материалдарының қалдықтарын қайта пайдалану үлесін арттыру үшін кәсіпорын мен Атырау облысы Жылыой ауданы әкімдігі арасында бетонды және ағаш қалдықтарын аудан тұрғындарына өтеусіз беру бағдарламасы аясында бірлесіп жұмыс атқару туралы келісім жасалды.
Біз қалдықтарды басқару саласында қойылған міндеттер мен сын-қатерлерді жеңе білсек те, біз үшін маңызды бағыттардың бірі қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін арттыру және қызметкерлердің іс-қимылындағы үйреншікті дағдыларын қалдықтарды сұрыптау мен бөлек жинау пайдасына өзгерту болып табылады. Сонда ғана шикізатты тиімді қайта өңдеу және қалдықтарды қайта пайдалану мүмкін болады.
Қорыта айтқанда, соңғы 30 жылда адамзат жердегі ресурстардың үштен бір бөлігін жұмсап үлгерді. Жыл сайын ресурстарды тұтыну бір жарым пайызға артып келеді. Сондықтан табиғи ресурстарды үнемді тұтыну, шикізатты қайта өңдеу, қалдықтарды қайта пайдалану осындай маңызды мәнге ие.
«Теңізшевройл» ЖШС ұжымы осының маңыздылығын түсінеді және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу үрдісінің маңызды компоненті ретінде, нормативтік ережелерге сәйкес қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға және қалдықтарды қайта пайдалануға бағытталған іс-шараларды қолдайды.